3e6e044cda2bc30bce3bfb91bb2f61e1Абай ОМАРОВ (коллаж)

Қазақстанда байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні, яғни журналистердің кәсіби төл мерекесі 28 маусымға белгіленгенімен, спорт қаламгерлері өз мейрамдарын 2 шілде күні атап өтіп жүр. 1995 жылдан бастап солай. Халықаралық спорт журналистері қауымдастығының қаулысымен бекітілген бұл күні Қазақстанның спорт тілшілері де бір-бірлерін мейрамдарымен құттықтап жатады. Оқырман қауымның да жылы лебіздерін естіп жатамыз.

Бейресми деректерге сүйенсек, әлемде 30 мыңнан астам спорт журналисі бар кө­рінеді. Соның ішінде қазақ спорт журна­лис­тикасының халі қалай? Қазақстан емес, қазақ спорт журналистикасы жайлы ай­тып отырмыз. Нендей проблемалар бар? Не атқарылмай жатыр? Не жетіспей жатыр? Кешегі мейрамнан кейін қазақ спорт жур­налистикасының қазіргі жайы жайлы біраз мәселеге бас қатырған едік.

Елімізде орыстілді және қазақтілді жур­налистика деп бөлінетіні бар. Спорт та­қы­рыбы да сол сияқты. Осы орайда, шы­ны керек, оқырман қауымнан «қазақ­тілді журналистер ақпараттарды кеш тара­тады. Барлық жаңалықты орыстілді сайт­тар­дан оқып алған соң, қазақтілді сайт­тар­ды қазбалау қызықсыз» деген пікірлерді жиі естіп жатамыз. Иә, жасыратыны жоқ, қазақ спорт журналистикасында ақпарат­тардың кейде кешеуілдеп жататыны да бар. Бірақ бұл тек сайттарға ғана қатысты мә­селе болса керек. Әйтпесе күнделікті немесе күнара шығатын республикалық газеттері­міз орыстілді басылымдарға дес бермейді. Тіпті оқырмандарына ақпарат таратуда әлдеқайда жедел десек, артық айтпаған­дығымыз болар. Ал сайттарымыз неге опе­ративті емес? Неге мақалаға са­раң? Осы мәселенің жауабын бірге іздеп көрелік.

Әлбетте, бүгінгі нарық заманында бар­лық мәселе, бірінші ретте, қаржыға келіп тірелетіні рас. Жай ғана сайтты ашудың өзі біраз ақшаны қажет етеді. Ал оны күнде­лікті тың ақпараттармен толықтырып, жа­ңар­тып отыру – одан кейінгі кезеңнің ен­шісінде. Мұның өзі де оңай шаруа емес. Демеушінің жоқтығынан қаржыдан қаға­жу көріп, кейін жабылып қалған біраз қа­зақтілді спорт сайттарын білеміз.

Жалпы, бүгінде елімізде тек қана спорт­қа бағытталған бес-алты-ақ қазақша сайт бар. Бәрінің де құрылтайшылары – отандық спорттың дамуына өз үлесімді қоссам деп, өз қаржысына ашқан жур­налистер. Шама-шарқынша сайт шаруа­сын дөңгелетіп жүр. Күндіз негізгі жұмысы­мен айналысып, түн­де сайттың шаруасы­мен таң ала боздан­ған­ша кірпік қақпайтын әріптестерімізді білеміз. Ашығын айту керек, ешбіріне еш жерден көмек көрсе­тіліп жатқан да жоқ. Рас, көңілі түскен кез­де оқта-текте қол ұшын созатын атқамінер­лер де бар. Бірақ мұның барлығы да – теңізге тамған там­шы­дай ғана көмек. Сон­дықтан да болар, кей­бір спорттық сайт­тарда мақала бір күн са­лынып, апталап үзіліс алып жатады. Ол үш­ін сайт иелерін кінәлауға да құқығымыз жоқ. Қалай бол­ған күнде де, олар сол ең­бектері үшін еш­бір жерден жалақы алып отырған жоқ. Бәрі де отан­дық спорттың қамы үшін. Ал орыстілді сайт­тарды ала­йықшы. Бәрінің болмаса да, көбісінің қал­талы құрылтай­шы­лары бар. Тұрақты ай­лықтары да аз емес.

Сонымен, қазақ спорт журналистика­сының мәртебесін көтеру үшін не істеу ке­рек? Әлбетте, бұл тұрғыда әртүрлі идея­ларды ортаға тастауға болады. Қазақтілді спорт сайттарын көбейтіп, қалталы демеу­шілердің қарамағына беруге де болады. Қазақтілді спорттық сайттарға тендерлер бөлу де оңды шаруа болар еді. Әрбір спорт­тық федерациялар мен қауымдас­тық­тар өздерінің сайттарын ашып, оған қазақтілді тілшілерді көптеп тарту – күн тәртібіндегі мәселе. Рас, федерациялардың өз сайттары бар. Бірақ, жасыратыны жоқ, барлығында бірдей қазақша бөлім жұмыс жасайды деп айта алмайсыз. Тіпті кейбі­рінде сайт деген атауымен жоқ.

Сондай-ақ ұсыныстардың бірі — әр фе­дерация сол спорт түрінен болатын Азия біріншілігі, әлем чемпионаты секілді ірі додаларға міндетті түрде қазақ сайттары мен күнделікті басылымдарда қызмет атқаратын спорт журналистерін апару ке­рек деп есептер едік. Мұны федерация­лар­ға еліміздің Спорт және денешынық­тыру істері агенттігі бас болып міндеттесе, тіптен жақсы. Мәселен, Амманда өтіп жат­қан бокстан Азия чемпионатына қазақша спорттық сайттардың екі және орыстілді сайттардың бір журналисі барып, боксшы­лардың жекпе-жектерін өз көздерімен көріп, материал жазса, мақаласы өте оқы­лымды болары рас қой. Сол жерде жедел сұхбат, репортаждар ұйымдастырып, оқыр­мандарға ұсынар болса, бұл сол фе­де­рацияның да еңбегін көрсетер еді. Ал Олимпиада ойындарына қанша қазақ спорт журналисінің баратыны – мүлдем бөлек әңгіме.

Осы орайда қазақ спорт журналистері деп баса назар аударып отырғанымыз тек әріптестеріміздің қамы ғана емес, мем­лекеттік тіліміздің мәртебесін арттыруға ба­ғытталған қадамымыз деп түсінген жөн болар.

Ғалым Сүлеймен, республикалық «Айқын» газетінің спорт шолушысы:

– Спорт және денешынықтыру істері агенттігі федерацияларға әлем чемпио­нат­тары мен Азия біріншіліктері секілді ірі до­да­ларға журналистерді де апаруды мін­деттеу керек деп ойлаймын. Міндет­теу – агенттіктің, журналистерді апару феде­ра­ция­лардың қолдарынан келеді. Асыра сілтегенім емес, халық­ара­лық жа­рыстар­ға журналистерді де апарар болса, олар өздеріне кеткен сол шығын­дарды еселеп қайтарар еді. Әйтпесе, шыны керек, жан­күйер қауым қай спорт­шымыздың қай до­да­ларға түсіп жатқа­нын да білмейтін кез­дері болады. Жур­налист жарыс бары­сы­нан керемет ре­пор­таждар жүргізіп, өзекті мә­селелерді қозғаса, елімізде ха­лық­тың да спортқа деген ынтызарлығы ояна­ды. Сол фе­дерацияның еңбегі де көрінеді. Сондай-ақ федерациялардағы баспасөз қызмет­терінің де мәртебелерін көтеру қажет. Тіпті кейбір федерацияларда бас­па­сөз хатшысы деген атымен жоқ.

Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ

http://alashainasy.kz

 

Рубрика: