Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты кеше «террористік актілерді жүзеге асырмақ болды» деп айып тағылған күдіктілердің ісін қарауға кірісті. Алты адамнан тұратын топқа тағылған басты айып: қоғамға қауіп төндіріп, халықтың үрейін алу мақсатында жарылғыш заттар мен қару қолдана отырып жарылыстар әзірлеп, басқа да әрекеттерді жоспарлау. Күдіктілер террорлық топтарға қатысып, дүркін-дүркін лаңкестік әрекеттерді жүзеге асыру арқылы Қазақстанды халифатқа айналдыруды да көксегенге ұқсайды.

Ақпарат агенттіктерінің жазуынан бай­қағанымыз, кіл қаракөздерден тұратын кү­діктілер лаңкестік әрекетке бастан-аяқ әзір­ленген сыңайлы. Мәселен, жарылыс жа­сауға бел буған топ елордадағы Бей­біт­ші­лік және келісім сарайының, Астана опе­ра және балет театрының сызбаларын қол­ға түсірген. Мемлекеттік айыптаушы Мә­­лика Шашдәулетованың айтуынша, Қо­шалақов басқарған лаңкестік топ елдің жо­ғары лауазымды тұлғаларына қас­тан­дық ойластырып, Астанадағы Ұлттық қа­уіп­сіздік комитетінің ғимаратына ша­буыл­дауды жоспарлаған. «Бұл мақсатта айып­талушы Шәріпов өзінің кәмелетке тол­маған әйелі – Нұрғалиеваны үгіттеп, оны Астанадағы Опера және балет теа­трын­да жоғары лауазымды тұлғалардың қатысуымен өтетін театрдың ашылуында шахид ретінде өзін-өзі жарып жіберуге дайындаған», – деп келтіреді прокурордың сөзін ақпарат агенттіктері.

Ал айыптау қорытындыларына сү­йенсек, лаңкестік топ мүшелері бастапқыда «кәпірлерге» қарсы күш қолдана қылмыс жасап, олардың көзін жоя отырып, мүлік­терін иеленуді де ойластырған. Сосын қыл­мыстық жолмен табылған қаражаттың бір бөлігін Ресейдің Кавказ аймағына, сондағы террористік топтарға мате­риал­дық көмек ретінде жіберіп отыру жос­пар­ланған. Қаражаттың қалған бөлігіне қару-жарақ сатып алып, оны лаңкестік әрекеттер үшін қолдануға жоспарлапты. Сөйтіп, тергеу нәтижелері айыпталушы Қоша­лақов, Е.Кәдірсізов, А.Қасқабаев, С.Жү­нісов пен Шәріповтердің әңгімелерінен, пі­кір­лерінен қарулы жиһад түріндегі лаң­кестікті насихаттау, сондай-ақ тер­рор­лық әре­кетке шақыруларды анықтаған. Мә­се­лен, айыптау қорытындысы бойынша Қо­шалақов пен Шәріпов 2012 жылдың қыр­күйегінде Астанадағы Р.Қошқарбаев кө­шесіндегі мешіт жанынан дөнерхана ашып, соған келімді-кетімді жұртшылықты әңгімеге тарта жүріп, Қазақстан аумағында лаңкестік әрекеттер жасау үшін өздеріне қосыла алатын адамдарды да іздестірген көрінеді. Осылайша, 2012 жылы олар Астана тұрғындары Е.Кәдірсізов, А.Қас­қабаев, С.Жүнісов деген азаматтарды ірік­теп алады. Біртіндеп лаңкестік әрекеттерге бой ұрған топ мүшелері жарылыс ұйым­дастыру мақсатында Бейбітшілік және ке­лісім сарайының сұлбасын қолға түсірген. Тер­геу барысында топ мүшелері 19 жел­тоқ­санда қолдан жасалатын жарылғыш қон­дырғы мәселесін талқылағаны да бел­гілі болыпты. Ал мұндай мәліметтерді олар «Лаң­кестік әліппесі» атты кітапшадан ал­ған­ға ұқсайды. Күдіктілер қопарғыш қон­дырғы жасау үшін қажетті керек-жарақты да сатып алған. Әлгі кітапша да, жарылғыш затқа қажетті керек-жарақ та күдіктілердің пәтерін тінту барысында тәркіленген.

Бұдан басқа, күдіктілер «Астаналық ба­зар» сауда үйінен әшекей бұйымдар ұр­лауды жоспарлаған. Олар сауда үйінің жұ­мыс кестесін зерттеп, бейне-бақылау ка­мераларын анықтап, із суыту жолдарын да алдын ала пысықтаған. «Топ мүшеле­рінің біреуі сауда үйі жабылғанда сонда жал­ға алынған бутикте тығылып қалуы тиіс болатын. Одан соң дәнекерлеуші ап­па­ратпен, шыны кескішпен, бұран­да­ғышпен сейфтен зергерлік бұйымдарды ұр­лау көзделеді. Сосын қайтадан бутикке жасырынып, таңертең күзетшінің киімімен сауда үйінен сытылып кетуі тиіс болған», – деді прокурор. Оның айтуынша, 2012 жылдың желтоқсанында қылмыстық әре­кеттерін жүзеге асыру мақсатында топ мүшелері аталған сауда үйінің екінші қа­батынан бутик жалдаған. Орталық ба­зардан «Күзет» киімінің екі формасын, екі жол­қапшық пен тағы басқа қажетті ас­паптар сатып алынған. Террористік топ мү­шелері қылмысты 2012 жылы 31 жел­тоқсаннан 2013 жылғы 1 қаңтарына қа­раған түні жүзеге асырмақ болып уағ­даласады. Соған орай, 31 желтоқсанда Әб­дікеров пен Шәріпов «Астаналық ба­зар» сауда үйіне келеді де, Әбдікерімов дүң­гіршектің сөрелерінің астына жа­сырынып, Шәріпов бутикті жауып кетеді. 1 қаң­тарда түнгі 1-лер шамасында Әб­ді­ке­ровті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қыз­меткерлері тұтқындаған.

Сот отырысы әлі де жалғасатын бо­лады.

Автор: Қанат ҚАЗЫ, Астана

http://alashainasy.kz/politics/42704/

Рубрика: