АЛТЫНОРДА
Новости

Мерекелер мерейімізді асырып жүр ме?

Қай бір ұлт болмасын, жеке өздеріне ғана тән ұлттық мерекелері мен атаулы күндері болады. Осы орайда біздің ұлтымызда да өзімізге ғана тән ұлттық, атаулы, тарихи мерекелеріміз бар.

 

Десек те, күн сайын әр бетін жыртып отыруға тиіс қабырғадағы күнтізбекке көрінер-көрінбес әріппен жазылғаны болмаса, қа­зақтың бірде-бір атаулы күні ха­лықтық мейрам ретінде мойын­далып, заң жүзінде аталып өт­кенін көрдіңіз бе?

Қазақ елінің болашағы – жастардың бойына ұлттық рух пен ұлттық намыс егу үшін бізге халықтың тарихына сай мереке күндері болғаны қажет. Мәселен, Жоңғар шапқыншылығынан қазақ даласы азат болған күн, Ке­не­сары ханның ақ туы көтерілген күн, 1916 жылғы ұлт-азаттық кө­те­ріліс, Алашорданың құрылған күні, Желтоқсан оқиғасы – қай­сысы болса да мемлекеттік мей­рам болуға, елімізде қастерленетін мерекелер арасынан ойып тұрып орын алуға әбден тұрады емес пе?!

Осы орайда Ресейді үлгі етіп сөйлеуге тура келіп тұр. Осы көрші ел жыл сайын 4 қарашада Халық бірлігі күнін тойлайды. Ресейде жалпыхалықтық, мем­лекеттік мереке ретінде тойла­натын бұл күн – 1612 жылы Ми­нин мен Пожарскийдің Мәскеуді поляктардан азат еткен күні. Осы күні жыл сайын орыс ұлтшылдары Орыс шеруін өткізеді. Сөйтіп, өз ұлтының рухын көтереді, пат­риот­тық сезімін қалыптастырып, мемлекетшілдігін оятады. Ал Ресей президентінің жарлығымен бекітілген мұндай мереке күндері аз емес. Саусағыңызды бүге бе­ріңіз. 18 сәуір – Ресейдің әскери даңқ күні – Мұз қырғыны күні (1242 ж.), 10 маусым – Полтава шайқасы (1709 ж.) күні, 9 тамыз – Ресейдің әскери даңқ күні – орыс флотының швед флотын тұңғыш жеңген күні (1714 ж.) 23 тамыз – Курск шайқасы күні, 8 қыркүйек – Бородино шайқасы күні, 11 қыркүйек – орыс эскадра­сының түріктерді жеңген күні, 21 қыркүйек – Күлік шайқасы күні, 24 желтоқсан – Измаил қамалын алған күн. Осылай кете береді. Күлік шайқасының 625 жыл­дығын 2005 жылы бүкіл Ресей болып тойлады. Біз үшін Аңы­рақай шайқасының 275 жыл­дығы дәл солай құрметтелуі тиіс емес пе еді? Мұндағы басты мақсат, әрине, ұлттық мүдде. Мем­лекет құраушы ұлттың мей­рамдары, атаулы, тарихи күндері сол мем­лекеттің ресми мейра­мына ай­налып отыр. Орыс мем­лекеті бұл атаулы күндерді заң жүзінде бекіткен. Орыстың ұлт­тық-та­рихи мейрамы. Оған сандаған ұлт пен ұлыс мекендейтін Ресейде бірде-бір адам қарсы келмейді.

Сол сияқты Францияда Бастилияны алған күн аптаның қай күні болсын, ұлттық мейрам ретінде кең көлемде тойланады.

Ал біз болсақ Конституция, Тәуелсіздік, Республика күнін қоспағанда, көбінесе Кеңес Ода­ғынан мұраға қалған «қызыл күндерді» малданып әлі отырмыз. Жаңа жыл, Халықаралық әйелдер күні және Жеңіс күні кеңестік заманнан бермен келе жатыр. Елбасымыз жаңа жылды нау­рыздан бастау керек деген пікірін әр жерде ашық айтып жүр. 8 наурыз – Ленин атамыз бекіте салған Клара Цеткиннің туған күні екенін білдік. 9 мамырды тойлаудан алыс-жақыны бар бірталай ел бас тартты. Ал татулық пен бірлік мерекесі күні – 1 мамырдың қазақтың ұлттық тарихына қатысы бар деп тағы айта алмаймыз. Бұл біртұтас кеңес халқын қолдан жасау үшін большевиктердің ойлап тапқан күні. Өзімізбен тілдес, діндес Әзір­байжан, Өзбекстан, Түрк­мен­станда бұл – жұмыс күні. 1 мамыр мерекесі бүгінде – Қа­зақстан халықтарының бірлігі күні деп аталып жүр. Кейбір сарапшылар бұл мерекенің атауының өзі дұрыс емес деген пікірде. Яғни Қазақстанда көп­теген ұлт пен этностар болғаны­мен, тек бір ғана халық бар, ол – қазақ халқы! Қазақстанда тілі мен дініне, ұлтына қарамай ха­лықтың басын біріктіретін ұлттық мереке ретінде, жылда Жаңа жылдың көлеңкесінде қалып қоятын Тәуелсіздік күнінен де бұрын әз-Наурызды ғана ауызға ала аламыз.

Мереке болған сол ол күн нақ­ты мазмұнға ие болып, қо­ғам­дық санада өзiнiң тиiстi орнын алуы тиіс. Қарапайым халық ме­рекелердi тек қосымша демалыс күнiмен ғана байланыстырады. Әйтеуір атүсті даңғазалықпен ұйымдастырылатын мерекеден гөрі, ешқандай саясат аралас­па­ған, бүкiл халық жаппай қаты­са­тын, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын тұрақты дәстүрі бар мерекелерге не жетсін, әрине. Қоғамды біріктіретін күшке ие болу үшін атаулы, тарихи күндер ақпараттық-идеологиялық жа­ғынан мықтап насихатталуы керек.

Елімізде кәсiби мерекелер мен атаулы күндерден тек Отан қорғаушылар күнi – 7 мамыр, Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi – 31 мамыр, Бас­па­сөз күнi – 28 маусым, Бiлiм күнi – 1 қыркүйек, Қазақстан Рес­публикасы халықтарының тiлдерi күнi – 22 қыркүйек, Ұлт­тық ва­люта – теңге күнi – 15 қа­раша ғана ресми түрде аталынып жүр.

Қазақстан Респуб­лика­сын­дағы Ұлттық мереке – 16-17 желтоқсанда атап өтiлетiн 16 желтоқсан – Тәуелсiздiк күнi. Ресми бекітілген жалғыз ұлттық мереке – осы.

Ал еліміздегі мемлекеттiк мерекелер – мына күндерi атап өтiлетiн мерекелер:

1-2 қаңтар – Жаңа жыл;

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнi;

21-23 наурыз – Наурыз мейрамы;

1 мамыр – Қазақстан хал­қының бiрлiгi мерекесi;

9 мамыр – Жеңiс күнi;

6 шiлде – Астана күнi;

30 тамыз – Қазақстан Рес­пуб­ликасының Конституциясы күнi;

1 желтоқсан – Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Пре­зи­дентi күнi.

Мемлекеттік мереке ретінде ресми түрде бекітілмесе де діни мейрамдар – Құрбан айт пен «Рождество» күндері демалыс күндері болып жарияланды.

Еліміздегі ұлттық және мем­лекеттiк мерекелер атап өтiлетiн күндер Қазақстан Республи­ка­сының еңбек заңдарына сәйкес мереке күндерi деп танылады. Соған сәйкес бұл мереке күндерi жұмыс iстемейтiн күндер болып есептеледі. Демалыс және мереке күндерi сәйкес келген жағдайда мерекеден кейiнгi жұмыс күнi демалыс күнi болатыны бәрімізге белгілі.

1 желтоқсан – Тұңғыш Прези­дент күні ретінде елімізде был­тырдан бастап тойлана бастады.

Тұңғыш Президент – мем­лекеттік қайраткерден ұлт Көш­басшысына айналған Нұрсұлтан Назарбаев. Сол себепті де Тұңғыш Президент күні – барша қазақ­стандықтар үшін аса қажетті ме­реке. Бұл мейрам біздің тәуел­сіз мемлекетіміздің алғашқы елең-алаң кездеріндегі қиындықтарына дұрыс баға беруге бағытталған патриоттық тәрбиеміздің маңыз­ды факторларының бірі.

Биыл «Валентин күні» елі­міз­де кейбір жастар арасында аталып өткенімен, бұрынғыдай қарқын алмағаны қуантады. Бұл күнді жастар санасынан мүлдем ұмыт­тыру үшін дәл осы күнді басқаша атаған дұрыс сияқты. Мәселен, Өзбекстан билiгi «Әулие Вален­тиннiң күнiн» («Ғашықтар кү­нiн») атап өтуге ресми түрде қатаң тыйым салды. Бұл күндi бұдан былай өзбектер «Бабырдың күнi» деп атайтын болды. Осы күнi өзбек жастары Бабырдың поэзиясына, әсiресе, Шығыс ақын­дарының ғашықтық жыр­ларына үңiлiп, өздерiнiң сүйiс­пеншiлiк туралы ой-пiкiрлерiн тереңдете түседі.

Бір қуанатын жай – Абайдың, Мұқағалидың туған күндерін жалпы халықтың қатысуымен жыл сайын тұрақты түрде атап өтудің дәстүрімізге енгені.

Халықаралық шаңғы спорты федерациясының бастамашы болуымен биыл Ресейде Қар күні деген жаңа мейрам енгізілді. Әлем­нің 37 елі бұл идеяны қол­дап-қуаттаған. Бұл жаңа ме­рекенің мақсаты – қысқы спорт түрлеріне қызықтыру арқылы жастарды белсенді өмір сүруге шақыру. Жақсы ма, жақсы!

Өзіміз айта беретін АҚШ-та 1910 жылдан бері тұрақты түрде тойланып келе жатқан отбасылық мереке – Әкелер күні бар. Бұл күні америкалықтар тірі әке­лерге қызыл раушан гүлін сый­ласа, өмірден өтіп кеткен әке­лердің басына ақ раушан гүл қояды. Мереке күні жалғызбасты әкелерге материалдық көмек көрсетіледі. Бұл тамаша мереке әкелердің жауапкершілігін арт­тырумен қатар, әке мен баланың қарым-қатынасын, ұрпақ сабақ­тастығын нығайта түсуімен де ерекшеленеді. Осы Әкелер күнін бүгінде қасымыздағы Қытайдан бастап бірқатар елдер тойлауға кіріскен. Соның бірі – Ресей құрамындағы Тыва елі. Жоғарғы Хурал депутаттары 15 қарашаны Тыва Республикасының арнайы мерекесі етіп белгіледі. Қазақ арасында айтылатын «Әкенің жақындығы жездедей-ақ» деген бір көргенсіз сөз бар. Баласы үшін әлемдегі ең күшті, ең жеңім­паз болып көрінетін Әкенің рөлін арттыру үшін Қазақстанға да Әкелер күнін тағайындау артық емес!

Мамандыққа байланысты, яғни кәсіби мерекелер бұрынғы Кеңес Одағынан қалған елдерден басқа елдерде жоққа тән екен. Ал бізде әртүрлі кәсіпорындарда, еңбек ұжымдарында тойланатын, азаматтардың жекелеген санат­тары атап өтетiн 40 кәсіби мереке бар екен. Аз ба, көп пе? Мәселе онда емес. Кәсіби мерекенің бол­ғаны, әрине, дұрыс шығар, бірақ бізге керегі кәсіби мерекеге қара­ғанда ұлттық сананы көтеретін мереке. Ондай мерекелер қанша көп болса да артықтық етпейді.

Қорыта айтқанда, ұлттық мемлекеттік идеяны ұлықтаудың орнына қайдағы бір жасанды интернационалдық, болмаса СПИД немесе жануарлар күні секілді кәсіби кәкір-шүкір мере­келерді, сырттан келген қасиетті Валентин, жын-перілер күнін тойлауда алдына жан салмайтын қазақстандықтардың басын біріктіретін, республика бойын­ша атап өтетін датаға айналған ұлттық-тарихи мерекені көбейт­кеннен ұтпасақ, ұтылмайты­ны­мыз анық. Қазақ халқының тәуел­сіз мемлекет ретіндегі басты белгілерінің бірі де сонда емес пе?!

 

 

 

Төреғали ТӘШЕНОВ

http://www.aikyn.kz