АЛТЫНОРДА
Новости

Мұнай бағасының құлауы Қазақстан экономикасына қаншалықты қауіпті?

Мұнай бағасының құлауы Қазақстан экономикасына қаншалықты қауіпті?Мұнай бағасы халықаралық нарықта үш ай қатарынан сүрініп, кеше ғана бой түзегендей болды. Бұл осы үш ай ішіндегі геосаяси текетірестің оңай болмағанын байқатады. Өйткені әлемдік саясат алыптарының бірі мұнай бағасын төменге сүйресе, бірі оны жоғарылатуға барынша тырысты. Қалай дегенмен де бұл құбылыс бүгіндері қатты шиеленісіп тұрған әлемде мұнай бағасының күрт құлдырауы әбден мүмкін екендігін аңғартты. «Алаш айнасы» жүгінген сарапшылар мұндай жайт экономикасы шикізат табысына байланған мемлекеттерге, соның ішінде Қазақстанға да қауіпті екенін айтады.

Жаз басталғалы бір емес үш ай қатарынан мұнай бағасының құлауы шикізат экспорттаушы мемлекеттерді, әсіресе санкциядан экономикасы әлсіреп тұрған Ресей Федерациясын шындап қатты алаңдатты. Бұл ретте Мәскеу АҚШ пен Ливия ауызжаласып, мұны қасақана ұйымдастырып отыр деген айыпты да алға тартты. Онысы негізсіз де емес. Аталған екі мемлекет соңғы кездері мұнай өндірісі көлемін ерекше арттырып, халықаралық нарықтағы ұсынысты көбейткен. Ал олар неге бұлай істеді?..

Мұнай бағасының құлауына геосаяси текетірес себеп…

Bank of America Merrill Lynch америкалық банкі мұнай бағасы құласа, онда бірінші боп оның құрбандығына Ресей мен ИМИЛ (Ирактағы Ислам мемлекеттері ұйымы) ілігеді деп санайды. Ал бүгіндері Ресей АҚШ-тың, ал ИМИЛ Ливияның көздеп отырған нысандары боп табылады. Осы жағынан алғанда, АҚШ пен Ливия дұшпанына атар тасты халықаралық мұнай нарығынан тапқан сыңайлы.

– Егер Сауд Арабиясы мұнай өндірісін арттыру арқылы оның бір баррель құнын 85 долларға түсіре алса, онда АҚШ «Ирак және Леванта Ислам мемлекеттері» радикалдық ұйымымен күресуі үшін толыққанды әскери қолдау білдірер еді. Ал радикалдық ұйым мұнай табысынан қаржыландырылып отырғандығын ескерсек, бағаның құлдырауы оларға қаржылай соққы болады. Ресей де қаржылық тапшылығына ұрынуда өз экономикасын қолдаудан ары аса алмас еді, – дейді BofA, Верледжер сарапшылары.

Негізінен, тарихта бұған ұқсас мысал бар. 1980 жылдардың ортасы мен 1990 жылдардың басына дейінгі аралықта Вашингтон мен Эр-Рияд бірлесе отырып, мұнай бағасын құлатқан. Бұл Кеңес одағының табысын күрт қысқартып, соңында КСРО ыдырап тынған.

Бірақ мұнай бағасын 85 долларға түсіру мүмкін емес болған секілді. Мұнайдың бір баррелінің ең төменгі шегі 96,5 долларға кеп тірелді. Бірақ бүгін баға ақырындап 1,17 долларға қайтадан көтерілді. Оған ОПЕК басшысының мәлімдемесі тікелей ықпал етіпті. «ОПЕК мемлекеттері 2015 жылы мұнай өндірісін күніне 500 мың баррелге қысқартуы мүмкін» деген өз мәлімдемесінде әл-Бадри. Сондай-ақ ол бағаның құлауына қатты алаңдайтынын айтып, жыл соңына дейін оның бұрынғы қалпына түсетіндігіне сенім білдірген. Осы жағынан алғанда, араб елдері АҚШ-пен әріптестікте қауқарсыз танытқан сыңайлы. Ал оған не себеп?..

Мұны Ресейдегі «RusЕnergy» ақпараттық-консалтингтік агенттіктің әріптесі Михаилом Крутихин былайша түсіндіреді: «Сауда Арабиясы әмірлігіндегілер «араб көктемі» сынды құбылыстан өлердей қорқады. Сондықтан олар баға түссе бастаса, бірден өндіріс көлемін, экспортты қысқартып, бағаның жоғарлауына жол ашады. Сондай-ақ бағаның өскені олардың өзіне де тиімді, өйткені араб елдерінде күрделі қымбат технологиямен кен алынатын орындар көп. Сол себепті олар бүгінгі таңда АҚШ-пен ымыраласуға қанша жерден мүдделі болса да мұны істей алмайды «.

Мұнай бағасының құлауы Қазақстан экономикасын қаншалықты әлсіретеді?

Қалай дегенмен де АҚШ пен Ресей текетіресі араб елдерінен мазаны қашырып тұр. «Екі түйе сүйкескенде шыбын өледінің» керін келтірмес үшін олар бүгінгі қырғи-қабақ соғыста біресе бір жаққа, біресе екінші жаққа шығып, уақытты ұтуға тырысып тұрған секілді. Осы жағынан алғанда, халықаралық нарықтағы бұл жайт бүгіндері қатты шиеленісіп тұрған әлемде мұнай бағасының күрт құлдырауы әбден мүмкін екендігін аңғартады. Сондықтан шикізат тасымалдаушы мемлекеттер төмен баға жағдайына дайын болуы керек.

Саясаттанушы Кеңес Сманов мұнай баррелінің бағасы 90 доллардан түссе жағдайымыз қиын болады дейді.

«Ел бюджеті мұнайдан түсетін табысқа қарай болжанып, құрылады. Үкімет көбіне ең төменгі көрсеткішке сүйенуге тырысады. Бізде бұл – 90 доллар. Сондықтан осы көлемнен халықаралық баға құламаса екен деп тілеуіміз керек. Құдай оның бетін ары қылсын, егер 80-60 доллар деген көрсеткішпен бетпе-бет келсек, онда мемлекеттік қызметтегілердің жалақысын беру жағы қиындауы мүмкін. Ондайда Ұлттық қордағы ақшамен қоштаса беруге болады», – дейді ол.

Ал экономика ғылымының докторы, профессор Олег Егоров, керісінше мұнай бағасы қымбаттамаса арзандамайды деген ойына бек сенімді.

– Меніңше, халықаралық нарықтағы мұнай бағасының құлауы қандай да бір саясатпен еш байланысы жоқ. Ол жаздық маусым кезінде жыл сайын орын алатын заңды құбылыс. Өйткені жазда мұнай тұтынысы күрт төмендейді. Ал күз бен қыс келген соң сұраныс қайтадан артады. Міне, күз келіп, баға қайтадан жоғарылай бастады. Ол 100 долларға дейін жалғасып өсе береді деп ойлаймын. Жалпы, қандай тұрғыда алсақ-тағы, қазір мұнай бағасының арзандауы мүмкін емес. Ол үшін ұсыныс көбеюі керек. Бұл ретте сарапшылар тақта тас мұнай мен газының өндірісіне арқа сүйейді. Бірақ технологиясы қымбат бұл өндіріс әлі өзін толықтай көрсете алған жоқ. Оған кем дегенде 20 жыл уақыт керек шығар. Сондықтан Қазақстанға бұл жағынан алаңдамай-ақ қойса да болады деп ойлаймын.

Еске сала кетелік, алдында Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов мырза Қазақстан бюджетін құруда мұнайдың бір баррелінің құны 90 доллармен есептелгенін мәлімдеген. Ол баға 80 долларға дейін төмендесе, онда біздің абыржуымызға негіз бар деген еді.

Автор: Кәмшат Сатиева

Толығырақ: http://alashainasy.kz/politic/munay-bagasyinyin-kulauyi-kazakstan-ekonomikasyina-kanshalyiktyi-kaupt-54324/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі