8b930cbfc532cf4d31228a88d0a46c1cПрезидент жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» байқауының ақтық сыны маусым айының 30-ында Астанада өтеді. Жалпы, соңғы кездері насихаты артқан ұлттық спорттың жанкүйерлері де, жанашырлары да көбейе түскені байқалады. 
Солардың бірі – астаналық Ерлан Алшынбаев. Отызды еңсерген жігіт кезінде самбодан Қазақстанның ұлттық құрамасының қатарында жеті жыл күресіп, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері және әлем кубогының жеңімпазы атанған. Кейінгі кездері қолға алынған қазақ барысын анықтау байқауларынан соң, бабалардан жалғасқан күресті солтүстік өңірлерде дамытуды жоспарлап жүр.

– Әңгімені өзіңізден бастасақ…
– Целиноградта туылғаныммен қа­зақы дәстүрге сай Ерейментау ауданын­дағы ата-әжемнің қолында өстім. Күреске қызығу бала күннен басталды. Қолымыз қалт етсе мектептің ескі спорт залында жү­гіретінбіз. Алғашқы жаттықтырушымыз Ағзам Назаров деген ағамыз ауылдың бала­ларын жинап алып, жаттықтыратын. Ауданаралық жарыстарға қатысып, бірде жеңіп, бірде жеңіліп шыңдала түстік. Сенесіз бе, сол кездердің өзінде шағын ауылда 50-ден астам спорт шебері бола­тын. 7 сыныпты бітірген тұста әкемнің ұйғарымымен Астана қаласындағы №4 мектепке ауыстым да, 9 сыныптан соң Алматыдағы Қ.Ахметов атындағы спорт мектебіне оқуға түстім. Үлкен ортадағы алғашқы қадамды дзю-додан бастадық. Дегенмен кейін самбоға мән беріп, ты­нымсыз тер төгудің нәтижесінде әжептеуір табыстарға қол жеткіздім. Университетте оқып жүрген кезімізде қабілетіміз бен же­тістігімізді саралаған ағалар самбо күре­сінен еліміздің ұлттық құрамасына мүше етіп қабылдады.

– Артылған сенімді қаншалықты ақта­дың?
– Құрамада 82-90 келі салмақтарда жеті жыл күрестім. Ел біріншіліктері мен турнирлердің талайында қарсылас­та­ры­мызды қапы қалдырдым. Ең басты бәйгеміз әлем чемпионаттары еді. Дү­ниежүзілік деңгейде ұйымдастырылатын бәсекеге 4 рет қатысып, екеуінде қола жүлдегер атандым. Ресейде өткен әлем кубогы жолындағы тартыста чемпиондық атақты иелендім. Беріде ұлттық құра­ма­дағы орнымызды өзімізден кейінгі із­ба­сарларға табыстап, өмірдің өзге саласынан кәсіп іздеуге көштік.
Қазақ күресі – күрестің төресі ғой. Самбодан құрамада жүрген кезімізде ел ортасында өтетін ас пен тойдың кезіндегі күреске талай қатыстық. Бірақ ол кезде қазіргідей жолға қойылған сатысында емес еді. Тіпті 1998-2000 жылдары қазақ күресінің ережесі де толық бекітілмеген болатын. Белдесулерді кейде ұпаймен, кейде бүк, шік дейтін бағамен беретін. Осындай сәттердің бірінде Түркістанда өткен «Тайқазан» бәсекесінде қарсылас­тардың барлығының жауырынын жер иіс­кетіп, түйе палуан атандым.
Бүгінде кілемнен алыстап кетсем де, «Қазақстан барысы» кезіндегі белдесулерді көріп, делебем қозды. Тіпті арасында кезінде бірге жүрген жігіттердің де аяқ алысын бақылап, өзімнің де қайта қатыс­қым келді. Алайда биылғы іріктеуден кеш қалғанымды естідім. Ендігі ойым солтүстік өңірлерде осы спортты да­мы­туды қолға алуды жоспарлап жүрмін.

– Жақында Спорт және туризм агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов қазақ күресінің солтүстікте аса дамыма­ға­нын айтып еді. Іріктеу турнирлері де орта деңгейде өтіпті. Мұны дамыту үшін не істеу керек?
– Біршама уақыт бұрын Жамбыл облысындағы Мерке ауданында өткен қазақ күресін көріп, таң-тамаша қалдым. Жұрт зор қызығушылықпен тамашалады. Жалпы, ондағы халықтың күреске деген қызығушылығы жоғары. Бізде, солтүстік аймақта ауылдар бір-бірінен алыс жатыр, әрі тұрғындардың басын қосып, ұлттық спорт түрлерін ұйымдастыратын ас пен той да азырақ өтеді. Дегенмен қызығатын жаңа буын өсіп келеді. Бірақ оларды шың­­­дайтын заман талабына сай спорт сарай­лары өте аз. Жалпы, қалаға қарағанда ел­де­гі балалардың спортқа туабітті қабі­ле­ті бар. Өйткені олардың күнделікті жұ­мы­сының өзі спорттың талабымен пара-пар. Жаттығатын жақсы ғимарат пен бағыт-бағдар беретін жаттықтырушы болса, болашақ чемпиондарды табуға жақындай түсер едік. Қала баласын да қал­тарыста қалдыруға болмайды. Елбасы­ның өзі халықты бұқаралық спортқа баулу жөнінде жиі айтады. Алайда елорданың өзінде оған толықтай мүмкіндік жоқ. Ке­рек де­сеңіз, кейбір аулаларды меншіктеп алған КСК иелері оны пайдалану үшін әжептеуір ақша сұрайды. Оның заңды­лығын қада­ғалайтын ешкім жоқ.

– Спортта ізбасар інілерің, шәкірттерің бар ма?
– Жаттықтырушы болу – өте жауапты. Міндетіңе алған шәкіртіңнің спорттық кезеңіне ғана емес, бүкіл тағдыры үшін жауап бересің. Сондықтан әзірге абайлап бастауды ұйғарып, шәкірттікке бұрынғы жаттықтырушым Ағзам Назаровтың ұлын алып, баулып жатырмын. Әрине, кәсіби мектепте емес, жеке кілемде. Қабілеті мен таланты бар бала, алда бабы келісіп, бағы жанса талай тұғырға шығады деген ойым бар. Оның үстіне қазақ күресіне деген қы­зығушылық та жоғарылады ғой. Осы­дан бірнеше жыл бұрын Алматыда әлем чемпионаты өткенде, қазақ күресінің терминдерін шетелдіктердің өзі жаттап алып, қолданатынын да көрдік. Немістер, моңғолдар бозкілемдегі белдесулерді «бүк», «жамбас» деп, жанталасқанда кәдімгідей арқаланып қалдық. Еуропа­лықтардың өзі бір кісідей үйреніп, белде­сетіндеріне қарағанда қазақ күресі әлемде қанатын кеңге жайып келеді.

http://www.aikyn.kz

Рубрика: