АЛТЫНОРДА
Новости

ҚЫМЫЗДЫ ҮЙ — НАЗАР

305554aa2f99540d7d405e2e5bc57f84Жиырма жылдай уақыт қымыз сауу, оны саудаға шығару  Қырғызстанда, негізінен, қолында биесі бар адамдардың  күн көру құралы болып келсе, соңғы жылдары «Шора» сияқты компаниялар қымыз өндіруді өндірістік жолға қоя бастады. Бір-екі жылдан бері өлкеде «Қымыз сүтімен емдеу» науқаны жаз басталысымен кең қанат жайды. Әсіресе, биыл бұл үрдіс күшейді. Көшеде ілінген, газет-журналдарда, интернетте жарияланған, радио-теледидардан «қымыз ішуге» шақырған жарнамалар кімді болса да «Еһ, шіркін, жайлауға барып, таза ауа жұтып, қымыз сіміргенге не жетсін!» деген тәтті қиялға бөлемей қоймайды.

 

Қырғыз халқының ата-бабадан келе жатқан дәстүрлі салты бойынша, қымызды ем үшін көктемнің толысқан айларында ішеді. Бұл туралы кезінде КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі болған дәрігер-сарапшы Артығалы Мұраталиев былай дейді: «Аспанда үркер шоғыр жұлдыздары батқан уақыттан бастап, 25 сәуірден 3 маусымға дейінгі қырық күннің ішіндегі қымыз «уыз қымыз» деп аталады. Өткен замандарда елдік емші, тамыршы, тәуіптер денсаулығы нашар адамдарды осы мезгілде қымыз сүтімен емдейтін болған».

 

Жыл мезгіліне және жасалуына сәйкес қырғыздар  қымызды әу бастан бірнеше түрге бөлген. Уыз қымыз – көктемгі қымыз, әртүрлі ауруға шипа, әсіресе әлсіз адамдарға жағымды, бұл кезде жайлаудағы шөптер әлі пісе қоймаған, жұмсақ, сондықтан оны жеген малдың сүті де жеңіл, жұғымды. Сөөк (сүйек) қымыз, екінші атауы: шырылдаң – кеш күздегі, яғни қысқы қымыз, бұл өте күшті қымыз. Бал қымыз – жас байталдың қымызы. Саамал (саумал) қымыз – аши қоймаған қымыз. Тунма (тұнба) қымыз – бұл да күшті қымыз. Бал не мейіз қосып үш-төрт күн бойы шайқап ашытады. Уытты, алкогольден кем емес. Чайкаган (шайқатылған) қымыз. Жақсы ашыған қымызға бал қосып шайқап, үстін-үстін саумал қосып, әбден бабына жеткенше піскілеп отырады. Ашыған қымыз – шанаштағы жақсы пісілген жас қымызға жаншылған мейіз бен науатты дәкеге түйіп салып, оқтын-оқтын үстіне саумал құйып бірнеше күн ашытады. Әдетте мұндай қымызды қырғыздар қадірлі қонақтарына на тойға арнайы алдын ала әзірлейтін болған. Гүл қымыз –  шөп пісіп, кемеліне келгеннен бастап күзге дейінгі қымыз.

 

Жеріне қарай қымыздың дәмі де әр түрлі болады. Бішкекте қымызды әрдайым ішіп жүрген адамдардың «Бұл – Нарынның (облысының), бұл – Ыстықкөлдің, бұл – Таластың қымызы» деп ажырата аларын байқап жүреміз.

 

Қырғызстанда «қымызбен емдеуді» кәсіптік жолға қойған іскерлер де шығаруда. Осыдан екі жыл бұрын Бішкектегі «Байтур» деген белгілі көп салалы жекеменшік компания Бішкектің солтүстік – шығысынан 120 шақырым қашықтықта, Шу облысының Суусамыр (Сусамыр) деген жайлауынан  арнайы заманауи профилакторий ашқан. Екі жылда оның қанаты кеңейіп, бішкектіктер ол жерді жақсы біліп қалды.

 

Біз шағын мақаламызда қымыздың қандай ауруларға ем екендігіне тоқталған жоқпыз. Оны мамандар айта жатар. Дегенмен, «қымыз маған жақпайды» деген адамдарды көптеп ұшыратамыз. Егер әркім денсаулығына жараса, мұқият мәміле жасап, дәрігерлермен, ел арасындағы қымыздың білгірлерімен кеңесіп, оның түрін талғап ішсе, қымыз жақпайтын адам болмайды деген ойдамыз.

 

Бүгінгі күнде қырғыздар «қымыз – біздің қанымыз» деп жиі айтып, ұран тас­тап жатқан шағы. Тіпті, «қымыз науқаны» қырғыз туризмінің бір бағыты ретінде даму жолына түсу алдында тұр. Қымыз туралы қырғызда  мақал-мәтелдер көп. Мысалы: «Қымызды ішкенге, қызды сұрағанға бер», «Қымызды үй – назар, қызды үй – базар», «Қымыз кісінің қаны, ет кісінің жаны, тоқаш – тоят (қырғызшасы тоют), жарма – ауқат.

 

Қымыз ішуді салтқа айналдыру мақ­сатында маусым айының ортасында Қырғыз Үкіметінің Жалалабад облысы бойынша құзыретті өкілі (облыс әкімі) Жүсібалы Төремаматовтың бастамасымен Жалалабад қаласында «Қымыз мерекесі» өткізілді. Оған облыстың барлық аудандарынан, қалаларынан өкілдер қатысып, әрқайсысы бір-бірден киіз үйлерін тігіп, өздерінің қымыздарын сынатты. Қымыздың пайдалылығы, қасиеті туралы көптеген насихат сөздер айтылды. Сынақта Шатқал және Тоғыз Торо ауданының қымызы күшті екендігі белгіленді. «Немістер Германияда және сырасын сатқан өлкелерде сыра мерекесін өткеріп жүр, біз қымыз мерекесін бастадық, мұны енді республикалық деңгейге алып шығамыз», – деді іс-шараны қорытындылаған облыс басшысы. Мерекеде қымыз әзірлеумен қатар, бата беру сынағы да ұйымдастырылды.

 

Германия демекші, сол Германияның Баден-Вюртемберг жерінің Валдбрун ауданының Мулбен қалашығында 2011 жылдын 15-22-мамырында Ганс Цоллман деген бие баққан кәсіпкер қымыз фестивалін өткеріп, жерлестерін қымызбен сыйлаған. Оған қырғыздың белгілі тарихшысы әрі журналисі Тыныштықбек Шоратегін куә болыпты. Мерекеге этникалық қазақтар да келген көрінеді.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

 

«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі

 

 

http://www.turkystan.kz