04 февраля, 2013 Comments Off on ӨЗІМІЗДІҢ БАПКЕРЛЕРДІ ӨСІРУ КЕРЕК

ӨЗІМІЗДІҢ БАПКЕРЛЕРДІ ӨСІРУ КЕРЕК

Бокстан еліміздің бас құрамасын жаттықтырған Дамир Буданбековтің Иракқа қоныс аударғанына екі жылға жуықтап қалды. Әрине, төлқұжатын түбегейлі ауыстырған жоқ. Аталған елдің боксшыларына білім үйретуге кетті. Жақында «Жас қазақ» т­анымал бапкермен тілдескен еді.– Дамир аға, сіз Ирак құрамасын бір жыл жаттықтырып, кейін елге қайтамын деп едіңіз. Бір жылдан асып кетті, бірақ қазір  қайтадан Иракқа ұшқалы отырсыз... –  Алғашында еңбек келісімшартын бір жылға жарамды етіп дайындағанбыз. Кейін менің қызметім Ирактағы спорт басшыларына ұнағандықтан, тағы бір жыл жұмыс істеуімді өтінді. Бір жылда біраз нәрсені тындырып тастау қиын ғой. Сондықтан, тағы да қала тұрғаным дұрыс болар деп шештім. Енді 4-5 айдан соң, Қазақстаныма біржола қайтып келемін, бұйырса. –  Ирак дегенде, көз алдымызға мылтық даусы мен жарылған бомба үні келетіні жасырын емес... – Қазір ол жақ біраз тынышталды. Тек, арасында террорлық әрекеттер орын алып тұрады. Қиындық көрген, ауыр соғысты бастан өткерген ел ғой. Сол себепті спорты еңсе тіктей алмай жатыр. Осындай мәселелердің барына қарамай, Ирак елінің ұсынысын қабыл алдым. Олар менің келісімімді алу үшін, бір жыл бойы хабарласты. Елде жөнді жұмыстың реті болмаған соң, қабырғаммен кеңесіп, Иракқа кетуге тәуекел еттім. –  Негізінен, Ирактағы ең танымал спорт түрі деп футболды айтуға болады. Ал боксқа көзқарас қалай? –  Жап-жақсы. Былғары қолғап киюге ниеттілер де көп. Спорт залдардың аз әрі ғимараттардың ескі болғаны қолбайлайды. Ирак Үкіметі көптеген жаңа спорт кешендерін салуға күш жұмсауда. Күрес пен бокс секілді спорт түрлерінен шетелден бапкер шақыртып, жастарды спортқа бейімдеуге барынша талпынып-ақ жатыр. Қазір Ирактағы 15 провинцияда бокс үйірмесі бар. – Сізден сабақ алған соң, боксшылардың көрсеткіштері оңалды ма? –  Бәрі бірден жайпап жеңіп шықпайды ғой. Ирак боксында шешімін таппаған мәселелер өте көп. Мысалы, техника деген мүлде аз оларда. Шеберлік жетіспейді. Неге жетіспейді? Өйткені олар бірде-бір халықаралық турнирлерге қатыспайды. Ал шаршы алаңға жылына бір рет шығатын боксшының шеберлігі қайдан шыңдалсын?! Психология туралы, тіпті айтпай-ақ қоюға болады. – Астанада өткен Олимпиада ойындарына жолдама ұсынатын лицензиялық турнирде сіз Ирак боксшыларында техника жоқ болғанымен, олар қорықпайды деген едіңіз... – Бәрі емес. Бұл сөзді Ирак құрамасына қабылданған  барлық боксшыға қаратып айтуға болмас. Бірақ от пен оқтың арасында өскен жігіттерде өжеттіктің бары рас. Сол өжеттік шеберлікпен ұштасса, нәтиже оңды болады. – Ұлттық құрамаға боксшыларды қалай таңдап алдыңыз? – Ішкі біріншілік өткізіп, топтан озғандарын Қазақстанда, Кореяда өткен турнирлерге алып бардым. Бапкерлік тәжірибем бар, құдайға шүкір. Сондықтан, тәуір балаларды тану қиын емес. Елдегі үздік деген боксшылар Араб ойындарынан тәп-тәуір көрсеткішпен оралды. Атап айтар болсам, 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алдық. Ирактың Араб ойындарында жүлде алмағанына көп болған. Сондықтан, бұл жеңіс Ирак халқын бір серпілтіп тастады. Алжир, Тунис, Марокко, Египе­т боксшыларынан артылмайтын жүлде Ирак жігіттерінің өңірінде жарқырағаны жергілікті жанкүйерге де, басшылыққа да ұнады. Алайда Ирак боксына әлі өсу керек. – Қалай ойлайсыз, оларға Олимпиада медалі қашан бұйыруы мүмкін? –  Ертеее әлі! Олимпиада мен әлем чемпионаттарының жүлдесі  туралы ойлау асығыстық болар. Ирак бокс­шылары алдымен Азия құрлығында өздерін дәлелдеу керек. –  Енді Ирактан Қазақстанға оралайық. 2009 жылы Миланда өткен әлем чемпионатындағы сәтсіздіктен соң, қызметтен өз еркіңізбен кеттіңіз. Қазір ұлттық құрамамен байланысыңыз қалай? –  Байланысым жақсы. Федерациямен де, Мырзағали Айтжановпен де, ұлттық құрамадағы кейбір боксшылармен де арақатынасым үзілген жоқ. Мырзамен Бейжің Олимпиадасына іріктеу циклі басталған кезде бірге жұмыс істедім. Нұрғали Сафиуллин, Александр Стрельников секілді бапкерлермен әңгімеміз ортақ. Серік Сәпиев те менің қарамағымда жаттықты. Айтпақшы, сіздің газет арқылы Серіктің Лондондағы жеңісіне өте қуанышты екенімді айтқым келеді. – Тас лақтырсаң, боксшыға барып тиетін мемлекетте екі қолға бір күрек таба алмай, шетел асып кеткеніңіз үшін өкінбейсіз бе? –  Жоқ, өкінбеймін. Ешкімге өкпелемеймін де. Сұхбатымыздың басында елге ораламын деп сізге айтқан едім. Бұйырса, ол күнге де жетеміз. Ирак та біз секілді мұсылман бауырлардың мемлекеті. Бауырын енді жазып жатқан Ирак спортына сәл де болса демеу болсам, жақсы емес пе?! Қазақстанда да, Иракта та сыйымды кетірген жоқпын. Елге қайтқан соң қандай қызмет ететінімді бір Алла біледі. – Айтпақшы, жақында Жамбыл облысына Кубадан Мануель Элисондо Кастильо бас бапкер болып келді. Бұл туралы естідіңіз бе? –  Иә, естідім. Құптаған жоқпын бұл бастаманы. Алдымен Алматыға Сагарра келіп еді. Енді шетелден бапкер шақыру сәнге айнала бастағандай. Қазақстанда, оның ішінде, Жамбыл облысында бокс бапкерлері өте көп. Серік Қонақбаевтың жұлдызын жаққан Юрий Цхайды қойса болар еді?! Тіптен, Кастильоны ат терлетіп шақырмай-ақ,  өз бапкерлеріміздің көмегімен чемпион шығаратын мүмкіндік бар еді. Боксы тұралап қалған елдердің шетел мамандарына құда түсуін түсінемін. Ал бокстан әр Олимпиада сайын алтын алып, әлем көшбасшыларымен үзеңгі қағыстырып тұрған Қазақстанға Кубадан бапкер әкелу жақсы идея деп ойламаймын. Мысалы, боксы бізбен бір деңгейде тұрған Украин­а мен Ресей неге шақырмайды?! Біздің бапкерлерге 50-60 мың жалақыны көп көреміз де, шетелдік маманға 5-10 мың долларды санап бере саламыз. Отандық жаттықтырушылардың тұрмыстық жағдайын көтеру керек. Сол кезде  біздің көрсеткіш те көтеріледі. – Дамир аға, сөз соңында сіз секілді несібесін сырттан тауып жүрген Бекболат Қасымхановпен байланысыңыз қалай деген сұрақ қойғым келіп тұр... – Бекболат бүгінде Мяньма елін жаттықтырады. Сирияда, тағы бір-екі турнирде көріп, хал сұрасқанбыз.Ақырыс СЕЙІТҚАЗЫЖас казак газетiнен алынды
Загрузка...

Комментирование закрыто.