10 ноября, 2015 Comments Off on ОҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ Е.АЙТАХАНОВ СОЗАҚ АУДАНЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН БАРДЫ

ОҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ Е.АЙТАХАНОВ СОЗАҚ АУДАНЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН БАРДЫ

izobrazhenie_306Облыс әкімінің әрбір орынбасары өзі жетекшілік ететін сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін аудандарға шығып, елдегілермен кездесіп, қандай проблема бар, оны қалай шешуге болады, осы тұрғыда жиын ұйымдастыруда. Сондай аудандардың бірі – Созақ ауданына ат басын тіреген Ерлан Қуанышұлы алдымен аудандық аурухананың тыныс-тіршілігімен танысты. Атап айтқанда, перзентхана, жансақтау, терапия бөлімшелерін аралап, халыққа көрсетіліп жатқан медициналық көмек түрлерін көзбен көрді. Кездесу барысында перзентхана бөлімшесінде бір әйел босанып жатты, бөлім меңгерушісімен сөйлесіп, жалпы аналардың денсаулығы жайында ақпарат алды. Одан кейін жансақтау бөлімшесіндегі көрсетіліп жатқан медициналық көмекпен танысып, реаниматолог дәрігерлермен сұхбаттасты. Сонымен қатар, Созақ аудандық орталық ауруханасының медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейімен танысты. Е.Айтаханов терапия бөлімшесінде палаталарға кіріп, ем алып жатқан науқастармен кездесіп, жағдайларын сұрап, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Қандай арыз-шағымдары бар, ауруха іші жылы ма, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген бе, барлық жағдайларға көңілдері тола ма, осы жайында пікірлерін сұрады. Содан соң, облыс әкімінің орынбасары Созақ аудандық әкімшілікте облыстық денсаулық сақтау басқармасының көшпелі медициналық кеңес отырысын өткізді. Кеңес отырысына Созақ ауданының әкімі, аппарат басшысы, денсаулық сақтау саласына жетекшілік ететін орынбасары, ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы, мамандары, Созақ ауданының медициналық ұйымдарының басшылары мен медицина қызметкерлері қатысты. Алдымен Созақ аудандық орталық емханасының 2015 жылғы 10 айлық есебі тыңдалды. Бас дәрігер Р.Жаксыбергеновтың баяндауы бойынша 48 мыңнан аса халыққа қызмет көрсететін медициналық мекемеде бастапқы-санитарлық көмектен бастап денсаулықты толық тексерту үшін тиісті бөлімдер жұмыс істейді. Жергілікті тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы артқан – 72,4. Былтырғы көрсеткіш 69,7 болған. Соңғы екі жылда ауданда ана өлімі тіркелмеген. Бірақ қауіпті топқа жататын 105 әйел бүгінгі таңда есепте тұр. Нәрестелер өлім-жітімінің көрсеткіші бойынша 12 жағдай орын алған. Былтырғы жылы 16 жағдай болған. Негізгі себептерінің бірі ата-аналармен жүргізілетін жұмыстың төмендігі болып отыр, яғни, науқас балаға күтім жасау жағы әлсіз. Нысаналы индикаторлардың орындалуы бойынша қан айналым жүйесі және онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіштері өз деңгейінде емес. Облыс әкімінің орынбасары Е.Айтаханов нәрестелер өлімі ненің салдарынан орын алуда, осыған талдау жасала ма, сондай-ақ туу жасындағы әйелдер арасында қауіпті топқа жататындарға өзін-өзі сақтандыру, отбасын жоспарлау жайында түсіндіру жұмыстары қай деңгейде жүргізіліп жатқандығына ерекше назар аударды. Бала өлімі орын алмау үшін алдын алу жұмыстары дұрыс жүргізілуі тиіс, сол себепті алдағы уақытта осы бағытқа басымдық жасалуын нықтап тапсырды. Келесі кезекте Созақ аудандық орталық ауруханасының 2015 жылғы 10 айлық есебі тыңдалды. Бас дәрігер Ә.Сандыбаевтың айтуынша, ауруханада 2014 жылмен салыстырғанда, емделіп шыққан науқастар саны 6,7 % өскені байқалады. Былтырғы жылмен салыстырғанда 10 төсек-орынға азайғанына қарамастан, аурухана бойынша 47 төсек-орын бос тұр. Жасалған оталар саны-564 (2014ж.-631) азайып, хирургиялық белсенділік 2014ж.-12,7, 2015ж.-10,5 болып, 10,6 %-ға төмендеген. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2 маман жолдамамен ауылды жерге жұмысқа орналасқан. Алайда аудандық орталық ауруханасына лаборант, травматолог мамандар тапшы. Сондай-ақ аудандық орталық ауруханасының жылу қазандықтары істен шыққан. Сол себепті «Асықата» Мақтаарал аудандық ауруханасынан» 1 жылға мерзімімен бір қазандық жалға алынып, орнатылды. Жиындағы үшінші мәселе 2015 жылғы медициналық ұйымдарға түскен арыз шағымдар бойынша болды. Созақ ауданы бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасына түскен екі арызды тексеру барысында көрсетілген уәждер анықталмаған. Е.Айтаханов денсаулық сақтау саласына арыз-шағымдар көп түсетіндігін айтты. Басты мақсат - тәртіп, жұмыстың сапасын көтеру, ұжымда ауызбіршілік болу керектігін дәрігер қауымына қарата айтты. Жалпы ұжымда ұрыс-керіс орын алса, бұл бас дәрігердің сол орынға лайықсыз екендігін көрсетеді. Ендеше, осындай жағдайлар орын алмауын қатаң тапсырып, бұл мәселе облыс әкімінің бақылауында екендігін айтты. Көшпелі медициналық кеңес отырысының нәтижесінде облыс әкімінің орынбасары Ерлан Қуанышұлы Созақ ауданының әкіміне, ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысына нақты тапсырмалар берді. Созақ ауданының Даму бағдарламасының 7 нысаналы индикаторлардың орындалуы бойынша 2 индикатордың «қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші» және «онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші» қол жеткізбеу қаупін ескере отырып, 2015 жылдың соңына дейін қол жеткізілу керектігітапсырылды. Өзекті мәселердің бірі кадр тапшылығы бойынша «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында, жолдамамен ауылды жерге жұмысқа орналастыру арқылы шешуін, дәрігерлерге коммуналдық төлемдерге көмек мәселесін заң шеңберінде қарауын, орталық ауруханасына резервтік жылу қазандық сатып алуды қарастыруын, медициналық ұйымдардың ұжымында бірліктік, ұйымшылдық жағдай туғызуға, арыз шағымдарды болдырмауға, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге тапсырма берді. Осы жылдың қорытындысына дейін, аталған кемшіліктерді ОҚО денсаулық сақтау басқармасы Созақ ауданының әкімдігімен бірлесе өз деңгейлерінде толық шешу қажеттілігін айтты.

ОҚО денсаулық сақтау басқармасы

Загрузка...

Комментирование закрыто.