Бай мәдениеті мен озық өнері, көркем тілі бар ұлтымыздың тарихы V-ІІІ ғасырлардағы сақ, ғұн, үйсін тайпаларынан бастау алатыны мәлім. Жарты әлемді бағындырған Еділ (Атилла), Томирис пен Зарина, түркі әлемін аузына қаратқан Күлтегін мен Тоныкөк қағандар, Мысырды билеген Сұлтан Бейбарыс – рухани әлеміміздің айтулы тұлғалары. Туғанына 530 жыл толып отырған Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр да – осылардың қатарында. Моғол империясының негізін қалап, Үнді еліне әмірін жүргізген Бабыр жайлы не білеміз? Бүгінгі жастарымыз балаларына атын қойып жүрген батыр қолбасшы, мемлекет қайраткері һәм ойшыл, әдемілікке жаны құмар сәулетші бабамыздың тағдыры жөнінде тарих не дейді?

Халқымыздың рухани қазынасының бірі – ежелгі дәуір әдебиеті. Осы ежелгі дәуір әдебиетінің төрінде тұрған «Ба­быр­на­ма» қазақ тіліне алғаш рет 1990 жылы аударылып, оқырманға ұсынылды. Сон­дай-ақ күні бүгінге дейін ағылшын, фран­цуз, жапон, түрік, өзбек, орыс тілдеріне де тәржімаланып, оқырманын тапқан «Ба­быр­нама» мен оның авторы Бабырға тор­қалы тойы тұсында тағы бір рет оралсақ, артық емес.

Захир әд-дин Мұхаммед Бабырдың әкесі Ферғананың әмірі Омар Шейх – Ақсақ Темірдің шөбересі, ал анасы Құтлық Нигар ханым – Шыңғыс хан әулетінен тарай­тын Жүністің қызы. Омар Шейх кенет­тен қайтыс болғаннан кейін 11 жас­та­ғы Захир әд-дин Мұхаммед Бабыр мұ­ра­герлік заңымен Ферғананың тағына оты­рады. Бабыр билік басына Әмір Темір­дің ұрпақтары өзара жауласып, империяны әбден құлдыратқан кезде келеді.

Осындай жағдайда билік тізгінін ұста­ған бала Бабыр көп майданда күрес жүр­гі­зіп, сабақты тікелей өмірдің өзінен алады. Өзбектің ханы Шайбанимен хандық үшін талай тартысқа түсіп, жеңіліс тауып, отаны Самарқанды тастап қашуға мәжбүр болған ол, 1504 жылы Кабул бектерінің көмегімен үкімет билігін өз қолына алып, жақсы жарақ­танған әскер құрады. Дегенмен елін, туған жерін аңсап жүрген Бабыр Шайбани ханның өлгенін естіп, Самарқанға қарай бет алады. Бабырдың қасында жүрген туған бөлесі, тарихшы ғалым Мұхаммед-Хайдар Дулатидің жазбасына сүйенсек, 1511 жылы өзбектерді жеңіп шыққан Бабыр­ды Самарқан халқы салтанатпен қарсы алғанымен, Иран шахы Исмаилмен одақтас болғанын ұнатпайды. Осыны пай­да­ланған өзбектер соғыс ашып, Бабырды Хисарға қарай ығысуға мәжбүр етеді.

Кабулда билік құрған Бабыр Үндіс­тан­ды жаулап алу жоспарын жасайды. Жас­тайы­нан соғыс алаңында жүріп шыңдалған Бабыр өзінің өмірлік тәжірибесін, өзбек­тер­мен ұрыста алған сабақтарын саралай отырып, жорыққа әзірленеді. Үндістанға жиналған 14 жыл ішінде ол әскерін қайта жасақтап, зеңбіректер құйғызып, соғыс тактикасын жетілдіреді. Үндістанға қайта-қайта үлкен жорықтар жасап, ақыры оны өз иелігіне айналдырады. Сөйтіп, қазіргі Ауғанстан мен Үндістан жерінде «Ұлы моғолдар империясы» (Аспан адамдары) аталған үлкен мемлекет құрады және оны үлкен мәдени ортаға айналдырады. Ел ішіндегі ең таңдаулы ақын, шайыр, сурет­ші, әнші, музыканттар мен тарихшы ғалым­дарды өз маңына топтап, көркейіп келе жатқан мемлекеттің күйін жырлатады. Сол заманның шеберлерін жинап, мед­ре­се­лер салдырып, көркіне көз той­май­тын­дай ғимараттар тұрғызады. Сәулетіне аса мән беріп салғызған қалаларының кейбірі осы күнге жеткен.

Агра қаласын жаңа империяның аста­насы етіп, оны заманына сай көркейтеді. Онда су жүретін құбырлар, монша, ғиба­дат­ханалар мен кітапханалар жұмыс істе­ген. Сонымен қатар Бабыр дипломатиялық қарым-қатынастың маңыздылығын жете түсініп, Орталық Азия елдерімен, Ресеймен өзара сауда-саттық қатынасын нығайтады.

Бабырды қаламгер ретінде қарастырар болсақ, ежелгі дәуір әдебиетінің көшба­сын­да тұрған Науаи, Салық, Бенаилердің қата­рына қоямыз. Дегенмен кезінде түркітілдес тайпалардың бәріне түсінікті болған шағатай тілінде жазылған «Бабыр­на­ма» – қазіргі қай халықтың мұрасы? Оны еншілеп алуға бола ма? «Бабыр­на­маның» қазақтың тарихына, әдебиетіне, тіліне, рухани өмірін қамтитын басқа салаларына қандай қатысы бар? Бұл сауалдар тарихшы, әдебиетші ғалым­дар­дың әлі де жете зерттеуін қажет етеді. Жетісу мен Сырдария аймағының геог­ра­фиясы, қазақ хандары жайында аса құнды мағлұматтар жинақталған «Бабырнама» әр замандардағы ойшылдарымыздың талайы­ның туындысына арқау болғаны рас. Мысалы, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген тарихи ең­бегінде Абай Алаша хан жайлы дерек­терін осы «Бабырнамадан» алғанын айтады.

Өз дәуірінің ірі ойшылы әрі қолбасшы, әрі ақын Захир әд-дин Мұхаммед Бабыр «Бабырнаманы» жазғандағы мақсатын: «Үшбу сөзді шағым жазайын немесе қайы­рымдылығымды білдірейін деп емес немесе мақтан үшін жазбадым, шындықты, болған оқиғаны ешбір қоспасыз сол қал­пын­да қағазға түсіріп отырмын. Сондықтан тумаларымның, бауырларымның жақсы-жаман істерін, алыс-жақын адамдардың кемшілігін де, артықшылығын да бүкпесіз айтып отырмын. Оқырман да, оқырманды құлақ салып тыңдаушы да кешірім етер дей­мін!» деп түсіндіреді.

Өмірбай БЕКМАҒАМБЕТОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұстазы, тарих ғылымының кандидаты:

– «Бабырнама» – шағатай тілінде 1526 жылдан бастап жазылған тарихи шығарма, Орта Азия халықтарына ортақ құнды мұра. ЮНЕСКО-ның ұйға­ры­мы бойынша тарихи жазбаның дүниеге келуінің 460 жылдығы 1990 жылы қазан айында Ташкентте тойла­нып, 1993 жылы ғылыми-теориялық сим­позиум өткізілген. «Бабырнама» алғаш аударылып, халыққа ұсынылған кезде оны «қазақ халқының тарихы жазылған шығарма» деп танығандар көп болды. Қазақтың зиялылары да бұл пікірмен келіседі. Себебі Бабырдың бұл еңбегінде бүгінгі қазақ, өзбек, түрікмен сияқты түркітектес халықтардың құрамындағы ру-тайпалардың тарихы баяндалған. Сол ғасырдағы бірқатар қазақ хандары, қоғам қайраткерлері, батырлары, ақындары туралы құнды деректер жазылған. Ежелгі қазақ жері­нің табиғаты бұл шығармада көз­бен көріп, қолмен ұстағандай етіп, анық суреттелген.

«Бабырнамада» қазақтың алғашқы хандары Жәнібек, Қасым туралы, Хасен, Әли сияқты ақындары, тарихшы бөлесі Хайдар Дулати жөнінде тарихи деректер бар. Сол сияқты қыпшақ, дулат, жалайыр, арғын руларынан шық­қан қолбасыларға, Ұлықбек сияқ­ты қоғам қайраткеріне Бабыр нақты мінездеме берген. Оның әскери іс, музыка, заң ғылымы, тәлім-тәрбие жөнін­де жазған көптеген туындылары бар екенін білеміз. Алайда ол шығар­малары әлі күнге дейін ана тілімізге аударылмаған. Тек Бабырдың бірегей туындысы – «Бабырнама» хақында ғана қазаққа қатысты ой таластыра ала­мыз.

Сонымен қатар «Бабырнамада» Темір әулетінің билік құрған кезеңі сипатталады. XV-XVI ғасырлардағы Ферғана, Хиндустан аймағындағы халық­тардың тарихы, хандар ара­сындағы билікке, жерге, таққа таласып жүргізген соғыстары жайлы егжей-тегжейлі баяндайды. Жаңа қалалардың салынуы, архитектурасы, қирауы туралы жазады. Үндістан және Орталық Азия халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен этнографиясын, мәдениетін толық қамтыған бұл туындыны қазақ тарихына өзек бола алады десек, қателеспейміз.

Автор: Роза САТЫБАЛДИЕВА, Астана

http://alashainasy.kz

Рубрика: