АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақ хандығының 550 жылдығы ғылыми талқыға түсті

szh.kzАлматы қаласында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Еуразия ғылыми-зерттеу институты мен Халықаралық Түркі Академиясы (ІТА) бірлесіп «Қазақ хандығы және Қазақстан: идеялар мен ғасырлар жалғастығы» атты халықаралық конференция өткізді.

Елбасының бастамасымен биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы кең көлемде аталып өтіп жатқаны белгілі. Осыған орай ұйымдастырылған халықаралық деңгейдегі жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан тарихшылары, ғылыми-зерттеу институттардың басшылары, түркітанушы ғалымдар, ЖОО әкімшілік қызметкерлері мен профессорлары қатысты.

Ахмет Ясауи Университеті президенті, профессор У.Әбдібеков конференция қонақтарына құттықтау жолдады. Ал, оқу орнының вице-президенттері М.Куталмыш пен Т.Раимбердиев конференцияға арнайы қатысып ғылыми баяндама жасады.

Алқалы басқосу аясында ҚР ҰҒА Академигі, көрнекті түркітанушы-ғалым Рәбиға Сыздықованың Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған «Жәмиғ’ат-Тауарих» кітабының таныстырылымы өтіп, тоқсаннан асса да ғылымнан қол үзбеген ғалымға Иштван Мандоки атындағы естелік медаль табыс етілді. Өз кезегінде Рәбиға Сәтімғалиқызы жеке кітап қорын Халықаралық Түркі академиясы кітапханасына түгелдей тапсыратынын жеткізді.

Сонымен қатар, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы Осман Хоратаға Қазақстандағы қызмет мерзімінің аяқталуына байланысты сый-сияпат көрсетіліп, Академияның арнайы Құрмет грамотасымен марапатталды.

Халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі Қазақ хандығының жалпы түркі тарихындағы орны мен маңызын баса айтып, аталған мерейлі межені бауырлас түркі елдерінде және халықаралық деңгейде насихаттау қажеттілігіне тоқталды.

Халықаралық жиында – Қазақ хандығының 550-жылдығын Қазақстан, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан тарихшыларының қатысуымен халықаралық ғылыми деңгейде атап өтіп, қазақ хандығы және түркі тарихының келелі мәселелерін талқылау, сондай-ақ, келешек ғылыми жобаларға қатысты ортақ жоспарлар жасалды. Сондай-ақ, басқосуда қазіргі Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуындағы Қазақ хандығының тарихи роліне назар аударылды.

PR медиа орталығы.

Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/kazak-handyigyinyin-550-jyildyigyi-gyilyimi-talkyiga-tust-64491/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі