АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақ қымызының патенті қазақта екен

Астана. 12 тамыз. Baq.kz — Қазақ пен жылқыны тел емген телқоңырдай көреміз. Түрлі те­ңеу­лер де айтамыз. Арғы-бергі тарихқа жүгінеміз. Қасқа жолдың иесі Қасым ханның: «Біздің асыл дүниеміз – бір ғана жылқымыз, ләззат алатын асымыз – ет, сүйетін сусынымыз – қымыз» деген сөзіне, кемелденген деп кең жүргенде омақаса құлап, келмеске кеткен Кеңес заманында қасқайып тұрып, ешкімнен ықпай: «Басқа жұрт маймылдан жаралса жаралған шығар, ал қазақтың тегі жылқы» деп төтесін айтқан Асқар Сүлейменов пен биік талант иесі Марат Қабанбай («Кентавр» романын еске салып отырмыз) сөздерінің түймедей түйінін енді малданып, «е, осылай екен ғой!» деп жамырай, жарыса, таласа айтып жүрміз

Қазақтың көбінің бойындағы бұлжымайтын бір қасиеті – нан жеп отырған уақыттан аспайтыны, төрден айтса сол төңіректен озбайтыны Кеңес дәуірінде бұлжымайтын қағидаға айналғаны ақиқат еді. Сол тұста, соның кесірінен көп дүниемізді ұрандатып жүріп тәрк еттік. Тілі­мізді шұбарлап, дінімізді лайлап, әдет-ғұрпымызды ескіліктің сарқыты деп сан-саққа жүгірттік. Енді соның біразын қалпына келтіре алмай – тәлтіректеп жүрген жайымыз бар.

Сұрқай саясат тұсында Н.Хру­щев құрық сілтеп жылқы шаруа­шылығын тұралатып кеткені тарихтан мәлім. Кейін қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы: «Дарвиннің «Біз маймылдан жаралдық!» деген теориясының күлталқанын шығаратын ұрпақ келеді әлі жер үстіне», деген көрегендігі расқа айналып, жылқы жануары «ортаға» қайта оралды. «Қолға алғаш кім үйретті,» деген сұрақ дау-дамайға айналғанда әлем ғалымдары, оның ішінде ағылшын оқымыстылары зерттей келіп қазақтың еншісіне түбегейлі берді. Бұған қазақ зиялылары да өлшеусіз үлес қосты. Сол байламға да көп уақыт бола қойған жоқ. Олардың айтуынша, жылқыны қазақтың арғы ата-бабалары Көкшетау өңіріндегі Ботай қо­нысында қолға үйре­тіпті. Үйретіп қана қоймай, бие сауып, қымыз ашытыпты. Оны сон­да табылған ыдыс­тардағы қалдықтар бойынша дәлелдеді. Сөй­тіп, жылқыға алғаш құрық салып, қолға үйреткен, құлағында ойнап, байтақ даламызды аласапыранда қорғаған біздің арғы бабаларымыздың кемелдігі керемет делінді. Алты мың жыл бұрын өмір сүрген сол зерделі жандар жадының күштілігін ағылшын ғалымдары тайға таңба басқандай дәлелдеп ғана қоймай, таң-тамаша болып отырғанын бүгінгі ұлт оқымыстылары сүйсіне жазуда. Бірақ сол ұлы үлгіні біз ұстап жүрміз бе, тұлпар тұғырға қонып, бал қымыздың «бағын» аша алдық па? «Әлде баяғы қалпынан айырып сулы-суанға, күнкөріс тірлігінің жетегіне жіберіп қойдық па?» деген сұрықсыз сұрақ кейде мазалайтыны рас. Бұл айтқандарымызға осы жерде мысалдар іздесек, табылары хақ.

Қазір екінің бірі – қымыз туралы жазады, айтады. Үш жылдың алдында біз де қалам тарттық. Оған қымыз патентін «Бір неміс иеленіп кетіпті» деген әңгіме себеп болған еді. Оның үстіне бұл мәселені халық үміт артқан, көз алдында жүрген Мәжіліс депутаттары да жылқы шабысындай дүркіретіп көтерген болатын. Шын­дығына келгенде, Кеңес дәуі­ріндегі қымыз патентінің: куәлігі профессор Зұлхарнай Сейітовтің қолында екенінен хабарымыз бар еді. Ол кісі қымызға қоса, қазақ бальзамының да иесі екенін жұрт білетін шығар.

Астанадан Алматыға арнайы барып қадірлі ақсақалдан «Қы­мыздың патенті кімде?» («ЕҚ», 11 қазан 2011 жыл,) деп әңгімеге тартып, депутаттардың да бұған үлкен мән беріп отырғанын тілге тиек еткенімізде, ғалым ойланып барып: «Қымыздың әлемдегі бірінші патенті қазақта. № 330. Мұны бір деп қойыңыз, екінші – құрғақ қымыз ұнтағының, үшін­ші – шұбаттың, төртінші – қойытылған қымыздың, бесінші – бие саумалының, алтыншы – шұбат ұнтағының, жетінші – бие сүтін анықтайтын әдістің, сегізінші – қазақ бальзамының патенті біздің қолымызда тұр. Патент туралы әңгіме қозғап жүр­ген бауырларым тірі Сейітовті шақырып сұраса, тоқсанға қараған жасымды елемей, барып айтып берер едім. Мен қымызды зерттегелі 60 жылдан асып кетті. Талай емен есікті аштым, төрде отырған азаматтарға ағарған, селдір тартқан шашымның көбі осы ұлттық сусынымыз қымыз жолында түскенін қиылып тұрып та, қиналып тұрып та айттым. «Жақсы» деген сөздерді естіп, үмітімді үкіледім. Ол бос сөзге айналып, сағым сынған тұстар да қолымды бір сілтеп, теріс айналған сәттерім де аз емес. Артынан ұлттық рухы атойлап тұрған бір азаматты көріп қалсам, не жылы сөзін естісем, қайтадан атқа қонып жүрмін», деген. Қазір де анда-санда хабарласып тұрамыз. Діттеген мақсатына жете қойған жоқ. Қымыз патентін халықаралық деңгейде тіркетуге қолдың қысқалығы байлау екенін өкінішпен айтады. Тоқсаннан асқан ақсақалдың бұл өкініші қанша уақытқа созыларын бұл күні ешкім тап басып айта алмайды. Өзі: «Заманға қарай жанды, жансыз нәрсенің бәрінің стандарты болуы тиіс деген қағида қалыптасқан. Соның қатарында әр жаңалық ұсынушы еңбегінің ақиқатын халықаралық патентпен бекітіп отыруы тиіс. Мен де қолымдағы патенттерімді сондай дәрежеде бекітіп алсам деген әлі үмітім бар. Шіркін, сол үміттің ақталғанын естісем, еңбегім жанып, арманым орындалар еді», деп сегіз патентіне алма-кезек қарап қоятыны көз алдымыздан кетер емес.

Биылғы жылдың маусым айының басында Еуропа мем­лекеттерінде тұратын қандас­тарымыз өздерінің дәстүрлі кіші құрылтайынГерманияның Берлин қаласында өткізген еді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйытқы болуымен сол шараға біз де барып, не бір әдемі көріністерге куә болдық. Алыста жүрген ағайын барын салып, ұлттық салт-сананы көрсетті. Қала сыртында түрлі спорттық ойындар ұйымдастырды. Жиналған жұртқа ата жолымен дас­тарқан жайды.

«Қане, бауырлар, қазақ қы­мызын ішіп, бие сүтінің өнімін алыңдар!» деген сөз құлаққа жеткенде, «бұл өңіміз бе, түсіміз бе» дедік. Сөйтсек, бес-алты қадам жерде ашаң жүзді ер мен әйел шатыр астында, мұнтаздай тап-таза жерде қазақ қымызын сатып тұр. Екі-үш шелек су сиятын самаурын секілді ыдыстан құйып береді. Шағын бөтелкедегі сусын 3 эвро болса, бір рет пайдаланылатын стақандағысы 2,5 эвро. Бие сүтінен алынған алуан түрлі өнімді үстел үстіне тізіп қойыпты. Оның сапасын, дәмін татып көруге болады. Қай-қайсысынан да қымыздың жұпар иісі аңқиды.

Германиядағы бұл игілікті істің иесі, қазақ қымызының патентін алып қойыпты деп жүрген Ганс Цоллманн болып шықты. Қа­сында тұрған әйел – зайыбы Удри Цоллманн екен. Екеуінің бойында да ізет, инабат, кісілік пен кішілік есіп тұр. Қарапайым, халық­шыл, менмен емес. Сонда оқуын жал­ғастырып жүрген Гүлсім деген қарындасымыз арқылы тілдес­кенімізде Ганс Цоллманн:

– Бұл жұмысты мен қайын атамнан, Удридің әкесінен үйрендім. Үйреніп қана қоймай, мұра ретінде қабылдап алдым. Атам өткен ғасырдағы сұрапыл соғыста тұт­қынға түсіп, Сібірге айдалып ке­тіп­ті. Сонда жүргенде өкпе ауруына шалдыққан. Башқұрт, татар елдерінде, Солтүстік Қазақстан облысында болыпты. Сонда кесе­ліне ем ретінде мейірімді жан­дардың қамқорлығымен қымыз ішіп, аман қалыпты. 1949 жылы елге оралғаннан соң да бірлі жарым жылқы ұстап, сүтін ішіпті. Он жылдан кейін бие санын беске жеткізген, – деп бір тыныс алғанда оның сөзін Удри жалғады:

– Біз бала кезімізден әке сөзіне ден қойып, бие сүтін ішіп өстік. «Менің жолымды балам жалғайды» деп бауырымды малдәрігерлік мамандығына оқытты. Ол біраз жыл осы салада еңбек етті. Келе-келе: «Жауапкершілігі үлкен екен, мен аяғына дейін жеткізе алатын емеспін. Ұятқа қалғым келмейді» деп бас тарты. Сол кезде мен Гансты кездестірдім, – деп еді Ганс жылы жымиып:

– Кімді кім кездестірді?! – деп әзілдің отын үрледі.

– Иә, сен, оған дау бар ма, байқамай қалдым.

– Ганс үлкен азаматтық жасады. Қайын атасының жолын жалғап, үмітін ақтады деді осы арада Удри. – Әкемнің бүкіл жан дүниесі жылқымен бірге еді. «Жылқы өмірдің өзегі, өзегіңді талдырмайтын – құдіретті ана сүтіндей сүт береді,» деп отыратын. Қысы-жазы сол бие сүтін, қымызын үзбей ішетін. Бізді де соған баулыды. Ұлына мұра етіп қалдырамын деген арманы орындалмады. Бірақ күйеу баласы адалынан еңбек етіп жүр. Мен болса да бар күш-жігерімді жұмсап келемін. Өйткені, әке аманатынан артық не бар. Ганс те мал шаруашылығының маманы. Содан да шығар, қызығушылықпен кірісті. Қасиетті жұмысты атқарып жүргендіктен болар, қазір отбасылық өмірдегі тірлігіміз өте жақсы. Ұрпақ өсіріп, оларды да ата жолына бұра бастадық. Менде бір арман бар, ол: «Әкем осының бәрін бір көрсе ғой» деген. Әрине, орындалмайтын арман екенін білмей отырғам жоқ. Тағдыр тауқыметін аз тартпаған менің ардақты әкем: «Жылқы бағу, қымыз өндіру менімен бірге кетер ме екен? Әлде ұл-қызым ісімді өлтірмей жалғап, қымыз өндірісін өркендетіп, елге қызмет етер ме? Сырқатқа шалдыққан жандарды жан азабынан мені құтқарғандай құтқарар ма? Шарапаттарын тигізер ме?», деген сансыз сұрақты бас қоса қалған кезде алдымызға тартатын. Сол сұраққа біз азды-көпті еңбегімізбен жауап беріп жүрміз. Біздің осы тынымсыз тірлігімізді көрсе, бір жасап, «Арманым орындалыпты дер еді-ау!» Әкем қазақ халқы туралы, оның мейірім, шапағаты жайлы жиі еске алатын. Жаспыз ғой, қазақ деп отырғаны кім екен дейтінбіз. Сөйтсек, жылқы иесі, қымыз иесі қазақ деген дархан жұрт екен. Қазақ еліне барғанда да, осында қанаттас тұрып жатқан жайдары ұлт өкілдерімен аралас жүргенде де – олардың ниет кеңдігіне тәнтіміз.

– Мен қайын атаммен көп бірге бола алмадым. Өткен ғасырдың жетпісінші жылы ол кісі өмірден озды. Дегенмен, азды-көпті сабақ алдым. Соңғы демі біткенше: «Жылқыдан қол үзбе, сүті де, қымызы да шипа. Ол болмаса, мен баяғыда-ақ жат жерде көз жұмып, сүйегім саудырап қалар еді. Қымыз қатарға қосты, Жылқы бағусыз қалмасын!» деп кетті, дейді Ганс.

Ганс Цоллманнмен бұдан кейінгі әңгіме желісі сұрақ-жауап түрінде болды.

– Қазір қанша жылқыңыз бар?

– 200 сауын бие, тай-құлы­нымен 200 бойдақ, бәрі – 400 бас жылқы бар.

– Қымыздан басқа қандай өнім өндіресіздер?

– Соңғы жылдары саумалға сұраныс артып отыр. Қымызға болса да көп. Мен жылқыны біраз зерттеп, зерделедім. Көзім жеткені – текті мал екен. Содан да болар, оның сүтінің қасиетті болатыны. Сырқаттың қай түріне де, әсіресе, ішкі құрылысына таптырмайтын ем көзі. Біз өзімізге ғана аян қымыз өндірудің барлық технологиясын меңгердік, десе де болады. 400 жылқыны 10 адам қарайды. Арасында біздің 3 қызымыз да жүр. Жұмыстың көбін техникамен атқарамыз. Оның ішінде бие сауып, қымыз баптау да бар. Қымыз ұнтағына дәнді-дақылдар араластырып, түрлі тағамдар да жасаймыз.

– Арасында косметикалық заттар да бар деп естідік…

– Иә, бар. Оған да тапсырыс та аз болмай тұр. Бетке, қолға, бүкіл денеге жағатын қош иісті майлар, жуынғанда пайдаланатын сабындар жетіп-артылады.

– Балаларға арналған та­ғам­дар да шы­ғаратын боларсыздар?

– Әрине, ана сүтімен жылқы сүті құрамдас екен. Оған көз жетті. Бұл өні­мімізге тілек білді­ретін­дердің көптігі сонша, бәрін бірдей қам­тамасыз ете алмай отырмыз. Біз үшін үлкен өкініш, осы болып тұр. Ұрпақ жайын ойлағанда, біздің барлық жетістігіміз осының ғана түйінінде тұрғандай көрінеді. Амал не, халықтың ниетіне қарай, толық дәрежеде жұмыс істеуге мүмкіндік бола бермейді. Оның себебін бұл арада таратып айтып, уақыт алғым келмейді. Ондай қажет тағам бие сүтінің ұнтағынан жасалады. Біз сауа салып, ұнтаққа айналдырамыз. Олай істемесең қуаты жойыла­ды. Жасандылыққа ұрынып, тұтынушыларды алдау – арға сын деп білеміз.

– Қазақ елімен байланыста-рыңыз бар ма?

– Қарағанды облысында болдым. Жалпы, қазақ жері байтақ десе, байтақ екен. Ондай жерде жүрген жылқы сүтінің дәмділігі өз алдына, қуаты да бөлек болатын көрінеді. Біз бие сүтін енді ғана танып білсек, қазақтар баяғыдан шөл қандырар сусын ретінде қолданыпты. Бие сүтінің құдіретін қазір біз ғана емес, Еуропаның өзге біраз мемлекеттері де түсініп, жылқы өсіре бастады. Кейде ойланып отыратыным бар, жылқыны біз секілді байлап, матамай қазақтар секілді кең далаға еркіне жіберсе, сүті сүт емес, бал болып кететін шығар. Қайын атам жылқы өсіріп, елге қызмет етуді бізге тапсырғанын алда айттым. Біз ата арманын бұлжытпай орындап келеміз. Ал менің арманым, ол кісінікінен бөлектеу. Қандай дейсіз ғой, жылқы мен қымыздың отаны Қазақ елімен барыс-келісте, алыс-берісте болып, үлкен жобаларды бірлесіп іске асыру. Әсіресе, экологиялық алапаттардан зардап шеккен жандарға, оның ішінде бейкүнә сәбилерге қажет тағамдарды өндіру ісін кең жолға қою. Оған Қазақ елінде мүмкіндік мол. Жер жетеді. Ата-бабаларының дәстүрін, үлгісін, өнегесін ұмытпай жалғап жүрген көнекөздер де көп көрінді. Табиғи заттардан жасалған бие сауатын, қымыз ашытатын ыдыстар да мені қатты қызықтырды. (Осы арада, тарих тереңінде: «Олар бие сүтін ағаш күбілерге пісіп, бетін қалқып алады, бетіндегі қалқымасы ең жақсы деп саналады. Оны аса қадірлейді, құпия сақтайды» деп баба­ларымыз туралы айтқаны ойға орала берді). Иә, бізде уақыт талабына сай жетілдірілген түрлі-түрлі тех­нологиялар бар, бірақ жер тар, жыл­қыны өсіре беруге мүмкіндік кемшін.

– Сіздер қымызды патенттеп алды деген ақпарат естиміз. Бұған не дейсіз?

– Менде патент жоқ, қайын атамнан үйренгенімді ақыл-ойымда қорытылған өзімнің жа­ңа технологияларыммен, ізденіс­теріммен жалғап келемін. Қайталап айтамын, өзгенің емес, өз технологияммен ғана өнім шығарып отырмын. Патент туралы ойлап та жүрген жоқпын. Оны алған соң соған сай ақаусыз жұмыс істеуің керек. Жоқ, мен өз шамамды білемін, ешкімнің алдын кескім келмейді. Патент – әлемдік деңгейдегі құжат. Қымыздың патенті – қазақ ғалымында дегенді естігем. Жылқы иесі, қымыз иесі, патенттің де иесі болуы заңдылық емес пе! Егер патенті бар Қазақ елі қымызды дүниежүзілік деңгейге көтеріп, абыройы асып жатса, мен қуана қолдаймын. Оған шама-шарқым келгенше үлесімді қосуға әзірмін. Анандай байтақ жері бар ел күні ертең жылқы өнімдерін ұлттық брендке айналдырады деген сенімдемін.

Осылай деп сөзін аяқтаған Ганс Цоллманн қымыз бен саумалын ұсынды. Ризашылығымызды білдірдік, бірақ қазақ қымызындай тілді үйіре қоймады. Әйтсе де, атамда, бабамда жоқ іс қой демей, әке аманатына адалдық танытып жүрген Цоллманндардың ұмтылысын ерлік десе болғандай. Болашақта іздене жүріп бал қымыздың бабын келтірер.

Арғы дәуірде тағы сол Геродот: «Көшпенді сақтардың сүйікті сусыны – бие сүті. Оны олар ерекше тәсілмен дайындаған және қымыз дайындау тәсілін құпия сақтаған» десе, бергі заманда: «Арудан асқан жан бар ма?! Жылқыдан асқан мал бар ма?! Биенің сүті сары бал – Қымыздан асқан дәм бар ма?!» – деп еді Ақтамберді жырау. Сонымен, бүгінгі қымыз туралы аталы сөз алда айтылар, бабалар үлгісі уақыт талабына сай жаңаша жаңғырып, ұлттық тағам, ұлт рухын көтеріп, брендіміз болар, сөйтіп биікте тұрар деген үміттеміз.

АСТАНА – БЕРЛИН – АЛМАТЫ – АСТАНА.

Сүлеймен МӘМЕТ

http://baq.kz/kk/news/51413