АЛТЫНОРДА
Новости

Наурыз қандай мереке?

Наурыз – Иран және мұсылман түркі халықтары ықылым замандардан жыл басы ретінде тойлап келе жатқан ескі мереке. Әз Наурыз – алты ай қыс артынан жер-жаһанға жан бітіріп, тіршілік тынысын кеңітетін жарқын күн. Бұл күн – жаңарған табиғатпен бірге өміріміз, жан дүниеміз жаңғыратын күн, ой-ниетіміз бен жүрегіміз тазаратын күн. Бұл – кешірім мен түсіністіктің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен мейірімнің мерекесі. Бұл күні табиғат пен қоғамда ұлы өзгерістер орын алып, теңдікке, жақсылыққа, жаңаруға қарай қадам жасалады.

Теңдік. Бұл күні күн мен түн, қыс пен жаз бір-біріне теңеліп, табиғи күштер өзара үйлеседі. Алты ай қыс артынан жер-жаһанға жан бітіп, тіршілік тынысы кеңиді. Әз Наурыз қытымыр қысты ығыстырып, жаңа күннің жарығы мен жылылық лебін ала келеді. Бай мен кедей теңеліп, құл құрықтан, күң сырықтан құтылады.
Жаңару.Ұлыс күні аспан денелері бастапқы айналу нүктесіне келеді. Қысқы ақ шапанынан арылған Жер-Ана бусанып, көк басы қылтиып, артынша мал төлдеп, бар дүние жаңара бастайды. Осыған сәйкес адамдар да шашын алып, сақал-мұртын күзеп, жуынып-шайынып, жаңа, таза киімдерін киеді. Жаңа жылды ала келген таң шапағын ақ тілекпен қарсы алып, өткеніне салауат, бүгініне қанағат айтады. Іштей өткеніне есеп беріп, ары алдында тазарады, келер күнге жақсы тілек тілейді, себебі Наурызда айтылған барлық тілек қабыл болады деген наным бар. Ел ағалары араз ағайын мен өкпелі бауырларды дастарқан басында татуластырып, табыстырады.

Наурыз қандай мереке?
Жақсылық. Наурыз тойы қарсаңында жігіттер «Бұлақ көрсең, көзін аш», деп қаумаласып, бұлақ-бастаулардың көзін ашса, үлкендер жағы «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деп бұлаққа май құйып, өсімдіктерге ақ бүркеді. Осылайша табиғаттың өсіп-өнуіне жағдай жасалады.
Сөйтіп, табиғаттағы тепе-теңдік, жаңару, жақсылық қоғамда, жеке адамдар жүрегінде де орнап, елдік рух көтеріліп, халық бірлігі нығаяды, берекесі артады.

Наурыз – жыл басы

Жер Күнді бір айналып шығатын мерзімнің шартты түрде үш айдан құралатын төрт маусымнан тұратыны белгілі. Астрономия ғылымының зерттеулері бұл деректерді нақтылай түседі. Көктем наурыздың 22-сінен, жаз маусымның 22-сінен, күз қыркүйектің 23-інен, қыс желтоқсанның 23-інен басталады. Ендеше, Жаңа жылымыздың дәл 22-наурыздан басталуы жыл мезгілдерінің астрономиялық заңдылығымен де сәйкес келеді. Осы күні саңылау, тесіктен үйге түскен алғашқы күн сәулесінің тозаңдануын қазақ үт кірді деп есептейді. Үт кірді, үйге құт кірді деген қазақ мәтелінде күн нұрымен оянар жаңа өмір нышанын ұғындырар пайымды пәлсапа бар.

 

Ертеде қалай тойланған?

Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Мифологиялық наным бойынша 21-наурыздың түнінде даланы Қызыр баба аралайды. Жаңаның хабаршысы, жақсылық жаршысы Әз Наурыз қазақ елі үшін қашан да қасиетті, киелі саналған. Алдағы жылдан үмітті пенде пейілді кеңге салып, жақсылық жоралғысын жасайды: үй ішін, қора-қопсысын тазартып, жаңа киімдерін киіп, көрші-қолаң, ағайын-туысты Жаңа жылмен құттықтайды. Ер азаматтар қос қолдасып амандасып, төс қағыстырса, әйелдер жағы құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады, арнайы даярланған дастарқаннан дәм ауыз тиюге, наурызкөже ішуге шақырады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз-жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Қараңғы түссе екі жерге екі үлкен от жағылады. Жас ерекшеліктеріне қарай топ-топ болып, осы екі от ортасынан өтіп бара жатып қолдарындағы басына майлы шүберек ораған таяқтарын тұтатады, «Алас, алас! Пәледен қалас!» деп хормен өлең айтып,  айнала төңіректі отпен тазалап шығады, жастар жағы жанған оттан секіреді.
Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан – тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын. Қызықшылық онан әрі халық ойындарымен (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, тең көтеру, айқыш-ұйқыш, ақ серек пен көк серек, алқа қотан, т.б.), ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, «Қызғалдақ» мерекесімен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін де, кешке қарай алтыбақан айналасындағы тамашаға жиналады. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады.
Бұл күні қазақтар төрткөз сараяқ итті өлтіреді, моғал ошақ қазады, кетік аяқ, кетік шөмішті сындырады. Ескі-құсқыдан арылады. Жұп шырақ жағады. Осы жоралғылардың кейбірінің мәнін түсіндіре кетейік.
Ұлы жазушы, халықтық дәстүрді терең білген М.Әуезовтің көрсетуінше, жұп шырақ жағу дегені оттай иеге арналған тілек. Кетік ыдыс-аяқты сындыру ескі күннен қалған қиындықтар мен бәле-жаладан арылу дегенді меңзейді. 
Ал төрткөз итті неге өлтіреді? Мұның себебін діни дастан-қиссаларда айтылатын аңыздармен байланысты қарауға болады. Атақты Жүсіпбек қожа Шайхысламұлының Кербала трагедия­сын дастан етіп жазған «Қисса уақиға Кербала» жырында Хазіреті Ғалидің Фатимадан туған баласы Хұсайынды Кербала шөлінде қинап өлтірген және шейіт болған сейітзадалардың дүние-мүлкін тонаушылар Хақ Тағала құдіретімен доңызға және төрткөз итке айналатыны айтылады. Солардың бірі Шәймір төрткөз ит кейпінде жүреді екен. 
Шәймірің төрткөз ит боп Кербалада,
Жүр дейді әлі сусап құр далада.
Ғамири мен Хайназардың басын кесті,
Мұсылман ұстап алып сол арада (Бабалар сөзі. Алматы, 2002. -365 б.)
Моғал ошақ деген не? Бұл күнде архисемасы (түпкі мәні) ұмытыла бастаған моғал ошақ, біздің байқауымызша, кем-кетік, ескі-құсқы заттар өртеліп, артынан беті топырақпен жабылатын жерошақ болуы мүмкін. Себебі бәле-жаланы аластау мақсатында өртелетін ескі заттар үйдегі ошаққа салынбаған.
Наурыздан кейінгі екінші күні жұрт жаппай көктемгі егіске кірісетін. Малшы қауым төл алуға қатысты іс-әрекетпен айналысқан. 
Ызғарлы қысты жеңіп, өмір қуатын туғызған жыл басына барша адамзат баласымен қатар қазақ елі де алабөтен қуанады. «Ауру жандар сауығамын деп, аттар тойы­намын деп, жалаңаштар киімсіз де күн көремін» деген үміт дүниесі маздап, барша жан алдағы күннен жақсылық күтеді. Көрші-көлем, ауыл-аймақ бір-бірімен құшақтаса көрісіп, Жаңа жылды қарсы алады.

Табиғат өзгерістері

Наурызда күн мен түн теңеледі, жұлдыздар теңеседі, яғни Сүмбіле, Үшарқар-Таразы, Үркер және Сұлу Сары бір түзудің бойында тізіле орналасады. Есепшілер жұлдыздардың теңесуінен күн мен түннің теңелуін байқайды. 
Халықтың ежелгі наным-сенімінде бұл күні жер-көкті жарып ерекше дыбыс (гуіл) естіледі. Мұны тек қана жұмақтан шыққан қой, сол арқылы оны бағып жүрген қойшы ғана еститін көрінеді. Осы күні бүкіл табиғатта, тіршілік иесінде, өсімдік, жан-жануарда ерекше сезім оянып, айрықша күш-қуат, рахман нұры құйылады. Соны білген халқымыз «Әз болмай, мәз болмайды» деп Наурызды асыға күткен. Қазақ түсінігінде Арыс­тан мен Өгіз шоқжұлдыздары ғарыш алаңында шайқасқа түседі. «Атасы мен анасы, Үш жүз алпыс бес баласы, Он екі ауыл шамасы, Отыз ор дуадақ, Бес балақ сан, Елу екі қарақшы» деп ойға қалдырады қазақ жұмбағы. 
Көнекөз есепшілер мұның астарында отыз күннен тұратын жыл он екі айды, жылға сыймай қалған «бесқонақ» дауылын, елу екі аптаны, «құс қанаты» қарын, күннің алғашқы күркіреуін, «сүт көп, көмір аз» ырымын атайды. Жұлдызды аспанда өткен қан майданда жақсылық жеңіп, жыл бойы игіліктің мерейі үстем болады.
Есепшілер Әз Наурыздың келгенін жан-жануарлардың қылығынан да байқайды. Наурыздың 14-інде сарышұнақ інінен шығады, күн суық болса, ін аузынан ұзамайды, күн жылы болса, ұзағырақтау жерге шығады.
Ал тасбақа болса, күн мен түн теңелгенде інінен аузына шөп тістеп шығады. Шөптің аты «мәриям шөп» деп аталады. Оны еппен алған адам бақытты, дәулетті болады деген сенім бар. 
Тағы бір ерекшелік: күн мен түн теңелгенде, балық аунап түседі. Кейбір елдерде күн мен түннің теңелгенін осы құбылыстан байқайды. 
Аңыз бойынша Самарқанның көк тасы қас қағым сәтте ериді, дәл сол кезде тасты кесуге болады екен.

Ұлыстың Ұлы күні деп аталуының мәні

Бұл жөнінде ел аузындағы аңыз былай дейді: «Бір күні Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келген сәтте жердің бетін жайлаған топан су кері қайтады. Сол сәт жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері көк аспаннан түскен қасиетті қазаннан бірге дәм татыпты. Содан бұл күнді – Ұлыстың Ұлы күні деп жариялайды». Нау­рызды тойлау тарихын ұлы Абай өзінің «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» жазбасында көшпелі халықтардың «хибиғи», «хұзағи» деп аталатын көне заманымен ұштастырады. Парсының «нау» сөзі әртүрлі өзгерістерге ұшырағанымен, сол мағынада көп халықтың тілінде сақталып қалған: орысша – нов, немісше – нойе, латынша – нео. Осылайша «нау» сөзі үнді-еуропа халықтарының даралануынан да бұрын пайдаланылған. Ал одан бергі мерзім ғана 5 мың жылдан асады. Қазақтың көне шежіресінде де Наурыз, Алаш деген сөздер кездеседі.

Самарқанның көк тасы еріген күн

Түркі халықтарының түсінігі бойын­­ша жыл басы наурызбен қатар аталатын осы бір тұрақты сөз орамының мәніне үңіліп көрмес бұрын алдымен көк тас тіркесіне тоқтала кетейік. Қазақта үлкен кісі баласынан көңілі қалса, «басыма көк тас қоймай-ақ қой» деп өкпе-ренішін білдіріп жатады. Мұндағы көк тас жай тас емес, асыл тас, лағыл тас. Ғылыми атауы – лазурит. Ертеде қайтыс болған атақты адамдардың басына Самарқаннан арнайы көк тас алдырып қою дәстүрі болған. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Абылай ханның түсінде» былай дейді: «…Абылай хан Самарқанға елші жіберді: «Ұрысым, соғысым жоқ, әулиелерді зиярат қыла келдім. Ел ақсақалдары қонаққа келсін» деп. Қоянның көзінен қорқып, жебедей жерге кіріп кете-тұғын сарт сорлы жаман қорқып тұр екен… Қатын-қыздарын, тауық пен бөденелерін тауларға бостырып жіберген екен. Бірін-бірі сыйласып, қонақ болысып, Абылай хан сонда бір көк қасқа айтып сойдырып, басына қойдыратын тас қаздырды дейді. Абылайдың бағына шыққан тасқа таңғалған Самарқан жұрты: «Бұл баяғы Әмір Темірден соң, ешкімге шықпаған тас десіпті».
Бүгінгі күні де зират басына белгі үшін көк тас қойылады. Қойылатын тастар гранит және мәрмәр болып екі топқа бөлінеді. Граниттің қызыл, қара, көк түсі бар. Өзбекстаннан әкелінетін тастың екі түрі бар, олар – Самарқанның зарваны және Навои­дан әкелінетін газган.
Белгiлi этнограф-қаламгер Сейіт Кенжеахметовтың жиған-терген, жүйелеген деректерiне сүйенсек, «Самарқандағы Ұлықбектің обсерва­ториясындағы аспан денелерін бел­гілеген үлкен көк тасқа Ұлыстың Ұлы күні күн сәулесі тікелей түскенде әлгі тас бірер сәтке ериді екен» деген аңыз бар.
Наурызда бір-біріне бұрынғы өкпе-реніштері бар адамдар төс қағыстырып, қайта достасады. Егер Ұлыстың Ұлы күнінде өкпе-ренішін қия алмаса, «Сен тастан да қаттысың ба, бұл күні Самарқанның көк тасының өзі жібиді ғой» деп наз айтатын болған.

Әдебиет:
1 Кенжеахметов С. Жеті қазына. Алматы, 1995 ж. -241 б.
2 Әліпұлы Т.Самарқанның көк тасы ери ме? Айқын, 20.03.2012 ж.

Өзге халықтар қалай атап өткен?

Наурыз – бағзыдан келе жатқан өте көне мейрам. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүниежүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында байырғы замандардан бері орын алған. Жыл басын ежелгі гректер патрих, бирмалықтар су мейрамы, тәжіктер гүл гардон, бәйшешек, гүлнаурыз, хорезмдіктер наусарджи, татарлар нардуган, буряттар сагаан сара, соғдылықтар наусарыз, армяндар навасарди, чуваштар норис ояхе деп түрліше атаған. Ескі жазбаларда шығыс халықтарының Нау­рызды қалай тойлағандығы туралы мәліметтер кездеседі. Мәселен, парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар әр жерге үлкен от жағып, отқа май құйған; жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжаған; дәстүрлі ұлттық көже сумалак дайындаған; ескі киімдерін тастап, ескірген шыны-аяқты сындырған; бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – «күн символын» салған.
Ежелгі Римде б.д.д. VIII ғасырдың орта шенінен бастап қолданылған күнтізбеде Жаңа жыл Наурыз айынан басталған. Римдіктер жылдың бірінші айын соғысқа тыйым салушы Құдай Мартиустың атымен март деп атаған. Ежелгі Русьте де христиан діні қабылданғанға дейін Жаңа жылды бірінші наурыз күні қарсы алу дәстүрі болған. Бұл күнді орыс халқы өз танымына сай әдет-ғұрыптарымен қарсы алуды дәстүр еткен: Құт Құдайының құрметіне шырақтар жағып, оны шие ағаш­тарына ілген және «түрлі аурулар мен пәле-жаладан сақтайды» деген ырым-сенім бойынша дастарқан басына жиналған әрбір шаруаның алдына үш бас сарымсақ пен үстелдің нақ ортасына бетін шөппен жапқан он екі пияз қойған. Наурыз күні ер­тедегі грек патшасы тағынан түсіп, өзіне ұнаған қызметшісіне бір күн өз орнын берген екен. Ал ба­йыр­ғы Иран патшасы әділ уәзірі­не өз шапанын сыйға тартқан.

 

Деген екен…

 Ол күнде Наурыз бір жазғытұрым мейрамы болып, Наурызнама қыламыз деп тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың Ұлы күні» дейді екен.  Абай

… Жеткен кезде Наурызымыз жапан біткен жаңғырар, 
Тұман орап тау басын, аспан үрпі салбырар. 
Жансыздарға жан бітіп, әуен билеп маңды бір,
Жер көгеріп, шөп қаулап, мерейін бір қандырар. 
Күнге тосып арқасын жан-жануар албырар, 
Аунап-қунап барлығы жерге түгін қалдырар…
Мақтымқұлы

Наурыз – қазақша жыл басы. Біздің Жаңа жылымыз – Наурыз марттың басындағы болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынамен Жаңа жыл деп айтуға лайық.
Ахмет Байтұрсынұлы

Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды қазақтан басқа күншығыс жұрттарының көбі мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрамы етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, марттың ескіше 9-ында, жаңаша 22-сінде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі.
Міржақып Дулатов

Қазақ Жаңа жылы жазғытұрғы күн мен түннің теңелген күні (22-март) болады. Жаңа жылдың ертеңіне жарық, жылы күн қараңғы суық түннен ұзара бастайды. Бұл реттен қазақ Жаңа жылы ғылым қойнына да басып кіріп қалады. Қазақ Жаңа жылын «Наурыз» дейді. Наурыз әулиенің, әнбиенің аты болмаса керек. Сондықтан қазақтың Наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға пайдалы игі іс жасайтын, ауыл, адамдармен… ұйымдастыратын мейрам ету керек.
Мағжан Жұмабаев

 

Жанат ИсаеваБетті дайындаған
Жанат Исаева,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты
тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты

http://anatili.kz/?p=12765