АЛТЫНОРДА
Новости

Сочиге спортшылардан бөлек, тағы кімдер «тегін» бара алады?

Астана. 28 қаңтар. Baq.kz – Жуырда ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Т.Қ.Есентаевтың жеке блогына Наукен есімді азаматтан сұраным келіп түскен екен.  

Онда өтініш иесі 2014 жылғы Сочи қысқы Олимпиадасына төрағаның өзі бастап баратын делегация құрамымен бірге ерітіп апаруын сұрапты.
«Мен Жамет Наукен Жолдығалиұлы (1973 ж.т. БҚО Теректі ауданы) №1 Федоровка орыс мектебінде сурет және сызу пәндеріннің мұғалімі болып жұмыс істеймін. Жоғарғы санаттағы мұғаліммін. Мен Қазақстан спортының ең нағыз берілеген жанкүйерімін. Қазақстан спортшыларының жетістіктерін үнемі қадағалап отырамын және де осының бәрін сабақ кезінде ,тәрбие сағаттарында пайдаланып, оқушыларды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеймін. Осының дәлелі – мектеп жанынан музей ашып, үлкен шаралар жасап жатырмын. Мысалы, альпинист М.Жумаев, Ауған соғысының құрбаны К.Медетовттың ата-анасымен кездесулер т.б. (Алматы қ.). Құдай қалап, Сочиға бара қалсам, мұғалім еңбегін бағалағаныңыз болар еді. Хабар күтем сізден», — депті ол.
Бұл ретте төраға:
«Қазіргі уақытта Сочи қаласында өтетін ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын үміткер спортшыларымыздың дайындығының соңғы кезеңдері өткізілуде.
Халықаралық Олимпиада комитетінің талаптарына сәйкес, әр елдің делегациясына жеңіп алынған лицензиясының санынан 50 % жеңілдіктер ұсынылады. Алайда бұл жеңілдіктер спортшылардың сапалы дайындығына тікелей қатысы бар жаттықтырушы, майлаушыларға, жаттықтырушы-кеңесшілерге, массажшыларға, психологтарға және дәрігерлерге жеткіліксіз.
Жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін жоғары білікті майлаушыларды, механиктерді, массажшыларды, психологтарды, жеке дәрігерлерді талап ететін қысқы спорт түрінің ерекшеліктері ескерілген. Спортшыларымызды барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында жоғарыда аталған мамандарды жанкүйер ретінде жіберу жоспарлануда.
Сондай-ақ, жанкүйер ретінде ардагер спортшылар мен журналистерді жіберу жоспарланып отыр.
Жоғарыдағы айтылғандардың негізінде, сізді Сочиде ҚР олимпиадалық құрама командасын қолдайтын жанкүйерлердің тізіміне енгізу мүмкіндігінің жоқ екендігін мәлімдейміз», — деп жауап берген.
http://baq.kz/kk/news/42767