АЛТЫНОРДА
Новости Шымкента

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ.Шардара балығына шет елдіктер құмар

58486Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданында қазір балық шаруашылығымен айналысатын екi зауыт жұмыс iстеп тұр. Биыл олардың қатары тағы да 2 балық өңдейтiн кәсiпорынмен толықпақшы. Зауыт басшылығы өнiмдерiн елiмiзде сатады. Сондай-ақ  Германия, Австрия, Венгрия елдерiне экспорттап жатыр. Шардара балығына шет елдіктердің өзі үлкен қызығушылық білдіруде.

    -Балық етiн тұтыну  кез-келгеннiң қалтасы көтере бермейтiн шаруа. Себебi, қымбат. Дүкен сөрелерiнде ысталғаны, кептiрiлгенi, тұздалғаны, қызылы, ағы , не керек балық өнімдерінің бәрi бар. Бiрақ оның басым бөлiгi отандық өнiм емес, шет елдерден жеткізілген. Шардара ауданы осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында балық шаруашылығын дамытуды көздеп отыр. Арнайы тәлiмбақта өсiрiлiп жатқан шабақтар кезең-кезеңiмен айдынға жiберiлiп жатыр. Олардың өсiп-жетiлуiне айрықша назар аударылуда,-деді  «Оңтүстiк» ақпарат орталығында өткен брифингте аудан әкiмi Қамытбек Айтөреев мырза.

18894     Шардараның әлеуметтiк-экономикалық дамуында айтарлықтай ілгерілеу бар.  Жергiлiктi қазынаның кiрiс бөлiгiне  биылғы  жылдың  алты айында 785,7 миллион теңге түсiпті. Бұл былтырғы жылдың  осы кезеңіндегі  көрсеткішпен   салыстырғанда 27,6 миллион теңге артық.  Өндiрiсте 2925,7 миллион теңгенiң өнiмi өндiрiлiпті. Бұл жоспарланған деңгейдің  102,6 пайызын құрайды. Облыс әкiмiнiң индустриялық аймақ құру туралы тапсырмасына орай 35 гектар жер бөлініпті. Индустриалды  аймақты инфрақұрылымдау жұмыстары аяқталуға жақын. Аймақ iске қосылса, бағдарлама аясында құны 525,0 миллион теңгенi құрайтын 4 жоба жүзеге аспақшы.

      Шардарада балық қана емес,  мал өсіріледі.  Егiн шаруашылығы  дамыған. Жыл сайын төрт түлiктiң саны артып келеді.  Асыл тұқымды мал басын арттыруға ерекше назар аударылып жатыр. Бұл бағытта 2 асыл тұқымды қой шаруашылығы жұмыс  істеп тұр.

      Ауданда  биылғы жылдың алты айында  жұмыс іздеп орталықтарға  726 адам келген екен. Олардың  барлығына  дерлiк жұмыс орны ұсынылыпты.

     Құрылыс та қарқынды. Ауданда жалпы құны 810 миллион 311 мың теңге тұратын  7 нысанның құрылысы аяқталуға жақын.

     Ауданды газдандыру бағытында облыстық бюджеттен қаралған 717,145 миллион теңгеге Қызылқұм, Сүткент, Ақ алтын, Егiзқұм, Достық және Көксу ауылдары «көгiлдiр отынмен» қамтылмақшы.

     Ең басты жаңалық. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан Шардара ауданында әуежай салынып жатыр.Әуежай құрылысы үшiн 118 гектар жер бөлініпті.  Шардара аспанында  әуе көлiктерi  қалықтайтын күн де қашық емес. ҚР Көлiк және коммуникациялар министрлiгiне қарасты Азаматтық авиация комитетiмен  аудан әкімдігі келiссөз жүргiзiп жатыр деген әңгіме бар.

 Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері.