точка зрения 26 марта, 2015 Comments Off on САЛТАНАТ БАЙҚОШҚАРОВА: «АНА БОЛУДЫ ҰМЫТПАҢЫЗДАР!»

САЛТАНАТ БАЙҚОШҚАРОВА: «АНА БОЛУДЫ ҰМЫТПАҢЫЗДАР!»

cалтанат сырты(1)«Ұрпақсыздық мәселесімен айналысқаныма 25 жылдан астам уақыт өтіпті, осы кезеңде бір көзім жеткен жайт, әйелдеріміздің өз денсаулықтарына деген немқұрайлылығы, әсіресе қазақтарымыздың» дейді «Экомед» Адам ұрпағын өрбіту емханасының ғылыми директоры, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова. Қазақстанға жасанды ұрықтандыруды алғаш болып әкелген маман, қыз-келіншектеріміздің әлі де өздерінің ана болу әлеуеттерін толық пайдаланбай отырғанын айтады. «Қаладағы әйелдер денсаулықтарына көбірек көңіл бөледі, әрине. Ол бір жағынан заңды да, түрлі медициналық орталықтар бар, таңдап жүріп баруына да мүмкіндік те бар дегендей... Ал, ауылды аймақтарда, соның ішінде қалалардан алыста, шалғай жатқан елдімекендердегі қыз-келіншектеріміздің жағдайы әрине, көз қуантарлық емес. Әсіресе, еліміздің оңтүстік аймақтарында әлі де ананың өз денсаулығына деген салғырттығы басым, мен оны жасырмай айта кетейін, осындайда»-дейді ол. Енді осы күні ана мен бала денсаулығын жақсарту, өлім-жітімді азайтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жоқ емес, бар. Осы көрсеткіштерді өркениетті елдердің деңгейіне жеткіземіз деген де жоспарларды білеміз. Бірақ, мемлекет тарапынан жағдайды жақсартуға қаншалықты мүмкіндіктер беріліп, жағдай жасалғанымен әр әйел өз денсаулығына алдымен өзі жауапты екенін көпшілік әйелдеріміз, әсіресе, ащы да болса шындық, қазақ әйелдері оншалықты мән бере бермейді. Айталық, әзірге бала көтеруге болмайды, алдымен емделу керек, жүктілікті жоспарлау қажет» деп қанша ақыл-кеңес беріліп жатса да, оған құлақ аспай өздерінің білгенін істеп бағады. Сөйтіп, жоспарланбаған, тәуекелі жоғары жүктіліктің арты түрлі өкінішті жағдайларға апарып соқтыратын жайттар аз кездеспейді... Қазақша менталитетке салып айтсам, әйелдеріміздің психологиясында бірінші кезекте өз денсаулығы, қауіпсіздігі емес, басқа біреулердің көлденең проблемалары немесе ата-енесінің не, күйеуінің не туған-туысқанының «сөздері» тұрады. Сондықтан, жауапкершілікті әр адам өзінен бастауы тиіс. Ал, енді репродуктивті жастағы әйелдердің денсаулығы, олардың бүгінгі физиологиялық мүмкіндігі туралы айтсам, соңғы уақытта қоғамымызда дер кезінде тұрмысқа шықпау, бала көтеруге асықпау сияқты үрдіс кең етек алуда. Бұл, әрине, жақсы үрдіс емес. Қай жағынан алып қарасақ та... Сонымен қатар «әлеуметтік бедеулік» проблемасы да артты. Бұған қоса өздерінің ұрпақты болу бейімділігін жасанды түсік жасату салдарынан жоғалтып алғандар да жетерлік деп қынжылады күнделікті осындай келеңсіз жайттарға куә болып жүрген «Экомед» орталығының директоры.

Ол келтірген деректер бойынша, бедеулікке шалдыққан әйелдердің 80 пайызға жуығы кезінде жасанды түсік жасағандар екен. Ал, жүктілікті қолдан тежеп, кейінге шегеріп жүріп, кештеп келетін әйелдердің көбі – 40 жастағылар не одан асқандар көрінеді. Салтанат Берденқызының айтуынша, нарықтың бәсекелестік заңын жұрт енді түсіне бастады, соның барлығын бастарынан өткерген сайын, стресстік жағдайлар да көбейді. Нәтижесінде ол тікелей демографиялық ахуалға әсер етуде. Кеш ұрпақты болу, кеш отбасын құру сияқты бұрын қазақтың психологиясында болмаған, менталитетіне жат дүниелер дендеп кіріп алды. Сондықтан әйел бала тууды негізінен 35 жасқа дейін жоспарлағаны дұрыс. Әр отбасында кем дегенде 3 не 4 бала болса, қазақтың саны тез-ақ өсер еді. Ол: бұдан бөлек, мемлекеттік скрининг шаралары да халық денсаулығының жақсаруына, жасының ұзаруына мейлінше оң ықпалын тигізуде. Алдымен үй алам, көлік алам немесе бизнесімді ашам деп жүргенде жігіттердің де, қыздарымыздың да қайран уақыттары кетіп қалады. Елбасы жуықта айтты өздеріңіз де естідіңіздер, «жалға берілетін пәтерлердің басым бөлігі жастарға тиесілі» деп, шынында да ондай қамқорлық басқа елде жоқ екен, ендеше мүмкіндікті пайдалану жастарға байланысты. Президентіміз Н. Назарбаевтың: «Ұлтымыздың денсаулығы әрқашанда әйелдердің қолында: үйде де, жұмыста» дегені де мен жоғарыда айтқан жауапкершілік мәселесі. Жұрттың осы күндері бала туғаннан кейінгі төлемақының өсірілуін талап етуі немесе ресейдегі сияқты аналық капитал сұрауы дұрыс деп ойлаймын» дейді.  Ал, енді біздің «Экомед» орталығымыздағы деген технологиялар туралы айтсам, әрине әлемдегі ең соңғы, заманауи дегенді ғана ендіріп жатырмыз. Соның бірі – аналық ұрығы сапалы әйелдерге дәрі салмай, жоғары көрсеткіштермен, денсаулығына мейлінше зиянсыз, қауіпсіз тәсілдерді қолдануға көштік. Ол негізінен жапонның, неміс пен американдықтардың технологиясы. Мұның бір артықшылығы – бағасының қолжетімділігі. Және де бұрынғыдай егіздеп, топтап салмаймыз ұрықты, 1-2 данадан ғана, ананың өміріне қауіпсіз, неғұрлым дені сау балаларды дүниеге алып келу жағын қарастырамыз бұл тәсілде. Мысалы, осы айда жаңағы технологияны мейлінше ендіру мақсатында жапоннан, немістен мамандар шақырып отырмыз. Ол әрине, екі есе арзанға түседі пациентке. Өз бағасы 700-800 мың теңге болса, енді ол әр әйелге 300-400 мың теңгеге шығуы мүмкін.  Бұл негізінен 35-38 жастағы, тіпті 40-45 жас аралығындағы әйелдерге де тиімділігін көрсетуде. Осы мереке қарсаңында айта кетейін, Елбасы әйелдердің рөлін қашанда жоғары көтеріп келеді. Әйелге қай жолды таңдаса да еркіндік берілген. Білім алуға да, жоғары қызметке баруға да, мансап қууға да, кәсіпкерлікпен айналысуға да... Сондықтан мен елімізде гендерлік саясат өте дұрыс жолға қойылған деп айтар едім. Десек те, ана болу миссиясын қыз-келіншектеріміз бірінші орынға қойса екен деген тілегімді тағы қайталаймын. Ұрпақ жалғастырудан артық бақыт жоқтығын бәріміз білеміз. Барлық қыз-келіншектерімізге: «Ана болуды ұмытпаңыздар!» дер едім.

Әңгімелескен Ш. Ниязбекова

http://zhebe.com/

Загрузка...

Комментирование закрыто.