оШымкент қаласында  Оңтүстік Қазақстан облысының жаңа әкімшілік орталығы салынып жатыр. Оның жобасын облысқа іссапармен келген соңғы сапарында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының өзі  мақұлдаған болатын.

Құрылыс жұмыстары  қазір қарқынды жүргізілуде. Биылғы жылдың 1 қыркүйегінде осында Назарбаев зияткерлік мектебі  салынып, пайдалануға берілген еді. Енді міне, тағы да жаңалық. Облыстың жаңа алаңында тағы да  маңызды 3  нысанның құрылысы есігін айқара ашты.

Жаңа орталықта 500 адамды қабылдауға мүмкіндігі жететін қалалық емхана пайдалануға берілді. Емхана жаңа диагностикалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ол маммографияны қосқанда, сәулелік, функционалдық, эндоскопиялық, биохимиялық, иммунологиялық диагностикамен қамтылған. Жаңа емхана 226 медицина қызметкерлері мен қызмет көрсетуші мамандарды жаңа жұмыс орнымен қамтып отыр.

Облыс халқының кітапханаға деген сұранысы өте жоғары. Осы жағдай ескерілді. Жаңа алаңда облыстық кітапхана ашылды. Оған кезінде аңызға айналған, біздің жыл санауымыздың алғашқы жүзжылдықтарында өмір сүрген және әлемдегі екінші кітапхана деп танылған «Отырар» кітапханасының аты берілді.

«Отырар» облыстық кітапханасы  сәулет өнерінің озық үлгісімен салынған. Ол шын мәнінде Шымқаланың ажарын ашып, өзіндік келбетін қалыптастырады, деген де пікір бар. Кітапханаға «Отырар» атауының берілуі – ел тарихын халық санасында жаңғырту деп бағалануда.

Кітапхананың құрылысы 2012 жылдың шілдесінде басталған еді. Бір жылдан сәл ғана астам уақыт ішінде құрылысы толық аяқталды. Бұл ғимарат облыс қазынасынан қаржыландырылды. Құрылысқа 700 млн. теңге жұмсалды.

«Отырар» оқырманның талғамына сай жасақталған. Ғимаратта қазір 550 мыңнан астам кітап бар.

Жаңадан салынған мәдени кешеннің ерекшелігі – мұндағы залдар техниканың соңғы үлгісімен жабдықталған. Дербес электронды ресурстар мен интернет залдары  жұмыс істеп тұр.

о.jpgр

            Шаһардың жаңа келбетін айшықтайтын, әрі облыстың бүгінгі даму деңгейіне сәйкес келетін тағы да бір жаңа  құрылыс пайдалануға берілді. Ол- заманауи көрме орталығы.

Бұл кешеннің құрылысына облыстық бюджеттен 614 млн теңге жұмсалды. Келешекте мұнда оңтүстікте өндірілетін тауарлар көрмесі, түрлі деңгейдегі бизнес форумдар мен өзге де басқосулар, мәдени-көркемөнер шаралары ұйымдастырылмақшы.

Көрменің ашылуына орай осы күндері жаңа алаңдағы су жаңа нысанда «Shymkent AGRO-2013» халықаралық ауылшаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтарының көрмесі өтуде. Өңірдегі аграрлық кешеннің технологиялық даму деңгейін көтеру, кәсіпорындар мен шаруалар, тауар өндірушілері арасында өзара тығыз байланыс орнату алаңын ашу мақсатында өтіп жатқан  шараның ауылшаруашылық туарларын өндірушілер үшін маңызы зор.

Ашылған бұл жаңа нысандардың көп айтыла бермейтін тағы да бір маңызы бар. Ол-Шымкенттің мемлекетіміздегі ірі мегаполистер қатарына қосылуы  концепциясы аясында іске асып отырғандығы.

 

 

Оңтүстік Қазақстан облысы

Рубрика: