АЛТЫНОРДА
Новости

Қажымұқанды ұмытып кеткен жоқпыз ба?

Бүкіл әлемде, әсіресе посткеңестік аумақтағы мемлекеттер тәуелсіздікке қол жеткен тұста, жаһандану үрдісі белең ала түскенін сезіп те, көріп те жүрміз. Әйтсе де «жаһандану» заманында ұлттың ұстынын берік ұстап,оған қарсы өз халқымыздың мәдени және рухани жауһарларын,ұлт қаһармандары мен даналарын дәріптеп, насихаттап отырсақ ұтылмасымыз хақ. Қажымұқан Мұңайтпасұлы. Бұл есімді білмейтін жан кемде-кем шығар.

Бұл есімнің өзге де ұлт өкілдері үшін аса қымбат екендігінің куәсі болғанымды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім. Оның үстіне сәуірдің 7-і қүні даңқты палуанның туғанына 142 жыл толып отыр. Осы бір күнге орай отандық БАҚ-та жарияланған материалдардың көзге түспеуі көңілге кірбің түсіргенін айтуымыз керек. Ит пен мысыққа көрме ұйымдастырғыш «пысықайлығымыздың» қазақтың даңқын паш етуге келгенде кежегесін кейін тартып тұрғаны анық байқалады.

Сонау 20-шы ғасырдың 80-ші жылдарында, студенттік шағымызда,Ташкент шаһарындағы Гордеев көшесіндегі №21 үйде бір жебірейдің  пәтерін жалдап тұрдық. Бір күні Калмақан Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» повесін оқып жатқанымда,пәтер иесі Ханан-ака келді. Ол кісіге кітаптың сыртындағы кеудесі медалға толы апайтөс палуанның суретін ерекше мақтанышпен көрсеттім.

«Әй бала,бұл Хаджимухан ғой»,- деді. Пәтердегі 4-5 студент жан-жақтан сұрақтарды жаудырдық. Сендер оны кітаптан білсеңдер,мен оны көзіммен көргенмін деді. Сөйтсе Қажымұқан атамыз соғысқа дейін де,соғыс жылдарында да,соғыстан соң да Ташкентке жиі келіп,өнер көрсетіп тұрады екен. «Бозбала шағымда «Ескі Жуа»,яғни «Чорсу» базарында жүргенімде,- деді Ханан-ака, Қажымұқан келді дегенді естіп,бүкіл халық базардың орталығындағы шайханаға ағылды. Ол алып денелі, дәу кісі екен.

Күлген кезінде,сөйлегенінде дауысы арыстандай гүрілдеп естілді дейді. Шайханашы палуанның шай ішкен самауырынан шай алыңдар деп,палуан дәм татқан пәтір нанды,самсаны алыңдар деп,саудасын қыздырыпты. Жиналған жұрт сарқыт сұрағанда, саптыаяқтағы сыраны ұрттап беріпті,ал шайханашы сыра бөшкесіне құйып,оны сатты дейді. Сонда палуан өнер көрсеткен, арбаға сыйғанынша адам толтырып сүйреп,лом темірді галстук етіп бұрап,кеудесіне тас қойып сындыртып,түйені иығына салып көтеріп т.б. қызықтарды көрсеткен.

Сендердің түрлерің мынау,ілмиген арықсыңдар,Қажымұқан аталарыңдай ірі емессіңдер,- деп бізді күлдірді. Егер іздесеңдер ол туралы Тәшкеннің халқы өте көп біледі,кітаптағы жазғандары бержағы ғой,балаларым. Ондай пахлавон енді туылмайтын шығар енді,- деп күрсініп шығып кетті. Біз үнсіз отыра бердік,бірақ ішімізден осындай тұлғасы бар халықтың ұрпағы екенімізді мақтан тұтып,Ханан-аканың айтқандарын таныстарымызға айтып жүрдік.Содан бері де сынаптай сырғып,жылдар да өтті жылжып…Бүгін баспасөз бетінен Қажымұқанның туған күні сол бір оқиғаны есіме алдым.

 

 Айтбенбетов Орынбек Орынбасарұлы

Қарағанды облысы, Приозерск қаласы

 

http://ult.kz/kz/article/view?id=1223