Телеиндустрия саласындағы қай­сыбір жанр,алдымен АҚШ-та пайда болады. АҚШ-тан Ресей үйренеді, біз Ресейге иек артамыз. Соңғы бірнеше жылда осы үрдіс жойылған жоқ. Фил Донахьюден кейін де ток-шоуды жан-жақты дамытып, жанрды әрі қарай өрбіткендер көп болды.

Әлемге әйгілі тележүргізуші Опра Уинфри де ток-шоу арқылы көпшілікке танылды. Бі­рақ қазір Ресей мен Қазақстан көрер­мендерінің көңілін баурап, талғамынан дәл шыққан тележүргізуші – Андрей Малахов. Күнделікті кешкі уақытта отандық телеэкраннан «Бірінші арна­ның» «Пусть говорят» ток-шоуы көр­се­тіледі. Ресейдің, Қазақстанның телерейтингісінде алдына жан салмай келе жатқан бағдарлама әп-сәтте өз көрерменін тауып, кеңінен танылды. Бағдарлама барысында әрқилы та­қырыптар талқыланып, студия ішінде қызу пікірталас орнайды. Ұзынқұлаққа сүйенсек, аталмыш бағдарламаның бір минуттық эфирі 90 мың АҚШ долла­рын құрайды екен.

Андрей Малаховтың «Пусть го­ворят» бағдарламасы бірнеше жыл­-дың ішінде теледидар көретін адам­дардың өмірінің бір бөлшегіне ай­­­налды. «Көгілдір экран арқылы өз дауысын өзгеге жеткізгісі келетіндер ең алдымен біздің бағдарламаға келеді. Адамдардың жеке өміріне араласып, жұртшылыққа жария етуді кәсіп қы­лып отырсыңдар деп бізді кінәлаудың қажеті жоқ! Біз ешкімді мәжбүр­ле­мейміз. Бұл сол кейіпкердің таңдауы!» деген сөзіне көрермен сенеді. Себебі халық сенімінің төрінен орын алған Малахов мырза «Пусть говорят» ток-шоуының түсірілім тобы тап-таза, ал мәселесін айтам деп келіп, алданып, түсірілімнен кейін амалсыз морт сы­натын пенделер пақыр деп сендіре біледі. Ток-шоуға сарапшылардың ке­ңесін тыңдап, қонақ ретінде қатыса­тын билік өкілдерінен көмек көреміз деп келіп, телешоудан кейін сағы сы­нып, салы суға кететіндер көп. Ресей­лік ин­тернет-басылымдар «Пусть го­ворят» бағдарламасынан кейін өзіне қол жұм­сап, араққа салынып, қаңғыбас болып кеткендер туралы бірнеше рет жазды. Жақында ток-шоудың даулы түсірі­лім­дерінің бір тақырыбы қазақ­стан­дық хоккейст Сергей Огурешни­ков пен оның терезеден құлап жазым болған әйелі Ольга Огурешниковаға арналды. Бағдарламаға қатысқан мар­құмның анасы мен әпкесі түсі­рілім­-нен кейін «Пусть говорятқа» барып әділдік іздеу біздің ең үлкен қателігі-міз болды» деп сұхбат берді. Светлана өз сұхбатында: «алдын ала Өскемен қала­сында болған түсірілім барысында бағдарлама тобы бізді жақсы тыңдады, қайғымызға үңілді, қолынан келгенше көмек береміз деп сендірді. «Пусть говорят» бағдарламасының студия­да­ғы түсірілімі басталғанға дейін барлы­ғы жақсы болды. Бірақ… Басталғаны сол еді, анамның айтқанына ешкім құ­­­лақ аспады. Студия у-шу, біздің және марқұм әпкемнің тарапынан айтыл­ған айыптаулар мен балағат сөздер. Түсі­рілім театрдағы қойылым іспеттес. Са­рапшылар екі жақтың мәселесіне бей­тарап қарайды делін­генімен, түсірілім тобының бір бүйірі бұрып тұратын сәттері аз болмайды. Ресейден көңі­лі­міз түсіп, қорланып қайттық» – деп өкініш білдіреді.

Көрермен көбіне бағдарламаға келген кейіпкерлердің рас екеніне күмәнмен қарап, «телешоу көп ретте қойылымға негізделеді» деп жатады. Бұл – бекер! Өмірдегі болған оқиғалар негізінде шоу жасаймыз» дейтін Д.На­гиевтің «Окна» телешоуымен салыс­тырғанда «Пусть говорят» бағ­дарлама­сында адамның көз жасы, қуа­нышы мен қайғысы шынайы көрініс табады.

Бірақ… Тағдырдың тәлкегіне түсіп, «бұлай тартсам өгіз өледі, былай жүр­сем арба сынадының» кебін киіп, өмірден безінсе де, өлімге тәуекел ете алмай жүрген жандарға Малахов шоуы «жанашыр» болып, жалған сөйлеп, барды жасырып, бағдарламаға алдап әкелетін жайы бар. Сондағы мақ­сат – бағдарламаның атағын ас­қақ­­татып, абыройын арттыру, тіпті адам өмірінен жоғары саналатын рей­тинг мәселесі.

Мәселен, бағдарламаға қатысатын кейіпкердің жан баласына қызық бо­лады-ау дейтін жеке басының проб­лемасы бар делік. Әлбетте, ол адам бү­кіл Ресейге танымал, оның үстіне «ша­тақ» бағдарламаға шығып, өз мә­селесін айтуға қорқады. Бұл жағдайда не істелінеді?! Бағдарлама ұйымдас­тырушылары кейіпкерді «Бірінші» арнаға сұхбат беруге шақырады. Ал сұхбат барысын шынында «Пусть говорят» бағдарламасында болатынын түсірілім сәті басталар кезде ғана ес­тіртеді. «Шешінген судан тайынбас» демекші, қанша жол жүріп, осы мәсе­ленің шешімін табармын деген үміт­пен келген адам амалсыз бағ­дарлама студиясына кіріп кетеді. Оның үстіне қайтар жол пұлы бағдарлама аяқталған соң ғана берілетіні тағы бар. Шоу барысында болатын жанжал, ұрыс-керістің себебі бағдарлама кейіпкері өзінің қарсыласын келеді-ау деп күтсе де, ұйымдастырушылар келмейтінін айтып сендіреді. Әңгімеге орай, «Пусть говорят» ток-шоуының Юля Кумар есімді бұрынғы корреспондентi өзінің vk.com әлеуметтік желідегі парақ­ша­сы­на «Пусть говорят» бағдарламасы туралы шындық» деген атпен бір­неше шынайы сюжеттерге құралған шағын жазбалар жариялаған. Мұнда кейіпкерді бағдарламаға қалай алдап шақыру керектігі жайында, тіпті кор­респондент жұмыстан шығып қал-мауы үшін бағдарлама кейіпкерін қа­лай алдағаны туралы жазады. Жазба­дан бір мысал… «Бірде бағдарлама бас­шылығы Ресейге белгілі дрессировщик Эдик Запашныйды бағдарламаға не­гізгі қонақ ретінде шақыр деп тап­сыр­ма берді. «Кейіпкермен өте сыпайы сөйлес, біраз қылмыңдап та ал. Әйтеуір шоуға келетін болсын. Оның туған ағасы екеуі арасындағы жанжалдың қазір қызып тұрған сәті. Екеуінің біздің ток-шоуда өз проблемаларын шешуі бізге жоғары рейтинг жинайды. Бірақ сен ол жағын айтпайсың. Бағ­дарлама тақырыбы жалпы цирк өнері туралы дейсің. Ол келмесе – түсірілім болмайды. Демек, сен жұмыссыз қа­ласың» деді. Әйтеуір бірнеше сағаттар сөйлесіп, алдаудың әртүрлі тәсілін пай­даланып, Запашныйды бағдарла­маға алдырдым. Бірақ сол шоудан кейін Эдиктің көңіліндегі мұңды көріп, қатты өкінгенім бар…» деп жазады журналист.

Бағдарлама ұйымдастырушылары кейіпкерлерге: «Еш нәрседен қысыл­маңыз. Жылау керек болса көз жасы­ңызды жасырып қалмаңыз. Ақырын айтқанды тыңдамаса, айқайлау керек. Сіздің проблемаңызды өзіңізден ар­тық ешкім айта алмайды. Сол себепті өзіңізді тыңдата біліңіз» деген кеңес­тер береді. Бастапқыда аса түсіне қой­майтын кейіпкер, түсірілім барысын­-да берілген кеңестерді қалай орын­дағанын білмей де қалады.

Аталған бағдарламаға сарапшы ре­тінде қатысып жүрген ресейлік жур­налист Ярослава Танькова «Пусть го­ворят» кейіпкерлерді қалай алдап, са­рапшыларды қандай соққыға жық­ты?!» атты мақаласында: «Пусть го­ворят» бағдарламасы ток-шоу емес, тың­шылық трейлердің түсіріліміне көбірек ұқсайды. Дәлізде қолдарына рация ұстаған ұйымдастырушылар екі қарама-қарсы жақ бір-бірімен беттесіп қалмаудың қамын жасап жүгіріп жү­реді. Бағдарламаға әр кейіпкерді әр- түрлі есіктен кіргізеді. Түсірілім бас­тал­ғанға дейін ұйымдастырушыларға қонақтарды арнайы бөлмеге үркітіп, шошытып алмай жеткізіп, көңіл күйін бақылап отыру тапсырылады. Залда әртүрлі былапыт сөз айтып отыратын қонақтар да арнайы дайындықтан өте­ді. Жалпы, бағдарлама рейтингтің құлы деуге болады. Сол мақсатқа жету үшін адами қасиеттерден аттап, әр­түр­лі амал-тәсілдер жасайды» деп жазады.

Белгілі журналист Тыныс Өтебаев: «Ток-шоу» – қораздар төбелесі деген­ді білдіретін сөз» деген анықтама бе­реді. Рас, аталған жанрдағы бағдарла­ма­ларда тікелей мағынасында студияда қораз төбелестірмесе де, біраз текеті­рестің куәгері боласың. Адамдардың қайғысы мен қазасынан шоу жасап отырған ток-шоудың рейтингі өте жоғары. Бүгінгі тақырыптың негізі болған Малахов шоуы мұның айқын дәлелі. Рейтинг қажет деңгейде. Жо­ғарыда келтірілген кейіпкер, журна­лист және сарапшының «Пусть го­ворят» ток-шоуы хақында пікірлері бірдей. Демек, түсірілім шынайы оқиға мен кейіпкерден жасалғанмен, бәрібір бағдарлама барысында «жалғандық» көрініс тапты.

«Пусть говорят» дегенде Андрей Малаховтың бейнесі бірден еске алы­натыны сөзсіз. Бірақ бұл Малаховтың адамдарды алдап, өз атағын арттырып отыр деген сөз емес. Әр ток-шоудың сыртында үлкен команда және әр қыз­меткердің өз тапсырмасы бар. Алдау-арбау үдерісін ұйымдастыру­шылар жасайтын болса, Малахов мыр­заға берілген тапсырма құлағына айтыла­тын ақпаратты мұқият тыңдап, сту­дия­да өзін шын жанашыр адам ретінде көрсету ме?!.

Айдана НҰРМҰХАН

http://www.aikyn.kz/articles/view/48341

Рубрика: