АЛТЫНОРДА
Новости

Киноэпопея

КиноэпопеяЖуырда Астана мен Алматыда «Елбасы жолы» трилогиясының «Отты өзен», «Теміртау» атты бөлімдерінің тұсаукесері өтті. Фильмді тамашалауға келген барша қауым болаттай шынығып, ел басқарған азаматқа айналған Елбасымыздың оттай жанған жалынды жолының куәсі болды.

«Елбасы жолы» киноэпопеясы фильмдерінің сценарийлері Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ақиқаттың ақ жолы», «Бейбітшілік кіндігі», «Еуразия жүрегінде» атты кітаптарының негізінде жазылған. Бұған қоса Мемлекет басшысы әріптестерінің, достары мен бірге оқыған жолдастарының естеліктері де пайдаланылған. «Елбасы жолы» трилогиясының бірінші фильмі – «Балалық шағымның аспаны» деп аталатын биографиялық драма 2011 жылы көрсетілімге шығарылып, барша көрерменнің ықыласына бөленген еді. Ал жұртшылық назарына жаңадан ұсынылған «Отты өзен» және «Теміртау» деп аталатын екі фильм алғашқы туындының заңды жалғасы. Фильмнің алғашқы көрсетіліміне басты рөлді сомдаған актерлер, фильмнің режиссерлері мен түсірілім тобы, зиялы қауым, мемлекеттік органдардың басшылары, жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Киноэпопея түсіріліміне 100-ден астам артист қатысқан. Олардың арасында ел мақтанышына айналған Бибігүл Төлегенова, Нұржұман Ықтымбаев, Нұрлан Әлімжанов, Мәдина Есманова, Наталья Орынбасарова, Айдос Бектеміров секілді танымал тұлғалар бар.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бозбала шағынан сыр шертетін фильм 19 жастағы Нұрсұлтанның ақиық арман жетегімен металлургтер қаласы саналатын Теміртауға келуімен басталады. Тәуекелге бас тігіп, Үшқоңырдың жасыл жайлауынан Теміртаудағы комбинаттың қоймалжың балшығына түскен жас жігіт аянбай еңбектенеді. Содан кейін арман қуып, Украинаға аттанғаны, қиындыққа тап болған замандастарына жанашыр болуы, кең иықты палуандардың өзін жекпе-жекте жеңуі, спортқа деген іңкәрлігі, қатарластарының алды болып, оза шабуы, білімге деген құштарлығы, шетелде жүріп, қазақ намысын қорғауы – бәрі фильмде шебер көрсетілген. Білім мен тәжірибе жинап, Отанына оралып еңбек жолымен жалғасын тапқан фильм көрерменін еңбекке баулитыны даусыз. Фильмнің сценарийін Шахимардан Құсайынов пен Рүстем Әбдірашев бірлесіп жазған. Бүгінгі билік шыңына дейінгі Елбасының сара жолын баяндайтын туынды өскелең ұрпақ үшін өнеге. Бұл фильм еліміздің барлық кинотеатрлары мен телеарналарында жұрт назарына ұсынылды.

Нұрлан Әлімжанов, Елбасының жастық шағын сомдаған актер:
–Елбасымыздың жүріп өткен жолы кім-кімге болсын қызық, әсіресе, біздің өсіп келе жатқан ұрпақтарымызға, мектептегі жастарға кітаптан оқығаннан гөрі теледидардан тамашалау әсерлі болып шығады. Әрине, әдебиет пен кітап бірінші орында, дегенмен, заман сондай. Бұл еліміз бен жастарымызға керек. Бұл фильмді түсіру барысында біз үлкен жауапкершілікті сезіндік. 

Рүстем Әбдірашев, «Елбасы жолы» киноэпопеясының режиссері:
– «Балалық шағымның аспаны» фильмінің жалғасы болып табылатын бұл дүниенің көпшілік көңілінен шығары даусыз. Елбасының өмірбаянының ізімен жүріп 58-жылдан бастап 68-ші жылға дейінгі 10 жыл аралығын 1,5 жылда достарыммен, шығармашылық тобыммен үзіліссіз түсірдім. Нәтижесінде екі толықметражды фильм дүниеге келді.

Сапар ӘЛІБАЙ, тарихшы, Тараз қаласы:
–Елбасының еңбек, өмір жолы туралы кең көлемді жаңа кинотуындының түсіріліп жатқанын естігенде, қалай шығар екен деп күткен едік. «Елбасы жолы» киноэпопеясының «Отты өзен» және «Темір тау» атты бөлімдері тұсаукесеріне үлкен толқыныспен баруым жасырын емес. Кино өнерінің құдіреттілігі соншалықты, бұдан ширек ғасыр бұрынғы дәурен шақ қайта айналып келгендей әдемі бір әсерді айтып жеткізу қиын. Көлікке мінген жас жігіт Теміртауға жетіп, еңбек жолын бастағанша жүрегі алабұртып, жан-жағына құмарта көз салады. Елбасының Қазақстан Магниткасындағы еңбек жолы, металлургтер арасындағы беделі, қызмет баспалдақтарымен тез өсіп кемелденуі, спортпен шұғылдануы сондай тартымды шыққан. Фильмнің екінші сериясында да Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі сәтті шыққан деп айтуға болады. Әсел Сағатова, Нұржұман Ықтымбаев және тағы басқа актерлер Елбасы мен әкесінің, анасының рөлін тартымды сомдап, көрермен көңілінен шыға білді. Фильмде жолдастыққа адалдық, еңбектестерімен аралас-құраластықтағы кішіпейілділік пен қарапайымдылық, ал іс бабында кім-кімге де биік талапшылдық өскелең ұрпаққа үлгі болары анық.

Ақбота ҚАЙРАТҚЫЗЫ

 

http://anatili.kz/?p=17475