АЛТЫНОРДА
Новости

Киевте Волноваха құрбандарын еске алды

Киевте Волноваха қаласы маңында қаза тапқандарды еске алуға арналған Бірлік шеруіне жиырма мыңға жуық адам қатысқан.

Қолдарына «Мен – Волновахамын» және «Украина жасасын! Қаһармандар жасасын!» деген жазулар ұстаған шеру Тарас Шевченко атындағы ұлттық университеттен Тәуелсіздік алаңы – Майданға дейін жүріп өткен. Алаңда марқұмдарға арнап дұға оқылған. Волноваха түбінде мерт болғандарды еске алу шаралары бүгін Украинаның басқа қалаларында да өтіп жатыр.

Қаңтардың 13-і күні Волноваха түбіндегі украиналық әскерилер бекетіне жақын маңда снаряд түскен жолаушылар автобусында отырған 12 адам қаза тауып, 13-і жараланған. Украина билігі снарядты Донбаста бірқатар елдімекендерді бақылауда ұстап отырған ресейшіл сепаратистер атқан дейді. Өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасы» өкілдері тағылған айыпты жоққа шығарады.

Украинаның шығысындағы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары Волноваха түбіндегі әскерилер бекеті солтүстік-шығыс беткейден «Град» әскери қондырғысынан атқыланғанын анықтаған.

http://www.azattyq.org/archive/news/20150118/330/330.html?id=26800302