Астана. 4 ақпан. Baq.kz «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген еңбектер кітапханаларда музейдегі экспонат секілді тұр. Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев осылай деді

«Ауылдық жердегі кітапханаларда «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген кітаптар музейдегі экспонат секілді тұр. Ешкім алып оқымайды. Оны кітапхана меңгерушісі бермеуі де мүмкін.Өйткені, сапалы қағазға басылған, мұқабасы өте қымбат. Бүлініп қалады деп көздің қарашығындай сақтайды. Әрине, ондай экземплярлар да керек шығар. Бірақ халыққа қолжетімді ету үшін қарапайым қағазбен жұқа мұқабада болса игі. Сонда халық кітаптарды оқып, пайдаланар еді деп ойлаймын», – деді Б. Сағынтаев.
Сондай-ақ ол қазақ тілді интернет-ресустарға мемлекеттік қолдау көрсету мәселесіне де тоқталды.
«Интернетке үлкен назар аударуымыз керек. Әрбір екінші жас жаңалықтарды интернеттен қарайды. Екі жыл бұрынғы әлеуметтік мәліметтерді қарайтын болсақ, онда отыз пайыз ғана болған екен. Қазір екі жылдың ішінде бұл көрсеткіш өсті. Біз газеттердің сайттарына көңіл бөлу керек дейміз, бірақ мемлекеттік тапсырыстарды интернет ресурастарға жұмсасақ игі болар еді. Соның ішінде қазақтілді сайттарға қолдау көрсету керек», – деді Сағынтаев.
Айымгүл Әбілева

Bnews.kz

Рубрика: