Қайрат МӘМИ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы


– Ұлыстың ұлы күні – адамның ке­лер күннен тілеу тілеп, өткенге есеп беретін, дұшпаны болса ке­ші­ріп, көңілдің кірін кетіріп, бір ағы­нан ақтарылатын күн ғой. Өткен жыл­ға өкпеңіз жоқ па?
– Өткен күн, ай, жыл – тарихтың ен­шісінде. Жыл санап еліміздің әлеуеті артып, экономикасы қуат­танып, жаңа белестерді бағындырып жатқаны, халқымыздың береке-бір­лігі артып, ел тәуелсіздігін баянды ету жолында тұтаса, ынтымақпен еңбек етіп жатқаны – мақтан етуге тұрарлық жетістік. «Қазақтың нағыз Жаңа жылы – Наурыз!» деп Елбасы айтқандай, Ұлыстың ұлы күні қар­саңында артта қалған жылға назар салсақ, өткен жыл – ел дамуының жа­ңа кезеңге өту жылы болғанын бай­қаймыз.
Бірінші, өткен жылдың 1 қаңта­рынан Қазақстанның, Беларусь пен Ресейдің қатысуымен Біртұтас эко­номикалық кеңістік құрудың іс жү­зіндегі кезеңі басталды.

Екінші, жылдың қорытындысы бойынша – ішкі жалпы өнімнің кө­ле­мі жөнінен дүниежүзінің 50 елі қа­тарына ендік. Бұл – әлемнің бәсе­кеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру ­жөніндегі мақсаттың орындалға­нын көрсетеді.

Үшінші, өткен жылы «Халықтық IPO» бағдарламасын, нақтырақ айт­қанда, «ҚазТрансОйл» компания­сы­ның акцияларын құнды қағаздар на­рығына шығару жүзеге асырыла бас­тады.

Төртінші, тұңғыш рет Орталық Азия аймағында және ТМД елдері бойын­ша халықаралық «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін өт­кізу мәртебесі Қазақстан пайдасына шешілді. Бұл көрме елімізге аса қажетті әрі тиімді жаңа техноло­гия­ларды іске кірістіруге жол ашатын болады.

Бесінші, құқықтық саладағы ре­формалар аясында тұңғыш рет бар­лық құқықтық құрылымдардың қыз­меткерлері түгелдей аттес­тат­таудан өтті.

Алтыншы, Лондон Олим­пиа­да­сында біздің спортшыларымыз 205 ұлттық құрама арасынан 12-орын алып, жеңімпаз ірі державалар қа­тарынан көріндік.

Міне, бүкіл аталған жетістіктер мен оң нәтижелердің бастауында Ел­­басы Н.Назарбаев тұрғанын ха­лық жақсы біледі. Сондықтан 2012 жылы тұңғыш рет Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Прези­ден­ті күні бүкіл ел болып және халық­ара­лық деңгейде атап өтілгенін де жұрт­шылықтың жыл қуанышының бірі деп тануы заңды.
Жетінші және ең бастысы, 2012 жыл тарихқа Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мем­лекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауы жарияланып, әлемнің бәсекеге қабілетті ең озық 30 елінің қатарына ену міндеті қойыл­ды. Жергілікті әкімдердің сай­ланбалылығын енгізу туралы шешім қабылданды. Ел дамуының жаңа ке­зеңі басталды.

– Республика халқының 43 па­йы­­зы ауылда тұратынын және олар­­дың басым бөлігі мемлекет құ­ру­шы ұлт – қазақтар екенін ескер­сек, әңгімені қарапайым халықтың жанына жақынырақ жай, осы халықтың әкімдерді өздері сайлауы мә­селесінен бастасақ. Шешім қа­был­­данды, алайда қоғам, ұлттық са­на бұған дайын ба?
– Есіңізде болса, 2006 жылы әкім­дерді сайлауға орай арнайы сы­нақ өткізіліп, елімізде 59 әкім сайлау арқылы қызметке тағайындалған болатын. Яғни бұл мәселеде ел ішін­де ақ пен қараны ажырата алатын тә­жірибе бар деуге болады.
Нұрсұлтан Әбішұлы биылғы Жол­­дауында: «Біз басқаруды орта­лық­сыздандыруды сауатты жүр­гізуіміз керек. Орталық­сыз­дандыру идея­сының мәні – шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ре­сурстарды орталықтан өңірлік би­лік органдарына беру», – дегенін бі­леміз. Бұл – жоғарыдан келетін пәр­меннің азайып, әкімдердің ше­шім қабылдау құқығы кеңейіп, қа­жетті ресурстар орталықтан өңірлік биліктің қолына ауысуына қол жет­кізуді көздейтін нақты әрекет. Сөй­тіп, 2013 жылдан бастап 2533 әкім, соның ішінде селолық, ауылдық ок­ругтердің, кенттердің және аудандық маңызы бар 50 қаланың әкімдері сай­ланатын болады. Бұл – барлық дең­гейдегі әкімдердің жалпы саны­ның 97 пайызы. Меніңше, қоғам да ұлттық сана да бұған дайын. Қазақ елі­нің ақыл-ойы, саяси саналылығы, сауа­ты қай елден кем? Басқа елдерде де солай, электорат үшін күреске тү­­седі, сайлауға қанша үміткер түс­сін, озық ойлы, қолынан шаруа ке­летін, іскер, өзінің бағдарлама­сы­мен елді қызықтыра алған кандидат өтеді. Жалпы, осы саяси қадамдар нә­тижесінде елімізде мемлекеттілікті одан әрі нығайту мен қазақстандық демократияны дамытудың жаңа ке­зеңі басталады.

– Білуімше, ауыл әкімінің кан­ди­датурасын аудан әкімі ұсынады. Ха­лық мақұлдайды. Мәслихат бе­кітеді. Неге халық ұсынбайды лайық­ты кандидатты? Неге әкім? Бұл тамыр-таныстыққа, рушыл­дық­қа, өзіне жағымды, айтқанынан шықпайтын адамды тартуға жол ашып жүрмей ме?
– Жалпы, Елбасының мемле­кет­тік басқарудың жаңа түрін қалып­тас­тыру мақсатымен ұсынып отыр­ған жаңа бағдары жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымда­ма­сына тың серпіліс әкелері анық. Сон­дай-ақ демократиялық дамуға не­­гізделген бұл үрдіс көптеген ұлт өкіл­­дері тұратын елімізде халықтың топтық, рулық, тағы басқа ерек­ше­ліктерімен емес, ортақ ұлттық мүдде төңірегінде ұйысуына жол ашатын болады. Неге үміткерді әкім ұсы­на­ды? Өйткені ол халықпен жұмыс істеп отыр ғой, кімнің елдің ісін алға апара алатынын жақсы біледі. Оның үстіне, біріншіден, мәслихат депу­таттарын халық таңдайды. Ал әкім­дерді мәслихат мүшелері сайлайды. Яғни сайланған әкім енді тағайын­далған әкім тәрізді «жоғарыдағы та­­ғайындаушы басшым мені қыз­метімнен алып тастар ма екен» деп қылпылдап отырмайды, керісінше, халықтың ойынан шығуға тырысады, билікке өз талаптарын халықтың атынан тіке қоя алады. Халық сені­мі­нен шығу үшін белсене жұмыс іс­тейтін болады. Бұл өз кезегінде жер­гілікті өзін-өзі басқарудың са­па­сын арттырады. Екіншіден, ауыл­дық, аудандық деңгейдегі әкімдердің өкілеттілігі кеңейеді. Үшіншіден, арнайы кеңестер арқылы қоғамдық бақылау күшейіп, халық әкімдік­тер­дің шешімдеріне тікелей қатыса ала­ды. Осы тәжірибе әбден орнық­қан соң болашақ әкімнің кандида­ту­ра­сын халықтың өзі ұсынуы әбден мүм­­кін.

– Ауыл әкімінің ең жанды жері – әкімнің өз бюджетінің жоқтығы еді. Әкімшілік аумағында тұратын кә­сіп­керлерге қол жайып, іс бітіре­тін. Енді оларға ақша қайдан, қалай бө­лінеді. Оның көлемін кім белгі­лейді?
– Билікті орталық­сыз­дан­дыру­да­ғы мақсаттың бірі – жергілікті жер­лердің өзіндік бюджетін қалып­тастыру, жұмыстарын жүйелі жос­пар­лауға мүмкіндік беру екені белгілі. Бұл орайда жергілікті мәсли­хаттарға зор жауапкершілік арты­лып отыр. Бұрын мәселе облыс, ау­дан орталықтарындағы кабинеттерде ше­шіліп, дайын шешім төменге тек орындалу үшін түсірілетін болса, енді жергілікті әкімшілік өз мә­се­лесін, негізінен, сол жердің өзін­де шешу­ге мүмкіндік алады. Енді оларға ақша қайдан, қалай бөлінеді, оның кө­лемін кім белгілейді деген мәселеге келсек, бұл әзірше кесіліп-пішілме­ген мәселе. Елбасы Жолдауда ауыл әкі­мінің бюджетінің болуы туралы айт­ты. Ендігі жерде Үкімет ауыл әкі­мі бюджеті қалай, неден құралатыны жөнінде нақты ұсыныстарын әзір­леп, Парламентке ұсынуы күтілуде. Егер ауыл әкімінің өз бюджеті болса, ор­талыққа тәуелсіз, жалтақсыз өмір сү­рер еді. Ал әкімнің сол құралған қар­жыны және мемлекеттік бюд­жет­тен 15 бағдарлама аясында бөлі­нетін ақшаны қай мақсатта пайда­ланатынын қалай шешеді деген мәселеге келсек, мұнда да ауыл бел­сен­ділерімен, тұрғындарымен кеңе­се, келісе отырып, қаржыны қай са­лаға бөлу ауыл әкімінің өз құзы­рын­да. Халық бюрократиядан құты­лып, билік – адамдармен қоян-қол­тық жұмыс істейтін болады.

– Сайланған әкімге халықтың аза­­­маттық бақылауы күшейеді. Егер қандай да бір түсініксіз ахуал қа­лыптаса қалса, сайлаушылар әкім­нен есеп беруін өздері талап ете ала ма, болмаса мәслихатқа немесе құ­қық қорғау, әділет органдарына жү­гінуге тиісті ме?
– «Мемлекеттік қызмет туралы» заң­ға сәйкес, сайланған әкім өзіне жүк­телген міндеттерді орындамаса не­месе округтегі тұрғындар оның мә­селе шешуге қабілетсіз екендігін бай­қаса сайлаушылар есеп талап ете ала­ды. Ал егер қандай да бір қыл­мыс­тық заңбұзушылыққа орын бер­се, әрине, құқық қорғау, әділет ор­ган­дары түсірілген шағым немесе тексерістер негізінде жауапқа тар­ты­лады.
Жалпы, ел аманатын арқалатқан әр әкім Президенттің «Әкім халқына жа­қын болуы керек. Елдің тыныс-тір­шілігін, мұң-мұқтажын, бес сау­сағындай біліп, оны шешетін шебер ұйымдастырушы болуы тиіс. Өр­ке­ниетті елдердің көпшілігінде, жер­гі­лік­ті басқарушыларды сайлау ар­қы­­лы қызметке тағайындау ер­­­те­ректен енгізілген» деген сөзін есін­­де ұстаса, аманатқа қиянат жасамайды деп ой­лай­мын.

– Қоғамның ең басты кесел­дері­нің бірі – танысы, туысы немесе ру­ласының артынан жөңкіліп кө­шіп жүретін басқарудағы коман­да­лық тәсіл еді. Жаңа Стратегияда Ел­басы кәсіпқой мемлекеттік ап­парат қалыптастыру міндетін қой­ды. Бағытымыз дұрыс. Бірақ біздің елдің менталитеті белгілі ғой, ертең басқарушы элитаның шен-шек­пенділердің тұқым-тұқияны арасы­нан іріктелуіне жол беріліп кетпей­тініне кепіл бар ма?
– Мемлекеттік қызметті түбе­гей­лі реформалау ісі Елбасының Қа­зақстан халқына арнаған Жол­дауын жүзеге асырудың бір міндеті екені белгілі. 26 наурыздан бастап өткен жылдың соңында Президент қол қойған «Мемлекеттік қызмет іс­тері туралы» заң белгіленген та­лапқа сәйкес күшіне енеді. Заңның та­лабына орай жиырмадан астам нор­мативтік-құқықтық актілерге өзг­ерістер жасалады.
Әкімшілік реформаның алғаш­қысы «А» корпусына, яғни, Ұлттық деңгейдегі тобына 500, аймақтық дең­гейдегісіне 1500 лауазым иесі енеді. Бірінші топты минист­р­лік­тердегі жауапты хатшылар, комитет тө­рағалары мен орынбасарлары, облыс әкімдігінің аппарат жетекші­лері, қала-аудан әкімдері құрайды. Ұлт­тық деңгейдегі кадрларды ірік­тей­тін комиссияға Президент әкім­шілігінің басшысы төрағалық етеді, ал бірнеше мемлекеттік мекеме же­тек­шілерінен құрылатын аймақ­тық комиссияны облыс әкімі басқара­ды.

– Парламент депутаттары заң­ды қабылдағанда мемқызметкерді сұрыптау талаптары алғышарт­та­рында білімі, заңды меңгеруі, іс­кер­лігі, тәжірибесі әсіресе, тілді біл­уі мәселесін ескерді ме?
– Әрине, олардың іскерлігі, жұ­мыс тәжірибесі есепке алынады. Со­нымен бірге арнайы дайындалған тест сынағын тапсыратын болады. «А» корпусына үміткерлер үш сы­нақ­тан өтуге міндеттеледі. Біріншісі, салаларға қатысты заңдар жиын­ты­ғын білу, екіншісі, мемлекеттік тілді мең­геру, үшіншісі, жеке іскерлік қабі­леттілігін дәлелдеу.

– Әкім сайланды делік, енді ол тест­ке жақсы болғанымен істе шор­қақ болса, оны кім және қандай кри­терийлер бойынша анықтайтын болады. Әлде қазіргі кейбір әкімдер сияқты мына облыстан алып таста­са, келесісіне әкім болып «оқшантай­да» жүре бере ме?
– Мәселе, іскерлігін таныта ал­ма­­са ендігі жерде сайланбалы әкім­нің сол «оқшантайдан» шығып қа­латындығында. Өйткені енді әкімді халықтың өкілдері сайлайды. Ал егер үмітін ақтамаса, халық екінші қайта сенім білдірмейтіні анық. Ал әкім жұмысын бағалау критерий­ле­ріне келсек, бұл, негізінен, үш  талап­пен – салық түсімдерін молайту, жа­ңа жұмыс орындарын құру, қо­ғам­дық-саяси тұрақтылықты сақтау негізінде жүзеге асатын болады.

– «Адам қанша қажетсінгенімен, ол өз үлесінен артық жей алмайды» деп­ті Қорқыт бабамыз. Десе де  жем­­қорлық, сыбайластық, па­ра­қорлық қоғамның кеселіне айнал­ғаны аз ай­тылып жатқан жоқ. Ішіп-жеп, қа­шып кететін әкімқаралар саны да азаймай тұр. Су жаңа әкім­дердің іші­не жымқырма «аурулары» бар­лары мен бұрын қылмыстық топ құрғандар еніп кетпеуін кім тек­се­реді?
– Салық пен прокуратура ор­ган­дарынан үміткерлердің қарызы мен соттылығына қатысты анықтама та­лап етілетін болады. Елбасы: «Жаң­ғыртудың ең маңызды мәселелерінің бірі – сыбайлас жемқорлықпен ке­сім­ді күрес. Бізге сыбайлас жемқор­лық­пен күрестің жаңа стратегиясын жасау қажет» дегені және Мемлекет басшысы ел Үкіметіне әлеуметтік тәжірибені ескере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді бағдар­лама дайындауды тапсырғаны бел­гілі. Ал жалпы алғанда, соңғы онжыл­ды­қ­та елімізде сыбайлас жем­­қор­лыққа қарсы күрес саласында айтарлықтай құқықтық база қалыптастырылды. Алай­да өмір бір орнында тұрмайды ғой, уақыт жаңа өзгерістерді талап ете­ді. Сондықтан бұл саладағы нор­ма­тивтік-құқықтық база 17 заңмен жетілдірілді. Заман талабына сай, мүмкіндігінше жемқорлықтың жо­лын кесуге бағытталған бұл заң­дар ұлттық заңнаманы қолданыс­тағы халықаралық стандарттарға жақын­дата түсті.

– Жақында Бас прокуратура Пар­ламентте құқық қорғау сала­сына жолбикелердің өтіп кетпеуін тексеру үшін жалғандық детекто­рын, яғни, полиграфты пайдалану мә­селесін көтерді. Сіздіңше полиг­раф­ты пайдалану қаншалықты заңды және қаншалықты тиімді болады? Биік лауазымды мем­ле­кеттік қызметтердегі шенеуніктерді жем­қорлықтан, басқа да арамза әрекеттерден арылту үшін осы құ­рылғыны пайдаланса, нәтиже берер ме еді?
– Жалғандық детекторы бүгін пай­да болған жаңалық емес. КСРО-ның кезінің өзінде де қолданылуға рұқсат етілгені мәлім. Тіпті амери­калықтар полиграфты тергеу iсi бойынша 1921 жылдардан берi қол­данады. Ал енді бұл құрылғыны пай­да­л­анудың өрісіне келсек, бүгінгі күнде 60-қа жуық елде полиграфты ресми түрде пайдаланады. АҚШ-тың қы­лмыстық істерді тергеп-тексе­ретін полициясы осы полиг­рафтың көмегiмен жылына 30 мыңнан астам қылмысты әшкерелейді екен. Сон­дай-ақ жеке компаниялар,  фирма­лар, банк жүйесі осы құрылғыны өз қыз­меттерінде керекті кезде пай­да­ла­на­ды. Алайда мемлекеттік қыз­меттегі шенеуніктерді қызметке аларда бұл аппаратты жалпылама түрде қолдану әлі еш елде кіргізілген жоқ.

– Полиграфты құқық қорғау са­ла­сында қолдануға рұқсат етілді дейік. Оның нәтижесі іске бұлтарт­пас дәлел ретінде тіркеліп, сотта ай­ғақ бола ала ма?
– Полиграфты тергеу ісіне қол­дануға қатысты айтар болсақ, жал­ғандық  детекторының  қорытындысы бөлек айғақты дәлел ретiнде есепке алынбайды. Бірақ та полиграф нәти­жесі оқиға бойынша күдіктінің қан­шалықты шын жауап беріп отыр­ғанын анықтауға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органда­ры­ның алқа мәжілісінің кеңейтілген оты­рысында, ішкі істер органдарына қызметкерлерді жұмысқа қабыл­да­ған кезде полиграфты белсенді түр­де қолдануды ұсынғаннан кейінгі жерде, Бас прокуратура, жақында  осы мәселенің заңдылығы жағын реттеу мақсатында Парламентте «Қа­зақстан Республикасының  заңы­на өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын таныстырғаны белгілі. Бұл Заң жо­басы Парламенттің талқылауын­да. Мамандардың полиграфтық тест қорытындысының сенiмдi ақпарат беруi 99 пайызды құрайтыны туралы пікірін ескерсек, оны арнайы орган­дарда кеңінен қолдану қоғамға бір­шама пайда әкелуі мүмкін.

– Кешегі қазақ даласының пар­ла­меті, соты, прокуроры – билері еді. Үш кемеңгер – Төле би, Қаз­дауыс­­­­ты Қазыбек би, Әйтеке би Тәу­ке ханның ақылшысы, сүйеніші бол­ды. Абылай ханның тұсында Бай­далы мен Қарауыл Қанай, Ес­келді мен Балпық, тағы да басқа би­лер, өз дәуірінде түйіні қиын, күр­­делі істердің әділ шешімін тауып, жердің тұтастығы мен ел ты­ныштығы үшін қайраткерлік қыз­мет атқарғанын білеміз. Бүгін­гінің билері – құқық қорғау, әділет саласының басшылары сондай қай­раткерлік деңгейде ме, тарихи ке­зеңде Елбасы төңірегіне топтаса, сүйе­ніш бола алды ма?
– Билер институты дала демок­ра­тиясының қайнары болғаны анық. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ Парламент, әділет және құқық қор­ғау органдары елімізде әлемнің кез кел­ген елімен тең терезелі мемле­кетімен үзеңгі қағыстыра алатын деңгейде болуы үшін жаңа заңдар қа­былдады, құқықтық реформа­лар­ды жүзеге асырды. Егемендік алға­н­нан берідегі 21 жыл ішінде ел өмірін сапалы заңмен қамтамасыз етуде қаншама депутаттар тер төкті. Пар­ла­мент төрағалары, әділет саласы мен бүкіл құқық қорғау салаларының кешегі, бүгінгі басшылары, ең бірін­ші Конституцияны жасақтау үшін жинақталған арнайы комиссияның мүшелері тарихи кезеңде Елбасының төңірегіне топтасты, ел бірлігі, ты­ныш­тығы мен береке-дәулеті үшін күр­ескен қайраткерлік дәрежеде көріне білді. Егер біздің еліміз заман талабына сай заңдар қабылдауда көрші мемлекеттерден оқ бойы озық тұрса, бұл – кешегі билердің бүгінгі із­басарларының бабалар мирасына лайықтылығын білдіреді деп ойлай­мын.

– Қалтарыс-бұлтарысы сан қи­лы ­саясатта жүрген азаматтардың ата­ға нәлет келтірмей, адами қа­сиет­те­рін сақтап қалуы үшін не қа­жет деп ойлайсыз?
– Өзіңіз жаңа ғана ғибратты сө­зі­нен мысал келтірген Қорқыт ба­бамыз “Қонақ келмес үйдің қирағаны жақ­сы, жылқы жемес шөптің шық­пағаны жақсы, адам ішпес ащы су­дың ағысты жылғаларды қумағаны жақсы, атаның атын былғайтын ақыл­сыз ұлдың тумағаны жақсы” деген екен. Десе де қоғам болған соң ақылгөй мен арамза, адал мен жем­қор, діндар мен адасушы қатар өмір сүруге мәжбүр. Сол қоғамда кім қай жолды таңдаса, сол жолға лайық баға­сын алады. Адам ең алдымен өз жо­лын дұрыс таңдай білу керек жә­не сол жолды адал әрі таза жүріп өту керек деп ойлаймын.

– Наурыз – Ұлыстың ұлы күні – Жа­ңа жыл. Осы жылда ел-жұрты­мыз­дың неден арылуын, нені жо­ғалтпауын тілер едіңіз?
– Наурыз – жаңару күні. Ескі ауырт­палықтың барлығы қыспен бір­ге кетіп, енді жаңа үміт, жаңа тір­шілік есігі ашылады. Барша қа­зақ­стандықтарға Ұлыстың ұлы күнінде бақ-береке, ынтымақ тілей оты­рып, мемлекеттігіміз бен ұлттығы­мызға титтей де зияны бар жаман­шылық біт­кеннен арылуын, тәу етер Тәуел­сіз­дігімізді мәңгі жоғалтпауын тілер едім.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Әділ Бек ҚАБА

http://www.aikyn.kz

Рубрика: