31 августа, 2015 Нет комментариев

Нобель сыйлығының иегері мектеп бітірді

скачанные файлы (3)Ұлыбританияда Нобель сыйлығының иегері мектеп бітіруші аттестатын қолына алды. Былтыр Нобель сыйлығын тағайындаушы комитет Бейбітшілік саласындағы сыйлыққа 17 жастағы Малала Юсуфзайды лайық деп тапқан еді. Әлемдік деңгейдегі сыйлықты иелену үшін жаратылыстану ғалымдары ұзақ жылдар бойы тер төгіп, адамзаттың дамуын ілгерілететін тың жаңалық ойлап табуы тиіс болса, бейбітшілік саласындағы сыйлығын алу үшін тәлібтердің қудалауына ұшыраған жас қыз болу жеткілікті екен.

Малаланың бір-ақ күнде атағы жер жаруының бар сыры осы ғана. Туған жерін тастап, Біріккен Корольдікті тұрақ еткен жас пәкістандық қыздың енді әрбір басқан қадамы, мектеп бітіруі, университетке түсуі, күйеуге шығуы, қызметке тұруы сияқты өмір белестері ұдайы жұртшылық назарында болары даусыз.

Қолда бар деректерге жүгінсек, 114 жылдан бері түрлі саладағы Нобель сыйлығын алған лауреаттардың саны әлі 1000-нан аспапты. Ал Малалаға дейін Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығымен әр түрлі ұлттан 15 әйел марапатталған.

Кезінде үнді көшбасшысы Махатма Гандидің өзі 12 рет Нобель сыйлығына ұсынылса да, лауреат атағы оған ақыры бұйырмады. Гандидің өзі ала алмаған марапатты 17 жасар қыздың жеңіп алуы нені білдіреді?

nobel11122014-67
Әлі мамандық алып үлгермеген жас Малаланы әлемдік ақпарат құралдары «құқық қорғаушы» деп атайды. 11 жасынан бері BBC ғаламтор желісінде блог ашып, көрген-білгенін жіпке тізіп жазып отырған жас қыз жалпақ әлемге әйгілі болды. Оның ұраны – әлемнің қай түкпірінде болмасын қыз балалардың білім алуына жол ашу. Өз жазбаларында жас пәкістандық қыз тәлібтердің іс-әрекетін ашық айыптады. Боямасыз өмір қалтарыстарын сипаттағаны үшін ол Пәкістанның өзінде Жастардың бейбітшілік сыйлығымен марапатталған.

2012 жылы қазан айында пәкіс­тандық қыз тәлібтердің тарапынан шабуылға ұшырап, ауыр жарақат алды. Осыдан соң Пәкістан үкіметі оны емделу үшін Ұлыбританияға, Бирмингем қаласына аттандырды. 2013 жылы Малала Ақ үйде Барак Обама мен Мишель Обаманың қабылдауында болып, одан соң БҰҰ штаб-пәтерінде сөз сөйледі. 2014 жылы қазан айында Нобель сыйлығымен марапатталды. Осылайша, Малаланың жас өмірінде қайғы мен қуаныш алма-кезек ауысып келеді.

Бейбітшілік саласындағы сыйлыққа кезінде Гитлер, Муссолини, ал Сталин тіпті екі рет ұсынылған көрінеді. Ал Ленинді ұсынуға талап білдірілсе де, құжат тапсыруға кеш қалғандықтан, ұсыныс өтпей қалған.

Айы оңынан туған Малала Юсуфзай бүгінде Нобель сыйлығының бейбітшілік саласындағы лауреаттары Далай Лама, Терезе Ана, Теодор Рузвельт, Нельсон Мандела, Кофи Аннан, Михаил Горбачев, Барак Обама сияқты саясаткерлермен иық тіресіп қатар тұр.

Айтқандай, Нобель сыйлығының әлемдегі ең жас иегері өткен айда Ливанда Сириядан қашқан босқын қыздарға арналған мектеп ашты. 14-18 жастағы қыздарға арналған мектеп құрылысын қалпына келтіру жұмыстарын өз атындағы қордан қаржыландырған. Бұдан соң Иорданиядағы босқындар лагеріне барып, сириялық қыздардың білім алу ісін ұйымдастыруға ниетті екенін айтқан. Мектеп қабырғасынан үлкен өмірге енді қадам басқан жас лауреаттың жемісті жылдары алда, шамасы.

 Малаланың блогындағы жаз­­ба­­лар­дан үзінділер:

«Мен Талибанға кек сақ­та­май­мын. Мен боевиктердің балалары бі­лім алса екен деймін».

«Біз өз үніміздің салмағын үн­сіз қалған кезде ғана сезінеміз».

«Пәкістанның басындағы бар­­лық шешілмеген мәсе­ле­лер­дің түп себебі – надандық. Соның кесі­рі­нен саясаткерлер халықты алдап, қайта-қайта сайланып жатыр».

«Экстремистер кітаптар мен қалам­­дардан қорқады, білімнің күші оларды сескендіреді. Қалам­дар мен кітаптар – терроризмді жеңе­тін алапат күш».

«Егер әлдебір боевик келіп мені өлтір­се қайтем деп ойладым. Егер олар сенің жаныңды жаһаннамға жібе­руге келсе, не істейсің, Малала? Аяғымдағы бәтіңкені алам да, оған қарай жіберіп ұрам. Бірақ тәліб­ті бәтіңкемең ұрсаң, онымен сенің араңда ешқандай айырма қал­майды».

Гүлбиғаш ОМАР 

http://turkystan.kz/

Загрузка...

Добавить комментарий

You must be logged in to post a comment.