Санкт-Петербор тағы да парламент жетекшілерінің кездесу орнына айналды. Бұл жерде «Еуразияның экономикалық келешегі» тақырыбында ТМД ПАА, ЕурАзЭҚ ПАА және ҰҚКҰ ПАА парламентаралық ассамблеяларының ірі халықаралық форумы өтті. Өзекті мәселелер талқыланған маңызды жиынға Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығма­тулин бастаған қазақстандық парламенттік делегация қатысты. Форумға қатысушылар Еуразиялық эко­номикалық қауымдастық, Кедендік одақ және Бірыңғай экономикалық кеңіс­тік сияқты негізгі механизмдердің маңыз­дылығына тоқталды.


– Алдағы жылдарға жоспарланған бар­лық шараларды табысты аяқтасақ, ЕЭК 2015 жылы тиімді жұмыс тәртібіне көше алады. Бұл, біздің ойымызша, нақты айт­қанда, ірі интеграциялық бірлестіктің бірі болар еді, –деп атап өтті Нұрлан Нығма­тулин форумда сөйлеген сөзінде.
Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұр­лан Нығматулин еуразиялық интегра­ция үрдісінің тиімді және табысты дамуының басты шарттарының бірі – тиісті құқықтық негіз қалыптастыру мәселесіне баса назар аударды. Сондай-ақ Мәжіліс спикерінің пікірін­ше, дәл қазіргі уақытта парламенттер ара­сындағы ынтымақтастықты нығайтатын маңызды құрылым – ЕурАзЭҚ парламент­аралық ассамблеясы. Нұрлан Нығматулин: «Қазіргі жұмыс жасап жатқан парламентара­лық институттарды дамытып, олардың қыз­­ме­тін жаңа деңгейге көтеру өте маңыз­ды. Олардың барлығы біздің мемлекет­те­ріміздің заң шығарушы органдары қызмет­терінің жемісті болуына серпін беруге тиіс» деді.

Қазақстан Парламент Мәжілісінің тө­ра­ғасы Нұрлан Нығматулин мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген еуразиялық интеграцияның негізгі ұстанымдарын сөз етті. Сондай-ақ еуразия­лық интеграция ең алдымен, өзара тиімді экономикалық мүдделерге негізделуі ке­рек­тігіне ерекше назар аударды. «Яғни барлығының негізінде экономика тұру керек» деді Мәжіліс төрағасы. Сондай-ақ Нұрлан Нығматулин интеграциялық құ­рылым аясында қатысушы мемлекеттер бір-бірінің ішкі істеріне кедергі келтірмей, егемендік пен мемлекеттік мүддені құрмет­теп, келісімшарт бойынша теңдік негізінде бірігіп, бірлесе әрекет етуге тиістігін тілге тиек етті. ЕурАзЭҚ мүше-мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын, әсіресе, экономикалық сая­сат саласында жақындастыру туралы мәселе Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығма­тулин төрағалық еткен ЕурАзЭҚ ПАА жиындарында одан әрі жалғасты.

Қазіргі уақытта Еуразиялық экономи­калық қауымдастық сияқты механизмнің маңыздылығына тоқталған Мәжіліс төраға­сы: «Еуразиялық интеграция ең алдымен, өзара тиімді экономикалық мүдделерге негізделуге тиіс. Ол үшін бізге мықты құ­қы­қтық база қалыптастыру керек. Осы міндетті жүзеге асыруда әрине, парламент­а­ралық институттардың рөлі бұрынғыдан арта түседі. Мәселен, қазіргі уақытта заң­дарды жақындастыру жолында жұмыс істеп келе жатқан ЕурАзЭҚ парламентаралық ассамблеясы. Осының барлығы біздің бірлескен күшімізді нақты экономикалық интеграция жолында жұмсауға мүмкіндік береді» деді.

Жалпы отырыста сондай-ақ Қазақстан­ның ЕурАзЭҚ парламентаралық ассам­б­лея­сының төрағасы ретіндегі өкілдігі ұзар­­тылып, алдағы екі жылға ассамблеяның төрағасы болып Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин сайланды. Атап өтер жайт, Қазақстан ұйымның да­муына зор үлес қосып, оның беделін көтерді. Соның нәтижесінде Қазақстанның төраға ретіндегі өкілеттігін ұзарту туралы ұсынысты ЕурАзЭҚ мүше-мемлекеттер өкілдері бірауыздан қолдады. Қазақстандық парламентшілер Санкт-Петерборда ТМД ПАА, ЕурАзЭҚ ПА және ҰҚКҰ ПА шара­ларына қатысып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Атап айтатын болсақ, Нұрлан Нығма­тулин ядролық қарусыздандыру және та­ратпау үрдісіне Достастық елдері парла­мент­терінің қосқан үлесі мен қызметіне байланысты конференция өткізудің маңыз­ды екендігін жеткізді. Оны өткізу туралы Қазақстан жағынан ұсыныс жасалып, ол Парламент өкілдері тарапынан қолдау тапты. Конференция қараша айында Санкт-Петерборда өтеді. Бүгінгі күні ол Иран мен Солтүстік Ко­рея­ның ядролық бағдарламаларына бай­ланысты бүкіл әлемнің назарын аударған маңыз­ды мәселеге айналды. «Біз конферен­ция барысында ядросыз және қауіпсіз әлем құру жолында парламентаралық ынтымақ­тастықты күшейтудің жаңа механизмдері мен жаңа жолдары белгіленеді деп сенеміз» деді Нұрлан Нығматулин.

Осы күні Қазақстан Парламенті Мәжі­лі­сінің төрағасы Нұрлан Нығматулин өз әріптестерімен бірқатар екіжақты кез­де­сулер өткізді. Ресей Мемлекеттік Думасы­ның төрағасы Сергей Нарышкинмен бол­ған жүздесуде Мәжіліс пен Мемлекеттік Дума арасындағы ынтымақтастық жөнін­дегі комиссия жұмысын нығайту туралы әңгіме өрбіді.  Мәжіліс спикерінің қазіргі қоғамның өзекті мәселелері және халықаралық сая­саттың түрлі қырлары жөніндегі ұтымды ойлары Еуропаның өкілетті парламенттік форумдарының бірі – ЕКПА төрағасы Жан-Клод Миньонмен болған кездесуде айтылды. Нұрлан Нығматулин өзінің украиндық әріптесі – Жоғарғы рада төрағасы Вла­димир Рыбакпен кездесуінде парламен­т­аралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін сөз етті.

Өз тілшімізден

http://www.aikyn.kz

 

Рубрика: