Қажымұқанның АҚШ-тан әкелген кубогыАлысқанды алып жығатын, тірескенді шалып жығатын кейінгі заманның хас батыры, ертегінің кейіпкеріндей орасан зор күш иесі, қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына 1910 жылы берілген кубок «Назарбаев орталығы» көпфункционалды ғылыми-талдау және гуманитарлық-ағарту мемлекеттік мекемесінің мұражай залында тұр. Бұл – ұлт намысын ұран етіп ұстаған батыр бабамыздың әлемдік жарыста жеңіп алған жеңіс кубогы.

Күрестің бірнеше түрінен әлденеше рет әлем чемпионы атанған, 28 мемлекетте белдесуге түсіп, 56 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты ХХ ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде тек қазақтың ғана маңдайына біткен бақыт. Кеңестер заманында «ұлыорыстық» идеологияның әсерімен орыс текті палуандарды асыра жарнамалап кеттік, шынтуайтына келгенде, Ресейдің балуандар тобында Қажымұқаннан күші асқан ешкім болған жоқ. Ол сол замандардағы дүниежүзінің әйгілі чемпиондары Иван Поддубный, Иван Заикин, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Поль Понс, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Вейланд Шульц сынды жампоздардың жауырынын жерге қадаған, өзара тығыз, достық қатынастарда болған. Қажымұқан әлемдік додаларды талай рет жеңіп тұрған жерінен күресті ұйымдастырушылардан, жарыс төрешілерінен сан мәрте әділетсіздік көрді, бірақ оған ұнжырғасы түспеді, мойымады, қайта шыңдала, ширай түсті.

Тарихи деректерге сүйенсек, батыр 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Сарытерек болысына қарасты Жәдік ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келіпті. Жастайынан қазақ, орыс байларына, дәулетті адамдарға жалданып жұмыс істеген. Сөйте жүріп той-томалақтарда күреске түсіп, елге көрініп, бала балуан деген атқа ие болған.

Күрестің алғашқы кәсіби мектебін Сан-Питерборда Лебедевтен оқыды. Онда 3 жылдай дәріс алады.

Қажымұқанның тұңғыш рет 1906 жылы Харбин қаласында өткен дүниежүзілік сайыста әлем чемпионы атанады. Осы жарыста батыр баба «жиу-житсу» бойынша күресіп, турнирде бірде-бір рет жеңілмеген, үлкен алтын медаль жеңіп алғаны. Осыдан кейін орыс әкімшілігі алып күш иесінің бұратана халықтың атынан шығуына тиым салды. Еріксіз орыс палуандарының атымен күресуге мәжбүр болды, бірақ кілемге шыққанда қазақы намысты қайрап, іштей батыр бабаларының аруағына сыйынып шығады екен.

Харбин сапары Қажымұқанның даңқын аспанға көтереді. Енді оны «Маньчжурия» чемпионы деп атап кетеді, әрі «Мухинура» деген лақап ат беріледі. Қажымұқанның мұнан басқа да бірнеше лақап аттары болған. Революцияға дейін ол қатысқан чемпионаттарды ұйымдастырушылар, сол замандағы жағымпаз баспасөз өкілдері, біресе «жапон» деп, біресе «маньчжур» деп, мүмкіндігінше «қазақ» екенін айтпауға тырысты. Мәселен, 1909 жылы Қажымұқан атақты эстон балуаны, әлем чемпионы Георг Лурихтың тобында күресіп жүреді. Лурих өз тобының жетекші балуандары жөнінде айта келіп, Қажымұқан туралы: «Шығыс ұлы жапон «Мухинура» ол сирек кездесетін мықты балуан, күресте қайтпайтын бірбеттігі, далаға тән қайсарлығымен және ызақорлығымен ерекшеленеді» – деп жазған. Қажымұқанның «Ямагата Мухинури», «Мухан», «Иван Чёрный», «Қара Мұстафа»  сияқты лақап есімдері болған.

ХХ ғасырдың басында Қажымұқанның күші кемеліне келіп, нағыз спорттық бабында болған. 1910 жылы Мұқан тұңғыш рет Оңтүстік Америка құрлығына табан тірейді. Оның Аргентина астанасы Буэнос-Айреске барған сапары сәтті болады. Қажымұқан бұл сапардан үлкен алтын медальмен оралады. Бірақ Қажымұқанның Америкада күрестің қай түрінен өнер көрсеткенін анықтаудың әзірше сәті түскен жоқ. Оның Американың еркін күрес түрі бойынша сайысқа түсу әбден ықтимал деген пікір бар. Себебі, Қажымұқан өзін французша күреске қарағанда, еркін күрестен әрқашан да мықты сезінген. Суреттегі кубок сол кездің жәдігері.

1937-38-дің «үркіншілік жылдары» НКВД қызметкерлері Қажымұқанның да соңына түсіп, қуғындаған. Батыр Түркістан мен Өзбекстанда бас сауғалайды. Өмірінің соңғы кезеңі Түркістан жерінде өтеді. 1948 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданы, Ленин туы колхозында қайтыс болды. Темірлан деген ауылда, қабырының басына ескерткіш орнатылған. Оның төрт әйелінен тараған ұрпақ Түркістан мен Ақмола өңірінде өмір сүріп жатыр.

Baq.kz

Автор: Дәулетқали Асауов

Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/kajyimukannyin-aksh-tan-akelgen-kubogyi-57035/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: