АЛТЫНОРДА
Новости

Науырыз мейрамы тағы да жетім қыздың тойындай болмаса болды…

Ұлыстың ұлы күні Наурыз  мерекесін қай деңгейде өткізу керектігі жөнінде ой-пікір, ұсынысымды бүкпесіз ортаға салғанды жөн көрдім. 

Жыл басы Наурыз мерекесіне де санаулы күндер қалды. Жыл құсындай сағынысып көрісетін бұл мерекеге деген Астаналықтардың ықыласы тіптен ерекше.  Қақаған қыстан қысылып шыққан жұрт, күлімдесіп, күлісіп бірін-бірі құттықтап «жеткенде бар, жетпегенде бар» деп Наурыз көжеге шақыра бастайды. Шығыстың осынау Жаңа жыл мерекесін қызықты өткізуде соңғы он шақты жылда біршама тәжірибе жинақталғанға ұқсайды. Алайда ойласып шешер, көп болып кеңесіп пішер олқы тұсымыз да жоқ емес сияқты.

Бұл   наурыздың 22-сі күні жер дүние жаңарып, жер беті жас босанған анадай жадырап, күн мен түн теңесіп, көгілдір аспанға тырналар мен аққулар сызық сызып, қанатымен жетелеп жеткізген көктеммен бірге келетін Жаңа жыл. Біз қазір Наурыз мейрамына салғырт қарайтын болдық. Оған қарағанда 31 желтоқсанның қарлы боранындағы еш дәлел-дерексіз «Жаңа жыл» деп аталған мейрамды Қазақстан басшыларынан бастап, үрім-бұтағына дейін бүкіл телеарналар 2 ай бойы әкелері тіріліп келгендей тойлайтыны несі? Басқа қалаларды қайдам Астана көшелерінде қарашаның басынан мұрны қып-қызыл боп «Дед Мороздың» суреті мен «С новым годом» деген жазулардан көз жазып жүре алмайсың. Қаңтар айының аяғына дейін ілініп тұрады. Осы екі ай бойы бүкіл телеарналарда жаңа жылдық алуан түрлі концерттер, көрсетілімдер, қойылымдар болып жатады. Ал Наурыз мейрамы ше?

Наурыз мейрамы керек десеңіз теледидардан толық көрсетілмейді де. Елбасының елді құттықтап сөйлегені, бір-екі әншінің ән айтқанын көріп қаласың болды. Наурыз мейрамында тігілген киіз үйлерге «комиссия» келеді деп ешкімді кіргізбей немесе үйдің ішіне сол «комиссия» мүшелерін толтырып, қарындарын тойдырып «бес» деген баға алып, алдында өтірік күліп, жағымпазданып, есікті ішінен жауып алып, қалған-құтқан тамақтарды жетім-жесірге үлестірудің орнына үйіне тасыйтын жағымсыз әдеттеріміз әлі қалмай келеді.

Наурыз ұлттық мереке болғандықтан осы тойда жеті жастағы баладан жетпіс жастағы қарияға дейін ұлттық киім киіп шықса, қандай ғанибет! Қазақтың киімін талғаммен, қонымды етіп кие білсек, моданың Отаны атанған француздардың киім әсемдігі жағынан сан орайтыны сөзсіз. Сондықтан ел арасында тым сирек кездесетін, мұражайда ғана қалған киім үлгілерін ұлттық мерекемізде киіп шығып, насихаттай білгеніміздің ешқандай сөгеттігі жоқ деп ойлаймын. Олай болмаса ол киімдер шаң басып мұражайларда жата бермек. Арабтар басынан сәлдесін, жапондар киманосының ішінен жастық салып жүруін әлі тастаған жоқ. Ал, біз болсақ, көктен жаңа түскендей, кім көрінгенге еліктеп, кім боларымызды білмей, жас ұрпаққа нені насихат етуді білмей, өзіміздің ұлттық киімімізді таба алмай, тапқанмен, тани алмай, әйтеуір ала шапан мен ала тақияны киіп шыға салуға мәжбүр болып жүргеніміз жасырын емес.

Сондай-ақ Наурыз мерекесінде Республика бойынша көшелерді түрлі-түсті жазу өрнектермен безендіру, ғимараттардың маңдайшаларына Наурыз мерекесін насихаттайтын жарнамалар ілінуі тиіс. Одан тыс, ағаш отырғызу мен үйлердің айналасын тазалауды дәстүрге айналдырсақ нұр үстіне нұр болар еді. Наурыз сайын тазалық шаралар өткізілсе, көше, аулалар тазарып қалар еді. Тазалық денсаулық кепілі екенін айпаса да белгілі. Тағы бір ескерер жай, бүгінде көптеген қазақ қыздары ұлттық тағам жасай алмайды. Бұрын қазақтар бір сүттің өзінен қанша тағам жасаушы еді. Қатық, балқаймақ, уыз, ақ ірімшік, сүзбе, тұзқұрт, сары май, сықпа, сірке, егежей, сары ірімшік, шұбат, томыртқы, қымыз… сол секілді еттен, ұннан, жемістен, анам марқұм Қамария қаншама тамақтың түрлерін дайындаушы еді. Қазір Наурыз көженің өзін жөндеп істей алмайтын қыз-келіншектеріміз бар…

Наурыз көже  Ұлыстың ұлы күні жасалатын қасиетті ас. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосылады. Түркі халықтарының ұғымында жеті саны қасиетті саналғандықтан наурыз көжеге жеті түрлі дәм қосылады. Оған қоса, олтоқшылық пен ырыс құттың жоралғысы.

Төменде наурыз көженің даярлау үлгісін ұсынып отырмын. 

1. Қазы-қарта,  2. 100 грамм бидай,  3. 100 грамм күріш, 4. 100 грамм жарма 5. 100 грамм тары  6. Тұз бен 3 литр су 7. 1 литр айран. Қазанға су құйып, ет пен қазы-қартаны салып, қайнатасыз. Алғаш қайнағанда сорпаның көбігін алуды ұмытпаңыз. Екі сағатай қайнаған соң, етті сүзіп алыңыз. Дәндерді жақсылап жуып, бірінші бидайды салып, 5 минут қайнатыңыз. Екінші жарманы және күрішті салып, 5 минут қайнатып, тарыны салыңыз. Талғамыңызға қарай тұздаңыз. Дәндер пісіп болды-ау дегенде оттан түсіріп, салқын жерге қойыңыз. Қазаннан түсірілген еттерді ұсақтап тұрып, барлығын сорпаға айранмен қосып араластырыңыз. Осы ретте дастарқанымызда ұлттық тағамымыздың мол болғаны абзал. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын ағайын.

Жұмамұрат Шәмші, тарих ғылымдарының  кандидаты

masa.kz