библиотека 26 июня, 2013 Comments Off on Қазіргі моңғолдар Шыңғыс ханның шын мұрагері ме?

Қазіргі моңғолдар Шыңғыс ханның шын мұрагері ме?

МонголыАз-кем сөзИнтернет беттерін ақтарып отырып, орыс сайттарының бірінен тарихтағы «Моңғол шапқыншылығының» болғанына күдік келтірген мақалаларды кезіктірдім. Онда моңғолдар деп жүргеніміз батысқа жорық жасаған орыс князьдерінің бірі болуы мүмкін деген пікір беріліпті. Еуропа мен Азияны дүбірлеткен Шыңғыс хан қосындарының шаңды жорығынан хабарсыз адам бұл мәліметтерге иланып қалуы ықтимал. Бұл – бізде де талай талас тудырған тақырып. Бүгінге дейін қазіргі Қазақ халқын құрап отырған рулардың «Моңғол экспансиясындағы» атқарған рөлі мен оларға қаншалықты қатысы барлығына нақтылы жауап берілген жоқ. Сол кездегі кейбір Қазақ рулары күші асқан соң ғана, даладағы билікті қолына алған ат төбеліндей моңғолдардың соңынан ілескен шығар!? Әйтпесе, Найман мемлекетіндегілердің моңғолдарды «қоңырсыған иісті, қомыт-қомыт киімділер» деп атап, оларды мойындамай, қарсы көтеріліп, соңына дейін соғысқаны – тарих кітаптарында жазылған жәйт. Сол тұстағы оқиғаларды баяндайтын жылнамаларға жүгінсек, Найман, Керей, Қоңырат, Қыпшақтар моңғолдарға емес, бір-біріне іштарта қараған. Сондықтан, моңғолдарды Қазақ тарихына тым кіріктіріп жібермей, осы мәселенің ақ-қарасын айырып алған жөн сияқты. Өйткені қасақана «моңғолдарға» телінген бұл  шежіре Қазақтың көне тарихы болып табылады. Біз Шыңғыс әулетінің Қазақ хандығының тарихындағы ерлік істерін жоққа шығармаймыз. Ұлысы үшін басын бәйгеге тіккен Тәуекелден Қасымға дейінгі хандарға қай Қазақтың да құрметі күшті. Бірақ бұл – басқа әңгіме.Тарихи деректерге қарасақ, Шың­ғыс ханның мұрагеріміз деп жүрген бүгінгі Моңғол мемлекеті мен байыр­ғы моңғолдар арасындағы тарихи сабақ­тастықтың күмәнді тұстары өте көп. Өйт­кені, Орта ғасырдағы «моңғол­дар­дың» барлығы кейін ислам дінін қа­былдап, мұсылманша ат алды. Мәселен, Үндістанды жаулап алған Бабырдың патшалығын да ағылшындар кейін «Ұлы моғолдар» мемлекеті деп атағаны белгілі. Бірақ  сол «Ұлы моғолдар» мемлекетін құрғандардың түгелі Дешті-Қыпшақтың тумалары болатын. Ал қазіргі моң­ғолмыз деп жүргендер будда дінін ұстанады, есімдері де айтуға ауыр. Тарихшылар кезінде бұлардың тегі Алтайдан ауып келген татандар деген деректі алға тартқан болатын. Олар қазіргі өлкеге көшіп келіп, моңғол деген атты қайта түлеткен. Мәселен, Орталық Азиядан кеткен оғыздар сияқты. Оғыздар Византия империясын басып алып, Түрік деген атты қайта тарих сахнасына шығарды емес пе?!  1960-70 жылдары Әлкей Марғұлан бастаған бір топ қазақ ғалымдары Ұлытаудағы Жошының мазарын ашқанда хан сүйегінің маңайына 26 тайпаның таңбалары қойылғанын көрген. Кейін ғалымдар бұл таңбалар қазақ руларына тиесілі екенін, оның ішінде бүгінгі моңғолға қатысты бірде-бір рудың белгісі жоқ екенін мәлімдеген болатын.  Шыңғыс ханның «моңғол» атанған тағы бір себебі: кейінгі кезге дейін еуроцентристер ұлы қағанға қараған найман мен керей тайпаларын қасақана «моңғолтектестерге» жатқызып келді. Сондықтан, құрылтайда Шыңғысты хан көтеруге қатысқан рулардың барлығы «моңғолдар» деп аталды. Жеме-жемге келсек, құрылтай мен хан деген атаулардың өзі – қазіргі моңғолда жоқ сөздер. Ал, Алтын орда хандарының есімдері, қалалар мен ондағы әскери және әлеуметтік атаулардың барлығы кілең қыпшақ сөздерінен тұрады. Ал, қазіргі моңғолдар орыс шовинистерінің осы қитұрқылығын пайдаланып, Шыңғыс ханды өздеріне меншіктеп алды. Ашығын айтсақ, Алтын орданың тарихына буддаға табынатын олардың еш қатысы жоқ. Болса да, ат төбеліндей моңғолдардың түгелі түркіленіп, кейін қалың қыпшаққа сіңіп кеткен болатын. Бұл да – тарихи деректер растайтын жәйт. Біздің тарихшыларымыздың талай буыны өз еңбектерінде орыс оқымыстыларының тарихты бұрмалаған, осындай, «мәліметіне» сүйенгенін білеміз. Ал, орыс тарихшыларының тек шындықты жазғанына күмән көп. Мәселен, 19-ғасырларда Карамзиннің француз тіліне аударылған «Орыс мемлекетінің тарихы» атты еңбегін жан-жақты зерттеген маркиз Астольф де Кюстин былай деген еді: «Егер, орыстар өздері соншалықты әспеттейтін тарихшының еңбегінде өтіріктің өріп жүргеніне көздері жетсе, оны соншалықты жек көріп, Карамзиннен бастап, барлық тарихшының еңбегін оқуға қатаң тыйым салуды Патшадан жалынып сұрар еді»..

Монго

Мен баға беретін тарихшы емеспін. Сондықтан, қателесуге қақылымын. Бірақ, басы ашық қалған осы әңгімеге түбегейлі нүкте қоятын кез әлдеқашан туды. Себебі, өткен жылдардағы Қазақ баспасөзіндегі Шыңғыс ханға қатысты өрбіген пікірталастан оқырмандардың ешқайсысы мардымды жауап ала алмады. Көлденең тартылған көп пікірден, тіпті, олардың басы қатып кетті. Қазіргі қолда жүрген Қазақ тарихына қатысты әдебиеттердің де шикі тұстары өте көп. Көп деректі Кеңес одағы кезіндегі идеологиямен уланған оқулықтардан ал­ғандықтан, олар Қазақ оқырманына Қазақ тарихына қатысты нақты да шынайы мәліметтерді ұсына алмауда. Сондықтан, бізге бабалар тарихын суреттейтін, мемле­кетшіл мінезімізді орнықтыратын, оқығанда кез-келген адамда төл тарихымыз туралы жүйелі пікір қалыптасатын кітап жетіспей тұр. Жоғарыда орыс сайттарынан моңғол шапқыншылығына күдік келтірген материалдарды ұшырастырғанымды айттым. «Моңғолдардың» жорығына қатысты шынайы деректердің бірін сол тұстағы мұсылман жылнамашылары жазып қалдырған. Енді, соларды сөйлетсек. Айтпақшы, белгілі тарихшы, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің президенті Юрий Афана­сьевтың былай деп жазғаны бар: «Кез келген адамнан Дмитрий Донской кім болған деп сұраңызшы. Куликово шайқасы, татар езгісінен құтылу деп жауап береді. Егер, «татар езгісінен құтылу» деген сөзді Дмитрий Донскойдың өзіне айтса, ол есі­нен адасып кетер еді. Себебі, ол мойындайтын патша Татар патшасы ғана болатын. Ал, Мамай өзін хан жасағысы келген көлденең көк аттының бірі болды. Донской осыған қарсы шығып, заңды патшаны қорғаған. «Татарлардан азат болу» деген сандырақты ол қабылдамас еді. Бірақ, қазір осылай сөз саптау біздің тарихи қағидамызға айналып кетті»… Мұсылман жылнамашылары «моңғолдар» туралы не жазған еді? Ибн Атир былай деп жазды: «Бұл апат­тың жойқын болғаны соншалық – мен көпке дейін ол туралы жазу я жазбау керектігін білмедім. Қазірдің өзінде қаламды ықылассыз қолыма алып отырған жәйім бар. Исламның ақырын суреттейтін, мұсылмандардың қаза болғанынан хабар беретін әрі оның масқара күйге ұшырағанын жазуға кім тәуекел етер дейсіз?! Мен бұдан да мұндай зауалды көргенше, әлдеқашан жан тапсырып, ұмыт болғаным жақсы еді. Бірақ, достарым, маған бұл оқиға туралы жазу керектігін айтты. Ақыры, апат жөнінде тіс жармаудың ешқандай пайда бермесін өзім де ұғындым. Тарихта мұндай алапат әлі болған емес. Адамзат нәсілі мен мұсылмандардың өзі де оған қорқынышпен қарады. Егер, әлдекім Адам атадан кейін де дәл осындай оқиға тарихта болған десе қатты қателеседі. Себебі, адамзат шежіресінен ондай кезеңнің болғанын суреттейтін бірде-бір дерек таба алмайсыз. Тіпті, енді, ақыр заманға дейін мұндай апаттың қайталануы екіталай». «Жаулап алушылар ешкімді аяған жоқ. Олар жүкті әйелдердің қарнын жарып, құрсақтағы балаларға дейін қылыш сілтеді. Бұл әлемдік деңгейдегі апат болды. Ол құйын тәрізді кенеттен пайда болып, бүкіл шартарапты шарпып өтті».Жеңімпаз «моңғолдар» 650 жылы Бағдатты басып алып, оны жермен-жексен етеді. Төменде Ибн Қасир ол туралы былай дейді: «Қырық күн бойы Бағдат қиратылумен болды. Содан кейін, әлемдегі осы бір ең әдемі қаладан қиранды мен тау болып үйілген адамның өлігі ғана қалды. Өлі денелер әр жерде үйіліп жатты. Кейін жаңбыр жауып мүрделер бұзыла бастады. Олардың адам төзгісіз иісі шартарапты алып кетті. Сонау Сирияға дейін індет жайлап, жұртқа қасірет шектірді. Бүкіл елде аштық, індет пен өлім-жітім көбейді». «Моңғолдардың» жеңілуі… Ирак пен Сирияны басып алған соң, «моңғолдар» Мысыр жеріне көз салады. «Моңғолдардың» келгенін күтпей, қарсы шабуылға шығу керек деп білген Мысыр сұлтаны Сайфуддин Құтыз бар әскерімен оларға қарсы аттанды. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, осы алапат шайқаста екі жақтың бір-біріне бауырлас әскерін Қазақ даласынан шыққан Қыпшақ ұландары басқарған. Айн-и-Жалұт түбіндегі қанды қырғында Мысыр әскерін Бейбарыс бас­тап шықса, ордалықтардың қолбасшысы найман Кетбұға батыр болыпты. Жан алып, жан беріскен осы шайқаста жол жү­ріп келген «моңғолдар» оңбай жеңіледі. Көп ұзамай, Сайфуддин бақилық болып, Бейбарыс Мысырдың билеушісі атанды. Ол «моңғолдардың» жеңілмейтіні туралы дақпыртты жоққа шығарып, бүкіл Сирияны жатжерліктерден азат еткен адам ретінде атын араб тарихына алтын әріптермен жазып қалдырды…Шапқыншылықтың Ислам өрке­ние­тіне тигізген әсері мен «Моң­­ғол­дар­дың» мұсылман болуы Бұл шапқыншылық ислам әлеміне үлкен зардап шектірді. Оның интеллектуалдық дамуы дағдарысқа ұшырап, мұсылмандар арасында исламның болашағына күдік келтіргендер қара көрсете бастайды. Орда­лықтардың Ирактан Иранға дейінгі алып өлкеге иелік еткені белгілі. Ислам халифатының астанасы болған Бағдат қаласы да олардың бақылауында болды. Тағдырдың жазуымен, сол кездегі әлемдік өркениеттің орталығын қолдарында ұстаған «моңғолдар» біртіндеп осы мәдениетке бойұсынады. Бұл кезде жұрттың бәрі заманақыр келді деп қатты уайымға беріліп кеткен болатын. Бірақ Алла Тағала   батыр бабаларымыздың пешенесіне мұсылман болуды бұйырыпты. Дін өкілдері мен сарайдағы оқымыстылар «моңғолдардың» сол тұстағы биліктегі тобына уағыз жүргізетін. Жаратқанның әмірімен, олар біртіндеп Исламға ықыласпен қарай бастайды. Осы керемет оқиғаны көзімен көрген Ибн Қасир былай деп тебірене жазды: «Биыл 694 жылы Шыңғыс ханның шөбересі Қазан тақта отырып, Әмір Таузынның көмегімен Исламды қабылдады. Онымен бірге барлық ордалықтар мұсылман болды. Сұлтан дінге кірген күні қолдағы алтын, күміс пен жақұттан садақа үлестірілді. Өзіне «Мақмұт» деген мұсылман есімін таңдап алған сұлтан жұма күні мешітке барып бұқарамен бірге намазға қатысты. Тәркіленген мүліктің барлығы Бағдат пен оның төңірегіндегі өз иелеріне қайтарылып, әділ төрелік жасалды. Жұрт Бұрындары қайқы қылыш қана ұстаған қаһарлы «моңғолдардың» тәспі тартқанын көріп, Алланың құдіреті мен жомарттығына мадақ айта бастады»..Жолымбет Мәкішев..(Редакцияға: 87023366578)
Загрузка...

Комментирование закрыто.