22 июля, 2014 Comments Off on Рақым жасалатын 455 күн

Рақым жасалатын 455 күн

а«Адамның санасы не нәрсеге сенсе, адам соған қол жеткізе алады» деген қанатты сөзді жиі естиміз. Әлемдегі өте бай адамдардың тағдырын тірі мысал ете отырып, кітап жазып шығарған Наполеон Хиллдің түсінігінде сенім – сананың басты сиқыршысы. «Сенім оймен ұштасқан кезде түйсік бұл вибрацияны сезіп, оны рухани баламаға айналдырады да, дұға тілеушінің жағдайындағыдай оны шексіз ақыл-ойға ауыстырады» дейді ол. Шынында да адамның барлық жағымды көңіл-күйінің ішінде сенімнің алатын орны зор. Сенім – адамға кез-келген уақытта қажетті күштің бірі. Мысалға, көп ақша табамын деп алдына нақты міндет қойған, соған сенген адам ғана мақсатына жетеді. Әрине, ондай көп ақшаны біреулер табан ақы, маңдай терімен тапса, екінші біреулер жанын қинамай-ақ, оңай жолмен жинап алады.«Көлеңкедегі экономика» деген бар. Кейбір адамдар мемлекеттен жасырын түрде өндіріс ашып, өнім шығарып, халыққа сатады. Бірақ олар салық төлемейді. Мәселен, Қазақстандағы көлеңкелі экономиканың 22,9 пайызы осы сауда саласына тиесілі. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік, жылжымайтын мүлік сияқты салаларда да «көлеңкедегі» қыруар ақша айналып жүр. Мұнай құбырларынан шикі мұнайды ұрлап, оны экспортқа сататындар да кездеседі. Қысқасы, ресми мәлімет бойынша еліміздегі ЖІӨ-нің 19 пайызы – «көлеңкелі экономикада» қалып отыр. Осыған орай мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Көлеңкедегі экономика – біздің экономикамыздың тұрақты дамуының бірінші жауы, ол сыбайлас жемқорлықтың ең жақын досы» деп қадап айтқан болатын.Алайда, біздің Үкімет қолын қусырып қарап отырған жоқ. 2014-2015 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарын жасады. Алдағы жылдың соңына дейін аталған жоспар табысты іске асырылатын болса, «көлеңкелі» айналымдағы 1,1 трлн теңге жарыққа шығарылады. Сонымен бірге, Елбасы Н. Назарбаев 1 шілдеде «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заңға қол қойды. Салық рақымшылығының негізгі мақсаттарының бірі – «көлеңкелі» экономиканы қысқарту.Біз жоғарыда сенім сезімі туралы айттық. Рақымшылыққа керегі де осы. Кезінде заңымыздың белгілі бір олқылықтарын пайдаланып, заңсыз мүлік пен ақшаға иелік еткен азаматтар бұл іске тереңдеп еніп, тиісті шешім қабылдауы үшін, кешірім шарасы әрі ашық, әрі түсінікті болуы шарт. Рақымшылыққа қатысатын әрбір адам өз ақшасы мен мүлкінің жоғалып кетпейтініне, қанша ақша әкелгені құпия сақталатынына сенімді болуы тиіс. Олар сондай-ақ, өздерінің қылмыстық, әкімшілік жазаға тартылмайтындарына да көз жеткізгені жөн. Сол кезде ғана оң нәтиже болады.Жоғарыда аталған заңды оқып қарасақ, ақша мен мүлікті жария етудің негізгі қағидалары ап-анық етіп жазылғанын көреміз. Біріншіден, жария ету еліміздің экономикасына қосымша қаржы мен мүлік тарту мақсатында жүргізіледі. Екіншіден, жария етілген ақша мен мүлік салық салу мақсатында табыс ретінде танылмайды. Яғни, тиісінше жеке табыс салығы салынбайды. Ілеспе заң жобасымен еліміздегі Салық кодексіне тиісті толықтырулар енгізілген. Үшіншіден, жария етуге рақымшылық шарасы басталғанға дейін (2014 жылдың 1 қыркүйегіне) алынған ақша мен мүлік қана жатады. Төртіншіден, заңдастыру субъектілері заң шеңберінде әрекет ететін болса, 13-ші бапқа сәйкес қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Айта кетелік, жекелеген қылмыстарды жасау нәтижесінде алынған мүлік заңдастыруға жатпайды. 

Әмірлан Әлімжан.  

Загрузка...

Комментирование закрыто.