©алаш айнасы иллюстрацияРубль құнсызданып, соңғы кездері қазақстандықтар Ресейден арзанға мүлік, көлік алып қарық боп жатыр. Мамандар бұл Қазақстан экономикасы үшін өте қауіпті құбылыс дейді. Ресей Қазақстанның ақшасын шаңсорғыш құсап соруын доғару үшін не девальвация жасауы керек, не болмаса кедендік бекетті бекітуі тиіс екен.

«Қазақстан Ресеймен арадағы кедендік бақылауды жаңғыртуға мәжбүр боп отыр. Өйтпесе ел экономикасы дефолтқа ұшырайды немесе ұзақ мерзімді тұралауға бой ұрады» дейді КазТАГ-қа атын атамай сұхбат беруші дерек көзі.

«Қазақстаннан Ресейге капиталдардың ағылуы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болжап айтқандай, қазақстандық компаниялардың көршілерінікімен бәсекелесе алмай жатқанын танытады. Рубль әлсіреген сайын Ресей нарығы шаңсорғыш секілді жұмыс істейді: Қазақстан ақшаларын өзіне тартып алып қойып жатыр, ал ертең бұл қазақстандық компаниялардың несие бойынша жаппай төлем жасай алмауына әкеліп соғады» дейді ол.

«Бұл жағдайдың жағымды жағы – ақыры Қазақстан үкіметі тұтынушылары қайтарымсыз күйде ресейлік нарыққа бейміделіп кетпесі үшін отандық компаниялардың бәсекеге қабілетін арттырумен шындап шұғылдану керектігін түсінеді. Егер кедендік бақылауды енгізбесек, қазақстандық компаниялардың несиесі қазақстандық банктердің үмітсіз несиелер көлемін арттыруға сеп болады» дейді дерек көзі.

Оның пікірінше, жергілікті банктер онсыз да осал, ал үмітсіз несиелер көлемі ұлғайса, оларға халықаралық нарықтағы жол мүлдем жабылып, бүтіндей мемлекеттің ақшасына тәуелді боп қалады. «Бір жағынан – қымбат ақша, тағы бір жағынан, ресейлік тауар өндіруші бәсекелестер қыспағы Қазақстан экономикасын тұралатып тастайды» дейді қаржыгер.

Егер кедендік шектеу болмаса, онда бәсекелестікке түсуге тура келеді. «Алайда әлеуметтік көрсеткіштерге сүйенсек, Қазақстан үкіметі 1 доллардың бағамын 400-450 теңге көлемінде ұстап тұра алмайды. Бұл бағам инфляцияны күшейтіп, әлеуметтік жағдайды шатқаяқтатып жібереді» дейді қаржыгер.

«Саяси тұрғыдан алсақ, қазақстандық билік Мәскеуді ренжіткісі келмейді. Мұндайда екі фактор көлбеңдейді. Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық одақты құруды 20 жыл бұрын Борис Ельцинге ұсынған. Одан бері жағдай күрт өзгеріп кетті. Екіншіден, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруда ұлттық қордан жыл сайын бөлінетін 3 млрд доллар ресейлік компаниялардың қалтасына кете береді, ол қазақстандық бизнестің өсіп-өркендеуін қамти алмайды», – дейді ҚазТАГ-тың дерек көзі.

Дерек көзі: kapital.kz

Аударма – «Алаш айнасы»

Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/rubldn-kunsyizdanuyi-kazakstan-ekonomikasyina-ote-kaupt–karjyiger-59718/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: