АЛТЫНОРДА
Интервью

Қандастарымызға құшағымыз қашан да ашық

20120710161422Тарихи Отанына оралуға ниет етіп жүрген қандастарымыз үшін барлық жағдай жасалған деп айтудан аулақпыз. Бірақ көптеген шаралардың жүзеге асып жатқандығын да білуіміз керек. Жақында қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында біраз жайттардың ескерілуі соның бір дәлелі болса керек. Біз осы заң жобасынан туындайтын кейбір тұстарға тоқтала кеткенді де жөн көріп, Мәжіліс депутаты Құттықожа ЫДЫРЫСОВПЕН әңгімелескен болатынбыз.

– Жақында қаралған халықтың көші-қонына қатысты заңдық құжатта көп­теген оң өзгерістердің бар екендігі бай­қалды. Осы жағын тарқатып айта кетсеңіз.

– Заң жобасында оралмандарға қатысты көптеген мәселелер өз шешімін тапты десек, артық айтқандық емес. Соның ішінде оралмандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру мерзімін тұрақты тұру ықтиярхатын алғаннан кейін бір жыл ішінде шешу көзделгендігі үлкен жетістік. Бізде ең қиыны осы тіркелу болатын. Енді бір жылға дейін уақытша тіркелу орындары құрылады. Бұған дейін әркімнің үйіне бір тіркелу үшін өтінішпен шығып жүретін. Бұл мәселе шешімін тапқаннан кейін ол этностық қазақтардың, яғни қандастарымыздың тарихи Отанына оралуын ынталандыру тетігіне айналады деп сенемін. Ең бастысы, қай ел болмасын ішкі саяси тұрақтылығы дұрыс болуы шарт. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп отыр.

– Заң жобасын талқылау барысында «соттылық» туралы анықтама алу мәсе­лесі өткір қойылғаны белгілі. Сол анық­та­маны алу міндеті не үшін енгізіліп отыр?

– Жұмыс тобының отырыстарында елімізге келіп жатқан қандастарымыздың барлық түйткілді мәселелерін шешу үшін барымызды салдық. Қытай Халық Республикасынан келетін қандастарымыз үшін әлгі анықтаманы алып келуін талап ету нормасы дұрыс емес деген пікірлер де орын алып жатыр. Миллиардтан астам тұрғыны бар елдің тиісті орындары ондай «соттылық» анықтамасын бере ме деген уәждер де айтылды. Бірақ өзге мемлекеттердің осындай анықтама беретіндігін қаперге сала кетсем деймін. Ішкі істер министрлігімен, тіпті қауіпсіздікке жауап беретін орындармен осы мәселені жан-жақты талқыға салып, оның әлемдегі жағдайларға да қатысты екендігін білдік. Әрине, қандастарымыздың қатарында пиғылы жаман жандар бола қоймас және болуы да мүмкін емес. Дей тұрғанмен, Қытайдан келген қандастарымыздан сот­тылық туралы анықтаманы алып тастасақ, бізге өзге елдерге де солай жасауға тура келер еді. Сондықтан, министрліктер өздерінің құзыреттері шеңберінде Үкіметпен келісіп, оралмандардың анықтама алуын барынша оңайлату жолдарын қарастыру қажет деген тоқтамға келдік.

– Сол анықтаманы талап ету нормасын заң жобасынан бірден алып тастауға болмас па еді?

– Басқа мемлекеттің барлығы да ондай анықтаманы береді. Қазір әлемдегі қалып­тасып жатқан жағдайдан қай ел де қауіптенуде. Осыны қаперге ала отырып, заң жобасында аталған норманы әдейі қалдырып отырмыз. Ал қалған өзге мәсе­лелердің барлығы да өз шешімін тапты десем, артық айтқандық емес. Көптеген азаматтарымыз заңдық құжатта көрініс тапқан біраз жайттарға өздерінің қуаныштарын білдіруде.

– Алып көршіміз Қытай анықтама беру жағына қалай қарап отырғандығын біле алдыңыздар ма?

– Иә, министрліктердің өздері кейде біздің хатымызға жауап бермейді деген реніштерін де білдіріп жатады. Әйтсе де бұл мәселені шешуде өздерінің барлық мүмкіндіктерін қолданатыны туралы Ішкі істер министрлігі уәделерін де берді. Сон­дықтан, қатып қалған қағида жоқ, қандас­тарымыздың елге оралуына барынша жағдай жасауға атсалысатын боламыз. Өзге жерде қысылып келген қандастарымызға кең-байтақ қазақ даласынан орын әрқашан табылады. Елбасы «Мәңгілік Ел» идеясын бекер ұсынып отырған жоқ. Қазақ жерінде тұрып жатқан көптеген этнос өкілдерінің тату-тәтті өмір кешіп, бір-біріне деген дос­тығы мен сый-құрметінің сақталуы осындай өміршең идеяларға бастайтыны белгілі.

– Оралмандарға Үкімет белгілеген өңір­лерге қоныстанған жағдайда ғана жағ­дайлар жасалып, жұмыспен қамту бойын­ша көлік шығындарын өтеу, қы­зметтік баспана немесе жатақханадан бөлме беру сияқты әлеуметтік пакеттер қам­тылады екен. Осы жағын тарқата кетсеңіз.

– Елімізге біржола келген адам әрине, өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге тырысуы керек. Ішкі көші-қонға қарасаңыз, солтүстік өңірлердің тұрғындары өздерінің тарихи отанына көшіп кетті. Олай болса, сол өңірлерге неге бармасқа? Адам атажұртына көшіп келгеннен кейін жұмыстың ыңғайына қарай орналасуы қажет. Оңтүстік облыстарда онсыз да халық тығыз орналасқан. Өткенде Солтүстік Қазақстан облысында 246 орын бар деді. Сол үшін баспана да, жұмыс та беріп, қайта даярлықтан өткі­земіз деген де ұсыныс болды. Жалпы, оралмандарға қандай әлеуметтік пакет ұсынылатыны заңдық құжатта көрсетіліп отыр. Дей тұрғанмен, онда барлығының бас-басына үй салып береміз деген сөз жоқ. Қазақстандықтарға жасалып отырған жағдайлар сырттан біржолата келушілерге де бірдей таралатын болады. Біз өзіміздің министрліктерімізге сенуіміз керек, өйткені олар да қандастарымыздың жағдайын ойлап отыр.

– Қазақстан Республикасының аза­мат­­тығын беру мәселесі қаншалықты ше­­шілген дей аласыз?

– Ешқандай да қиын емес. Барлық тиісті қағаздары болса жеткілікті. Бұрын бес жылға созып келдік, содан кейін тіркелетін жерлері де болмайтын. Денсаулық сақтау саласы бойынша айтар болсам, Ақтөбе облысының шекарасындағы елді мекенде тұратындар үшін түрлі жұқпалы аурулар туралы анықтама алу үшін Батыс Қазақстан облысында орналасқан медициналық мекемеге барған оңай. Осылайша, тіпті өздерінің облыс орталығы алыс болып жатса, басқа облыстан анықтама әкелу жайы да қарастырылған. Былайша айтсақ, ат төбеліндей ғана қазақпыз, біз қалайша бір бірімізден бөлінеміз. Қай елде жүрсе де олар біздің қандастарымыз ғой.

 

– Қандай да болмасын заң ел мүддесін ескереді. Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының депутаттары өңірлердегі кездесулер кезінде жазып алған әрбір тұрғынның ұсыныс-пікірлерін алып келеді осында. Бұрынғыдай арнайы жинап, кездесу өткізу деген жоқ. Зауыттарға барар болсақ, цехтарды аралап жұмысшылармен тікелей араласып, олардың басындағы жағдайлармен жақын танысамыз. Заң шығарушы орган болғандықтан, біз солардың ой-пікірлері мен ұсыныстарын барлығына тиімді болатындай етіп жасауға мүдделіміз. Солардың ұсыныстары дұрыс болса, онда экономикамыз дамып, әлеуметтік жағдайымыз түзеледі. Бұрын жиналыстардан қашушы еді, қазір тұрғындар депутаттарды өздері іздейтін болды. Өткенде Бақытбек Смағұл әріптесімізбен Қызылорда облысы Жа­лағаш ауданындағы Ақсу деген ауылда болып, кездесу өткіздік. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы тұрып, Алматы-Атырау пойызының өз стансаларына тоқтап өтсе деген өтінішін жеткізді. Депутаттық сауал жолдап едік, мәселе оң шешімін тапты. Ауыл ақсақалдары бізге ғана емес, «Нұр Отан» партиясына, тіпті барлық Мәжіліс депутаттарына да рах­меттерін айтып жатыр. Қызметте жүрген азаматтар халықтың арасына бара бермейді, оған уақыттары мен мүмкіндіктері де жоқ. Қарапайым тұрғындардың осындай мәселелерін шешіп отырсақ, Елбасының жүргізіп отырған сара саясатын ертерек түсінуге жол саламыз.

Халықтың қолдауы, әсіресе Елбасының саясатын жүзеге асыруда қолдау көрсетуі үлкен мәселе. Қазақстанның, оны басқарып келе жатқан Елбасының дүниежүзіндегі абыройының артып отырғандығы да хал­қының қолдауының арқасы. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясындағы сөзін қазақ тілінде жеткізуі заңдылық. Әрине, елдің ішінде кейде орыс тілінде баяндама жасайтыны өзге ұлт өкілдері түсінсін деген ниеттен туындағанын білеміз. Үш тілді меңгеруіміз керек деп отырмыз ғой. Өзімнің бір орыс көршім бар. Оның балаларына дейін сәлемдескенде қазақша жеткізеді. Бұл да бетбұрыс.

Егер халқымыз бір-бірін жақсы түсінетін болса, онда арамыздағы сенім мен түсінік те ұлғая түсетіні анық. Елбасының саясаты да осы елдің бірлігі мен біртұтастығын қамтамасыз ету емес пе. Осыншама жерді сақтап қалған ата-бабаларымыздың арманын орындау үшін тек еңбек етуіміз керек. Байды да, кедейді де Жаратқан бірдей етіп өмірге алып келді. Ендігісі тек олардың еңбек етуі мен ізденісіне байланысты болмақ. Дана кісіден біреулер бақыт не деп сұрапты. Қарсы сұрақ қойғанда біріншісі «байлық», ал екіншісі «денсаулық» деп жауап берген екен. Сонда әлгі данышпан «жоқ, бақыт дегеніміз – жарық дүниеге келуің» деп жауап берген көрінеді. Біз басымыздан небір қиындықтарды өткердік, сондықтан алдағы қиындықтардан еш қорқудың қажеті жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».