АЛТЫНОРДА
Новости

Педофилизм ауру ма, әлде азғындық па?

images (7)Соңғы кездері елімізде бүлдіршіндерді зорлау фактілері жиі тіркелетін болды. Бұрындары мұндай айуандық аз болды ма, әлде ол туралы айтылмады ма, әйтеуір, көпті көрген ақсақалдарымыздың өзі жағасын ұстайтын болып жүр. Статистикалық мәліметтерге назар аударсақ, Қазақстанда педофилизм өршу үстінде екенін байқайсыз. Мәселен, 2011 жылы елімізде мұндай 148 оқиға тіркелсе, 2012 жылы 232 оқиға қайталаныпты. Ал биылғы жылдың бес айының өзінде 184 оқиға орын алған. Осылай бірте-бірте педофилизм қоғамдағы үйреншікті үрдіске айналып кетпесіне кім кепіл?! Десек те, осы орайда педофилизм ауру ма, әлде азғындық па деген сұрақ туады.

Сөздің шығу төркініне зер салсақ, «педо» – бала, «филия» – жақсы көру деген екі сөздің қосындысынан тұратын «баланы жақсы көру» дегенді білдіреді. Ал медициналық тұрғыдан келсек, педофилия жыныстық таңдаудың бұзылысы нәтижесінде пайда болады. Оның түрлері жеңіл, ауыр болуы мүмкін. Жеңіл түріне орай, сол әрекетке барушылар өзінің не істеп жатқанын біледі, оған жауап бере алады, ал ауыр бұзылыстар – шизофрения, эпилепсия сияқты аурулар нәтижесінен болады екен. Бірақ педофилдердің барлығының ақыл-естері дұрыс емес деп айта алмаймыз. Егер мамандардың сөзіне сенсе, педофилдерді былайғы өмірде сыртқы түр-тұлғасына қарай анықтай алмайды екенбіз. Өйткені олардың отбасы, бала-шағасы да болуы мүмкін. Атқарып отырған жап-жақсы қызметі де болады. Бірақ бала педофилден зорлық көрген кезде ғана барып, біз сол адамды «мынаны анықтап беріңізші» деп психиатрдың алдына жібергенде ғана жүйкесінде ауытқушылықтың бар екені анықталып жатады. Тағы бір айта кететіні, биылғы жылы педофилге қатысты 40 сот үкімі шықса, соның 1-еуі ғана психологиялық ауытқушылығы бар деп танылып, емделуге жіберілген. Бұл дегеніміз сәбиқұмарлықтың нағыз азғындық екенін көрсетеді. Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында айтуға ауыз бармайтын тағы бір оқыс оқиғаның болғаны баршаға аян. Имансыз имамның Алла үйі жанында жасөспірім қыздың арын таптап, елді дүрліктіргенін еске алмау тағы мүмкін емес.
Көріп отырғандарыңыздай, адамнан ұят кетті, тәспі ұстаған имам ардан жұрдай болды. Жуырда Алматы облысы Жамбыл ауданы Қасымбек ауылының тұрғыны кәмелетке толмаған қызын 50 жасқа келген ер азаматтың зорлап келгендігін айтып, арызданды. Сондай-ақ Іле ауданы Ащыбұлақ ауылында 4 сыныпта оқитын қызды зорламақ болған 29 жастағы ер адам қолға ұсталды. Бұндай оқиғалар еліміз бойынша қаншама. Бұдан былай қайталанбайды дегенге ешкім кепілдік бере алмайды. Шыны керек, бүгінде адамдар айналасына сақтықпен қарайтын болды. Балалар көшеге шығып еркін ойнаудан да қалып барады. Әрине, күн сайын жантүршігерлік оқиғаның болып жатқанын естіген әрбір ата-ана перзентінің болашағына алаңдайды. Ал ұлт болашағы балалар екенін ескерсек, педофилизмге немқұрайды қарағанымыз дұрыс емес. Бүгінде қоғамда дендеп бара жатқан «педофилия» дертімен әр ел өз шама-шарқынша күресіп жатыр. Педофилдер қылмыс істеп қолға түскен жағдайда біздегі заң бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер қылмысы адам өлтіруге ұласса, онда жиыр­ма-жиырма бес жыл жазаға кесіледі.
Көбіне жүйке ауруына шалдыққандар қылмысқа баратындықтан, олар ауру жан ретінде арнайы комиссиялық сараптаудан өтіп болған соң, бірден қоғамнан оқшауланады. Қалай дегенмен, мұндай сұмдыққа баратын нәпсіқұмарлар үшін бұндай жазаның жеңіл екені айтпаса да түсінікті. Қоғамға педофилиямен күрес, оның алдын алу шараларын мойнына алатын ұйымдар қажет. Иә, әлі заң мойындап үлгермеген мәселеге өзге мекемелердің салғырт қарайтыны түсінікті.
Мәселенің мән-жайын заңнамалық деңгейден бастасақ. Көптеген елде кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерді жыныстық мәжбүрлеу, зорлау фактілері арнайы баппен қарастырылады. Аталған мәселені жан-жақты қарастыратын бапта «педофилия», «химиялық жолмен аталықсыздандыру», «стерильдеу», «мәжбүрлі түрде емдеу» сияқты терминдерге заңдық анықтама беріледі. Ал қазақстандық заңнамадан бұндай терминдерге берілген анықтамалар таппайсыз. Яғни бұл елімізде ұғым ретінде қалыптасып үлгерген жоқ дегенді білдіреді. Педофилдерді жазалау ҚР «Бала құқығын қорғау туралы» Заңның (122-бап, 124-бап) аясында жүзеге асырылады.
Міне, осыған орай Сенаттың жалпы отырысында педофилизм мәселесін көтерген депутат Мұхтар Алтынбаев «ештен кеш жақсы» екенін айтып, Үкіметке сауал жолдады.  Депутат «Былтырлары педофилдерге де қатысы бар заңды қабылдағанбыз. Бұл заңның іс жүзіндегі нәтижесі көңілден шықпайды. Тіпті педофилдерге қатысты жұмсақтық танытты деп қоғам тарапынан айыптаулар да болған» деп мойындады. Сондай-ақ Мұхтар Алтынбаев кәмелетке толмаған балаларға қатысты жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу фактілерін жайып салды. Биылғы жылдың бес айының өзінде 184 оқиға орын алғанын ескерген сенатор бұл асқынып бара жатқан көрсеткіш деп ерекше атады. Балаларға қатысты жасалып жатқан арсыз, адами қасиетке жат қылықтар қоғамның наразылығына ұшырауда екенін баса айтты. Шыны керек, сорақы фактілер жиілеп, мұны естіген сайын ата-ана балаларын далаға шығармай, үйде ұстауға мәжбүр. Мұхтар Алтынбаевтың сөзіне қарағанда, әлгіндей қылмысқа барған арсыздарға жеңіл дәрежедегі жаза тағайындалуы бұқараның ашу-ызасын тудырып жатыр. Ал кейбір шетелдерде мұндай қылмыстарға еш аяушылық жоқ, педофил аталғандар заңмен қатаң жазаланады, нәтижесінде балалар құқығы да өз деңгейінде. Сондықтан да депутат Мұхтар Қапашұлы балаларға қарсы арсыз, адами қасиетке жатпайтын қылықтар қоғамда белең алып, халықтың наразылығын өршітіп тұрғанда, ондайдың жолын заңмен кесу керектігін айтады. «Бала құқығын қорғауымыз керек. Біз бір рет олқылық жіберіп алдық. Әлгіндей қылмыс бойын­ша қаншама баланың құқы тапталып, қаншама ата-ананың көз жасы төгіліп жатыр. Жұртшылықтың ашу-ызасын тудырып отырған заңды қайта қарасақ игі. Кәмелетке толмағандарға жасалған қылмыс бойынша, оның ішінде педофилдерге қарсы жазаны барынша күшейтейік. Мезгіл әбден жетті. Әйтпесе бүгінгі жағдайымыздың беті жақсы емес. Баланың құқығын біз қорғамасақ, кім қорғайды?» деді Мұхтар Қапашұлы.
Ал шетелдік заңдар жүйесіне зер салсақ, бұл мәселе қатаң қадағала­натынын байқаймыз. Кәмелетке толма­ған балаларды зорлағандарды жазалау­дың «стерильдеу» немесе «химиялық піштіру» сияқты түрлері Еуропаның көптеген елінде және Американың кейбір штаттарында қолданылады. АҚШ-та 1990 жылдан бері мәжбүрлі түрде аталықсыздандыру туралы заң бар. Польша мен Чехияда мұндай қылмыскерлер түрмеде жазасын өтегеннен кейін міндетті түрде кастрациялық жолмен тарттырылады. Германияда, Францияда, Арменияда қылмыскерлер медициналық жолмен бекітілген емдеу әдістерінің бірін таңдап алуға міндетті. Халықаралық құқықтық ұйымдардың мәліметтеріне сәйкес, жоғарыда аталған химиялық кестіру шарасы қолданылатын Еуропа елдерінде және АҚШ-тың кейбір штаттарында мұндай қылмыстардың саны 50%-ға қысқарған. Оңтүстік Кореяда мұндай қылмыс жасағандарды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынған. Ал 13 жасқа дейінгі баланы зорлап, өлтірген қылмыскерлер бұл елде өлім жазасына кесіледі.
Өткен жылы Ресей думасының депутаттары пиғылы арам педофилдер туралы заң қабылдап, химиялық әдіспен сүндеттеу жолымен жазалауды бірауыздан қолдады. Сонымен бірге олар өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Демек, көршілес Ресей педофилдермен күреске білек сыбана кіріскен. Ал бұған діни жағынан келсек, ислам дінінде балаларды зорлағандар отбасылы болса, таспен ұрып өлтірілетін. Егер бойдақ болса, 100 дүре соғылған. Ондай дүреден де адамның тірі қалуы оңай емес. Ислам елдерінде адам зорлағандар қазір де бірден өлім жазасына кесіледі. Әрине, елімізде заң қабылданар болса, педофилдер ертесі күні-ақ өз әрекетін сап тыяр дей алмаймыз. Дегенмен, заң дегеніміз, мемлекеттің белгілі бір мәселеге қатысты көзқарасын білдіреді. Қылмыстық кодексте педофилдік ұғым ретінде мойындалып, онымен күрестің негіздері көрсетілсе, мүмкін көпшіліктің де пікірі өзгерер еді. Сәбиқұмарлармен қанша күрессек те, оны пайда болу себептерін анықтамай, оның алдын алмай ешқандай нәтижеге жете алмайтынымыз анық.
Осы орайда педофилизмге бару­ға не итермеледі деген сауал туындайды. Бұны медициналық тұрғыдан қарастыр­ған­ды жөн көрдік. Балалар дәрігері Жанар Алпысбайқызының айтуынша, балалардың ерекшеліктері өте белсенділігінде, инфантильділігінде екен. Бұл жердегі инфантилизм «балалық» деген сөз. Яғни дамудың кері кетуі деген мағынаны білдіреді. Инфантилизмді екі жағынан қарастырған дұрыс: бірінші, физиологиялық инфантилизм. Бұл адам ағзасының табиғи даму үрдісінен айнып, дамуының тежелуі. Екінші, психологиялық инфантилизм. Бұл адамның ішкі жан дүниесінің күннен-күнге дамып, түсінігі артып, даналыққа қарай жақындауының орнына, күннен-күнге кері кетіп, адамның рухани тығырыққа тіреліп, жанын түрлі-түрлі қайшылықтар торлап алып, бір түсініксіз халге бой ұрып, өмірінің мәнін жоғалтып алуы. Міне, осы инфантильділік салдарынан да бала физикалық, жыныстық тұрғыда толық дамымайды. Бұл өз кезегінде педофилияға алып келеді. Осы орайда педофилияда қылмыс жасаушылар кімдер деген сұрақ туады. Бұл туралы америкалықтар өте көп зерттеу жасаған. Сондағы олардың анықтағаны – педофилдердің 93 пайызы бала кездерінде сексуалды жағдайға ұшырағандар.
Педофилияны ауытқу деп қарасақ, оған белгілі себептер әсер ететіні анықталады. Психологтардың айтуын­ша, ата-ананың көңіл бөлінуінсіз қалған балалар өзінен-өзі тұйықталады. Яғни ананың, әкенің, бауырдың өзіне көңіл бөлінуіне қанағаттанбаған бала осындай педофилиялық әрекеттерге баруы мүмкін. Бұл қанағаттанбаушылық баланың бойында ерте ме, кеш пе бір психикалық бұзылу ретінде көрініс береді. Ал бұндай бұзылулардың жазылып кетуі екіталай.
Шыны керек, педофилизм ұлтымызға жат ұғымдардың бірі. Қарап отырсақ, бұл әлемдік дерт. Жасыратыны жоқ, қоғамда, педофобия пайда болды. Әр тарап өз деңгейінде күрес жүргізуде. Алайда оның түпкілікті себебін іздемейміз. Біржынысты неке сияқты, педофилизм де шет жұрттар өркениетінен келген дерттің бірі. Себебі ұлттық тәрбиемізде бұндай қылықтарға тыйым салынған. Педофилизмнің қоғамда өршіп дамуының бас­ты себептері қоғамның шетелге елік­теушілігі десе де болады. Осы орайда, балаға тәрбие беруде бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы ерекше екенін ұмытпаған жөн. Жаңа қазақстандық қоғамда теледидар мен радионы, тіпті интернетті еркін пайдалануға мүмкіндік мол. Отандық арналарымызда күндіз-түні батыстың тәрбиелік маңызы жоқ фильмдері көрсетіледі.Тіпті жалаңаш денелерден аяқ алып жүре алмайтын арналар қаптап кетті. Міне, осының бәрі жас бала санасын улауда. Бұл да педофилияға алып келетін себептердің бірі десек болады. Сондықтан бұл тақырыпты қозғағанда тәрбиенің маңызы зор екенін есте ұстайық. Біріншіден, телеарналарымыздың бағыты жас жеткіншектің бойына ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді мақсат етуі қажет те шығар. Сондай-ақ БАҚ құралдары да ұлттық тәрбиенің мәнін ұлықтау керек. Екіншіден, Қазақстанда бұл бағытта жұмыс жасайтын мамандар да жоқ. Республикалық деңгейде балаларға зорлық-зомбылық жасалуын азайту үшін жүйелі, кешенді жұмыс керек. Бұған ғылыми тұрғыда қарап, еліміздегі педофилия, оның психологиялық портреті,оның пайда болу себептеріне ерекше назар аудару қажет. Үшіншіден, мұнымен тек құқық қорғаушылар емес, денсаулық сақтау министрлігі де, білім беру орталықтары да, жергілікті басқару органдары да, ата-аналар, қарапайым азаматтар бірлесіп қарсы тұру керек.
Қазір орта білім беру мекемелерінде балаларға сақтық шараларын қалай сақтау керектігін ешкім үйретіп жатқан жоқ. Әрбір оқиға орын алған сайын дүрлігеміз де қоямыз. Осы тұрғыда мектептер мен жоғары оқу орындарында психология пәнін тереңдету қажеттігі туындайды. Психолог мамандар осы тақырып төңірегінде оқушылар мен студенттерді жинап, талқылаулар өткізсе, бұл да оқушы мен студенттің сауаттылығын көтерері анық. Педофилизм – емделмейтін аурулардың қатарына жатады. Яғни бір рет қылмыс жасаған адамдарды еркіндікке жіберуге болмайды. Жазасын өтеп болған соң да олар қоғамға қауіпті. Бұл жайт та ескерілуі керек.

Ақбота Исләмбек

http://anatili.kz/?p=15046