07 апреля, 2015 Comments Off on Қазақ футболы сәтсіздікке әбден үйреніп алған сияқты

Қазақ футболы сәтсіздікке әбден үйреніп алған сияқты

photo_8504Өткен сенбіде футболдан Қазақстанның ұлттық құрамасы елордадағы «Астана-Арена» стадионында 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Исландия құрамасымен кездесті. Ойынды алаңнан тамашаламасақ та, тоқсан минутымызды теледидар алдында өткіздік. Футбол жанкүйерлері асыға күткен ойын қазақстандықтарды қуанта қойған жоқ. Өз алаңында өнер көрсеткен ұлттық құрама 0:3 есебімен жеңіліс тапты.Қазақстандық футболшылардың қақпаға доп енгізуге бірнеше мүмкіндігі болғанымен, шабуылдары сәтсіз аяқталды. Спорт комментаторлары «сәттілік жетіспеді» деп футбол десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлерді жұбатқанымен, футболшылардың тәжірибесі жетіспегендігі де баршаға белгілі. Бұл отандық футбол құрамасының алғашқы жеңілісі емес. Сонда қазақ футболшыларына жеңіске жетуге кедергі болатын не? Қазақ футболы қашан дамиды? Кезекті ойыннан кейін осы сұрақтарға жауап іздеп көруге тырыстық.Көсегесі көгермеген қазақ футболыҚазақ даласында футбол ойыны бүгін ғана пайда болған жоқ. Алғашқы қазақстандық футбол командалары 1913-1914 жылдары Семей қаласында құрылған. Футбол ойынын Семей қаласына алғаш ағылшын саудагерлері алып келген көрінеді. «Олимп», «ССК», «Лас­точка», «Орлята», «Ярыш» футбол командаларынан басталған бұл ойын бүгінде қазақ жерінде кең тыныс ала бастады. Сол кезде «Ярыш» футбол клубының құрамында «Абай жолы» романы арқылы қазақтың атын әлемге танытқан Мұхтар Әуезов өнер көрсеткені де мәлім. Елімізде футболдың жандана түсуіне септігін тигізген алғашқы ойыншылар сапында Қасымхан Мұхаммедов, Салах Хисматуллин, Зиятдин Рыспаев, Мұхаммед Сайдашев, Ахметсәлім Кәрімов, Әміржан Сыздықов, Ғабдулхан Ғаббасов, Сабыржан Ахмедшин болды. Осындай әуесқойлардың ойынынан басталған қазақ футболы бүгінге дейін айитарлықтай биікке көтеріле алған жоқ. 2014 жылдың шілдесінде ФИФА жасаған рейтинг бойынша, Қазақстан құрамасы 127-орында тұр. Ал ұлттық құраманың ең жоғарғы көрсеткіші 2001 жылы орын алған. Оның өзі де – 98-орын. Қазақ футболшыларының үнемі көш соңында жүретініне жанкүйерлердің де әбден еті өліп алған сыңайлы. Бүгінде қазақстандық футбол­дың басқарушы органы – Қазақстан футбол федерациясы. Федерация 1992 жылы құрылған. Ал Қазақстан 1994 жылы FIFA-ның толыққанды мүшесі атанды. 2001 жылға дейін Азиялық конфедерация құрамында болған Қазақстан 2002 жылдың 25 сәуірінде UEFA құрамына енді. Содан бері 25 сәуір – Қазақстан футболы күні ретінде елеусіз түрде ғана аталып өтіледі. «Ярыш» командасынан бастау алған отандық футбол тарихында аты қалатын командалар бүгінде аз емес. Алматының «Қайраты», Елорданың «Астанасы», Қарағандының «Шах­тері», «Ақтөбе», «Ертіс», «Ордабасы», «Тобыл», «Тараз» футбол клубтары қазіргі отандық ала доп ойынында аты жиі аталатын командалар. Бірақ осы командалардың ойыншыларынан жасақталған Қазақстанның ұлттық құрамасы алаңға шыққанда өз өнерлерін толық көрсете алмайды, өкінішке қарай. Өнер көрсете алмай, жай ғана жеңіліс тапса жақсы ғой. Халықаралық додаларда көбіне ірі есеп айырмасымен жеңіліп, әлі күнге үмітін үзбей жүрген жанкүйерлерін жерге қаратудан асар емес. Кешегі өткен Исландия құрамасымен болған ойын бұл сөзімізге дәлел. Осы кездесуден кейін үміті сөнбейтін жанкүйерлер ұлттық құраманың жеңісті күндері әлі де алда деп тарқасты. Алайда біздің қазақ футболының болашағына сеніп келе жатқанымызға да ұзақ уақыт болды емес пе? Бұрынғыдай «қазақ футболына еш жағдай жасалмайды» деп құр шөппен ауыз сүрту де ұят қазір. Сондықтан, қазақ футболының аяғына тұсау болып тұрған кедергілерді санамалап көрелік. Қазақстандық футболшылардың бүгінге дейін сәтсіз ойын көрсетуі ең алдымен олардың кәсіби шеберлігінің төмендігінен екендігі үнемі айтылады. Ойыншылардың физикалық, моральдық дайындығы еуропалық деңгейде өнер көрсететін футболшылардан әлдеқайда төмен екені талай жерде айтылып жүр. Аяқдоп шеберлерінің кәсіби деңгейін көтеру үшін елімізде заманауи базаны қалыптастыру қажет. Ал базаның қалыптаспауы ойынға кері әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. «Біздегі қазіргі басты мәселе – ойыншылардың психологиялық тұрғыдан дұрыс іріктелмеуі. Ойынға қойылатын тактика бар, оның бәрін бапкер ойлас­тырады. Ойыншылар соны орындауы керек. Ал біздің ойыншылардың деңгейі әлі бір-біріне сай емес. Қазақ футболының дамуы үшін ойыншыларымыз шетелдік құрамада ойнауы керек. Содан кейін еліміздегі стадиондарды түзету керек. Қазір елімізде халықаралық стандарттарға сай екі-ақ стадион бар. Өңірлердегі футболдың дамуы әкімдікке байланысты. Егер әкімдік жақсы қаржыландырса, сол өңірдің футболы дамиды. Жалпы айтқанда, бюджетке қарап отырған командалардан үлкен нәтиже күтудің қажеті жоқ. Өйткені олардың бюджеті 5-6 жылға емес, бір жылға ғана жоспарланады. Ал әлем елдерінде ол 10 жылға әзірленеді. Сондықтан оларда нәтиже бар. Біздің құрамаға әлемдегі ең мықты бапкерді алып келіп қойсаң да, бірден жеңіске жете алмайды. Себебі, жаттықтырушы қанша білікті маман болса да, бәрі ойыншыға байланысты. Ал ойыншылардың деңгейі әлі көтерілер емес. Олардың деңгейін көтеру үшін инфрақұрылымды дамыту керек», – дейді «Alaman.kz» ұлттық спорт порталының шеф-редакторы, спорт журналисі Руслан Меделбек. Сондай-ақ, футболшылар алаңда бір-бірімен түсінісе алмайтынын да жанкүйерлер үнемі байқап қалады. Осының әсерінен жасыл алаңда пас алмасу кезінде жіберілетін қателіктер жиі қылаң береді. Кейбір ойындарда футболшының пас бергенін я болмаса қақпаға доп тепкенін ұғыну қиын. Онымен қоймай, ойыншылардың алаңда тым сылбыр қимылдайтыны тағы бар. Кейбір футболшылардың алдына келген допты ырқына бағындыра алмай әбігерге түсіп жүретіндігі де талай сөз болды. Ойыншылардың баяу қимылы мен жүйесіз әрекеттеріне жанкүйерлер жүйке жұқартады. Дәл қазір қазақ футболында тез қимылдайтын, керек жерден табыла білетін футболшылар ауадай қажет. Ал мұндай қасиеттерді әзірге ұлттық құрама ойыншыларының барлығынан бірдей байқау мүмкін болмай тұр. Футбол сүйер қауым қазақ футболына тән тағы бір кемшілікті атайды. Ол – ойыншылардың сәтті шабуыл ұйымдастыра алмауы. Қазақ­стандық футболшылардың жасыл алаңда ұйымдастыратын жүйесіз шабуылының нәтижесінде ала доп­ты таппай қалып жататын кездері де болады. Тағы да бір атап айтатын осалдық – қорғаныстың әлсіздігі. Ойын соңына дейін шаршап қалатын ойыншылардың өз қақпаларын қор­ғай алмауы жанкүйерлерді талай жабырқатты. Қазақ футболының ардагері, «Қайрат» құрамасының даңқты қақпашысы болған Құралбек Ордабаев мырза бізге футболдың дамуына кедергі болып отырған тағы бір жайтты айтып берді: – Қазақстанда ойыншылардың жалақысы бүгінгі футболдың деңгейіне сай келмейді. Еліміздің футболшылары алған жалақыны қанағат тұтып жүре береді. Олар ары қарай футбол деңгейін көтеруге талпынбайды. Біздің ойыншылардың шетелдік құрамаларда өнер көрсетпеуі де сондықтан. Қазір сыртта бір де бір қазақ футболшысы жоқ. Өйткені онда ойыншылар тер төгіп еңбектенуі қажет. Ал біздің футболшылар олай жұмыс істегісі келмейді. Сонымен қатар, жаттықтырушылардың да жалақысы төмен. Табысы аз болғандықтан, олар жұмыс істегісі келмейді. Қазір «Қайратта» бапкерлердің жалақысын көбейтіп, жақсы жағдай жасай бастады. Сондықтан, қазір бұл командада азды-көпті жетістіктер бар. Бізде әлі де қазақ футболшыларының футболға деген көзқарасы дұрыс қалыптаспаған. Тағы бір кемшілік – командалардың чемпионаттағы деңгейінің төмендігі. Сондай-ақ, футбол клубтарына шетелден бапкер шақырудың еш қажеті жоқ. Шетелдік бапкерлер тек өзінің пайдасы үшін, қалтасының қамы үшін ғана келеді. Олар шет мемлекетте жұмыссыз жүрген адамдар. Сондай жандарды бізде әулие тұтып, Қазақстанға алдырып, жағдайын жасап қояды. Олар біздің қазақстандық бапкерлерден артық ешнәрсе үйрете де алмайды. Онымен қоймай, олар өздерінің штабымен келеді. Жанына өзінің жақындарын жинап алып, Қазақстан футболын көтерудің орнына, төмен түсіреді. Олар бізге сол екі жылдың ішінде нәтиже көрсетуі керек. Ал біз ол нәтижені әлі де көре қойған жоқпыз.Бапкерлер баптай алмай жүр ме?Футболшылардың кәсіби шеберлігін көтеру үшін не істеу керек? Әрине, Құралбек Ордабаев мырза айтқандай әуелі оларды баулитын бапкер мықты болуы керек. Ал бүгінгі қазақ футболшыларын кімдер дайындап жүр? Олардың алаңдағы ойынына жауапты бапкерлер қалай іріктеледі? Қазір отандық футбол клуб­тарының бас бапкерлерін шетелден шақыру әдетке айналғандай. Барлығын бірдей санамаламасақ та, Қазақстанның ұлттық құрамасын ғана алып қарайықшы. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бас­тап ұлттық құраманың ойыншыларын кімдер жаттықтырғанына назар салып көрелік. 1992 жылы ұлттық құрама ойыншыларын Бақтияр Байсейітов жаттықтырды. Одан кейін Қазақстанның намысын қорғайтын аяқдопшыларды әр жылдарда Бауыржан Баймұхамедов, Серік Бердалин, Сергей Гороховадацкий, Ваит Талғаев, Владимир Фомичев, Вахид Масудов сынды Кеңес одағында құрама сапында өнер көрсеткен бұрынғы футболшылар, кейінгі тәлімгерлер тәрбиеледі. 2000 жылға дейін отандық бапкерлердің тәрбиесінде болған футболшылар кейіннен шетелдік жаттықтырушылардың қанатының астына өте бастады. Қазақстандық спорт саласында 2000 жылдардан кейін шет мемлекеттерден бапкерлер шақыру сәнге айналды. Қазақстанның футбол федерациясы да осы үрдістен жаңылмай, 2003 жылы ұлттық құраманың бас бапкері етіп ресейлік маман Леонид Пахомовты тағайындады. Шетелдік бапкерлер арасында ұлттық құраманың тізгінін бірінші болып ұстаған Леонид Пахомов Қазақстан құрамасында ойнауға лайықты футболшыларды жинақтауға тырысты. Алайда ұлттық құрама ойыншыларын Пахомов жаттықтырған тұста қазақстандық команда 9 ойын өткізді. Сол 9 матчтың тек екі ойынында ғана есепті теңестіріп, қалған жетеуінде жеңілген. Осындай олқылықты ескерген Леонид Пахомов 2004 жылы отставкаға кетті. Шеттен келген бапкерлердің игілігін көре алмаса да, 2006 жылы Қазақстан футбол федерациясы тағы да жаттықтырушыны сырттан шақырды. Қазақстан құрамасын кезекті рет голландиялық бапкер Арно Пайперс жаттықтырды. Арқа сүйеріміз делінген Арно Пайперс ұлттық құрамаға анау айтқандай өзгеріс енгізе қоймады. Пайперстің тәжірибесі жеткіліксіз болған шығар, бәлкім. Ол жағы бізге беймәлім. Дегенмен, Пайперс те Пахомов секілді құрама командаға футболдағы үздіктерді жинады. 2008 жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу ойындарында Қазақстан құрамасының біршама жетістіктерге қол жеткізгендігі соның арқасында болар. Осы іріктеуде ұлттық құрама Алматы қаласында Сербияны ұтып, көңілімізді аспандатты. Еуропаның «қызыл сайтандары» деп бағаланатын бельгиялықтармен тең ойын көрсетті. Сырт алаңда Армения құрамасын тізе бүктірді. Міне, осындай сәтті ойындардың барлығы Арно Пайперстің кезінде орын алды. Жалпы есепте Пайперс тұсында ұлттық құрама 7 ойында жеңіс тұғырынан көрініп, 11 ойында тең түсті. Ал жеңіліс тапқан ойындар қатары 18-ге жетті. Осындай нәтиже көрсеткен Арно Пайперс 2008 жылы «команданың нәтижесін жақсарта алмады» деген себеппен қызметінен босатылды. 2008 жылы Арно Пайперсті Германиядан шақыртылған Бернд Шторк алмастырды. Елімізге жастар құрамасының бас бапкері ретінде шақырылған Шторк мырза әп-сәтте ұлттық құраманың ойыншыларына жаттықтырушы болып шыға келді. Бірақ мұның қателік екенін ол кезде Қазақстан футбол федерациясының басшылығы мойындай қойған жоқ. Сонымен ұлттық құраманың бас бапкері Бернд Шторктің көмегімен Қазақстан командасы қандай жетістікке қол жеткізді? «Шторк қазақ футболына не берді?» деген сауалға оңай жауап таба алмайтынымыз анық. Ұлттық құраманың тізгініне ие болған Бернд Шторк команда сапынан Самат Смақов, Нұрбол Жұмасқалиев, Қайрат Нұрдаулетов, Мұрат Тілешов сынды тәжірибелі футболшыларды сырт қалдырып, құрамаға жастарды жинақтай бастады. Бұл қылығын Шторк мырза «Қазақстан футболының болашағын ойлап, жастарды ойынға дайындап жатырмын» деп түсіндірді. Жастарды жинақтаған Шторктың тәжірибесі жеткіліксіз болған болар, команда оңды-солды ұтыла бастады. Андорраны жеңгені болмаса, ұлттық құрама Англиядан сырт алаңда 1:5 есебімен ойсырай жеңілді. Қазақстан командасы Беларусь құрамасынан да дәл осындай есеппен өз алаңында ұтылған болатын. Украина құрамасынан да Бернд Шторк кезінде 1:2 есебімен жеңілді. Дәл осындай есеппен Хорватия футболшыларынан да ұтылды. Ұлттық құраманы тізгіндеген Бернд Шторк Қазақстан командасын екі жыл жаттықтырды. Сол аралықта 9 ойын өткізген Шторк ұлттық құрамаға үлкен жеңіс сыйлай алған емес. Бернд Шторктың қызметіне жанкүйерлердің көңілі толмай, оның кетуін талап еткен. Тіпті, бұл туралы Президентке ашық хат та жолданған. Осының бәрі әсер етті ме, әйтеуір, 2010 жылы Шторк мырза өз орнын босатты. 2011 жылдан бастап ұлттық футбол құрамасын Чехиядан келген Мирослав Беранек жаттықтыра бастады. Одан кейін Қазақстан құрамасына ресейлік Юрий Красножан келіп, бүгінге дейін өз қызметін жалғастыруда. Байқағанымыздай тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан футбол құ­рамасын жаттықтырған қазақ бапкерлері өте аз болыпты. Сонда Қазақстанда өз футболшыларымызды жаттықтыратын бапкерлердің болмағаны ма? Бұл сауалдың төңі­регінде қанша ойлансақ та, жа­уап таба алмайтынымыз анық. Өйткені қазақ футболында қазақстандық бапкерлердің көзге түспегеніне көп жыл болды. Қазақ футболының жай-күйімен жақсы таныс ардагер футболшы Құралбек Ордабаев мырза ұлттық құрамаға шетелден бапкер шақырғанның еш айыбы жоқ деп есептейді. «Ұлттық құрамаға шетелден бапкер алдырғандары дұрыс. Олардың тактикасы, футболға деген көзқарасы ерекше болады. Осы жерде айтып өтетін бір нәрсе бар. Ұлттық құраманың жаттықтырушысы қай кезде де еліміздегі барлық футбол клубтарының бапкерлерімен бірлесе жұмыс жасауы қажет. Қазір Қазақстанда 12 футбол клубы бар. Бірақ сол 12 клубтың жаттықтырушылары мен ұлттық құрама баспкерлерінің етене араласып, тығыз байланыс орнатқанына куә бола алмадық. Бапкерлер бірлесіп жұмыс істегенде ғана ұлттық құрама нәтижеге қол жеткізеді», – деді ардагер қақпашы. Десек те, қазақ бапкерлерінің орнын басқан шетелдік бапкерлердің келгенінен кеткені тез секілді. Қалай десек те, ұлттық құрамаға бапкер тұрақтамай тұр. Шетелден аттай қалап шақыртқан бапкерлердің көпшілігінен ешбір нәтиже шыға қоймады. Юрий Красножанға дейінгі бапкерлердің барлығы футболшыларға алаңда қорғануды ғана үйреткенін айта кеткеніміз жөн. Тек соңғы келген бапкер ғана ойыншыларды алаңда қарсыластардың қақпасына шабуыл жасауға үйреткендей. Алайда қазақ футболының өрісін кеңейту бір ғана бапкерлерге қарап тұрған жоқ. Ол үшін ойыншылар мықты болуы керек.«Қазақ» атанған футболшы қазақ үшін ойнай ма?Исландия құрамасымен өткен ойында жасыл алаңда қазақ футболшыларының саны артқанын байқап, ішіміз бір жылып қалды. Футбол жанкүйерлері де соңғы уақытта Юрий Красножанның ұлттық құрама сапындағы қазақтардың санын көбейтуге баса назар аударып жүргендігін айтады. Бүгінде ұлттық құрама сапында Елдос Ахметов, Абзал Бейсебеков, Бауыржан Исламхан, Ұлан Қонысбаев, Бауыржан Жолшиев, Ермек Қуантаев сынды алаңда жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүрген қазақ футбол мектебінің нағыз түлектері бар. Қазақ азаматтарының Қазақстан құрамасында көптеп жүргені көңіл қуантады. Десек те, ұлттық құраманың қақпасын күзететін қақпашылар қатарында бірде бір қазақ азаматы жоқ. Міне, қазақ футболының өркендеуіне кедергі келтіріп тұрған да осы мәселе, яғни, отандық футбол командаларында қазақ футболшыларының аздығы. Иә, сырттан легионерлер шақыру әлем елдерінің тәжірибесінде кездесетін үрдіс. Еуропадағы мықты футбол клубтарының барлығында да легионерлер бар. Алайда олар ұлттық құрамаға ең алдымен өз ұлтының, өз елінің азаматын қабылдайды. Еуропалық клубтар құрамдарына шетелдік ойыншыларды шақырғанымен, олар өз елінің жастарын ешқашан назардан тыс қалдырмайды. Ұлттық құраманың сапына шетелдіктерді алу үшін біздің еліміздегідей азаматтық әпермейді. Ал біздің елімізде шетелден келген легионер әп-сәтте «қазақ» атанып шыға келеді. Құралбек Ордабаев мырза оларға «көкелердің» көмегі тиіп жатқандығын айтады. Қазақ футболын қазіргі қалпынан арылту үшін футбол клубтарындағы қазақтардың шоғырын көбейту керек. Өйткені кез келген спорт түрінен жеңіске жету үшін ойыншының бойында ұлттық рух болуы тиіс. Ұлттық құрамадағы легионерлер қатарын Германиядан келген бапкер Бернд Шторк көбейте бастады. Әуелі қақпашы ретінде Андрей Сидельников және Михаил Рожков команда құрамына келді. Одан кейін ұлттық құрама сапын Марк Гурман мен Сергей Каримов толықтырды. Шетелдің үздік деген футболшыларына қомақты ақы төлеу арқылы ұлттық құрама қатарына қостық делік. Ал олардың ұлттық құрама үшін, қазақ футболы үшін аянбай тер төгетініне нық сенімдіміз бе? Сырттан келген футболшылар тек ақша үшін ғана ойын көрсетпесіне кім кепіл? Ақша үшін ғана жасыл алаңда өнер көрсететін ойыншылар азаймайынша, қазақ футболының көсегесі көгермейді. Шеттен келгендерді емес, өз елінің мақтаулы футболшысына айналар ойыншыларды ғана ұлттық құрама сапына енгізген жөн. Қазір шет мемлекеттен келген спортшылар Қазақстан азаматтығына да оңай қол жеткізеді. Бұл көптеген жанкүйердің талай жерде айтып жүрген уәжі. Бір жылдары шеттен келген легионерлердің ұлттық құрама сапында өнер көрсетуіне депутаттар да ашық қарсылық білдірген. Депутат Нұртай Сабильянов: «Шеттен легионер тасығанды доғару керек. Оның есесіне, ауыл спортын дамытуды қолға алған жөн. Соларға жұмсалатын қаржыны спорт мектептерінде жүрген қазақ балаларының жағдайын жақсартып, аяқдопқа мейлінше баулуға жұмсау қажет. Ауыл-ауылдағы балаларды әкелгенде ғана нағыз қазақ футболын көре аламыз. Сонда ғана нәтиже болады. Өз ұлдарымыз ойнамайынша, ешкім де біз үшін жанталасып, арамтер болмайды. Ешкім де қазақтың намысын қорғап жарытпайды. Сол себепті жергілікті футболшыларға көп көңіл бөлінуі керек. Ұлттық құрама сапында шетелден келген ойыншылар көбейіп барады. Олардың басты мақсаты – ақша алу, өзінің жағдайын жақсарту, халықаралық деңгейде көзге түсіп, басқа командаға тез ауысып кету. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанды жағдай жасайтын жолға айналдыру. Сондықтан да менің ойымша, құрама сапындағы ойыншылардың кем дегенде 70 пайызы қазақ азаматтары болуы керек. Бұл бас бапкерге қойылатын негізгі талап болуы тиіс», – деген болатын. Депутаттың бұл сөзінің жаны бар. Қазақ футболын өрге сүйрейтін тек қазақ футболшылары ғана. Ұлттық құрамада тек өз ұлтына деген сүйіспеншілігі, патриоттық сезімі қалыптасқан өз еліміздің ұландары ойнағанда ғана қазақ футболының болашағына сеніммен қарауға болады.Нәтиже қашан болады?Қазақ футболының өрісінің кеңеюі үшін әлі де жасалуы тиіс жұмыстар шаш-етектен. Дегенмен қазір де қолға алынып жатқан шаралардың бар екенін жоққа шығара алмаймыз. «Alaman.kz» ұлттық спорт порталының шеф-редакторы Руслан Меделбек бұл салада қазір 2-3 жыл бұрынғымен салыстырғанда біраз жұмыстардың атқа­рылғандығын алға тартады: – Жұмыс жасалуда. Нәтиже жоқ болғанымен, жұмыс бар. Ал жұмыс болған жерде түптің-түбінде нәтиженің болатыны анық. Ұлттық құрамаға қазір Қазақстанда туған, бірақ Германияда тұрып жатқан футболшыларды әкелуге тырысып жатыр. Оларды ұлттық құрама сапына қосудың халықаралық заңдылықтарға еш қайшылығы жоқ. Сондықтан да, нәтиже биыл болмаса да, алдағы уақытта болатынына сенуіміз керек. Қазақстан футбол федерациясы жас балаларды Бразилияға жіберіп, тәжірибелерін арттыруды қолға алды. Одан да нәтиже болады. Ал Құралбек Досжанұлы Русланның бұл пікірімен онша келіспейді: «Бразилияда 3 жыл қатарынан оқып келген 78 баланың бір де бірі ұлттық құрамада да, футбол клубтарында да көрінбейді. Неге? Себебі, тәжірибе жинақтап, білімін жетілдіруге кеткен балалар футболға баса мән бермейді. Ойынға деген ниеттері де жоқ». Ал қазақ футболының болашағы жас футболшылардың қолында екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан, елімізде ең алдымен жас балаларға арналған футбол алаңдарын көбейтуі керек. Кеше футбол ертең дамиды деген едік. Бүгін атқарылар шаруаны тағы да ертеңге қалдырып отырмыз. Үмітсіз шайтан. Жақын жылдарда қазақ футболының жақын жылдары көсегесі көгеретініне сенейік.Әсел Әнуарбекhttp://turkystan.kz/
Загрузка...

Комментирование закрыто.