АЛТЫНОРДА
Новости

Суретке қарап шошитын шылымшы табылар ма екен?

сигаретыНұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Біздің елде шылым ше­гуді азайту – «Сала­мат­ты Қазақстан» бағ­дарламасындағы негізгі мін­деттің бірі. Өндірушінің өз мүд­десі өзінде, ал мемлекет те­мекіден зардап шеккен сыр­қат­тарды емдеуге жылына 76 млрд теңге жұмсайды. Дү­ние­жүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының есебінше, бү­гін­гі ахуал сақталса, алдағы 15 жылдың ішінде шылым ше­гу­­­дің кесірінен елімізде екі мил­лион­дай адам қайтыс болуы мүмкін.

 

1. Акциз бағасын көтеру 

Есепке сенсек, темекінің бір қорабына ак­циз бағасын 60 теңгеге дейін көтерсе, 182 мың адамның өмірін сақтап қалуға болады. Жастар арасында темекі шеге­тін­дер саны 19 пайызға азаюы тиіс. Сон­дық­тан 2014 жылы темекі акцизі 94 пайызға кө­теріліп, 1000 талына 3000 теңге деп бел­гіленбек. Осы акциз бағасын Кеден ода­ғы елдерімен салыстырса, Ресейдегі ең шекті акциз мөлшері 1000 данаға 1040 рубльге (5200 теңге), Беларусьте бұл сома 2010 теңгеге (қазір 576 теңге) кө­беймек.

Қазақстан мен Ресей қаржы ми­нистр­ліктері арасындағы алдын ала келісімге (бі­рақ әлі құжат түрінде рәсімделмеген) сәй­кес, 2020 жылға қарай темекінің 1000 да­насына 50 евро көлемінде акциз (+/ — 20 пайыз) белгіленуі тиіс. Демек, Ре­сей­де­гі акциз құны 50 евроға жеткізілсе, бізде 40-45 евро деңгейінде болуы қажет.

Мамандар осы тұрғыда Кеден одағы аумағындағы келісімге 2020 жылға дейін нүкте қойғанды жөн санайды. Қайткенде де темекі өнімдері қолжетімді азық-түлік бағасындай арзан болмағаны дұрыс. Қазір Кеден одағы кеңістігіндегі ең төменгі баға – Беларусьте. Бізде маусымнан бас­тап фильтрі бар 20 сигаретке – 130 тең­ге, ал 2014 жылғы қаңтардан 150 тең­ге акциз белгілеу қарастырылған. Осы­лай­ша Үкімет темекі өнімдерін баға жа­ғы­нан (әсіресе жасөспірімдерге) қолжетімді ет­пеудің қамын жасауда.

Осы акциз бағасындағы айыр­ма­шы­лық терістік көршіміздің наразылығын ту­дырған сыңайы бар. Жуырда Ресейдің те­мекі индустриясының өкілдері белорус си­гаретінің «бағы жануына» байланысты 2012 жылы бюджеттің 2 млрд рубльден қа­ғылғанын айтып шағымданды. Бізбен ше­каралас аймақтарда да темекі өнім­де­рінің саудасынан көршімізге осындай мөл­шерде шығын келген көрінеді. Себебі Ре­сейге қарағанда екі елде де темекінің ба­ғасы арзандау. Ал сигарет кон­тр­абан­да­сы Қазақстан мен Ресейде әзірге 1 па­йыздан аспайды. Сондықтан әзірге алаң­­дауға негіз жоқ. Бірақ бұл нарықта қыл­­мысқа жол бермеудің қамын бүгін бас­тау қажет.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы­ның әсіресе Ресейде темекі акцизін жыл­дамдатып көтеруге неліктен ынтызар бо­лып отырғанын кейбір сарапшылар өзін­ше түсіндіреді. Ұйымның артында Ре­сей мен ТМД елдерінен сигарет контра­бан­дасының өсу қарқынына алаңдайтын еу­ропалық елдер тұруы мүмкін. Қайткенде де Еуроодақ ТМД-да темекінің қымбат­та­ғанын қалайды. Сонда ғана оны заңсыз түрде Еуропаның қара базарына әкелу тиімсіз болар еді.

2. Үрей туғызу 

Зиянды әдетке қарсы күрес акциз ба­ға­сын көтерумен шектелмейді. Енді темекі қо­рабының сыртына адамды үркітетін бей­нелерді орналастыруға да ойыса бас­та­дық. Дегенмен көпшіліктің пікірінше, зиянды әдетке қарсы күресте суреттің кө­ме­гіне жүгінудің пайдасы аз. Тіпті мы­надай уәж де айтылады: мәселен, кеңес кезінде темекі қорабының сыртындағы Денсаулық сақтау министрлігінің ескертуі 1970 жылы пайда болған. Содан бері шы­лым шегетіндер саны көбеймесе, азайған жоқ.

Бізде де темекі қорабының сыртына қор­қынышты суреттерді жайғастыруға қа­тыс­ты қайшы пікір көп. Еліміз 2006 жылы ратификациялаған Денсаулық сақтау ұйы­мының темекіге қарсы күрес кон­вен­циясы отандық темекі өндірушілерге қо­рап сыртындағы шылым шегудің зияны туралы жазуды графикалық бейнелермен ауыс­тыруға кеңес берді. Белгілі бір мер­зімде өзгертілетін мұндай бейнелер Үкі­меттің 2011 жылғы 22 қарашасындағы Қау­­лысымен бекітіліп қойған. Осы құ­жат­қа сәйкес ел ішінде сатылатын бүкіл темекі өнім­­дері 2013 жылғы 4 шілдеден бастап шы­лымның зиянын насихаттайтын су­реттермен шығарылады.

Бүгінде дүниежүзі бойынша 50 елде қо­раптағы графикалық суретке бөлінетін орын – 30 пайыздан 50 пайызға дейін. Ал бізде қораптың екі жағының да 40 пайызы суретке арналмақ.

Қаулының күшіне енуіне көп уақыт қал­ған жоқ. 4 шілдеден бастап дүкен сө­ре­лерінде «Эмфизема», «Онкоаурулар», «Па­радонтоз», «Қасірет», «Өзін-өзі жою», «Ам­­­путация», «Қар­таю», «Өлі туған», «Ша­­­ла туған», «Тә­уел­ділік», «Қатер» және «Им­­­потенция» деп жа­зылған суреті бар те­ме­кі түрлері пайда болады.

Ресейде мұндай ша­ра бізден сәл ер­терек, яғни 12 мау­сым­да басталып кетті. Бұл елдің денсаулық сақтау министрлігі өз есе­бін шығарып қой­ды: кәнігі шылым ше­гу­ші күніне орта есеп­пен бір қорап си­га­рет тар­тады деп есеп­тегенде, ол әлгіндей үрей­лі суретті тәулігіне шамамен 20 рет не­­месе жылына 7 мың рет «тамашалауы» тиіс. Көзі түскен сайын бойы түршігіп, ақы­рында шылым шегуден бас тартады.

Ал, шындығында, темекі қорабының сыртындағы қорқынышты сурет те, түрлі ескерту де шылым шегуге тоқтау боларына ешкім кепілдік бере алмайды. Delloittе ком­­паниясы он жыл ішінде 27 елде зерт­теу жүргізіп, ақырында осындай қоры­тын­дыға келген. Мәселен, Канадада мұндай те­мекі 2000 жылы шықты. 2001 мен 2007 жылға дейін темекі тарту 2,5 па­йызға ғана төмендеген. Осы уақыт ішінде АҚШ-та еш графикалық суреті жоқ, ал ес­кер­туі қораптың қырына жазылған темекі түр­лері сатылса да, түтінді будақтататындар саны 3 пайызға азайған.

Сондай-ақ Маастрихт университетінің (Нидерланды) зерттеуіне қарағанда, графикалық суреттің керісінше әсері болуы мүмкін. Оған балама ретінде Маас­трихт мамандары темекіні тастауға үгіттеп, рух беруге пайдаланған дұрыс дейді. Де­ген­мен суретке де, үгітке де қарап тұр­ған ештеңе жоқ. Бәрі де адамның ерік-жі­ге­ріне байланысты.

Автор: Гүлнар АХМЕТОВА