АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақстандағы Ресей банктері тоқырауға ұшырауы мүмкін бе?

Ресей банктери (Нургиса фото)Кешелі бері Ресейдің экономикалық даму министрі Алексей Улюкаев пен РФ қаржы министрі Антон Силуанов Ресейдің Орталық банкінен елдегі банктерді қолдауды, оларға қандайда бір жеңілдіктер қарастырып, қайсыбір жағдайы мүшкіл банктерді қанатының астына алуды нұсқап отыр. «Рубльдің рекордтық көрсеткішке дейін төмендеп, ел экономикасының дамуы кері кете бастағандықтан елдегі қаржы институттарының да жағдайы тым мүшкіл» деген аталмыш министрлік өкілдері Орталық банкке келер 2015 жылдан бастап, банктерді дағдарыстан алып шығу үшін осы жылдың аяғында арнайы ұсыныстарды қарастыру қажеттігін бас айтуда.

Осылайша , елдің қаржы және экономикалық даму министрліктерінің пайымдауынша, Орталық банкке бір-екі айдың мөлшерінде басқа банктерді тығырықтан алып шығу үшін біраз жеңілдіктер жасауға тура келеді. Мысалы, қазір Ресей банктерінің Орталық банк алдынадығ қарызы 3 трлн рубльге жеткен. Мұны ескерген мамандардың дені Орталық банк жылдың соңында банктердің осы қарызын қайтаруда жеңілдіктер қарастыру қажеттігін алға тартып отыр. Тіптен елдегі жағдайды бажайламастан өзге банктер арқылы мемлекеттік компанияларға осынша қарыз берген Орталық банктің бұл әрекетін Ресей экономистері қазір сынға да алуда.

Бұл жайында Ресейдің экономист-сарапшысы Михаил Хазин біраз уақыт бұрын «Ресейде шамамен 1,5-2 пайыз көлемінде экономикалық құлдырау екі жылдан бері байқалып келеді. Әрине, үкімет те, Орталық банк те бұл құлдырау олардың саясатының салдарынан пайда болғанын мойындағылары келмейді, оны қалай да бүркеуге тырысты. Бірақ Ресейде девальвацияға байланысты экономикалық өсім болмайтынын олар жақсы білді. Біле тұра неше жылдан бері мемлекеттік компанияларға банктер арқылы несие-қарыз беріп келеді. Ал қазір мемлекеттік компаниялардың сол қарыздарын қайтара алмауы елдегі қаржы институттарын қатты тығырыққа тіреп отыр» деген болатын.

Сөйтіп, қазірде Ресейдің салалық банктері елде қалыптасқан ахуалға байланысты дағдарып отыр. Естеріңізде болса, биылғы жылдың шілде айында Еуропа Одағы Ресейдің капиталы ірі банктері “Сбербанк”, ВТБ, “Газпромбанк”, “Россельхозбанк”, Внешэкономбанктеріне санкция салған болатын. Содан бері Ресейдің санкцияға іліккен бұл банктеріне Еуропа нарығына кіруге шектеу қойылған. Олар енді Еуропадан ұзақ мерзімге қаржы, несие ала алмайды, Еуропа бұл банктермен бірлесіп ірі жобаларды қаржыландырмайды. Бұл жағдайға қатысты халықаралық сарапшылар сол шілде айының өзінде-ақ “Ресей банктерінің мұндай шектеуге ілінуі ел экономикасына кері әсер етеді” деген болатын. Ал қазірде халықаралық валюта қорының есебінше, Ресейде экономикалық өсім жоқ, тіпті рецессия байқалады. Қазір Ресей банктері өз ішінде абдырап санкцияға іліккен “Газпромбанк” пен “Россельхозбанкі” мемлекеттен көмек сұрап отыр. “Россельхозбанк” үкіметтен 100 миллиард рубль сұраса, ал “Газпромбанк” ұлттық әл-ауқат қорына айрықша акцияларын 40 миллиард рубльге сатып алуды ұсынған.

Ал ендің біз бұл жерде сол Ресей банктері Қазақстан нарығында да жұмыс істеп жатқанын ескерсек, мұның бізге салдары қандай болады? Ресей банктерінің қызметін қазақстандық тұтынушылар да пайдаланып отырғанын ескерсек, бұл арада қандай әрекет еткен жөн? «Алаш айнасы»мәселені тарқатып көрмек болды.

Қазір Қазақстан нарығында Ресейдің үш банкі – “Сбербанк”, ВТБ және “Альфа

банктерінің” еншілес бөлімшелері жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, осы

үш банк бүгінде Қазақстандағы жұмыс белсенділігін арттырып несиелендіру

нарығындағы үлесін көбейтіп, депозиттік базасын кеңейтуге күш салып отыр. Дегенмен Ресей банктері арқылы мемлекеттік инновациялық жобаларды қаржыландыруда сауатты әрі сақ болудың еш артықшылығы жоқ.

Марал Төртенова, экономист-сарапшы: 

– Егер былтыр елдегі барлық банктердің депозит көлемі орта есеппен 16 пайызға өссе, ресейлік үш банктің Қазақстандағы депозиттерінің салым көлемі 90 пайызға артқан. Үш банктің бір жылда берген несиесінің жиынтық көлемі 35 пайызға өскен. Бірақ бұл үш банктің несие қоржынындағы қайтару мерзімі өтіп кеткен несиелер үлесі Қазақстанның банк жүйесінен өте көп төмен. Ресейдің Орталық банкінің ылдында қарызы бар, негізінен РФ Орталық банкінің саясатын ұстанады дегенімізбен, Қазақстан нарығында пайда болған сәттен бастап ресейлік үш банктің Қазақстан банктерінің қаржылық қадағалау комитеті жариялап отыратын рейтингіндегі орны үздіксіз жоғарылап келеді. Мысалы, 2010 жылы актив көлемі жағынан Ресейдегі “Сбербанктің” Қазақстандағы еншілес бөлімшесі 12-орында, Альфа-банктің еншілес бөлімшесі 20-орында, ал “ВТБ Қазақстан” 30-орында болатын. Ал қазір үшеуі тиісінше 5, 16 және 18-орынға шыққан. Демек бұл банктер Қазақстан нарығында өзіндік жол тауып, капиталын қомақты ете алды. Бірақ санкцияға іліккен “Сбербанк” пен ВТБ акциясының 50 пайызы Ресей үкіметінің иелігінде. Яғни бұл банктер мемлекетке бағынады. Осы арада біз санкцияға іліккен бұл банктер арқылы ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру барысында өте сауатты болғанымыз абзал. Күні ертең Еуроодақтың санкциялары аталмыш банктерге одан әрі күшеюуі мүмкін. Сондай сәтте маңызды инвестициялық жобаларымыз аяқсыз қалмауы үшін Ресейдің банктерімен бірлесіп жұмыс істегенде, қаржы-операцияларын жүргізгенде біз өз мүддеміздің ұтылмауын ескергеніміз абзал. Себебі Ресейдің мемлекеттік банктерімен бірлесіп жұмыс істеп, олар арқылы ірі жобаларды қаржыландырып, ал ертең сол банктердің капиталы тым азайып, тоқырауға түсіп, қандайда бір оқыс шешімдер қабылдар болса мұның бізге кері әсері болады. Сондықтан мұны ұмытпағанымыз жөн. 

Негізінен сарапшылардың байыптауынша, Ресейге салынған санкциялар экономикасының түрлі салаларын күйретудің орнына тек шектеу қою арқылы Мәскеуді тәубесіне келтіруді мақсат тұтты. Бірақ нақ қазір оқиғаның ең шарықтау шегі таяп қалды, «енді шиеленіс шешіле бастайды немесе бұрынғыдан бетер ушығады» дейді мамандар. Сондықтан бұл жерде кез келген экономикалық жағдайда, әсіресе қаржы ұйымдарымен байланыс орнатуда бізге нақтылық, сауаттылық, тыңғылықты болу аса қажет.

Жаңабай Алдабергенов, экономист-ғалым: 

– Украина дағдарысы басталғалы Ресейден қаржы сыртқа шығарылып жатыр. Дүниежүзілік банктің есебінше, биылғы жылы Украина дағдарысы салдарынан Ресейден шетелдерге 150 миллиард доллар әкетілуі мүмкін. Көптеген инвесторлардың Ресей экономикасына сенімі азайды, капиталды Ресей банктерінде сақтай алмайтындарын түсінді. Жалпы, капиталдың сыртқа қашуына «ақшам күйіп кетеді», «құқығым қорғалмайды», «банктер банкротқа ұшырайды» деген үрей ғана әсер етпейді. Қазір Ресейдегі ахуал жалғыз бізді емес, әлемді даурықтырып отыр. Бұл арада Ресеймен қанша жерден одақтас елміз дегенімізбен расымен де қаржы ұйымдарымен әріптестік орнатқанда аса абай болағынымыз жөн. Рас, банктердің бәсекелестігі күшеюуі үшін біз елге Ресейдің қаржы ұйымдарын тарттық. Бәсекеге қабілетті ортаның болғаны жақсы. Бірақ біз «Сбербанк» пен ВТБ-нің — мемлекеттік банктер екенін ескергеніміз абзал. Демек бұл банктер мемлекетке бағынады. Рас, Ресейде болып жатқан жағдайға қатысты Қазақстандағы Ресей банктері де тоқырауға ұшырай қомас. Дегенмен, бұл жерде Ресей өзінің көзқарасымен келіскісі келмейтін басқа елдерді тұқыртып алу үшін табиғи газ сатуды қару ретінде пайдаланып отыр. Сол тәрізді Ресей мемлекеттік банктерін де экономикалық қару ретінде пайдалана алады. Бұлай күмәндануға себеп бір ғана Ресейдегі «Сбербанктің» активі Қазақстанның бүкіл банктерінің активін қосқандағы көлемнен екі есе көп. Қазір Ресей үкіметінің дағдарыс кезінде қандай әрекетке баратынын ешкім болжай алмайды. Сондықтан әлемдік тұрғыда Ресей банктерімен мемлекеттік қаржы-операцияларын жасағанда сауатты, тыңғылықты болу қажеттілігі айтылып жатқан тұста біз де бұл жерде экономикалық қауіпсіздік тұрығысына баса назар аударғанымыз жөн.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/kazakstandagyi-resey-bankter-tokyirauga-ushyirauyi-mumkn-be-59582/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі