Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры


Биыл – Астанадағы Сәкен Сейфул­лин мұражайының құрыл­ғанына 25 жыл. Тарихқа үңіл­сек, сонау 1988 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Жар­лығы­мен Сәкен Сейфуллин мұра­жайы ашылған еді. Мұражай ди­рек­торы, белгілі ақын Несіпбек Ай­тұлының ай­туынша, ол заманда бұл мәдени ошақ­ты ашу да оңайға соқпаған. Қа­зір де мұражай алдын­да шешілмей тұрған мәселелер бар. Егер де халық назарына ұсы­ныл­ған тарихи жәдігерлер саны – 530 дана болса, 5000-нан астам Сәкен­ге қатысты заттар бөлмелер тар­лығынан жертөледе сақталып отыр. Астанадағы зиялы қауым­ның бас қосатын ордасы әлі де кең­ею­ді қажет етеді.

– Құдайға шүкір, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері Сәкеннің маңдайы жарқырады, – деп бастады әңгімесін Несіпбек Ай­т­ұ­лы: Кешегі өзінің табаны тиіп, жастығы өткен жерден мұра­жай ашылды. 25 жыл бұрын оның ашы­луына кейін келіп қоныс­танған кейбір ағайындар қар­сылық білдірген. Мұнымен күрес­кен азаматтар болды. Кезіндегі Целиноград облысындағы Тарихи және мәдени ескерткіштерді қор­ғау қоғамы кеңесі төрағасының орын­басары Молдахмет Досаев мұра­жайдың ашылуына қарсылық туғанда, барынша күресіп, қиын­дықтың бәрін жеңген. Мұра­жайдың алғаш директоры болған Роза Асылбекова еді. Қазір 80 жасқа келіп отыр. Алла бұйыртса, мере­келік шараларға қатысады. Сон­дай-ақ мұнда «Алаш» сый­лығының иегері, белгілі ақын Серік Тұрғынбек он жылдай бас­шы­лық қызмет атқарыпты. Бір жылдай Серік Оспанов мұра­жай­ды басқарды. Мен басшылыққа келген 3 жыл ішінде мұражай түгелдей қайта жаңарды. Жиһаздар мен компью­терлер, тіпті көліктер де жаң­артылды. 2011 жылы мұра­жай­дың ішінде толық реэ­кс­позиция жүргізілді. Экспозиция деп отырғанымыз – мұражайдың ішіндегі экспонаттардың қойылу тәртібі. Тұрсынбек Кәкішев сияқ­ты сәкентанушы ағаларымыз ғылы­ми кеңеске қатысып, реэкс­позиция бекітілген еді. Қалалық әкімдіктің Мәдениет бас­қар­ма­сының қолдауымен мұражайдың әкім­­шілік үйі де күрделі жөн­деу­ден өтті. Жасыратыны жоқ, Сәкеннің қол­данған заттары әбден ескірген, сон­дықтан жыл сайын оларды рес­та­врациядан өткізіп отырамыз. Сәкен­нің үйінде тұрған физгар­мо­ниясының өзін реставрациялау 700 мың теңгеден асады. Бұл аспап музыканы таза ойнай ал­майды, бірақ тарихи жәдігер ретін­де қымбат. Биыл Сәкеннің ше­шесінің әбден тозған шай қал­бырын қайта жөндеуден өткізуіміз керек. Ол – көне әрі қымбат жәдігерлердің бірі.

– Мұражайдың 25 жылдығы қалай аталып өтпек?
– Алла бұйыртса, 15 мамырда өтетін мерекелік шараларға қала әкімдігі үлкен көмек көрсетіп отыр. Оқушылар сарайында үлкен жи­налыс өтеді. Оған Астанадағы зия­лы қауым, министрлік өкіл­дері, мәдениет ошақтары мен рес­­публикадағы негізгі мұра­жайлар, Абай, Жамбыл, Мұқағали Мақа­таев, Ахмет Байтұрсынов, Іли­яс Жансүгіров пен Мағжан Жұма­баевтың жеке мұра­жай­ла­ры­нан қызметкерлер, сондай-ақ Сәкен Сейфуллин атындағы мек­теп­терден де бірқатар азамат­тарды, сәкентанушыларды шақы­рып отырмыз. Сәкен Сейфуллин шығармаларын көп ғалымдар зерт­­теген. Мұхамеджан Қаратаев, Сейдін Талжанов, қазір жасы 85-ке келіп отырған академик ағамыз Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкі­шев­тер Сәкеннің өмір жолын зерт­теп, талай құнды еңбектер шы­ғарған. Алла бұйыртса, осын­дай сәкентанушы ағаларымызды да шақырып отырмыз. Өткен ғасырдың 30-жылдары талай арыстарымыз, Ғабең «Алып­­тар тобы» деп атаған Алаш қай­раткерлері, Сәкеннің үзең­гілестері арманда кетті. Ақтал­ғаннан кейін өте жақсы зерттелген адам – Сәкен. Ол ақталғаннан кейін Сәбит Мұқанов: «Қазақ Ке­ң­ес әдебиетінің негізін қалаған – біз емес, ол – Сәкен!» деп бір жи­­на­лыста айтыпты. Сәкен – әдеби қауым мен жалпы халық­тың, оқырманның көкірегіне нық орнаған тарихи тұлға деп біле­мін.

– Соңғы жылдары Сәкен Сей­фул­лин тұлғасына байланы­с­ты қан­дай да бір тың деректер та­бы­­лып жатыр ма?
– Әрине. 2000 жылдардан бастап, Мәскеу мен Санкт-Петер­бордың әртүрлі мұрағат­та­ры­на хат жазылған еді.  Мәскеу облы­сы­ның Красногорск қала­сын­дағы «Кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазу» мұрағатынан Сәкенге бай­ла­нысты тың деректер таптық. Атап айтсақ, Красногорск қала­сынан «Түрксіб ашылды» деген де­рек­ті фильм табылды. Онда Сәкен Сейфул­линнің тірі бейнесі жазылған. Басында «бұл Сәкен бе, Сәкен емес пе?» деген күдік болды. Ол за­манда ол қуғын-сүр­гінде жүрген.  Арқадан Алма­тыға атпен барған. Сары­өзектің жа­нын­­дағы Ай­набұлақ деген жерде Түрксіб түйіседі. Ол жерде Тұрар Рысқұлов сөз сөйлеген. Оған Сә­кен ресми түрде бармаған, тек өзі үшін әдейі барып-көрген бо­луы мүмкін. Сондықтан Сәкеннің «Қызыл ат» поэмасымен бірге, жалпы Түрк­сіб­ке арналған шы­ғар­малары сол тұстарда жазылуы мүм­кін деп топшылаймыз. Табы­лған бей­нежазуда Сәкен қолына тыма­ғын алып, қуанып айқайлап тұр. Үстіне шапан киген. Аттың үс­тін­де отыр. Шашы қысқа. Бұл бей­нені жан-жақты зерттей келе, оның Сәкен ағамыз екенін білдік. Соңғы жылдары табылған үлкен жаңалық – осы. Сондай-ақ  Мәс­кеуден тағы бір хабар келді, бір жиналыста Сәкеннің президиумда тұрған бейнесі жазылған бей­не­тас­па бар екен. Бұл мұра Крас­но­горск қа­ласынан Мәскеуге алы­нып, кейін бізге көшірмесі бе­­р­іл­ді. Онда 1937 жылғы Сәкен Сей­­фуллиннің жи­налыста тұрып, қолын шапалақтап тұрған кезі бейнеленген. Бұл бей­не сол за­ман­­дағы жаңалықтар топ­­та­ма­сы­нан алынған. Бұл бей­не­лер Сәкен­нің өте сымбатты кісі бол­ға­­­нын айғақтайды.
Сәкеннің өмірі Ақмола тари­хы­­­мен тікелей байланысты. Бұл жер­де қайраткердің жастық шағы өт­кен. 1988 жылы Қазақ КСР Ми­нист­рлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жар­лығымен осы мұражай ашылған. 1995 жылы 15 тамызда Елбасы мұра­жайға арнайы келіп, құрметті қонақ­тар кітабына: «Асыл ба­ба­мыз Сәкен Сейфуллиннің аруағы тәуелсіз елімізді желеп-жебеп жүр­­сін!» деп жазып кеткен. Ас­танадағы бірден-бір тарихи тұл­ғаға арналған мұражай – осы. Кейде: «Сәкен қызыл өкіметке қыз­мет еткен, тәуелсіздік алған соң, оған басқаша баға беріліп жатыр»  деп пікір айтушылар бар. Меніңше, XX ғасырдың тари­хын­да жарты әлем социа­лизм­ге сенді, халықтар осы ар­қылы бостандық­қа жетеміз деп ой­лады, бірақ үміт ақ­тал­мады. Сәкендер де соған сенді.

– Мұражайға келетін жас­тар­дың Сәкеннің шығарма­шы­­лы­ғына ынтасы қандай?
– Бізге әсіресе, оқушылар көп келеді. Мұражай жанында «Сыр сандық» атты жас ақындар клубы бар. Оны Оспан Сүлейменов де­ген азамат басқарады. Ол бізден жа­лақы да алмайды, мектептерде мұғалім боп жұмыс істейді. Был­тыр біз осы мұражайда Сәкен оқу­­­ларын өткіздік. 50-ден аса мек­теп қатысты. Оқушылардың бә­ріне грамоталар мен жүлделер бер­дік. Біздің ғылыми қызмет­керлер мектептерге барып, ар­найы лекциялар оқып қайтады. Құ­дай қаласа, біздің ғылыми қыз­мет­­керіміз Гүлнәзиа Ибраева Сәкен Сейфуллин жөнінде кан­ди­дат­тық диссертация қорғамақ. Сәкен – ұлттың ұлы перзен­тінің бірі. Сәкеннің бізге керегі – оның қазақ әдебиетіне сіңірген ең­бегі, әндері мен поэмалары. «Көкшетау» поэмасы – қазақ поэ­зия­­сының керемет шыңдары­ның бірі. Сәкеннің прозасы қан­дай?! Әр­ине, «Тар жол, тайғақ ке­шу» сол жылдардағы қиын-қыстау кезең­дерді суреттегенімен, бұл кітап­ты КГБ қатты пайдалан­ды. Сәкен фамилиясын көрсеткен Алаш ардагерлерінің өмірі сол кітапта қамтылған. Сондықтан да бұл кітап оның маңдайына соққы боп тиді.

– Мұражайдың жеке сайты бар ма? Жалпы, мұражайды вир­туалды түрде аралауға бола ма?
– Биылдан бастап мұра­жай­ларды автоматтандыру бағдар­ламасы енгізілмек. Мұны «IT-мұра­­жай» немесе «Айс-мұражай» деп атап жатады. Қорда тұрған жәді­гер­лердің барлығы автома­ти­зацияға кіреді. Реставрацияда жатқан заттар, жалпы, мұра­жай­дағы жәдігерлердің тарихы ком­пь­ю­терде тұрады. Бұрын бұл мұра­жайдың сайты болған екен. Бірақ қаражат тапшылығынан ол да тоқтап қалыпты. Биыл біз то­лық­қанды мәлімет беретін сайт ашу­ды жоспарлап отырмыз. Бұл сайтта мұражайдағы негізгі жәді­герлер өзінің тарихымен, сипат­­та­масымен көрсетіледі. Мәселен, басқа қалалардағы азаматтар мұра­­жайда болмаса да, ондағы жәді­герлермен сайт арқылы таныса алады.

– Мұражай алдында қандай шешілмей тұрған мәселелер бар?
– Қазіргі таңда мұражай қорын­дағы жәдігерлердің жалпы саны – 5696 дана. Оның ішіндегі негізгі қорда – 2645 дана, қосым­ша қорда – 3051 дана. Ал мұражай төрінен орын алған жәдігерлер саны 530 дана ғана. Өкінішке қарай, мұражай бөлмелерінің жетіс­­пеуіне байланысты Сәкенге тіке­л­ей қатысты негізгі қордағы жәдігер­лерді толығымен наси­хат­тап, келушілерге кеңінен көрсе­туге мүмкіндік жоқ. Ең қиыны, бөлмелердің тарлығынан қордағы ұшан-теңіз жәдігерлерді жер­төле­де сақтап отырмыз. Соның сал­дары­­нан қордағы экспонаттар жарыққа шықпай, ескіретін түрі бар. Сондай-ақ  Астанадағы зия­лы қауым, ақын-жазушылар жиі бас қосатын рухани шаңыраққа ай­на­лып отырған мұражайда мәде­ни-әдеби шараларды өз дәре­жесінде өткізуге еш мүмкіндік жоқ. Кіреберісте 20-30 кісі ғана сыятын бөлмеде қысылып-қым­тырылып түрлі шараларды өткізіп жүр­міз. Мен – Жазушылар одағының Астанадағы филиалының дирек­торымын. Бұл жерде астаналық ақын-жазушылар бас қосады. Себебі Сәкеннің өзі Жазушылар ода­­ғын өз қолымен құрып, алғаш­қы төрағасы болған. Мүмкіндік болса, біз отырған мына екінші үйді де мұражайға айналдырып, жәді­герлерді осында қойып, бізге Сәкен ескерткішінің жанынан екі қа­батты офис салып берсе жөн болар еді. Оның бірінші қабаты – Жазушылар бас қосатын үлкен залдан тұрса, екінші қабаты офис болса, Сәкен мұражайы Астана­ның көркіне сай үлкен рухани ошақ­қа айналар еді. Екінші айтылатын мәселе, бү­гін­де кітапханалар мен мұра­жай­лар қызметкерлерінің айлығы өте тө­мен. Айтайық, мұражай экс­кур­­с­оводының алатын жала­қысы – 20 мың теңгенің үстінде. Мұражай директоры боп отырған менің жалақым – 60 мың теңге. Екі-үш штатты қосып, жағдай­ларын жасайын десең, заңды бұз­ған болып шығасың. Сон­дықтан бізде маман тоқтамайды. Құдайға шүкір, Қазақстанның эконо­ми­касы жақсы дамып жа­тыр, сон­дықтан руханият саласына да көңіл бөлініп, Үкімет мұражай қыз­­мет­керлерінің жалақысын кө­тереді деп үміттене­мін. Осы жылдар ішінде мұражайға үлкен материалдық қолдау көрсе­тілді. Бұл игі бастамаларды қолдап жүрген Астана қаласының әкімі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағам­бетовке зор алғысымды айтқым келеді.

– Кезінде елге танымал тұлға­лар Берік Әбдіғалиев, Ерлан Қа­риндер мұражайлар концеп­ция­сын өзгертуді ұсынған еді. Жала­­қыны көтеруден бөлек, кеңес­тік сарқын­шақ­тардан арыла алмай отырған мұра­жайларды қа­лай түбегейлі өзгертуге бола­ды?
– Дұрыс айтасың. Бұл жігіт­тер­­­дің айтып отырған мәсе­леле­ріне қо­­­сыла­­мын.Мұра­­жай­лар­­­­­­­ды өзгер­тетін уақыт жетті. Бір­ақ айналып келгенде, мұның бәрі қаржыға барып тіреледі. Мұражай – тек кіріп, көріп шы­ғатын нәрсе емес, ол қайнап жатқан тарихты көзге елестетін, рухани орталық бо­луы керек. Қажет болса, мұра­жай­лар арқылы жастарға ұлттық идеологияны сіңіртуге болады. Мұражай тек өткенге емес, бола­шаққа қызмет етуі керек. Мұны қазір­ден бастап жүзеге асыруымыз керек. «Экспо-2017» көрмесі Ас­танада өтпек, ал қонақтарға осы мұражайларды неге танытпасқа?! Сәкен мұражайының жөні бөлек. Тіпті Астанадан тек Сәкенге емес, басқа да ұлы тұлғаларымызға мұражайлар ашу қажет. Неге Бір­жанның, Ақан серінің мұражай­ларын, осы жерде Ғалияға ғашық боп жүрген Балуан Шолақтың мұражайларын ашпасқа?! Ғалия­ның сүйегі осы жерде жатыр. Оны анықтаған жігіттер бар. Иман Жүсіп те осы өңірде болған. Неге Кенесарыға бір мұражай ашпас­қа?! Мен өзім Кенесары туралы поэма жазған адаммын, оның Ақмола шайқасы – ұлан-асыр тарих. Бірінші кезекте Кенесарыға мұражай ашу керек. Мәселен, Кенесарының мылтығы Омбыда тұр. Оның заттары әлі де жұрттың қолында бар. Мәселен, Кенесары­мен бірге, шайқастарға қатысқан Ағыбай батырдың да жәдігерлері баршылық. Атақты Басықара ба­тыр осында оққа ұшқан. Кенеса­рының үзеңгілесі болған Тайжан батыр да осы жерде атылған. Олар осы қаланың астында жатыр. Бұ­лар­дың атында көше де жоқ. Аста­наның тарихын зерттеу арқы­лы біз бүкіл қазақ тарихының жарқын беттерін аша аламыз. Осымен үшінші жыл біздің мұражай ақындар арасында рес­пуб­ликалық мүшәйра өткізіп ке­леді. Биыл «Жарқыра, жайна Ас­та­на!» деген атпен республикалық бәйге жариялап отырмыз. 30 маусымға дейін қолжазбаны қа­был­­­даймыз. Бас бәйге – жеңіл автокөлік болса, бірінші бәйгенің өзі – 1 млн теңге. Мұның бәрі қаланың қолдауымен өтіп жатыр. Құдай қаласа, 1 шілдеде Конгресс-холда үлкен поэзиялық кеш өт­кіземіз. Біз Астананың шежіресін поэзия тілімен жасап жатырмыз.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен
Кәмшат ТАСБОЛАТ

 

http://www.aikyn.kz

Рубрика: