АЛТЫНОРДА
Новости

Немцов Путинді сынға алды

«Алаш айнасы»kvedomosti.com басылымы өз оқырмандарына бүгінгі әлемдік геосаяси шиеленістің бір нысаны – теріскейдегі көрші мемлекетте не боп жатқандығын орыс зиялы қауымы өкілдерінің аузынан шыққан сөздерімен жеткізуді жалғастырады. Бұл жолы өңір депутаттығынан министр қызметіне дейін көтеріліп, кейіннен оппозицияға кеткен Ресейдің белді саясаткері Борис Немцовтың Фейсбуктегі Қазақстан мүше боп табылатын Кеден одағына қатысты жеке жазбасын ұсынбақшымыз.

Егер Батыстың Ресейге қарсы қолданған санкциялары негізінен, олигарх пен шенеуніктердің қалтасын қақса, ал Путиндікі қарапайым халыққа салмақ түсіретін болады. Өйткені бағаның шарықтауы және сапасыз өнімдер халықты есеңгіретіп тастары сөзсіз.

Ресейдегі азық-түліктің 40 пайызы – импорт. Негізгілерді Еуропадан алдыртамыз, АҚШ-тан келетіні — шамалы. Путин осылайша Батысты жазалағысы келеді, бірақ онысынан түк шықпайды. Еуропадан Ресейге ағылған ауылшаруашылығы өнімдері экспортының үлесі Еуропаның жылдық жалпы өнім өсімі көлемінің бар-жоғы 0,1 пайызын құрайды. Әрине, бұл жақсы емес, бірақ одан өліп кететіндей жайт байқалмайды.

Путиннің өзіне қарсы тұрған әлемге жұмсап жатқан санкциясының міндетті түрде теріс әсері болады. Соның бірі – Кеден одағының күйреуі.

Путиннің санкциясына, әрине Беларусь пен Қазақстан қосылмайды, оған қол да қоймайды. Сондықтан шектеулі тауарлар осы мемлекеттер арқылы Ресейге айналып келе бастайды. Мұндайда Ресейге одақтас елдермен арадағы кеденді жабудан басқа амалы қалмайды. Демек, Кеден одағы өзі ойлаған жүйеде өмірін кілт тоқтатады.

Әдеттегідей, бұл жағдайда да Қытайдың, сонымен қатар Израильдің және Латын Америкасының ұпайы түгел. Ал жеңілістегісі – Ресей, нақтырақ айтқанда, орыс халқы. Олар (Қызыл Кремль) мұны ұлттық мүддені қорғау деп атайды. Сонда қай ұлттың? Қытайдың ба? Израильдің бе? Бразилияның ба?.. Кімнің болсын, тек Ресейдікі емес екені анық.

http://alashainasy.kz/sabaktar/53004/