1386759934_0231.1000x800Жақында ғана Қостанай­дағы сүт фермасы сүт зауыттары өнімін алудан бас тартқандықтан, 30 тоннаға жуық табиғи сүтті төгуге мәжбүр болған.
Астанада өткен азық-түлік қауіпсіз­дігіне арналған конференцияда Ауыл шаруашы­лығы министрі Асылжан Мамытбеков кептірілген сүт ұнтақтарын «табиғи сүт» ретінде сататындарды сынға алып, дүкендердегі сүттердің тең жартысы Ресейден әкелінетін арзан ұнтақтардан жасалатынын, оны өндірушілер сүт қорабының сыртына «табиғи сүт» деп жазып, тұтынушыларды алдап келгенін айтты. Жақында ғана Қостанай­дағы сүт фермасы сүт зауыттары өнімін алудан бас тартқандықтан, 30 тоннаға жуық табиғи сүтті төгуге мәжбүр болған. Өйткені зауыттарға табиғи сүтті сатып алғаннан гөрі, Ресейден әкеліне­тін арзан ұнтақты пайдаланып, соны табиғи сүт ретінде саудаға шығару тиімді болып отыр.

Өткен жылы Кеден одағының бізден өзге екі мүше елдері Ресей мен Белоруссия техникалық регламент жасау үшін сүт пен сүт сусындарының ара-жігін ажырату керек екендігі туралы мәселе де болған. Беларусь билігі бұл ретте «Ресейдің салық саясаты салдарынан бюджетіміз 1 млрд доллардай шығын көреді. Сондықтан Одақ аясында бізге отандық өндірісті қорғау үшін са­лық­тық, тарифтік жеңілдіктер керек» дегенді өткен жылдың күзінде-ақ мәселе етіп кө­теріп, Ресейден тауар тасуына қатысты тосқауыл қоятын заңды да қабылдауда шапшаңдық танытты. Ал біз мұндай әре­кеттер жасауға әлі де асықпай отырмыз. Ет-сүт одағының төрағасы Иван Сауэр жыл сайын 5,5 млн тонна сүтті өзімізде өндіру­-дің мүмкіндігі бар екенін айтады. Себебі бізде табиғи өнім жеткілікті. Бірақ сүт өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын ша­ғын және орта деңгейдегі шаруашы­лықтары қайта өңдеу технологиясымен қам­тамасыз етілмеген.

– Біздің зауыт салынған кезде күніне

50 тонна сүт өндіруге арналған болатын. Алайда қазір тек 38 тонна өндіріп отырмыз. Сол үшін Үкіметтен де ескерту алдық. Жо­ба­лық қуаттылықты орындай алмай отыр­ғандығымыздың себебі, жоспар бойынша зауытқа Еуропадан асылтұқымды ірі қара мал әкелінуі керек еді. Алайда Еуропадан мал алуға тыйым салынып, ол сиырлар алын­бай қалды. Соның салдарынан толық қуатпен жұмыс істей алмай отырмыз. Ал енді жобалық қуатымызды ұнтақпен то­лықтыруға болар еді. Бірақ біз ондай қа­дамға бармадық. Біздің ұстаным, өніміміз

аз болса да, сапалы болсын, – дейді Иван Сауэр.

Қазақстан Сүт одағының мәліметтері бойынша, қазіргі таңда отандық сүт және сүт өнімдері халықты сапалы өнімдермен толық қамтамасыз ете алмайды. Өндірілген шикізаттың тек 13 бөлігі өнеркәсіптік қай­та өңдеуден өткізіледі екен. Отандық кә­сіпорындар оралған сүт өнімдерімен тұты­нушылардың қажеттіліктерінің тек 27 па­йызын ғана қамтамасыз етеді. Оның ішінде экспорт көлемі 22 мың тонна болса, импорт 903 мың тоннаны құрайды. Осы сауылатын сүт көлемінен барлық қазақ­стандықтарды сүт және сүт өнімдерімен қам­тамасыз ету көзделген. Өнеркәсіптік өңдеуге сүттің 30 пайызы ғана жетеді. Бұл сауда жүйелері арқылы халыққа жететін түрлі сүт өнімдерін өндіру үшін жеткіліксіз екен. Бізде табиғи сүт жетеді. Бірақ оны дер кезінде жинап алу қиын. Себебі ірі қара­лардың басым бөлігі жекенің қолында. Әзір­ге іріленген шаруашылықтар, сүт қа­былдайтын орындар аз әрі олар бір-бірінен алыс орналасқан. Ал оны бір жерден екінші жерге жеткізу үшін, біріншіден, жол шы­ғыны кедергі болса, екіншіден, жаңа са­уыл­ған сүтті бұзылмаған күйде дер кезінде жеткізу тағы бар. Сондықтан кейде шал­ғайдағы шаруашылықтарға сүт өндіру тиім­сіз болып қала беруде» дейді Қазақстан­-дағы Сүт одағының сарапшысы Лидия Ми­хеева.

Академик, ауыл шаруашылығы ғылым­дарының докторы Көпмағамбет Елемесов бізде шикізат өнімдері жоқ дегенге сен­бей­тінін, мәселе бағада екенін айтады. 1 литр таза сүттің бағасы 60-70 теңге болса, 1 келі сүт ұнтағы 20-30 теңге. Жоғары жақтан қа­дағалау болмаған соң, сүт өндірушілерге дайын ұнтақты көсіп алып, судан сүт дай­ын­дай беру әлдеқайда тиімді. Ал қазіргі пайдаланып жүрген сүтіміздің басым бөлігі құрғақ сүт қана емес, оған қосылатын сүт майының орнына өсімдік майлары қосы­лады екен. Себебі өсімдік майлары сүт майы­на қарағанда 5-8 есе арзан. Сыртында «Қаймақ», «Сүзбе», «Ірімшік» деген атауы бар 19 сүт өнімінің құрамына тексеру жүр­гізілгенде, оның жетеуінің құрамы сыр­тын­да жазылған атауға сай болмай шыққан. Осыдан-ақ тұрғындардың қаймақ деп жүр­гені құрғақ ұнтаққа қосылған пальма майы мен сүттің дәмін келтіретін хош иіс қосыл­ған ақ қоймалжың екенін байқау қиын емес.

– Қазақстан жағы өз мүддесін қорға­-маса, елдегі сүт өнімін өндірушілер де, оны тұтынушылар да, тіпті сүтті қайта өңдеумен айналысатын шағын және орта бизнес те зардап шегуі әбден мүмкін. Себебі қазір шаруа қожалықтары өз алдына, жекелеген қолдағы үй шаруашылықтарындағы мал азығын реттеу, мал басын сақтау жайы – ауылдың басты проблемаларының бірі. Егер біз елде сүт өндірісін дамытқымыз келсе, осы мәселені ойластырғанымыз жөн. Асылтұқымды мал өсіріп отырған шаруа­шы­лықтарға ғана көңіл бөле бермей, шал­ғай ауылда жатқан үй-жайында мал өсіріп отырған, не жайылымдық жері жоқ, не мемлекеттік көмек ала алмайтын ағайынға септік тигізу қажет. Қазір үй-жайдағы мал өсіретін шаруаларға мемлекет дем беріп жіберсе, кейін мал басы қыстан аман шық­қанда, шаруаларға өнім өндіруге мемле­кет­тік тапсырыс беру керек. Әрине, мемлекетке өткізілетін өнім бағамына қатысты та­ға­й­ын­дау екі жаққа да тиімді болғаны жөн. Осылайша, ауылдағы ағайынды шағын клас­терлік жүйеге бейімдемесек, біз бір­жола Ресейдің, Беларусьтың өніміне тә­уел­ді болып, үнемі көршіден сүт сұрауға тура ке­леді, – дейді академик Көпмағамбет Еле­месов

. Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ

http://www.aikyn.kz/

Рубрика: