АЛТЫНОРДА
Новости

НЕСИЕГЕ НЕМҚҰРАЙЛЫ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ

369dac7a0e11150a1aa399b9790ddb2a (1)Әңгіме тағы да проблемалық несиелер портфелі жайында. Бұл тақырып әлі ұзақ қаузалатын түрі бар. 2008 жылғы дағдарыстан бері бірнеше жыл өткеніне қарамастан, оның деңгейі өсе түсіп, бүгінде жалпы несие портфелінің 36 пайызын құрап тұр.
Ресей банктері де 2008 жылғы дағдарысты басынан өткерді. Бірақ оларда дағдарыстың күйіп тұрған кезінің өзінде проблемалық несие бар болғаны 10 пайызды құраған екен. Осы 10 пайыздың өзі олар үшін мойынға байланған зілқара тас секілді болса керек, одан құтылғанша жарғақ құлағы жастыққа тимеген. Ресей сарапшыларының пікіріне сүйенсек,  дағдарыстан кейінгі алғашқы екі жылда  Ресей банктері  проблемалық несиелермен күрес жүргізіп, олардың көзін жойғанша жаңа бизнеске аяқ баспаған. Осы екі жылда барлық банк  проблемалық несие мәселесін шешіп,  жаңа несиелерді беруге құлшына кірісіп, жаңа өсім  басталыпты.

Біздің жағдайымыз керісінше. Проблемалық несиелер азаюдың орнына, күнсайын  деңгейі ұлғайып барады. «Оның себебі біздің банктер 2000 жылдан 2008-ге дейін  оңды-солды несие беруді үздіксіз жүзеге асырып келді. Яғни бүгінгі 35 пайыз проблемалық несиелердің іргетасын  сол 2000 жылдары қалап қойған. Онда да экономиканың нақты секторын емес,  сауда мен жылжымайтын мүлік нарығын қаржыландырды. Оның үстіне банктер  несие алғандардың болашақта табатын табыс ағынының қандай болатынын зерттеп-талдамай, олардың  кепілдікке қойған  заттарының бағасына қызықты. Өздеріңіз білесіздер, 2006-2008 жылдары жылжымайтын мүлік нағыз ханбазардың ортасында,  бағасы ұшып тұрған кез болатын. Әрине, нарық күн сайын өсіп тұрған кезде  жылжымайтын мүлік те  өтімді болады. Бірақ мұның уақытша екенін, әр нәрсенің шегі жеткен кезде сабын көпіршігіндей жарылатынын ешкім ескермеді. Басынан дәурен өткен сол жылжымайтын мүлік нарығы  кейіннен қаңырап,  терезелері үңірейіп, қаңсып қала берген жоқ па?! Ал банктер болса,  кепілдікке қойылған бағасы удай  жылжымайтын мүліктерді құшақтап қалды. Бір таңғаларлығы оларды әлі күнге дейін құшақтарынан шығарғысы келмейтіндіктері. Олар  бұл принциптің әлемді дағдарыс бірінен кейін бірі келіп тықсырып жатқанда, жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаның көтеріле алмай тұрған кезеңінде жүрмейтінін түсінгілері келмейді» дейді сарапшы Ілияс Исаев.

Проблемалы активтер қоры құрылды, банктердің проблемалық несиелерден тазаруына мүмкіндіктер ашылатын шығар деген үміттің де сиырқұйымшақтанып бара жатқаны  өтірік емес. «И, қор құрылды, қаражаты да бар. Бірақ банктер оған  проблемалық активтерін сатқылары жоқ. Өзіміз  құтыламыз дегенді желеулетіп, айырылмай отыр. Оның үстіне  қордың қызметін толыққанды жүргізуіне заң шеңберіндегі шектеулер де мүмкіндік бермеуде», дегенді сарапшылар алға тартады. Ойлап қарайтын болсақ, біздің елімізде әлі де болса, бір-біріне кереғар  шаралар қабылданып жатады.

Шындығына келгенде, бір мәселені шешу үшін  қабылданатын игілікті  шаралардың жүзеге асыру  базасы жасалынбайды. Нәтижесінде басталған іс аяқсыз қалып жатыр. «Осы біздің ісіміз неге толыққанды  жүзеге аспайды?» деген сұрақ төңірегінде толғанып, проблемаға кешенді түрде келуді ойлап жатқан ешкім жоқ.

Қазақстандық банктердің проблемалық активтерін  үшінші жаққа  сатуға асықпауы,  өзіміз шешеміз дейтіндігі туралы  газетіміз бұрын да жаздық. «Оның басты себебі банктерде кепілдікте жылжымайтын мүліктердің тұрғандығында. Яғни банкирлер жылжымайтын мүлік өз құнын жоймайды, қайта өспесе деп ойлайды. Кепілдікте тұрған жылжымайтын мүліктер  проблемалық несие көлемінен 100 пайызға  артық деп ойлайды. Олар сонау 2000 жылдың ортасындағы жылжымайтын мүлік бағасын ұмытпай отыр. Сол баға ерте ме, кеш пе, қайтып оралады деп ойлайды. Бір сөзбен айтқанда, сағымға қол созғылары келеді. «Егер  кепілдікте тұрған  жылжымайтын мүліктерінің нақты бағасы  сол 2006-2008-дегідей болса, неге сол бағаға қазір сатып,  проблемалық активтерінен құтыла бермейді?» деген сұрақ туындайды. Жылжымайтын мүлік нарығы  өткен жылдардағы қалпына келеді, сонда барлық проблемалық активтерден өзінен-өзі құтыламыз деп ойлау ақылға сыймайтынын мойындау керек», дейді Исаев.

Ресей сарапшылары  еліміздегі банктердің әзірше жасырып отырған, бірақ алдағы уақытта  шыға келетін тағы бір  үлкен проблемалық активтері  туралы әңгіме қозғай бастауда. «Банктерде қарыз алушыларға  ұзақмерзімді несие беріледі. Қарыз алушы оны өзгелер секілді ай сайын белгілі бір мөлшерін төлеп, жауып отырмайды, қайтару мерзімі белгіленген жылы бір-ақ төлейді. Біздің банктерде ондай  несиелер көптеп орын алатын көрінеді. Міне, солардың қайтарылуы мерзімі жеткен кезде проблеманың көкесі болуы мүмкін екен. Әзірше ондай несиелерді банктер проблемалық активтер қатарына жатқызбай отырған көрінеді. S&P рейтингтік агенттігінің сарапшылары осы мәселеге де жете назар аудару керектігін  еске салады. Қысқасы, шектен тыс несие  берудің соңы осындай шешімі қиын жағдайға тіреп отыр.

http://www.aikyn.kz/articles/view/32460

Алма Мұхамеджанова