Киевте бүгін бір жыл бұрын наразылық акциялары кезінде қаза тапқан белсенділерді еске алуға арналған «Ар-намыс шеруі» өтіп жатыр. Оған Украина президенті Петр Порошенкомен бірге 10 елдің, солардың қатарында Германия, Польша, Латвия, Молдова елдерінің басшылары мен Еуропа Одағының президенті қатысады. Олар Институт, Шелковичная, Грушевский көшелері және Еуропа алаңымен жүріп өтіп, шеруді Тәуелсіздік алаңы – Киев Майданында аяқтайды.

Бұдан бір жыл бұрын, сол кездегі Николай Азаров басқаратын ел үкіметінің шешімімен Украинаның Еуропа Одағымен ассоциациясы туралы келісімге қол қоюға дайындық тоқтатылған соң наразылық акциялары басталған еді. Үкіметке халықтың жаппай қарсылық танытуы елде биліктің ауысына алып келді.

Еуромайдан жақтастары мен сол кездегі билікке бағынышты арнайы қызмет арасындағы қақтығыстарда жүзден аса адам құрбан болды. Олардың көпшілігі ақпанның 20-сы күні Институт көшесінде милиция арнайы жасағының көздеп атқан оқтарынан қаза тапқан. Құрбан болғандарды Украинада «Небесная сотня» деп атайды. Жұма күні Украинаның көптеген қалаларында Майданда қаза тапқандарды еске алу шаралары өткен.

http://www.azattyq.org/archive/news/20150222/330/330.html?id=26862684

Рубрика: