АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақ ата-бабасын қырған дұшпандар туралы фильмді неге сүйіп көреді?

filmoskop.orgАрамыздан «Ресей күшті, орыстың қаруы керемет» деп тамсанатын қазақтар шығып жатқанына неменеге таң қаламыз? Өйткені мейрам сайын дұшпанды жақсы, қазақты жауыз ететін «Бандыны қуған Хамит», «Белое солнце пустыни» және т.б. кеңестік фильмдерді көрермендерге тамашалауға жиі-жиі ұсынып жатамыз. Ал бұл — кеңестік идеологияның әлі де тәуелсіз Қазақстанда тасы өрге жүріп жатқанын білдіретін жайт…

Кеңес заманында түсірілген кез келген фильмде кеңес билігі жақсы, ал қалғаны жауыз етіп көрсетілген. Соның ішінде өз тәуелсіздігі үшін күрескен барлық бұратана ұлтпен бірге қазақтар да дұшпан етілген. Әрине, бұл – шіли өтірік, адамдарды шатастыру. Сондықтан тәуелсіздік алған соң бұл фильмдерге шектеу қойылуы керек еді немесе оған жаңаша көзқараста тарихи баға берілуі тиіс-тұғын. Бірақ біз өйтпедік. Салдарынан құлдық санадан арыла алмай, одан сайын мешелдене берудеміз.

Өткен ғасырда қызылдың қан тамған қылышы қазақтың тең жартысын «жалмап кеткені» белгілі. Бірақ соған қарамастан біз оларды әлі «жақсы көреміз». Сүйсініп сөз қыламыз. Әрине, кімге өкпелейсіз, кінә өзімізден ғой. Кеңестік идеология тұнған фильмдерге бәсекелесе алмаймыз. Оны шектеу де ойда жоқ. Әйтпесе, мәселен ғарышкерлерге өте танымал «Белое солнце пустыни» фильмінің бізге не қажеті бар?.. Оған ұлттық ақпарат айдынында тыйым сала алмасақ, Байқоңырға күшіміз жетпесі анық. «Байқоңыр» ғарыш алаңын жалға алған Ресей әр ұшу кезеңінде ғарышкерлерге осы фильмді көрсетуді әдетке айналдырғанын ескерте кетелік.

1929-1932 жылдар аралығында елімізде 372 көтеріліс болған

Негізінен, бұл фильм желісіне тарихта болған, ата-бабамызды қырған қанды оқиға ілік етілген. Кино мақсаты – башмақ пен қазақ көтерілісін басып-жаншыған қызылдар әлеуетін насихаттау. Насихат «беске» орындалған. Себебі цензура жойылған мына заманда да қазақтар ата-бабасын қырған дұшпандар туралы фильмді әлі сүйіп көреді. Айтыңыздаршы, бұдан асқан керемет нәтиже болушы ма еді?..

Тарихқа жүгінсек, кинодағыдай бандыларға қарсылық танытушы жалғыз Сухов болмаған, бұл көтерілісті басып-жаншуға мұқым артиллерия, тіпті әуе күштері де жұмылдырылған.

Жалпы, өткен ғасырдың 20 жылдарының басы мен 30 жылдардың соңы қазақ тарихындағы ең қайғылы да қасіретті кезең. Осы жылдары қазақтың малы мен жері күштеп тартып алына бастады. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қазақ бұл реформаға дүрліге бас көтерді, қарулы қақтығыспен жауап берді. Бүкіл республика аумағында көтерілістер бірінен соң бірі бұрқ етіп жатты. 1929-1932 жылдар аралығында елімізде шамамен 80 мың адамды қамтыған 372 көтеріліс орын алған екен. Оның барлығы Қызыл әскердің жергілікті бөлімшелерімен басып-жаншылған.

Әрине, әр көтеріліс жекелей зерттеуді қажет етеді. Бірақ олар туралы бүгінде де ақпараттар тым аз. Бірақ 1979 жылы шыққан «КСРО-ның шекара әскері. 1929-1938 ж.ж.» атты кітапта біз сөз еткен фильмге желі болған тарихи оқиға туралы егжей-тегжейлі мәліметтерді кездестіруге болады. Төменде осы кітаптан үзінділер келтіре отыралық.

«Белое солнце пустыни»: Советтің емес Алаштың азаттық күресі

«Күштеп ұжымдастыру кезінде Батыс Қазақстан өңіріндегі көшпенді мал шаруашылығымен айналысушылардың басым бөлігі малын алып, көрші Түрікменияға бас сауғалады (кейіннен бірқатары Иранға қарай тартқан). Алғаш бұл көрініс 1931 жылдың наурыз айының бел ортасында орын алған. Осы айдан бастап қыркүйек айы аралығында түрікмендер мен қазақтар тізе қосып, Қызыл әскерге қынадай тиіп отырған. Оларды жеңу мүмкін болмаған. Қызылдардың бүтін бір дивизионының көзін жою оларға түкке тұрмаған. Ақыры бұл қозғалысты басып-жаншу үшін әуе күшін пайдалану туралы шешім қабылданады».

«Батыс Қарақұмға бас сауғалап барған қазақтар түрікмендерді Кеңес билігіне қарсы тұруға үгіттейді. Қазақтың ру басылары түрікменнің ру басыларымен ақылдаса отырып, түрікмен көтерілісін ұйымдастырады. Қазақтың әскери отряды да барлық қақтығыста аса белсенділік танытып, көзге түседі. Алғаш рет Қызыл әскер бөлімшесімен бетпе-бет келуде (1931 ж. Сәуір) қазақтар соғыс жүргізу шеберлігінің жоғары деңгейін көрсетеді. Түрікмендерге кіріккенмен саны аз болса да қазақтар ол арадан өзінің орнын мықтап бекітеді. Әрине, қазақ пен түрікмендер арасында су жетіспеушілігі, азық-түлік, жем-шөпке қатысты алауыздық туындап тұрған. Бірақ бас дұшпанды жою мүддесі қазақтардың түрікмендермен достық қарым-қатынас ұстауға итермелеген. Ал қазақтардың көбісі Созақ, Торғай, Бетпаққара көтерілістерінде жан беріп, жан алысқан мен деген жігіттер-тұғын. Ақсақалдар ішінде Гурьев болысы Бекеш Дерметханов та болған».

«Қыркүйек айында қазақ-түрікмен қолының саны мыңға жетеді. Оның 150-і қазақ болған. Олар Бекеш Дерметханов пен Өмірбай Тілеубергеновке бағынған. Саны аз болғанмен, соғыс жүргізу тәсілін мықты білгендіктен, бұл жігіттердің әрқайсысы түрікмендер үшін қымбат еді. Өйткені күнде қанды ұрыс жүріп жатты. Соның бірі 13-14 қыркүйекте Шағыл құдығы маңында болды. Құдықты қорғаушы көтерлісшілер саны – 600. Құдықты қорғауға мықтап әзірленген. Тереңдігі 4 метр, ені 3 метр окоптар қазылған. 13 қыркүйекте таңғы жетіде ұрыс басталады. Қызылдардың түрікмен бөлімшесі үш рет әуеден бомба тастайды. Алғашқы күні бұл ұрысқа 4 ұшақ жұмылдырылса, келесі күні оның саны 22-ге өскен. Әуеден оқ төпеп жатқанына қарамастан қорғанушылар шебі еш бұзылмайды. Дала қан сасиды. Екінші күні 4 ұшақ атып түсіріледі. Сол кезде тіркелген құжаттарға сүйенсек, көтерілісшілер әскери қорғанысты өте шебер әрі кәсіби деңгейде жүргізген. Техниканың көптігіне қарамастан Қызыл әскер оларды көпке дейін ала алмай салы суға кетеді. Дегенмен бірнеше күннен соң көтерілісшілер Дахлы мен Қара Ишан құдықтарына қарай шегінуге мәжбүр болады. Дахлы құдығы маңында қиян-кескі ұрыс өтеді. Тіпті, оған бала-шаға, әйелдер де жұмылдырылады. Олар соңғы оққа дейін аянбай елі мен жерінің азаттығы үшін қорғанады».

Сөз соңы…

«Ақ түйенің қарны жарылып, тәуелсіздікті дүрілдетіп тойлатқалы бері ұлтымыз үшін сол ауыр кезеңде жер ауып кеткен қазақтар қайтадан атамекенімен қауыша бастады. Арасында Ираннан, Түрікмениядан да келгендері бар. Міне, басқа-басқа, осы адамдар барда «Белое солнце пустыни» фильмін ел арналарынан қалай ұялмай көрсетеміз?.. Сол кісілердің қасында ата-бабасының қанын суша ағызған Сухов пен Петруханы қолдап, қол шапақталап кино көріп отырған кейпімізді елестетудің өзі қандай жиіркенішті… Бірақ бұл ащы да болса бүгінгі күннің шындығы.

В Азербайджане запретили “Белое солнце пустыни”

Автор: Кәмшат Сатиева

Толығырақ: http://alashainasy.kz/politic/kazak-ata-babasyin-kyirgan-dushpandar-turalyi-filmd-nege-suyp-kored-58261/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі