АЛТЫНОРДА
Новости

Ресей олигархтарының жаппай елінен кетуі қазақ олигархтарына төнген қауіп пе?

©Алаш айнасы иллюстрациясыБүгіндері Ресейдің бай-манаптары шетелге жаппай ағылуда. Өйткені олар Путиннің саясаты кесірінен банкрот боламыз деп қорқады. «Алаш айнасы» басылымы бұл фактордың қазақ олигархтарына ықпал етуі мүмкін бе деген сауал төңірегінде жауап іздеп көрмекші…

Жыл басынан бері Ресейден шетелге 200 мыңға жуық бай қоныс аударған екен. Бұл – ресми дерек. Ал бейресми жағынан алғанда, бұл цифр тағы да толыға түсері хақ. Негізінен, басқа елге жол салушылар – осы күнге дейін тірнектеп жинаған капиталын жоғалтып алудан қатты қауіптенетін бизнесмендер екен.

Саясаттанушы Уәлихан Төлешов ресейлік бизнесмендердің сыртқа ағылуы заңды құбылыс екендігін айтады. Себебі бизнес деген кез келген тірі ағза секілді өзіне жайлы, дамуына ыңғайлы жерді іздейді. «Сондықтан бизнестің бүгіндері экономикалық шектеулерге ұрынған Ресейден «жер аударуы» түсінікті нәрсе. Лондонда орыс және қазақ олигархтары мол деген фактіні баспасөз беттерінен көзіміз шалып қалып жатады. Демек, Ұлыбритания бизнес үшін жақсы жағдай жасап отыр: Ресейге, Қазақстанға қарағанда ол ара қауіпсіз әрі тұрақты. Бізге осы жағынан үлгі алу керек, яғни саясат пен экономиканы, нарықтық қарым-қатынастың аражігін бізге әбден ажыратып, арасын алшақтату қажет», — дейді саясаттанушы.

Сол секілді саясаттанушы Нұрлан Сейдін бұған алда артуы ықтимал салық түрлері де ықпал еткен болуы керек деп санайды.

– Санкция күшейіп, ел экономикасы құлдыраса, Ресейде, біріншіден, тиімді бизнес жүргізу мүмкін болмай қалады. Екіншіден, қаржылық ресурсқа зәру кезде мемлекеттің халық мойнына қамыт кигізетіндігі белгілі. Осы жағынан алғанда, Ресейде алда жеке мүліктерге, жекеменшік нысандарына салынатын салықтың пайызы күрт артуы мүмкін. Бұл да активі қомақты бизнесмендерді шошытарлық құбылыс, – дейді ол.

Маман айтқандай-ақ, бүгіндері Ресейде түрлі салық көлемін арттыру туралы ұсыныстар қазірден көтеріліп, қарастырылып жатыр. Мысалы, соңғы кездері мұнда баспаналар жаппай сатылымға қойыла бастаған. Өйткені енді Ресейде жеке үйіңнің болғанынан болмағаны жақсы сынды жағдай орын алмақшы. Нақтырақ айтқанда, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай баспана салығы 3 есеге өсірілмекші. Мәселен, біздің валютаға шаққанда баспананың 1 шаршы метріне төленетін салық көлемі шамамен 10 мың теңгені құрамақшы. Егер 130 шаршы метр үй-жайыңыз болса, онда мемлекетке жылына 130 мың теңге төлейсіз дегендей. Бұл жайт Ресей қоғамында дүрбелең туғызып, көп адам үйін жаппай сатылымға қоя бастаған. Ақыры бұл мәселе РФ үкіметі назарына ілігіп, олар аталған салық түрін енгізу мерзімін бір жылға шегеретіндіктерін таяуда жариялауға мәжбүр болған.

Сол секілді қосымша құн салығын 2 пайызға, яғни 16-дан 18 пайызға өсіру жайы да қазір РФ Үкіметінде кеңінен талқыланып жатқан мәселенің бірі.

Сондай-ақ, біздің пайымдауымызша, сырт елді паналағысы келетін ресейлік олигархтардың арасында оффшор аймақтағы ақшаларын алып шыққысы келмейтіндер де болуы мүмкін. Көктемде РФ президенті В.Путин заңсыз активтерге амнистия жариялап, ресейлік кәсіпорындар мен бизнесмендерге оффшор аймақтағы ақшаларын елге әкеп, жекешелендіруді сұраған. Батыспен ара қатты суымайтындығына сенімді деген бірқатар компания сол кезде аталған мемлекеттік акцияны пайдаланатындықтарын ресми мәлімдеген де. Олардың арасында алюминий өндірісіндегі «Русал» компаниясы, «КАМАЗ» ААҚ, «Русгидро» ААҚ және ұялы байланыс операторы МТС та бар еді. Ал бүгін жағдай басқаша боп жатқанда бұлар да бастапқы ойынан айнып қалуы әбден мүмкін.

Жалпы, Ресейге салынып жатқан санкция, отандық мамандардың пікірінше, тікелей Қазақстан экономикасына әсер етпейді, бірақ ол жанама түрде орын алады. Ал жанамасы қалай болады? Бұл ретте экономист Петр Своик біздің олигархтар капиталына қауіп төніп тұр дегенді айтады.

– Америка қазір ресейлік олигархтар капиталын «көздеп атқылап жатыр». Ондайлар Путиннің маңайында жетіп-артылады. Осыны білгендіктен де америкалықтар осы тәсілге жүгінуде. Қазақстандағы жағдай да осыған саяды. Көптеген ірі саясаткер өзінің сенімді жауапты тұлғасы арқылы Батыста көп ақша ұстап, оны бақылап отырғаны қазір ешкімге жасырын емес. Әзірге, Еуразиялық экономикалық одақ іске кіріскен жоқ. Егер біз осы одақ аясында Ресеймен тізе қосып, қандай да бір қимылдар жасай бастасақ немесе соған мәжбүр болсақ, онда америкалықтар қазақ олигархтарын да нысанға алады. Сондықтан бізде де капиталдарға амнистия жүргізіліп жатуы кездейсоқтық емес. Бұл – қазақ байлары үшін алдын ала жасалған сақтық шарасы, – дейді маман.

Бір дерек

Таяуда шетелдік басылым өзі хабарласқан ресейлік миллиардерден: «Путинге неге талап қоймайсыздар? Бизнеске үлкен зиян тигізіп отырғанын неге бетіне айтып, өз құқықтарыңызды талап етпейсіздер» деп сұрапты. Ол: «Жооо, жоқ, Сіз не деп тұрсыз? Біз бұлай ете алмаймыз, өйтсек Путин бізді бір секундта тізерлетіп тастайды» деп жауап қатыпты. Осы жағынан алғанда, қиын-қыстау заман төнген заматта ың-шыңсыз елден кетіп қалу ресейлік бизнесмендердің өзіне де тиімді боп тұрған сыңайлы.

Автор: Кәмшат Сатиева

http://alashainasy.kz/politics/52721/