Парламенттен 7 орын алған Қазақстан Коммунистік халық партиясының өкілдері әдетте ұлттық мәселеге келгенде жұмған аузын ашпайды. Өздерінше томаға-тұйық бола қалады. Ал көрші мемлекет саясаткерлерінің сөзін қос қолымен қолдай кететін олар «ортақ экономикалық кеңістік құрылса, ортақ тіл – орыс тілі болуы керек» деп өзеуреп шығады.

Жақында партия Астана, Алматы, Тараз, Орал қалаларында коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуіне байланысты наразылық акциясын өткізді. Азын-аулақ топпен дабырайтып ұйымдастырылған бұл шараға жергілікті билік рұқсат бергенге ұқсайды. Мәжіліс депутаты, Қазақстан Коммунистік халық партиясы орталық аппаратының хатшысы Жамбыл Ахметбековтің пікірінше, соңғы екі жылдың ішінде электр энергиясының құны 33 пайызға, жылу 13 пайызға, ал ыстық су 37 пайызға өсіп кеткен. «Коммуналдық қызмет тарифтерінің осыншалықты қымбаттауы зейнетақысы мен еңбекақысы төмен тұрғындардың қалтасына өте ауыр соғып отыр. Сондықтан біз атқарушы билік органдарынан, жергілікті мәслихаттардан коммуналдық қызмет тарифтерінің өспеуіне екі-үш жыл мораторий жариялауды талап етпекпіз. Сонымен қатар, соңғы екі жылда осы өсірілген тарифтерден түскен пайданың қайда жұмсалғанын сұрап отырмыз», – деді ол. Тіпті, депутат еліміздегі су және кәріз құбырларының 70 пайызға жуығы ескірген, олар жаңартуды қажет ететінін айтты.
Жөн делік. Алайда, ескінің шырмауынан шыға алмай жүрген коммунистер бұған дейін қайда қараған? Коммуналдық қызмет тарифтері, энергия көзі қымбаттай бастаған кезде неге халыққа араша түспеді? Иә, бағаның шарықтауы қарапайым халыққа оңай тиіп жатқан жоқ. Зейнетақы мен айлық өссе де, ертеңгі күні бағаның аспандап кететіні үйреншікті жайт. Ал егер Қазақстан Коммунистік халық партиясының төрағасы Владислав Косарев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жемқорлық туралы кеңінен білсе, оны неге Парламентте ашып айтпайды?
Владимир Косаревтің пікірінше, осы сала жүйесінде бей-берекетсіздік «өркендеп», қаржы жымқыру мен сыбайлас жемқорлық белең алып барады. Тұрғын үйлердегі ескі есептегіштерді жаңасымен ауыстыру «бассыздық» болып табылады. Оған пәтер иелері едәуір мөлшерде ақша төлейді. «Соңғы жылдары еліміздің Алматы, Балқаш және Орал қалаларында коммуналдық төлемдер тарифі едәуір қымбаттап кеткен. Атқарушы билік органдары тарапынан тарифтерге бақылау жасау жоқ десе болады. Табиғи монополияларды реттеу агенттігі бағаларды бекітуден әріге бармай отыр».
Әрине, коммуналдық тариф қызметі бағасының қымбаттауы қоғамның кез келген мүшесін алаңдатпай қоймайды. Бірақ одан да күрделі, одан да өзекті мәселелер толып жатқан жоқ па? Мәселен, Қазақстан Коммунистік халық партия өкілдері мемлекеттік тіл – қазақ тілін қызғыштай қорғап, наразылық шарасын өткізгенін көрмеген екенбіз. Мұның астарында тек әлеуметтік мәселелерді желеу етіп, партияның атын халық жадынан ұмыттырмаудың саясаты жатқан сияқты. Партия осы арқылы қашан да кеңестiк сарқыншақтардан құтылуға асықпайтындығын көрсетіп бағады. Тiптi олардың тiл десе, жыланша жиырылып қалатыны бар. Ал түптiң түбiнде, оларға туған Отанның да, туған тiлдiң де керегi шамалы сияқты. Себебі, Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы басқаның бәрін ысырып қойып, Ұлы Қазан революциясына 95 жыл толуына орай 200-ден астам коммунистердің қатысуымен кең көлемде митинг ұйымдастырған болатын. Сол кезде олар «Қалай десек те, бұл адамзат баласының тарихындағы ең үлкен оқиғалардың бірі болып қалары даусыз. Әлемде тұңғыш рет бұрын-соңды баламасы болмаған, еңбеккерлер мен жұмысшылардың мүддесін көздейтін ерекше қоғамдық құрылыс орнады», – дегенін де естідік. Ал Мәжіліс депутаты Ж.Ахметбеков: «Ол – көксеу емес, ол – біздің өткен өміріміз. Кезінде болған жақсылықтарды ешқашан да ұмытпау үшін, сол жақсылықты бізге көрсетемін деп қыршын кеткендерді еске алу. Бұл дегеніміз тарихымызды ұмытпай, кейінгі ұрпаққа шындықты жеткізу, патриоттыққа тәрбиелеу. Әйтпесе ақша қуған қоғам тәубемізді ұмыттырып, рухани азғындауға жол тартып барады. Өткенге тағзым – кейінге үлгі», – деген еді. Шынтуайтында, коммунистер Желтоқсан көтерілісі болған 16, 17 желтоқсан күндері алаңға барып, қыршын кеткен жастардың рухына тағзым ете ме? Жоқ!
Кезінде ашаршылықты қолдан жасап, бертін келе қазақтың маңдайына біткен ұлт зиялыларын да жаппай жоюға барынша үлес қосқан қызыл коммунистердің қылмыстарын неге ұмытуға тиіспіз? Белгілі тарихшы Талас Омарбеков: «…Коммунистік идеология – қазақты қасіретке ұшыратқан идеология. Әрине, кеңестік идеология кінәлі. Біз одан әлі толық арылып біткен жоқпыз. Сондықтан да ашаршылықты саяси қуғын-сүргін деп қарастырмау керек. Бұл – коммунистік партияның қате аграрлық саясатының салдары. Қазақ деген халықтың қандай халық екенін білмегендіктен, оның дәстүрлі шаруашылығын талқандауға бағытталған солақай шешім осыған душар етті… Міне, коммунистік партияның білімсіз, топас, надан аграрлық саясаты осындай қасіретке алып келді. Енді кімді кінәлаймыз? Мен айтар едім: «Қазақстанда коммунистердің жұмыс істеуге моральдік құқы жоқ, олар соны түсіну керек қой. Олар Қазақстанның Парламентінде не беттерімен отыр?! Ұят емес пе! Сол коммунистік партия жасаған надан аграрлық саясатының кесірінен қазақ осындай жағдайға жетті. Енді келіп коммунистік партияның жұмыс істеуіне рұқсат етеміз, басқа елде болса әлдеқашан ты-йым салған болар еді», – деп кесіп айтып еді. Түсінген адамға, осыдан артық сөз жоқ сияқты.

 

 

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ
http://www.turkystan.kz

Рубрика: