13 октября, 2014 Comments Off on ШЕТЕЛ ҚАЗАҚТАРЫНАН «ПИАР» ЖАСАУДЫ ТОҚТАТУ КЕРЕК

ШЕТЕЛ ҚАЗАҚТАРЫНАН «ПИАР» ЖАСАУДЫ ТОҚТАТУ КЕРЕК

Оралманы«Жаңа жылдан бастап шетелден келетін қазақтар енді 1 жылдың ішінде Қазақстан азаматтығын алады». Бұл туралы көктемде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ханымның аузынан естіген болатынбыз. Өйткені қазір Көші-қон туралы заңға көптеген өзгерістер ендірілуде. Қысқасы, әлемнің 40-қа тарта елінде тұрып жатқан 5 миллионнан астам қандастарымызды елге көшіру жағдайы енді бұл жолы жаңа деңгейге көтерілмек. Ең бастысы қандастарымыз бүтін республиканың қайсы облысына барса да сол облыстарда оларға оралман мәртебесі беріледі. Көші-қон заңына қатысты кейбір түйткілді мәселелер жайында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев мырзадан сұрап-білдік....  Көші-қон туралы Заң осы жылдың аяғына дейін қабылданады. Бұған дейін олқылық болып келген заңның көп мәселелері шешіледі деп күтіп отырмыз. Бұрынғы заңдағы шикіліктер, кемшіліктер ескеріліп, жөнделеді енді. Ол үшін қазір жұмыс тобы құрылған. Ал, көші-қонның ендігі үлкен мәселесі шеттегі қазақтарды көшіріп әкелуді мүлдем басқаша ұйымдастыру, көші-қонды жаңа деңгейге көтеру. Қалай дейсіз ғой? Оны Еуропаның айталық, Польша, Германия сияқты т.б. дамыған, мәдениетті, өркениетті мемлекеттердің тәжірибесін біз де қолдануымыз керек. Көшіріп әкелетін азаматын сол тұрып жатқан елінде қоныс аударуға дайындайды. Осы уақытқа дейін бізде шеттен келген қазақтарымыз өздіктерімен келді көбісі, тек содан кейін барып ғана азаматтығын алуға, құжатын келіп алғаннан кейін ғана жөндеуге кіріседі, ал, оның өз қиыншылықтары жетерлік, содан барып, оралмандар мәселесі бітпейді де, шешілмейді де. Келген адамның екі ортада сандалып қалатын себебі осы. Ендігі жерде олай болмауы тиіс. Өткен 20 жылдағы көші-қон жайын мүлдем жамандап, қара күйе жаға берууге болмайды. ТМД мемлекеттерінің ішінде қырғыздар да, тәжіктер де, өзбектер де, тіпті орыстар да Қазақстан сияқты шет елдегі қандастарын көшіріп әкелу үшін ешқандай жағдай жасаған жоқ. Кемшілігімен қоса, жетістіктері де болғанын да айтуымыз, мойындауымыз керек. Қалай болғанда да елімізге 1 миллионға жуық қазағымызды көшіріп алдық, сіңісіп кетті...

   Сонымен, көшіп келуді шет елде ұйымдастыру дегеніміз не ? Ол: көшіп келушінің ықтиярхатының тұрақты түрде берілуі, келгісі келетіндердің арыздарының қабылдануы, көшіп баратын еліндегі жағдайының түбегейлі шешілуі, құжатпен, арнайы заңдармен бекітілуі. Көші-қонды жаңа деңгейге көтеру керек! Біріншіден, заңдағы құжаттарды тапсыруға қатысты талаптардың кейбірі алынып тасталды және жеңілдетілді. Екіншіден, енді солтүстік облыстарға келген шетелдік қазақтарға «оралман» мәртебесі беріледі және баспана мәселесіның шығынын өтеу жағы да жергілікті жерде шешілетін болады. Осыған дейін еліміздің солтүстік, шығыс аймақтарынан басқа Алматы облысы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда сияқты облыстарға оралмандар көшіп келетін болса, ықтиярхатын алу үшін шетел азаматымен бірдей 1 млн теңгедей ақша төлейтін. Енді ол талап та алынып тасталғалы отыр. Ол аймақтарымызға қоныс тебетін қандастарымызға жаңағы салық салынбайды, азаматтығын, оралман мәртебесін алғаннан кейін өзінше күнін көре беруіне болады. Айырмашылығы солтүстік, шығыс аймақтардағы сияқты жергілікті жерден қосымша көмектер берілмейді. Үшіншіден, қөші-қон комитеті әлеуметтік мәселелер комитетімен біріктірілгелі, қөші-қон жағдайы тағы да көлеңкеде қалмай ма? деген алаңдаушылықтар болды, бірақ ондай қауіптің жоқтығы комитетте талқыланып, түсіндірілді. Ендігі негізгі мәселе, ұйымдастыру жағы. Бұрынғы «Халықтың көші-қоны туралы» Заңда: «Этникалық көші-қонды ұйымдастыру Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінде ұйымдастырылады» деп жазылған болатын. Бірақ өкінішке орай, ол шетелдегі елшіліктерде жұмыс жүргізілмеді. Ол үшін оның штаты болуы керек, оған арнайы қаржы бөлінуі керек еді, бірақ қаржы да бөлінбеді, штат да ашылмай қалған. Қысқасы, бәрі құжаттағы қағаз боп қала берген. Сол себепті осы уақытқа дейін көшіп келушілердің легі өз күштерімен қоныс тепкендер. Көші-қон комитеті шекарадан да өз еріктерімен өтіп, азаматтық алуға тіркелген оралмандармен ғана жұмыс істеп келді. Ендігі жерде басқаша болады деп отырмыз. Мысалы, Монғолиядан бір қазақ көшіп келем десе Қазақстанға оның көшіп-қонуға қатысты бар құжаты сол монғол жеріндегі елшілікте әбден реттеліп барып көшеді. Яғни, елімізге көшіп келуші оралмандардың қайда келіп орналасатыны, қандай жұмыс, қандай баспана т.б. мәселелері көшпей тұрып белгілі болады. Жаңа заң жыл соңына дейін қабылданады, яғни келесі 2015 жылдан шеттен қазақтарды көшіріп әкелу мүлде жаңа форматта іске асырылады деген сөз. Қайталаймын бастысы – ұйымдастыру ісі. Көші-қон комитетінде көшіп келетін азаматқа қатысты бүкіл мәлімет базасы алдын-ала жасалуы тиіс. Оның шекарадан өтетін күні, пәлен жерге орналасады тб. Дамыған Еуропа елдерінің барлығы да мен айтып отырған жүйемен ғана көші-қон процестерін жүргізеді. Біздегі көші-қон қазір бей-берекетсіз, бұны мүлдем тоқтату керек. Осы жуықта ғана Ұлытаудағы кең жерлердің бос жатқаны туралы жақында айтылды жоғары жақта. Ендеше оралмандарды алдын-ала жоспарлап, бағамдап, арнайы бағдарламамен көшіріп алып келіп, жайғастырса қандай дұрыс болар еді ?... Қытайдағы ағайындардың ауыл шаруашылыққа бейімділігі керемет болса, Монғолия қазақтары мал шаруашылығын дөңгелетіп әкетер еді, егер бәрін жобамен іске асырса... Қытайдағы қандастарымызды шағын техникаларымен, тракторы болсын, басқасы болсын, керек-жарақтарымен бірге көшірсек, ал, Монғолиядан малдарымен қоса алып келсек ұтпасақ, ұтылмаймыз. Біздің Үкіметтің ветеринария қызметі, Монғолиядан мал әкелуге болмайды, ауру малдар көп дегенді айтады, ол– өтірік, мен оған сенбеймін, әкелтпеуде басқа себеп бар. Мейлі, бұл бөлек әңгіме. Айтайын дегенім, қай елден де Қарақалпақстаннан ба,  әлде Өзбекстаннан ба, жоқ Ауғанстаннан ба, бәрібір, өз қандастарымызды тартсақ Қазақстанға, әсіресе, қазаққа одан пайда болмаса, зиян келмейді. Ендігі қателікті болдырмаудың жолы, ол көштің қалай ұйымдастырылуында.  Мұны Үкімет қоғамдық ұйымдар бола ма, әйтеуір заңды тұлғаларға тендер, байқаулар ұйымдастыру арқылы анықтап, соған бар шаруаны шетелде көші-қонды ұйымдастырудан бастап, осында әкеліп орналастыру, түпкілікті құжатын беруге дейінгі жұмысты атқарса, міне, оның нәтижесі болмай қоймайды деп ойлаймын. Өйткені мемлекеттен қаржы бөлініп, жауапкершілік жүктелген соң көшке ол жауапты болады. Жауапты дегеннен шығады, осы уақытқа дейін көші-қонның дұрыс ұйымдастырылмай келу себебі, кемшілігі неде ? осыны білесіз бе? Себебі, шеттен қазақтарды көшіріп әкелу, оралман мәселесін шешу дегендерді екінің бірі дабыра қылатын, оны өз атағын шығару үшін пайдаланатын құрал қылып алған еді. Небір партиялар, депутаттар сайлау кезінде оралмандар проблемасын көтеріп, оның қазір-ақ шешіп тастайтындай сала құлаш бағдарламалар жазады, елге жариялайды, сөйтіп, сайлаудан өтіп алғаннан кейін оның біреуін де май шаммен іздеп таппайсың... міне, соңғы 20 жылдағы көші-қонның картинасы осы. Мұндайды доғару керек, трибунадан қол сілтеп сөйлегенді немесе ұзақ сонар жиналыстарда оралманға жалған жанашырлық танытып, сөзбен орақ орғанды. Өз басым осыған қарсымын! Шетел қазақтарынан «пиар» жасауды тоқтату керек! Оралмандардың өз депутаты болсын, комитетін оралманның өзі басқарсын деген сияқты толып жатқан еш заңға сәйкес келмейтін дүниелерді ойлап тапқандарды да көрдік. «Оралмандардың жағдайлары мүшкіл болып жатыр, оларға қысым жасалуда, кемсітілуде» деген сияқты ортаға от жағатын әңгімелер де гуілдейді де жатады. Бірақ соны айтып жүргендер ешкімге пайдасы жоқ, от көсеумен күн көріп жүрген біреулер..... Керек десеңіз, көші-қонның тоқтауына себепкер болған да осы Көші-қон туралы заңды білместен, оны зерттеместен дабыра көтеріп, тисе терекке, тимесе бұтаққа, әркімнің аузынан естігенді желдей гулетіп айтушылар мен жазғыштар, соның ішінде журналистер десем қателеспеймін. Ақты ақ, қараны қара деу керек. Әкімшіліктер мен оралмандарды бір-біріне қарсы қойып, ақыры, көш тоқтатылсын дегенді шығарды. Бәріне істің байыбына бармаушылық, сауатсыздық себеп. Дұрыс әрі терең түсінетін бір жайт бар: мұнай, газ тб. ол өз алдына байлығымыз әрине. Бірақ бздің ең үлкен байлығымыз – ол шетелдегі 5 млн қазағымыз. Олардың Қазақстанның дамуына қосып жатқан үлесі орасан және әлі қосары көп. Мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы атынан 2050 жылға дейінгі мемлекеттік стратегия бағдарламасына шетелдік қазақтарды қалай пайдалану керектігі туралы тұжырымдама, жоба жасап бердім. Қазір үкімет  оны қарап жатыр. Ауыл шаруашылығынан, мәдениет, өнер, әдебиет саласынан, кәсіпкерліктің түрлі саласынан, шағын бизнестен шетел қазақтарынан қандай пайда көреріміз туралы жілігіне дейін шағып, айтып, жазып бердік. Енді әліптің артын күтеміз... «Көш жүре түзеледі» деген осы шығар....

Әңгімеңізге рахмет! Шынар Ниязбекова

http://zhebe.com/

Загрузка...

Комментирование закрыто.