АЛТЫНОРДА
Новости

СУДЫҢ ЛАСТАНУЫ АДАМЗАТҚА ҚАУІП ТӨНДІРЕДІ

.m .Адам мен табиғаттың байланысы ықылым замандарда қалыптасқан. Адамзат өзінің өмірлік қажеттілігін қоршаған ортадан алады. 
Бұл үлес қазір артып келеді. Бүгінде қоғам қажеттілігінің сексен пайызы табиғи қорлардан алынады. Осы қарқын алдағы уақытта бәсеңдемесе, мұның арты табиғи ортаның азуына апарып соқтырады. Бұл – климаты өте күрделі аймақта орналасқан Атырау облысы үшін үлкен қауіп. Күн өткен сайын Атырау облысында таза ауыз су тапшылығы сезіліп келеді. Бұл жағдайдың күрделене түсуі батыс аймағының су тұтыну мөлшерінің Ресей Федерациясына тәуелділіктен пайда болып отыр. Өйткені, облысты сумен қамтып отырған Жайық пен Қиғаш өзендері сол елдің аумағынан бастау алады.Аталған екі өзеннен облыстың төрт жүз мыңға жуық халқы су тұтынуда.Сондай-ақ өзен арналарының балық шаруашылығы мен ауылшаруашылығындағы маңызы зор. Бірақ бұл су айдындарының бүгінгі жағдайы көпшіліктің алаңдаушылығын тудырып отыр. Өйткені ондағы су мөлшері күрт төмендеп кетті және бұл жәйт сала басшыларын ғана емес, тұрғындарды да алаңдатып отыр.Батыс аймақатардағы судың негізгі нөпірі Ресей жерінде реттеліп отыр. Сондықтан, төмендегі ел өзен бастау алатын елдегі ауа райының қолайлылығы мен қолдан жасалып отырған шараларға толық тәуелді.Судың тежелуі – өзеннің құрылымына кері әсерін тигізеді, өндірістік нысандардың, ауылшаруашылығы құрылымдары тұтынатын судың көлемі азаяды, түптеп келгенде бұл экономикалық және экологиялық проблемалардың туындауына себепші болуда.

Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуановтың айтуынша, бұл мәселені шешуде жергілікті табиғат пайдаланушылардың ынтасы анық аңғарылып отырған жоқ. Олар суды қайталап пайдалану мәселесін шешуде белсенділік танытпай отыр.

Болашақ зауытының нысандарын сумен қамтитын негізгі көздің бірі – «Астрахань – Маңғышлак» су құбыры. Аталмыш нысан 1987 жылы пайдалануға берілген. Есеп бойынша, аталмыш су құбырынан мұнай газды дайындау қоңдырғысы қажеттілігіне тұтынылатын су мөлшері жылына 2 млн м3 құрайды. Бұл су пайдаланылып болған соң толықтай булану алаңдарына құйылып отыр.

Қазіргі таңда «Қазтрансойл» АҚ батыс филиалылының желілік – өндірістік диспетчерлік стансасы мамандарының айтуынша, аталмыш су құбырының су жеткіштігін ұлғайтуға бағытталған кеңейтілу жұмыстары жүргізілмеген. Мұның өзі жеткізілетін тіршілік нәрі су көлемін күрт азайтып отыр.

Әсіресе, суару кезінде Еділ өзенінің бойынан Атырау мен Маңғыстау облыстарына келетін судың жетіспеушілігі өткір байқалады.

Бұдан бөлек, тек Атырау облысының өзінде табиғат пайдаланушылар судың 54 пайызын тұтынып отыр, оның 50 пайызы мұнай газ компанияларының үлесінде.

Мұнай газ саласында экологиялық негіздемелері бар тазарту қондырғыларының көптеген түрі пайдаланылатыны белгілі. Әлем елдерінде суды тұшыту үрдісі жақсы жолға қойылған. Ол құрылғылардың нәтижесінде жоғары сапалы су алынып отыр. Техникадағы ілгерілеушілік мембраналар мен қосымша құрылғылардың көптеп дайындап шығарылуынан аңғаруға болады.Техникалық мақсатта пайдаланылған суды тазартып, кейін қайта қолдану үшін оны дұрыстап тазарту керек. Ластаушы қоспалардан арылту үшін аэрация әдісі қолданылады, озондаудан кейін дақылдары бар тазарту қондырғыларында су сатылық тазартудан өтеді.

Су ресурстарын тиімсіз пайдалану «Атырау Жылу электр орталығы» тарапынан да орын алуда. Жыл сайын аталмыш мекеме Жайық өзенінен 68 млн.м3 тан аса су алады, оның тек 5 пайызын ғана қайта пайдаланып отыр. Осындай жағдай ТШО компаниясының зауыттарында да орын алуда.

Сайып келгенде, суды тазартып, қайта пайдалану жағынан өңірде кемшіліктерін барын осы анықталған жәйттер мәлім етіп отыр.

Облыс экологтарын алаңдатып отырған тағы бір мәселе – Жайық өзенінің төменгі сағасында суға батқан кемелер. Олар аймақтық экологиялық жүйесіне айтарлықтай нұқсан келтіріп, кемелердің қозғалысына кедергі болып отыр. Су астында тотығып жатқан ескі кемелердің Жайық өзені суын ластауы – өзен суын пайдаланып отырған жергілікті тұрғындардың денсаулығына қаншалықты залалды екенін ескеретін жан жоқ.

Сол себепті бұл – сала министрлігі тарапынан шешімін күтіп отырған өзекті мәселенің бірі.

Сан ондаған жылдар бойы жергілікті атқарушы биліктің де, экологтардың да жанайқайы Каспий теңізінің су астындағы ескі мұнай ұңғымаларынан келетін қауіпке байланысты болып отыр.

Ескі ұңғымалардан шығатын мұнай қалдықтары Каспий теңізінің акваториясы үшін жағымсыз салдарға әкеп соқтыруы мүмкін екенін уақыт дәлелдеп берді. Теңіз суын қара даққа лайлаған оқиғалар да орын алды. Содан соң республикалық қазынадан ескі ұңғымаларды бекіту жұмыстарына қаражат бөлініп, тым жақсы жүріп келе жатқан жұмыс кейінгі жылдары тоқтап қалды. Бұл жергілікті атқарушы билік пен экологтардың алаңдаушылығын туғызып, өткен айда Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов Мемлекет басшысынан осы мәселені шешуге қолдау көрсетуді сұрады.

Мемлекет басшысы осы мәселені зерттеп, батыс өңірлеріндегі қараусыз қалған ұңғымаларды реттеуді сала министрліктеріне тапсырды. Бүгінде бізге белгілісі, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде өзі төгілетін және су басқан ұңғымаларды жою жұмыстары бойынша бағдарлама өңделіп жатыр. Жұмыс жоспары бойынша бірінші кезекте Каспий теңізінің суы басқан мұнай және газ ұңғымаларын жою және консервациялау қарастырылған.

Сонымен қатар Атырау және Маңғыстау секілді мұнайлы аймақтарда өзі төгілетін, пайдалануға жарамайтын апаттық жағдайдағы ұңғымаларды анықтау үшін қосымша анықтау және тексеру жұмыстары жүргізілетін болады деп күтілуде.

Бұл жұмыстардың барлығы жылдың аяқталуына бір ай мерзім қалғандықтан келесі жылдың еншісінде қалатыны сөзсіз. Қалай болғанда да сусыз тіршілік жоқ. Суды қадірлеп бағаламаған ел апатқа, азапқа ұшырайтынын тіршілік тәжірибелері бізге көрсетіп-ақ келеді.

Бұдан түйер ой, «Аққан судың да тоқтауы бар» – деген халықтың көрегендікпен айтқаны сөзі табиғатты тағылықпен қорлап жатқандарды сабасына түсіріп, суды ластамай, керісінше ұтымды пайдаланудың амалдарын әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай деңгейде пайдаланатын уақыт келгенін айқындап отыр.

Тұрсын ҚАЛИМОВА, Атырау облысы

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/34918