Елімізде соңғы бір жарым жылдан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа заң жобасы дайындалу үстінде. Басқа құжаттардай емес мерзімінің созылуының өзі-ақ, маңыздылығын айғақтап тұр. Барлық тиісті органдармен қатар қарапайым халықтың да ұсыныс-пікірлері ескерілген жобаны енді халықаралық сарапшылар да талқылауға кірісті. Құжатты дайындаған «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының бастамасымен кеше Астанада «Ұлттың жаңа саяси бағыты: мемлекет пен қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеті» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, жоғары деңгейдегі талқылауға ұласты.

«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жүргізген конференцияға Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қ.Қожамжаров, Экономикалық қылмысқа және сыбай­лас жемқорлыққа қарсы күрес агент­ті­гінің төрағасы Р.Түсіпбеков, Конс­титуциялық кеңес пен Жоғарғы сот өкілдері, Парламент депутаттары, бір­неше партия жетекшілері қатысты. Шетелдік ұйымдардан Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Стивен Тулл мен ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы орталығы бас­шы­сының орынбасары Жаннет Клетцер арнайы келді.

ҚР Президентінің конференция  қонақтарына арналған құттықтауын жеткізген Б.Байбек «Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасының дайындалу барысына жан-жақ­ты тоқталды. «Нұр Отанның» бас­та­масымен әзірленген құжат жаппай құқықтық тәртіп пен қауіпсіз қоғам құруға ықпал ететін болады. Мем­ле­кеттік басқарудың барлық деңгей­лерінде алдын алу шараларын даярлап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стан­дарттар мен сараптамаларды енгізу арқылы оның қауіп-қатерін сараптай отырып жүйелі түрде жоюдың негізіне айналады» деді ол.

Осы орайда пікір білдірген Сенатор, «Нұр Отан» ХДП Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы О.Әбдікәрімов:
— Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері жаңа мемлекет құрылды, жаңа қоғам қалыптасты. Жаңа заманның талаптарына сай жұмыс істей алатын жаңа ұрпақ өсіп-жетілді.
Осы жолдағы ең басты кедергі – сы­байлас жемқорлық. Сол себепті Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында осы кеселмен күресті күшейту қажеттігі туралы ұдайы айтып келеді. Жемқорлықпен күрес – Қазақстанның даму стратегиясының іргетасы, мемлекеттік саясатының ажы­рамас бөлшегіне айналды. Бүгінде Қазақстанда жемқорлыққа қарсы әрекеттің заңдық негізі қалып­тасты. Жемқорлық заңбұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтетін заң­дар жиынтығы қабылданды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кү­рестің осындай жүйелі әдістерінің бірі ретінде нормативтік құқықтық актілерді жемқорлыққа қарсы міндетті сарап­тамасын айтуға болады. «Мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы» заң ба­қылау мен қадағалаудың ортақ прин­цип­терін бекітті. Сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғаларға қатысты мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізу кезінде құ­қықтарының қорғалуына кепілдік берді. Мүдде қайшылығының алдын алу жолдары айқындалды.

Жемқорлыққа қарсы әрекет етудің халықаралық құралдарына қосылу бағытында айтарлықтай жұмыс ат­қарылды. Олардың қатарына БҰҰ 2003 жыл­ғы жемқорлыққа қарсы конвен­ция­сын, 2000 жылғы трансұлттық ұйым­дас­қан қылмысқа қарсы конвенциясын, Экономикалық қарым-қатынас және даму ұйымының халықаралық іскерлік операциялар кезінде шетел мемлекеттік органдары лауазымды қызметкерлерінің сыбайластығымен күрес жөніндегі кон­венциясын, сонымен қатар 1998 жыл­ғы заңсыз ақшаны заңдастыру, анықтау және қылмыстық іс-әрекеттерден түскен кірістерді тәркілеу жөніндегі конвен­циясын атауға болады, – деді.
Мем­лекеттік қызмет істері агент­ті­гінің төр­ағасы Әлихан Бәйменов бүгінгі қол­да­ныстағы заңның тым ауқымды екендігін, соның салдарынан аз кө­лемде пара алушы мен миллиардтарды жым­қыр­ғандардың жауаптылығы қатар қаралып жүргендігін жеткізді. Шын мәнінде, мемлекетке орасан зор зиян келтірген­дерге тағылатын айып пен жаза да аса ауыр болуы шарт. Халықаралық тәжі­рибеде сыйбайлас жемқорлық ұғы­мы­ның нақтылан­бауы салдарынан ұсақ құқық­бұзушылар да осыған жатқызы­­лып жүр. Есесіне, парақорлығымен істі бол­ғандардың 80 пайыздайы мемлекет­тік органдарда әлі де жұмыс істейтіні жа­сы­рын емес. Бәйменовтiң ойынша «коман­далық ауысулар» да сыбайлас­тыққа жол ашып, ыңғайлы орта қа­лып­тастыра­тын тәсілдердің бірі. Таяуда қолданыс­қа енетін «Мемлекеттік қыз­мет туралы» заң ондай орынсыз істерді тоқтатуы керек.

Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» ХДП жанындағы Құқықтық кеңестің төрағасы Н.Әбдіров заң жобасын дайындауға жетекшілік еткендіктен, оның ерекше­ліктеріне тоқталды. 1,5 жылдан бері бі­ліктілігі жоғары мамандармен бірге ма­ңызды құжатты әзірлеу барысында, ха­лықаралық тәжірибені де, ел ішінен түскен бастамаларды да барынша мұ­қият зерттеп, тиімділерін алуға тырысқан. Қазіргі қолданыстағы 20 баптан тұратын заңның негізгі міндеті – жазалау болса, жаңа жобаның философиясы алдын алу. Бұл құжаттың бұрынғыларынан тағы бір айырмашылығы бар. Соңғы жылда­ры мем­лекеттің қазынасын басқару кезінде бірқатар лауазымды тұлғалар миллиард­тарды жасырын түрде шетелдерге асырып, артынан өздері де тайып тұратын оқи­ға­лары жиілеп кетті. Екі ортада зардап ше­гетін мемлекет пен қарапайым тұрғындар. Әбдіров енді осындай істердің жолын ке­се­тін немесе шенеуніктің жым­қырған мүлкін мемлекетке қайта қа­йы­рып алатын заңды тетіктер тап­қан­дарын айтады. Оның барлығы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасына енгізіліпті.

Конференция барысында, Қытайдың Қытай коммунистік пар­тиясы тәртіп және қадағалау жөніндегі инс­титуты ха­лық­ара­лық бөлімінің ди­ректоры Чжан Ай­минь:
– Қытай коммунистік партиясы мен үкіметi сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысқа айрықша назар аударады. Эко­номикалық реформа бағдарламасы ен­гізілгеннен бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреспен қатар, еліміздің эконо­микалық және әлеуметтік дамуына ай­рықша назар аударып келеміз. Біз сы­байлас жемқорлықпен күрес барысында қытай халқының сипатына тән жеке үл­гіні талдап-жасадық. Қытай комму­нистік партиясының былтыр қараша айында өткен Жалпықытайлық 18-құ­рылтайында және ҚКП-ның үстіміздегі жылғы қаң­тарда өткен партиялық тәртіп инспек­циясы жөніндегі 2-пленарлық мәжі­лі­сінде алдағы жылдарға арналған сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы күрес жө­ніндегі бағдарлама талқыланды. Пар­тияның және тәртіп жөніндегі Орталық комис­сияның қызметіндегі негізгі ба­ғыттардың бірі – партияның жұмыс тә­сілдерін жақ­сарту болып табылады. Мысалы, біз ха­лықаралық іссапарларға жұмсалатын шығындарды қатаң бақы­лауға алдық. Бұған қоса, біз бюро­кра­тияны ауыз­дық­тап, салтанатты қабыл­даулар мен ісса­пар­ларға бөлінетін мем­лекеттік шы­ғын­дарды үнемдеу үшін таяуда енгізілген «Eiqht-Point Code» үлгісінің талапта­рын орындайтын бо­ламыз. Сондай-ақ рес­ми тұлғалар туралы жеке мәліметтерді беру­де ашықтықты жақсарту бағытында жұ­мыс жасаймыз, – деген пікірін білдірді. Жиын барысында Санкт-Петербург крими­но­логия клубының президенті Д.Шестаков сынды бірқатар сарапшы­лар сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.

Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ
Астана қаласы

 

http://www.aikyn.kz

Рубрика: