14 апреля, 2014 Нет комментариев

КӨКПЕКТІ АПАТЫНА КІМ КІНӘЛІ?

Ïîäòîïëåíèå äîìîâ â ñåëàõ Íîâîñèáèðñêîé îáëàñòèҚақаған қыс қаһарынан қайтып, күн күрт жылынды. Әншейінде қуанушы едік. Ал бұл жолғы көктем қуантпады. Көкпекті елді мекеніндегі қайғылы оқиға дүйім жұртты шошындырған.  Иә, су тасқыны табиғи апат. Дей тұрғанмен, «Табиғи апат» деп қол қусырып отырғанымыз қалай? «Апат айтып келмейді» деп, өзімізді жұбата аламыз ба? Өйткені мұның алдында еріген қар мен күннің күрт жылынуын төтенше жағдайлар департаменті байқады. Әсіресе, наурыз айының соңғы күндері облыс орталығы Қарағандыға жақын Нұра, Көкпекті, Шилі өзендері аумағынан асып, сол жерлердегі елді мекендер жолдарын су шайды. Қайғылы қасірет орнаған Көкпектіні жарып ағып жатқан өзеннің суы көтерілгенін төтенше жағдайлар департаменті байқамады дегеніміз ертегі болар. Ал көз алдындағы Көкпектіге қарамаса, шалғайдағыны қайтып көзі шалар? Тоғаннан тасыған қызыл суға қарап, болғандардың обалы кімге? Кім жауапты? Кім кінәлі?

31 наурызға қараған түні Көкпекті ауылындағы су қоймасының бөгетін су шайып, жүз шақты үй су астында қалды. Облыс әкімдігі ақпаратының мәліметінше: «Су басқан үйлердің саны 300-ге дейін жетті. 400-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Табиғи апат төрт адамның өмірін қиып кетті». Әрине бұл тек сөз жүзіндегі мәліметтер, ал шын мәнінде қанша адамның қара жамылғаны белгісіз сияқты. Бұқаралық ақпарат құралдары 5 адам қаза тапты деген ақпарат таратқан болатын. Алайда, төтенше жағдайлар қызметі бесінші адамның өлімі топан сумен байланысты емес екенін айтып отыр. Орны толмас қазаға ортақтасып, жапа шеккен жандарға қол ұшын беріп, көмектесудің орнына жергілікті билік өкілдері көп жағдайларды жасырып қалуға барын салатын сыңайлы. Әрине, қайғылы қасіреттің салдарынан адам шығыны мен әлеуметтік шығын көрсеткіші көп болса, шенеуніктердің атқарып отырған жұмыстарына сын көбейетіні түсінікті. Бірақ, барды бар, жоқты жоқ деп, жоғарғы жаққа халықтың қасіретін жеткізу олардың басты міндеттері емес пе?

Су қоймасындағы қалып­тасқан жағдайды Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті көре отыра сақтық шараларын жасамағаны қалай? Оларға Көкпекті су қоймасының бөгетін су шаю фактісі туралы күн бұрын ақпарат келіп түскен. Департамент төнген қауіптің алдын алу үшін Көкпекті ауылы мен Қарағанды қаласына жақын орналасқан Сұрыптау елді мекендерінің өзен арнасына жақын тұратын 300-ге тарта тұрғынды эвокуациялау жұмыстары жүргізілгенін айтып отыр. Яғни: «Эвокуацияланған адамдар мектептер мен туыстарының үйлеріне орналастырылды. Көкпекті өзен арнасы мен Нұра өзенін жағалай орналасқан барлық елді мекендерде хабардар ету жұмысы жүргізілді»,– деп көрсетті. Оқиға орын алғанын естіген соң, бізде түнгі 3-тер шамасында Көкпекті мен Сұрыптау кентіне жол тарттық. Сол кезде Сұрыптау кентінің өзен арнасына жақын көшелеріне енді ғана дабыл қағылып, халықты жинай бастағанын байқадық. Түнгі үштер шамасында төтенше жағдайды жою жұмыстарына ҚР ТЖМ құтқарушыларының, медицина жасақтарының, құтқару техникалары мен ІІД қызметкерлері, денсаулық сақтау басқармасы мен жергілікті атқарушы органдары қызметкерлерінің кеш жұмыл­ды­рыл­ғанын өз көзімізбен көрдік. Сонда, дабыл қағылып, ескерту жасалды деген тиісті мекемелер болары болып, бояуы сіңгеннен кейін іске кіріскені ме? Көкпектідегі дүрбелеңді бастан кешпесек те, су шайып өткен Сұрыптау кентінің өзен арнасына жақын көшелерде эвокуация жасалып, жұрттың бәрін 56-шы орта мектепке жинап жатқанын көрдік. Сәл де болса жәрдем көрсетуге енді жиналған билік басындағылардың біразын осы жиылған топтың ішінен байқадық. Әттең, «жау» кеткен соң қылышын қайраған олардың көмегі не болмақ?

Мадина Пазылова, Сұрыптау кенті, Деповская көшесінің тұрғыны:

– Сағат 22.30-да далаға шық­қанмын. Сонда көшеде полиция машиналарының көптеп жүргенін байқадым. Жүрегім бір жамандықтың боларын сезді. Бірақ Көкпектіде су тасқыны болады деп ойламаппын. Тіпті су қоймасының барын да білмедік қой. Түнгі үштер шамасында полицейлер үйімізге кіріп, ескерту жасады. Документтеріңізді алып, мектепке барыңыздар деді. Сосын балаларымды алып, осында келдім.

Олег Смирнов, Сұрыптау кенті, Лермонтов көшесінің тұрғыны:

– Биліктегілер апатты жағдайды ойласа, неге бізге ерте хабар беріп, мектепке жинамады? Олар оқиға орын алған соң бізді жинап жатыр. Ал, Көкпектідегі халықтың жағдайы да біздің тағдырымызбен бірдей. Оларға да оқиға орын алған соң көмек келді. Бірақ Көкпекті ауылының трагедиясы жүрегіме қатты батты. Бірақ әлі де бір плотина жарылуы мүмкін деген сыбыс бар. Одан да қауіп күтеміз.

Нейла Осиповна, Сұрыптау кентінің тұрғыны:

– Өзен жақтан қатты суық ауа келді. Сол күні желдің күші де қатты болды. Бізді түнде Төтенше жағдайлар штабының әскерлері осы мектепке алып келді. Апатты жағдай орын алды деді. Әлі су тасқыны болады деді. Мектепте бәрімізді тізімдеді.

Тұрғындардың сөзінен байқаға­нымыз, қауіп жайында алдын ала ескертілмеген. Апат Көкпекті мен Сұрыптау кентінің тұрғындарына қаннен қаперсіз уақытта келген. Апаттың алдын ала алмағанымыз өкінішті. Мүмкін ешкім апатты жағдайдың дәл қай уақытта орын алатынын білмеген болар. Бірақ біздің байқағанымыз, құзырлы мекемелер халықты дүрліктірмеуді ойлап, әліптің артын баққан. Апат айтып келмейді, әрине.

Оқиға орын алған су қоймасының қайда орналасқанын халықтың көбі білмейтін болып шықты. Көкпектідегі су қоймасы жеке меншіктің үлесінде екен. Облыс әкімі Б.Әбдішевтің мәлімдемесіне қарағанда, меншік иесі «Шаңырақ» ЖШС екен. Алайда «Шаңырақ» ЖШС-і су қоймасын «Сантехпром» ЖШС-нің меншігіне берген. Осы орайда, кімнің айып арқалап, жауапқа тартылатыны белгісіз болып тұр. Бір кездері Қызылағаш трагедиясы бөгеттің жекешеленіп кетуінен орын алған болатын. Бүгінгі Көкпекті трагедиясының себебі де осы болып отыр. «Шаңырақ», «Сантехпром» ЖШС-тері су тасқынының алдын алу мәселесін жіті қадағалап, нысандардың жағдайын тексеріп отырса, ел аман, жұрт тыныш болар еді ғой. Көкпектінің бес шаңырағы аяулы жандарынан айрылып, қан жұтып қалды. Бауыржан Әбдішев жағдайды тікелей бақылауға алып, зардап шеккен барлық азаматтардың шығынын өтеп беруге уәде берді. Қаза тапқандардың отбасыларына 1 млн. теңгеден қаражат бөлінеді деді. «Қазір 14 топ әрбір көше бойынша жұмыс істеп жатыр. Бүгін бізде жалпы мәлімет болады. Арнайы комиссия бәрін тіркеп алғаннан кейін, шығындарды өтеуге кірісеміз. Апатта қайтыс болған азаматтардың отбасыларына да көмектесіп, жерлеу рәсімін өз мойнымызға аламыз»,– деп көрсетті аймақ басшысы. Ендігі кезекте үкімет және де облыс әкімі тарапынан бөлінген қаржы жапа шеккендерге тез арада беріліп, көмек көрсетілсе, ол да жанға қуат, көңілге медет.

Бұқаралық ақпарат құралдары еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың келгенін айтып, жарыса жазды. Министрдің келелі іс тындырғанын көрсетіп, тікұшақпен бақылау жасап жүргенін айтып бағуда. Шындығына келер болсақ, Божко мырза Көкпектінің қаралы жұрты бастан кешкен нәубетті көзімен көрген жоқ, оқиға өткен соң ауылды жоғарыдан яғни көктен бақылап қайтты. Ең өкініштісі, министр мырза бөгеттің бұзылуына ауа райы себеп деп жылы жауып қоя салды. Бөгеттің тексерілмегендігі немесе жеке меншік иесінің жауапсыздығы демеді. «18 градус жылы болды. Жан-жағынан қар жауған. Ағын болған, мұзды көріп тұрсыздар, әлі ерімеген. Жан-жақтан сумен мұз қалқып келген» дей келе, тіпті су қоймасына жауапты серіктестердің өзін кінәлі емес деп тауып отыр. «Плотинаның жағдайына мониторниг жүргізілген, облыстық қызметтер жұмыс істемеді дей алмаймын. Шлюздердің бәрі ашық. Күзде тоғандардан су шығарылған, Бұл суқоймада ешқашан проблема болған емес»,– дейді Божко. Осындай қайғылы қасірет елімізде жиі орын алып келе жатқаны министрді онша ойлантпайтын сияқты. Министрдің осы уақыт аралығында қаншама апатты жағдайлардың орын алуына жол беріп отырғанын халық байқап келеді. Ал Божко болса, барлық туындаған қасіреттерді «табиғи апат» деп, оған кінәлі тараптарды жасырып қалуға күш салатын сыңайлы. Жаз бойында су қоймаларының тағдырын неге ойламайды? Ендігі жерде Божконың үкіметтен қатаң сын алуы керек-ақ еді. Алмады. Көкпектінің қасіретін тағы да «Табиғи апат» деп құтылды. Елімізде апатты күні бұрын болжап, оның алдын алып, елдің ертеңгі тағдырына алаңдағаннан көрі, оқиға орын алған соң «төтенше жағдай жариялауды» дәстүрге айналдырып барады. Ең бастысы, апат қайталанбасын, шенеуніктеріміз шешімтал болсын деп Алладан тіледік.

Алтынбек Құмырзақұлы

http://turkystan.kz

Загрузка...

Добавить комментарий

You must be logged in to post a comment.