АЛТЫНОРДА
Криминальные новости

«Қорғас ісінің» үкімі шықты

хоргосСәуірдің 12-сі, сенбі күні атышулы «Қорғас ісі» бойынша Алматыда сот үкімі оқылды. Сот үкімі оқылатын ғимараттың айналасында құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы қызметтердің көмегімен еліміздің сот жүйесінің тарихында бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілгенін айту керек. Сотқа төрағалық ететін судья Советхан Сәкенов атышулы іс бойынша басты айыпталушылар деп саналатын тұлғаларға ең кемінде 13, ең көбі 17 жылдық мерзім кесіп берді.

Айыпталушылардың басым көпшілігі бас бостандығынан айырылып қана қоймай (көпшілігі қатаң тәртіптегі колонияда жаза өтейтін болады), олардың жылжитын һәм жылжымайтын, өзге де құнды мүліктері мемлекет меншігіне тәркілеленетін болды. Барлығына дерлік кәсіпкерлік қызметпен, мемлекеттік қызметпен айналысуға түрлі мерзімге шектеу берілді. Ол аз десеңіз, айыпталушылардың бірқатары атақ-даңқтары, медальдары мен марапаттарынан, әскери және арнайы шендерінен де айырылады.

«Қорғас ісі» бойынша басты фигуранттар Т.Қайырбаев, Б.Отарбаев, Т.Жақаев, И.Әбдірахманов, Б.Құрманәлиев және Қ.Артықбаев ҚР қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айыпты деп танылып, түрмеге сотталды. Қалған айыпталушылар бес жыл мен 10 жыл аралығындағы түрлі мерзімге сотталды.

Атап айтқанда, Т.Қайырбаев өзіне қарсы тағылған барлық қылмыстық баптар бойынша айыпты деп танылып, жалпылай алғанда 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге дүние-мүлкі тәркіленіп, үш жылдық мерзімге дейін кәсіпкерлікпен айналысуына тиым салынды.

Б.Отарбаев 13 жылдық мерзім алды, оның да дүние-мүлкі тәркіленіп, үш жылдық мерзімге дейін кәсіпкерлікпен айналысуына тиым салынды.

Басты айыпталушылар қатарындағы Т.Жақаев та өзіне қарсы тағылған барлық қылмыстық баптар бойынша айыпты деп танылып, ұзын-саны 17 жылға кесілді. Оның да дүние-мүлкі тәркіленіп, өзіне бес жылдық мерзімге дейін кәсіпкерлікпен айналысуына тиым салынды.

Тағы бір айыпталушы И.Әбдірахманов 17 жылдық жазаға кесілді. Оның да дүние-мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленеді. Бес жылдық мерзімге дейін кәсіпкерлікпен айналысуына тиым салынғанына қоса, подполковник атағы мен алған медальдарынан айырылды.

Б.Құрманәлиев 16 жылға сотталды. Ол да «мүлкі тәркіленсін, бес жылға дейін мемлекеттік органдарда жұмыс істеуіне тиым салынсын, полковник атағынан айырылып, алған наградалары мен медальдары қайтарылсын» деген қатаң үкім естіді.

Қ.Артықбаев ҚР Қылмыстық кодексінің төрт бабы бойынша айыпталып, 14 жылға кеті. Дүние-мүлкі тәркіленіп, бес жылдық мерзім бойы мемлекеттік органдарда қызмет ету құқығын айырылды. Оны да кедендік қызметтің подполковнигі деген арнайы шенінен айырды.

Өзге де айыпталушыларға келсек, Бақытжан Айдаров 6 жылға, Михаил Войтович 8 жылға, Азамат Аппаров 6 жылға сотталды.

Еске сала кетсек, «Қорғас», «Қалжат» және «Достық» кеден бекеттеріндегі экономикалық контрабанда фактілеріне қатысты қылмыстық іс сот қарауына 2013 жылдың 12 сәуірінде келіп түскен болатын. Осылайша сот атышулы іске тура бір жылдан кейін нүкте қойып отыр.

Ел тарихына ең ірі сот қарауы ретінде енген «Қорғас ісі» бойынша 45 адам айыпталған, олардың 42-сі қамауда болып, сот үкімімен түрлі мерзімге бостандығын шектейтін жазаларын алды. Б.К.Айдаров, Д.А.Садыбеков және Т.А.Садыбеков деген үш айыпталушы ғана «ешқайда кетпеу туралы қолхат» беріп, тиісті тәртіпке міндеттелді.

Іс материалдары бойынша, басты айыпталушылар – Т.Қайырбаев, Б.Отарбаев, Т.Жақаев, И.Әбдірахманов, Б.Құрманәлиев, Қ.Артықбаев жасаған 7 қылмыстық эпизод ашылды. Оның ішінде «Ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында Кедендік одақтың шекарасы арқылы аса ірі көлемде экономикалық контрабандамен айналысу», «ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің билік пен қызметтік жағдайын асыра пайдалануы», «қаржы полициясы, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне аса ірі көлемде пара дайындау мен беру», «қызметтік лауазымды асыра пайдалану», «заңсыз жолмен келген ақша мен мүлікпен қаржылық операциялар, өзге де әрекетттер жасау», «алдын-ала жасалған ымырамен қылмыстық топ құрамында, заңсыз жолмен келген ірі көлемдегі ақша мен өзге де мүлікті кәсіпкерлікпен, өзге де экономикалық қызметпен айналысу мақсатында бірнеше рет пайдалану» деген эпизодтар болды.

Қылмыстық іс 1576 томды құрады, әрі аса көп мөлшердегі заттай айғақтардан тұрды. Оның ішінде соттың айыптау шешімінің өзі аудармасымен бірге 70 томға арқау болды. Қылмыстық іс бойынша алдын-ала тергеулер кезінде 500-ден астам түрлі сараптама жүргізілді, кеден қызметінің мамандары ұсталған тауарлардың кедендік құны бойынша 400-ге жуық анықтама берді. Іс материалдарына арнайы жедел тергеу-іздестіру шаралары мен жекелеген тергеу амалдары кезінде алынған 748 аудио және бейнежазба жазылған 398 компакт диск қосылды.

Іске төрт мемлекеттік айыптаушы, 35 адвокат қатысты. Сот қаулысымен айыпталушылардың жақын туыстары арасынан 45 адам айыпталушылардың қорғаушылары деп танылды.

Сот үкімі оқылғаннан кейін айыпталушы Ирлан Әдбірахмановтың адвокаты Елена Ребенчук сот үкіміне көңілі толмайтынын айтып, үкімге қарсы арыз түсіретінін мәлімдеді. Оның айтуынша, қорғаушылар прокуратура тарапынан тағылған айыптауларды толығымен жоққа шығарып, қорғауындағы И.Әбдірахмановтың кінәсіз екенін толық дәлелдеген. Сонымен қатар, адвокат соттың асыра сілтеп, мемлекеттік айыптаушылар сұраған мерзімдерден де көп мерзім бергеніне көңілі толмайтынын жеткізді. Елена Ребенчуктің айтуынша, контрабанда фактілері дәлелденген жоқ.

«Менің пікірімше, айыпталушы Әбдірахмановқа қатысты бұл үкіммен келісуге болмайды. Мемлекеттік айыптаушылар оны 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын», – деді адвокат. Тағы да еске сала кетсек, айыпталушы Ирлан Әбдірахманов 17 жылдық жазаға кесілген. Дүние-мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленіп, бес жылдық мерзімге дейін кәсіпкерлікпен айналысуына тиым салынып, подполковник атағы мен алған медальдарынан айырылатын болды.

Өзге адвокаттар да өз қорғауындағы айыпталушылармен кездескеннен кейін сот үкіміне қарсы арыз түсіретінін мәлімдеді

Сот үкімімен 5 жылға сотталған айыпталушы, кеденде қатардағы қызметкер болған Ерік Балабековтың анасы Мәдия Мұқашева сот ғимаратынан етегі жасқа тола шықты. Журналистерге берген қысқаша ғана сұхбаты мынау болды:

– Сіздің балаңызға қандай айып тақты?

– Қайдан білейін қандай кінә таққанын? Бес жылға кетті.

– Бостандыққа шығарып алу үшін ары қарай күресесіз бе?

– Күресемін, күреспегенде не істеймін? Бірақ әділдік бар болса, сол әділдік жоқ болып тұр ғой. Баламның үйі тұрмақ, бір қуыс бөлмесі де жоқ. Шиеттей екі баласы қалды. Ешқандай іліп алар мүлкі болмаса, ол қандай коррупционер? Пәтер жалдап тұрған, шиеттей екі баласы қалды. Өзім сүйретіліп, Мойынқұмнан келдім, шалым екеуміз сонда тұрамыз. Қорғаста екі жыл жұмыс істеп, бес жылға сотталып отыр. Егер алса, ұрласа әңгіме басқа ғой, «осы Қорғастан алдың ғой, жедің ғой, бір бөлмелі үй алдың ғой, отыр, жылама» деп айтар едім. Тағы да нормадан шығып кете жаздап, сот апай-топай қылып бұрқыратып жіберді. Сәуірдің 17-сі күні соттың мерзімі бітетін еді, сонда айыпталушылардың барлығынан ешқайда кетпеу туралы қолхат алып шығаруы керек еді. Сол үшін асықты.

 

Алматы қаласы, 13 сәуір 2014

Айдын ОЛЖАЕВ,