Кедендік Одаққа байланысты алыпқашпа әңгіме көп. Пі­кір­лер ұдайы қақ жарылып келеді. Бірі оның керектігін сөз етсе, екінші біреулер Ресейден өзге елдер үшін аса тиімсіз екенін тілге тиек етуде. Мәселен, белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы жақын арада Кедендік Одақтың «жаназасы» шығады деген пікір айтты. «Көп ұзамай Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірмек. Ресей еніп қойды. Демек, бірнеше ұйымдардың арасын­да­ғы халықаралық заңдардың қарама-қай­шылығы Ке­дендік Одақтың өмір сүруіне кері әсер беріп, КО өз-өзінен өмір сүруін тоқтататыны белгілі» дейді та­ны­мал саясаттанушы. 


Оның айтуынша Ресей үшін Кедендік Одақ сая­си құрал ғана. Сондықтан оның құрамына мем­лекеттердің көбірек енгені тиімді. Ал мүше ел­дерге Одақтың экономикалық пайда­сы бола ма, жоқ па, ол жағына Мәс­кеу бас қатырмайтын се­кілді.

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
– «Кедендік одақтың жұмыс істеп тұрға­ны­на біраз болды. Оның қаншалықты пай­далы екенін экономистер, қаржыгерлер есеп­теп шығарып жатыр. Қазір мәселе КО-да немесе Дүниежүзілік сауда ұйымында емес, мәселе Еуразиялық экономикалық одақ не болмаса ресейліктердің тілімен айтқанда «Еуразиялық одаққа» байланысты болып тұр. Бұл Одақ бізге не береді, біз нені жоғалтамыз деген әңгіме төңірегінде қоғамда пікірлер кө­бейді. Еліміздегі саяси элита да көп нәрсенің байыбына енді барып жатыр. Қысқасы, олар Ресейге Еуразиялық одақ не үшін керек екенін түсінді. Сондықтан элита тәуелсіздік тізгіні қолдан шығып кетпеуіне қам жасай бастады. Бұл өте дұрыс бағыт. Біз ДСҰ -ға сонау 1995 жылдары енеміз деп әрекет жасағанбыз. Содан бері ешқандай эко­номикалық емес, саяси себептермен кейінге шегеріліп келді. Енді шегінерге жол жоқ. Ену керек. Құрамында жүздеген мемлекет бар,
ол – өте ірі ұйым. Оның әлеуеті Кедендік одақты «жұтып» қояры анық.

Ілияс ИСАЕВ, қаржыгер:
– Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына енгенімен Кедендік одақ аймақтық экономи­калық интеграция ретінде өмірін жалғастыра бермек. «Әрине, ДСҰ-ның өзіндік талаптары бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Кедендік Одақтағы әріптесеміз, Ресей қазір сол ұйым­ның белді мүшесі болды. Ол елде де осы ұйымға байланысты көзқарас екіге жарыл­ғаны белгілі. Бірі «бұл бізге тиімді, инвести­-ция тартамыз, тауар сату оңайға соғады» десе, екінші біреуі «ауыл-шаруащылығы өледі» деп үрейленді. Дәл сондай ой бізде де бар. Әлі де болса «ДСҰ құрамына енуге даяр емеспіз» деген пікір бізде басым. Ол – жеке әңгіме. Кедендік одаққа келер болсақ, менің­ше ол әлі қалыптасып болған жоқ. Одақтың алға қойған мақсаты, тауар, капитал айна­лымына, жұмыс күшінің осы кеңістікте еркін қозғалуына жол ашу еді. Бірақ әлі ойлағандай болмай тұр. Тіпті тариф мәселесі де толық ше­шілді деуге келмес. Солай бола тұрса да бұл одақ ертең ДСҰ-не енген соң өмір сүруін мүл­де доғарады дегенге келісе алмаймын. Себебі аймақтық интеграция – әлемде болып жат­-қан тенденция. Мәселен, тұтасымен ДСҰ кіретін Еуродақ елдерін алалық. Олар да ДСҰ-ның мүшелері. Сондағы еуро аймағына енетін 17 ел­де соның мүшесі. Оларға ешкім «қой» деп отырған жоқ. Тынық мұхит елдерінің АСЕАН немесе БРИКС аймақтық ұйымдарына кіретін елдерде ДСҰ-ның мүше­лері. Кедендік одақ не болмаса Еуразиялық экономикалық одақ та сондай аймақтық ин­теграциялардың бірі. Демек, Кедендік одақ ДСҰ енсек те өз тір­лігін аймақтық ұйым не одақ ретінде жал­ғас­­ты­ра берері хақ. Кім не десе де, аймақтық ұйымдардың өмір­шеңдігі бірді-екілі пікірлермен шектел­месі анық. Ең басты төреші – уақыт.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

http://www.aikyn.kz

Рубрика: