АЛТЫНОРДА
Новости

Шетелден тасымалданатын азық-түлік неге арзан?

Астана. 27 ақпан. Baq.kz- Ауылдық жерлерде мал өсірудің өзіндік құны тым қымбат. Бір сиырды өсіру үшін екінші бір сиырды сатуға тура келеді. Өйткені жем-шөп, жанар-жағармайдың құны жалына қол тигізбейді. Осыдан барып жағдайы келмеген ағайынның көбі қорасындағы қара-құраның қыстық қорын жеткілікті мөлшерде жинап алуға дәрменсіз. Көбісінің малы қыстан әупірімдеп әрең шығады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы әкімнің жеке блогына хат жазған Раушан Асқапова ауылдан өндірілетін мал өнімдерінің бағасы мен соны өндіруге кететін қызметтер бағасының сәйкессіздігіне, құн белгілеу амалдарының әділетсіздігіне қынжылады. «Неге еттің бағасы арзан?», «Жағармайдың бағасы неге қымбат?», «Жем-шөптің құны қашан арзандайды?», «Алыпсатарлар «Қазақстанға Белорусьтен көп мөлшерде арзан ет әкелгендіктен мұндағы еттің бағасы түсіп кетті» деген уәж айтады, сол шын ба?», «Өзіміз ауыл шаруашылық тауарларын сата алмай жатқанда белорустардан ет тасып не көрініпті?», т.с.с сауалдар өңір басшысы Самат Сапарбекұлының «бақшасына» топ-топ түсіп жатыр.
Тақырыпқа орай айта кетейік, осы мәселені жақында ҚР Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков те көтерген болатын. Ол елімізге сырттан тасымалданатын азық-түлік тауарлары техникалық стандарттарға сай келмейтінін айтқан. Бірақ, сөйте тұра мұндай тауарларға тосқауыл болмай тұрғанына министр өкініш білдірген. Ас-судың сапасын Ауыл шаруашылық министрлігі емес, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер тексереді. Ал сыртан тасымалданатын тауардың өзіндік құны біздің табиғи өнімнен көп арзан болатыны – олардың құрамында түрлі химикаттар, қосындылар көп. Мұндай тауарлар әрі кетсе, пайдасыз құрғақ нәрсе ғана, әйтпесе олардың құрамында денсаулыққа зиянды элементтердің де жүруі ғажап емес. Мәселен, тексеріс кезінде томаттың құрамында тек 30 пайызы ғана томат болған, қалғаны – бояу, картоп ұнтағы, т.б қыл-қыбыр. Сүттің құрамы– құрғақ сүт, түрлі органикалық қосындылар, соя. Ал қытайдың алмасы тотықпайды, өйткені оның құрамында темір жоқ. Бұл алманы жеген – қағаз жегенмен бірдей, ағзаға еш пайдасы жоқ. Сондай-ақ шетелден түрлі модификацияланған жем-шөпті жеген малдың еті келеді. Мұның бәрі адам денсаулығына өте қауіпті. Сондықтан, азық-түліктің арзандығына емес, денсаулыққа қауіпсіздігіне, ағзаның пайдалылығына қарап отандық өнімдерімізді сатып алғанға не жетсін!
Облыс әкімі бұл хатты тексеру үшін «Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылық басқармасы» ММ-нің виртуальды қабылдауына жолдап беріпті.
Дәулетқали Асауов
http://www.baq.kz/news/23936