©Алаш айнасы иллюстрациясыБіздің елімізде отандық эстрада сахнасында өнермен ғана емес, жеке кәсіпкерлікпен де айналысып нәпақасын тауып жүрген жұлдыздар баршылық. Бірақ «көзден, не сөзден» қорыққан өнер адамдары өзінің жеке бизнестері туралы ашылып айта қоймайды. «Ұзынқұлақтан естігенім бар еді, бизнесіңіз қалай болып жатыр?» деп сұрай қалсаңыз, «өзімдікі емес, ағамдікі, күйеуімдікі, көршімдікі» деп ат тонын ала қашып, маңына жолатпайтын әншілер де жоқ емес. Дегенмен олардың кейбірі «бейресми дүние еді» деп бар екенін жасырмаса да, БАҚ көздеріне тарап кетпеуін өтінеді. «Менікі бизнес емес, әшейін ұсақ-түйек дүние» деп «сыпайылық» танытатындар да бар. Біз бүгін өнерден бөлек кәсібі туралы ашып айта алған әншілер жайлы сөз қозғамақпыз.

Өнерде де өмірде де жұптары жарасқан Құралай мен Мирас музыканың қос бірдей жанры: классика мен эстрадалық әндерді нақышына келтіріп орындайтыны белгілі. Өткен жылдың көктемінде қос әнші «Мирас-Құралай» атты ән орталығын ашып, жеке сайттарын да іске қосқан болатын. Бүгінгі таңда Мирас пен Құралайдың қосымша табыс көзінің бірі – халал хауыз.

– Халық арасында «хауыз – жын-ойнақ жайлаған жер» деген пікір қалыптасқаны белгілі. Біздің түсінігімізше, оның ішінде арақ та ішіледі, темекі де тартылады. Міне, сондай болмасын деп, біз хауызды халал стандарты бойынша іске қостық. Оның іші қашанда таза, келушілерге барлық қолайлы жағдай жасалған, – дейді Мирас Қайырбекұлы.

Эстрададағы танымал жұлдыз Сиви Махмудидің бір басында талай өнер бар. Ол – әнші, актриса, «Аяла» тобының продюсері. 2006 жылы Голливудта, Лос-Анджелесте әлемдік байқауға қатысып, модельдік өнерден де тәжірибе жинақтаған. Бүгінгі таңда Сиви – аяулы жар, асыл ана. Иә, Сивидің шекесі торсықтай екі ұлы бар. Қашанда өнерімен, нәзіктігімен ерекшеленіп тұратын әнші, енді танымал бизнес-леди. Той көйлектер, салтанатты кеш көйлектері мен күнделікті көйлектер және әртүрлі әшекей бұйымдар сатылатын қос қабатты дүкеннің иесі.

– 15-16 жасымнан бастап, бизнеспен айналысып, оның қыр-сырын әбден меңгердім десем болады. Қазір балаларыммен отырғандықтан табысымның қомақты бөлігі сол дүкеннен түседі, – деп ағынан жарылды Сиви ханым.

MuzLife телеарнасының басшысы, елге танымал Эрик Тастамбеков өткен жылдың желтоқсан айында Баян Есентаевамен біріге отырып, «Кофейня» ашқан болатын. Сөйтіп 1999 жылдан бері шоу-бизнеспен жіті айналысып жүрген продюсер өзін бизнесмендердің қатарына бір-ақ қосты.

– Баян ханым екеуміз түрлі кофейняларда жүздесіп, әңгімелесіп, болашаққа жоспарлар жасайтын «әдетіміз» бар еді. Соңғы екі-үш жылда сондай отырыстарға қомақты қаражат жұмсалыпты. Содан екеуміз ақылдаса келе, өзіміздің «кофейнямызды» ашайық деген идея келді, – дейді Эрик мырза.Бірақ, бизнестен түскен табысты қалай бөліп алатындарын айтпай, «коммерциялық құпия» деп сауалдан оңай жалтарып кетті.

Әрине, «қос кемені қатар ұстау» оңай шаруа емес. Қазіргі таңда ел арасында «Чип-чип» деп аталып кеткен Асхат Тарғынов Алматыға көшпей тұрғанда, машиналарды алып-сатумен айналысқан екен. Бірақ, әншіге сұраныс өскеннен кейін, Алматыға көшіп, бизнесін де доғарып тастаған.

Шағын болса да, жеке кәсібі бар жігіттердің тағы бірі – «Жігіттер» тобының солисі Бағлан Әбдірайымов. Ол өзінің ер мінезіне сай, нағыз ерге тән бизнеспен айналысады. «Тұлпар ердің – қанаты» деген сеніммен жүретін қазақтар, астындағы аттарын «темір тұлпарға» айырбастағалы қай заман! Сол «тұлпарға» жаңа дөңгелек алғыңыз келсе, Бағлан мырзаға жолыққаныңыз дұрыс. – Мен өзімнің бизнесімді жаңа арнаға бұрмақ ниеттемін. Егер бұрын дөңгеліктерді көрші Қытайдан алдыртқан болсам, енді Жапонның бренд дөңгеліктеріне көшіп жатырмын, – деп ол өзінің инстаграмм парақшасын кейде кәсібінің жарнамасы ретінде де пайдаланатынын жасырмады.

ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші Ерлан Көкеевтің бизнеспен айналысып жүргеніне 6 жыл болыпты. Дәл сол жылдары Елбасының тапсырмасымен шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіліп жатқан еді. Соны тиімді пайдаланған Көкеев мырза Алматыда өзінің клубын ашқан. Ал бұдан бір жыл бұрын Астанаға қоныс аударып, кәсібін де, яғни, клубын Елордаға көшіріп алыпты.

– Менің ойымша, өнер адамдарын табысқа жетелейтін – муза. Ал бизнеспен айналысу – тек материалдық дүние. Айналысу керек те шығар, себебі біз материалдық ғаламда өмір сүріп жатырмыз, – деген Ерлан мырза өзінің кәсіпкерлік белсенділігін ешқашан жасырмайтынын алға тартты.

– Бизнесі бар, бірақ оны жасырып, айтпайтын әріптестеріме қандай да бір сын жасаудан аулақпын. Бірақ, өзімнің кәсібім туралы бүкпесіз айтып жүремін. Себебі, оны жасырудан маған келер пайда жоқ. Керісінше, мен қашанда жарнамаға дайынмын, – дейді ол.

Автокөлікке қатысты бизнеспен айналысып жүрген Бүркіт те бүгін Көктөбеде үй салуына байланысты өзінің кәсібін сатып жібергенін айтады. Десек те, уақыттың тығыздығына байланысты, өнерлі жұп тек шығармашылыққа көбірек көңіл бөлемін деп шешіпті.

Міне, қазақ эстрадасындағы ән орындаумен қатар алып жүрген кәсібі бар жандар туралы айтарымыз әзірше осы болды. Қалай десек те, күнделікті тойға кіріп-шығуы бар, концерттер, одан қалды гастроль, ән жаздыру, бейнебаян түсіру сияқты көптеген істермен айналысып жүріп, бизнестің де тізгінін ұстаған өнер адамдарының өте еңбекқор екеніне күмән жоқ.

baq.kz

Автор: Клара Ермағамбет

Толығырақ: http://alashainasy.kz/culture/kazakstandyik-anshler-oz-biznestern-nege-jasyiradyi-62517/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: